ШУМЕРЛЕР МЕН ТҮРКІЛЕР

26 сәуiр 2019, 14:44

Ежелгі адамдардың алғашқы қонысы Африка болса, алғашқы өркениет ошағы – Шумер мемлекеті. Ең алғашқы дегеннің барлығы – мемлекеттік құрылым, жазу-сызу, білім-ғылым, мәдениет-өнер Шумерде бастау алып, өркендеген. Осы жерде ең ерекше жағдай Шумер мемлекетін құрғандардың этникалық, олардың жазу-сызуының тілдік негізі, наным-сенімінің түбірі, Батыстық зерттеулер үшін әлі күнге құпия. Сірә да шумерлік «баба тарихы» өзінің мұрагері болып табылатын ұрпағына өкпелеп, құпиясын соған сақтап, тарихтың қойнауында тығып отырған болар. Іздеушісі, жоқтаушысы болмаған соң, солай етпеске амалы бар ма?
Біздің мақсатымыз – көзі қарақты зерттеушілер үшін ойтүрткі болсын деп, Шумерлер тарихының түңлігін түруге тырысу.

Евфрат шумерлер Буранун деп атаған (Дала деген мағына беретін) жазығына алғаш егіншілер шамамен б.д.д. 7000 жылы қоныстана бастаған. Ағашы, тау-тасы жоқ жазықты қамыс-қоғаның көптігіне орай, олар «Қамыс-ши иелігіндегі жер» деп атаған. Шамамен б.д.д. 3500 жылы Қосөзеннің оңтүстігінде шумерлер пайда болды. Зерттеуші ғалымдардың айтуынша, олар Евфрат жазығына солтүстік-шығыстан түскен және олардың тілі айналасындағылардың ешбіріне ұқсамайтын.

Шумер – түркі тілінің байланыстары туралы 1947 жылдан бастап талмай зерттеу жүргізген түрік ғалымы Осман Недим Тун болды. Ол халықаралық конгрестерде баяндама жасап, көптеген маманның ақылына жүгініп, тек 1990 жылдан кейін ғана шумер-түркі тілінің байланысына арқа сүйей отырып, түркі тілінің жасын анықтауға арналған еңбегін жарыққа шығарды. Бұл кітапта О.Тун көне түркі тілімен түбірлес 168 шумер сөзіне тарихи-салыстырмалық зерттеу жүргізіп, екі тілдің фонетикалық, грамматикалық ерекшелігін талдаған. Нәтижесінде ғалым шумер және түркі тілінің генетикалық туыстығы бар деуге дәлелдердің аздығын алға тарта отырып, осыған дейін табылған материал екі тілдің бір-біріне өте қатты ықпал етіп отырғанын атап өтеді.
Шумер атауының шығу тегіне көп көңіл аударған – Олжас Сүлейменов. Ол өзіне дейінгілердің талдауындағы кеткен олқылықтарды келтіре отырып, шумерлер жазуындағы таңбаларды терең талдауға алған. «Қосөзендегі батпақты сулы, нулы ел – Суб-йер» дей келе, «Таңба мен атаудың түркілерден шығуының ең нанымды дәлелі – түркілер иероглиф пен таңбаның шын мағынасын білді. Сондықтан, олар Суб-йер тіркесімен байланысты қияли аңыз шығармады. Демек, тіркес құпия сырға толы әлдене болып көрінбейді». Сонымен Олжас Сүлейменов Шумер атауын «Су-жер» сулы жер атауынан таратады.

Енді Шумер деген сөзге тоқталайық. Менің жорамалым бойынша, бұл сөздің мәнін Ши-жер, «Шилі жер» дегеннен іздеген жөн шығар. Өйткені «GI» – ши шумер тілінде «қамыс, ши» (gi «қурай, қамыс» (тростник) – ежелгі түркілік ï «өсімдік; қоға) деген мағына береді. Қызылорда облысындағы Шиелі елді мекенінің атауы (сонымен қатар Шу өзені және Шілікті, Қоғалы, Шулы-Нулы); аңыздардағы Геракл (шумерлерде «Dau» немесе «Azan» деп аталған) – шығыста «Шулен» деген жерде туған. Бұның себебі, шумерлер бастапқы қонысын қамыстан салған, кейіннен саз балшыққа сабан араластырып кірпіш құйып, күнге кептірген. Негізгі құрылыс заты кірпіш болғанымен, қамыс-ши ғимарат төбесін жабатын материал болды. Олардың қайықтары, ыдыстары, жиһаздары да осы қамыс-шиден тоқылды. Қамыс-шидің қаптап өскен елі ретінде танымал болуы және оның тұрмыстық өмірдегі маңызына орай бағаланғандығы себепті – Ши-елі, Ши-жері (Шумер, Шимер, Шижер) деп аталуы да шындыққа жанасымды. Ал Шумерлерде ағаш пен тастың табылмайтыны себепті оны қиыр солтүстіктен қауіп-қатерге толы су жолымен әкелген және ол тек ауқаттылардың ғана үлесіне тиетін.

