Шарын шатқалындағы интернет немесе қолда барды неге ұқсата алмаймыз?

11 қараша 2022, 12:19
Шарын шатқалындағы интернет немесе қолда барды неге ұқсата алмаймыз?

Charyn grand canyon in Kazakhstan at sunset dramatic sky background in purple, red and blue colors

Өткенде Шарын шатқалында шетелдік туристермен тілдесіп қалдық. Америкалық азамат жер бетін шарлап, Үндістан арқылы біздің елге каньонды көруге арнайы келіпті. Айналадағы табиғатқа тамсанып тұрғанымен, қызмет сапасының төмендігі мен интернеттің жоқтығын айтып қалды. «Интернет зырылдап тұрса, әлеуметтік желіге тікелей шығып, мына әсерімізбен бөлісер едік» деді қынжылып. Шатқалда қайдағы интернет? Ол тұрмақ, Алматының дәл іргесінде желі іздеп тентіреп кетеміз ғой.

Туристер ағылатын көрікті мекеннің бірі – «Көлсай» ұлттық паркі. Қазір паркті дамыту бойынша біршама жоба қолға алыныпты. Көл маңына жақын жерде демалыс орындары салынып жатыр. Тұмса табиғатты тамашалап, таза ауамен тыныстағың келеді. Бірақ көлдің айналасындағы қидың иісі қолқаны қаптырады. Көлде қайықпен серуендеу де арзанға түспейді. Оның үстіне кезек күтіп көл жағасында ұзақ тұрасың. Әсіресе, алыстан ат терлетіп келгендерге қиын-ақ.

Көлдің суы тастай суық. Шомыла алмайсың. Сондықтан мұнда келетіндер әсем табиғатты тамашалаумен шектеледі. Тамақ пен сусын екі есе қымбат. Қай жерде де өз қалтасын қампайтқысы келетіндер бар ғой. Саты ауылында туристерді қабылдайтын қонақ үй іспетті үйлер көп. Олардың да бағасы удай. Бірақ қызмет көрсету сапасы төмен.

Иә, көркіне көз тоймайтын табиғатымыз, тарихи жәдігерлеріміз, өнеріміз, салт-дәстүріміз, ұлттық тамағымыз бен ерекше киімдеріміз бар. Бірақ соны басқалар секілді ұқсата алмаймыз. Байқасақ, сырттан келгендерге салқынқабақ танытамыз. Күлімсіреу бізге жат қылық. Қонақжаймыз дегенде алдымызға жан салмаймыз. Бірақ шетелдіктердің алдында жалпақтап қызмет етуден намыстанамыз. Тізе берсек, айтатын сын көп. Тоқетері сол, бізде бір «комплекс» бар сияқты. Алматы мен Астанада жапон, қытай, үндіс, кәріс, мексикалық тағысын-тағы қаптап жүр деп елестетейікші. Олар біздің көшемізде көсіліп сөйлеп, қызмет көрсету саласына ақша құйып жатыр. Біз оларға жалпақтап қызмет көрсете аламыз ба? Жоқ. Ең алдымен «шаңыраққа қарамай ма» деп, мұрнымызды шүйіреміз. Біз оларды турист, табыс көзі демейміз.

Басқа елдерге барсақ, ақшасы төленген, сапалы қызмет көрсетуі тиіс деген түсінікпен емін-еркін жүреміз. Отандық туризмге кететін ақша мен шетелдегі демалыстың құны бірдей-ақ. Сол үшін де біздегілер Грузия, Түркия, Мысыр, Таиланд сынды елдерге барғыш. Бір жағы ел көреді, әрі өзге елдің мәдениетімен танысады. Ал бізге келгендер не көреді? Ең алдымен қоқысқа толы тау мен тасты тамашалайды. Өйткені бізде «қоқыс тастау мәдениеті» де дамымаған. Алматыға келген швейцариялық отбасы тау етегіндегі қоқысты теріп кетті емес пе, масқара?! Бізде қолыңа бүркітті қондырып, қазақтың ұлттық киімдерін киіп суретке түсу де ақылы. Ондай қызметтерді туристерге тегін етуге болмай ма? Сырттан келгендер үшін қазақтың шапаны мен сәукелесін киіп суретке түскен таңсық қой. Үйіне барғаннан кейін көпке дейін айтып жүрмей ме, Қазақстан деген ел бар екен, киімі мынадай екен деп!

Соңғы жылдары туризмді дамыту үшін инфрақұрылымды дамытуға мән беріле бастады. Енді қызмет көрсету сапасын қолға алу қажет. Жиіркенбей кіретін дәретхана – өз алдына бір мәселе. Туристер жабайы жерге келгендей шошымауы керек. Заманауи