Енді тағы бір пайымдауымызға жүгінейік. Ежелгі Шумерлердің сөздігінде «шу» – қол, «уыс – уус, ус» деген түсінік те береді. Ал көне түркі тілінде қол, уыс кең мағынада – тұтастықты немесе ұлысты, тайпалық одақты білдіретін. Мысалы, «оң қол», «сол қол» немесе «оң қанат», «сол қанат» (Шыңғыс хан моңғол ұлысын үш бөлікке бөлген: оң қанат (қол), сол қанат (қол), орталық (кель). Егер осы мағына тұрғысынан алсақ, онда – Шумер – Ұлыс жері, халық жері (Шу – уыс, ұлыс; мер – йер, жер).
А. Фалькенштейн де Шумер атауын Ки-эн-ги (р) (Энлил құдай храмы орналасқан жердің атауы) (šumeru – искаженная аккадская передача собственно «шумерского» названия Kenger или Keηer (Kenger) топонимінің фонетикалық өзгеруінен іздеуді ұсынады (Falkenstein A. Das Sumerische. – Handbuch der Orientalistik. Abt. I, Bd. II, Absch. 1-2, Geschichte der Forschung, Sprache und Literatür, Leiden 1959, S. 9, 11, 14-15). Дат шумеролігі А. Вестенхольц Шумер атауын «ки-эме-гир» (земля благородного языка) (дәл аудармасы «Киелі жер ана» – Ә.Ш.) деп аталған сөздің өзгеруінен іздеу керек» дейді.

Енді біз осыған қатысты өз топшылауымызды келтірейік, жоғарыдағы зерттеулердегі келтірген атаулардан «Кимер», «Канг, Канһа, Қаңлы» түбірі көрініс беретін секілді. Үндестік заңын ысыра тұрып, шумер сөздігіне жүгіне отырып талдап көрелік. «Ki» – ки – жер» деген мағынада қолданылады. Ал «эn» – эн – қожайын, ие, иелік етуші (яғни екі сөздің қосындысынан: «Ки-эн» түркілік Кі (р) – ие, дәл мағынадан Жер-ие (қазақтың «Кие» сөзі де иелікпен, жермен байланыстырылады) туындайды. Gi – ги (р) жинақтық ұғым береді. Сонымен: «Ши-жер-ие» – «Шилі жерлердің иелері» – «Шумер». Сонымен Шумер атауының бірнеше нұсқасын көрсеттік: Су-жер, Ши-жер (Шиелі), Ұлыс жері. Әрине, бұл талдау, болашақта басқа да көптеген нұсқалармен түсіндірілуі арқылы көбейе түсетіні анық.
Шумерлер оқулықтар жазбас бұрын алдымен, шумер-аккад сөздігін жасаған. Олардың екі түрі бар: жалпы және терминдік (мысалы, ботаника, фармацевтика, зоология, минералогия және т.б.) сөздіктен үзінді: шумерлік – дир, дири – аккадша – ватру – превосходящий (асып түсетін) қазақша – аса, дүр, дүрдей. Шумерлік оқулықтардың үлгісі «қыш кітапханалар» арасынан табылған э – дуба (оқу, оқыту, оқулық, яғни әдаба) шумерлердегі бала оқытуды, мектепті және оқу құралы әдебиетті айқындаушы болып табылады. Мұнда, мысалы емші – «ашутасу», дұғалаушы – «машмаш» деп берілген (қазақта «аштау, ұшықтау» деген сөздер бар, ал «машмаш» – шаман дегенге келеді). Шумер тілін грамматикалық жағынан зерттеу үшін арнайы оқу құралы (өзгерген сөздер, оның айтылуы туралы) жасалды. Оны «Ана иттишу» – «анадай айтылуы», яғни бұл туралы айтылуына сәйкес деп атаған. Сол оқулықтардың бірі – жорамал кітабы.
Міне, бұл жорамал оқулығындағы сызбалардың бейнесіне қарап отырып, одан адам ұрығын (эмбрионын) көруге болады. Сірә, шумерлердің қалалары – Ур, Урук, Умма – деп аталуы, ру тайпаларының уру, урут деп аталуы да осы «ұрық» сөзінен шығып жатқан секілді. Бұл «алғашқы, жаратылыс» дегенді білдіруі де мүмкін. Гректердің лабринті, сақтардың мұртты обаларының осындай ирек шеңберлер жиынтығынан тұратыны да шумерлерден қалған мұра болар. Маңғыстау өңірінде табылған сарматтар дәуірінің ескерткішіндегі сызбаның шумерлердің жорамал кітабындағы сызбалармен ұқсастығы айқын көрінеді. Түркілердің, кейіннен солардың ұрпағы қазақтардың шаруашылық тәсіліне орай, түрлі әдет-ғұрыптық рәсімдерді, соның ішінде мал ішегін (қан-жыны), жауырынын, жіліктерін жорамал жасауға пайдалануы біздің заманымызға дейін келіп жеткен. Олай болса, түркілік дәстүрлер мен шумерлік ырым-жоралғылардың сабақтасып жатқандығы негізсіз емес.

Ежелгі түркілік іздерді Шумерлерден іздегеніміз де тегін емес, еуропалық ғалымдар Халфен, Мюллер, Франке, Де Груут, Менген, Кастрен, Хаваси, Халоун, Харлейз, Копперз, Котвич және т.б. ежелгі түркілердің әлемнің төрт бұрышында да қалдырған ізі туралы жан-жақты зерттеу жүргізгенін З.Тоган дәлелді келтірген. Шевеста, Кзермак, Шмидт, Копперз зерттеулерінде «көне түркілер мәдениетін б.д.д. ІІ мыңжылдықта Ніл өзені аңғарынан жиі кездестіруге болады» – деп атап өткен. Ал М.Кастрен Орталық Азиядағы, әсіресе Алтай өлкесіндегі тайпалардың ежелгі Шумер жеріне қоныс аударғаны туралы жазады. Бұл пікірді қолдаған В.Шмидт пен О.Менген Таяу Шығыс пен Ніл аңғарында ежелгі және үлкен мемлекетті, өркениетті Орталық Азиядан әскери-көшпенді қауымдар әкелген деп атап көрсетеді. О.Менген бұл деректерді жануарлар сүйегіне, әсіресе жылқы сүйегінің табылған жерін зерттей келе, оларды қолға үйрету соңғы тас пен жаңа тас дәуірінде Орал-Алтай және Солтүстік пен Орталық Азия тайпаларында болғанын, атқа мініп алапат жорықтарға аттанып, өркениет тасымалдаушылары екендігін айтады. Темір өңдеуді де б.д.д. ІІ мыңжылдықта Мысырға осы көшпенділер жеткізген. Ал Шумерлердің ежелгі Шығыстағы өркениеттің басында тұрғаны баршамызға мәлім.
Б.д.д. VIII-VII ғғ. Шығыс Түркістан жерін мекендеген «Шулардың» түркі тектес қауымға жататынын көптеген еуропалық ғалымдар (Мысалы, Харлейз: (JA), 8-ХХ. 1892) атап өткен. Көне түркі аңыздарында да Сақ пен Шу туыстас халықтың екі бөлігі ретінде көрсетілген.
Сақтардың бір бөлігін Сулер (Жүнгүсі) деп аталғандығы б.д.д. 989 ж. Қытай деректерінде айтылған. Оларда сү (сэ) және су атауы сақтарға қатысты айтылады. Мюллер, Франке және З. Тоган бұларды түркілердің ата-бабалары деп көрсетеді. Олай болса, бұл атаулардың да шумерліктерге қатысы болу мүмкіндігі жоққа шығарылмаса керек.
Шумер тілінің түркілік түбірі, тіпті қазіргі қазақ тілімен жай ғана салыстырғанның өзінде анық байқалады (кестені қараңыз).

Алғашқы жыр – дастан болып табылатын шумерлік Гильгамеш жыры (Бильгамеш) (Өтеміс, Тоқтамыс) түркілік түбірлерге толы. Мысалы: отқа салса күймейді, суға батпайды (Алпамыс секілді), өлімнен қашып, мәңгілік өмір шөбін іздейді (Қорқыт секілді). Мәңгілік өмірге ие болған, топан судан аман қалған ата-бабасы Утнапиштиді (өмірдің қыспағын көрдім, отына пістім, бірақ та адамдар ішінде жалғыз өзім мәңгілік өмірге ие болдым) іздейді.
Сонымен, Шумер мен түркі тілінің терең тілдік талдауына бармағанның өзінде, олардың арасындағы түбірлік мәндегі ұқсастықтардың бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Бұл параллельдер қазіргі кезде татар, әзірбайжан, хакас, өзбек, түркімен ғалымдары тарапынан өз тілдерінің тарихымен салыстырмалы түрде қаралу арқылы жасалуда (Т.Таиров, Н.Зеляев және т.б.).

Қазақстан тарихының берік іргетасын оның ежелгі тарихы құрайды. Осы іргетастың анағұрлым мықты, мызғымауы оның тарихи тамырының тереңдігімен, дәлдігімен және жазбаша деректерімен өріледі. Еуропа тарихшыларының «көшпенді», «жабайы», «жазу-сызу жоқ» деген терминдік түсініктерінің түбірі бос екендігі қазір баршамызға белгілі. Соған қарамастан, ежелгі Қазақстан тарихын зерттеу мектебінің жоқтығы, түп-нұсқалық деректермен жұмыс істей алатын маман – тарихшылардың саусақпен санарлығы орасан зор кедергі келтіріп отырғандығы айқын.

Әуезхан Шашаев,
тарих ғылымдарының кандидаты

Бүгін, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді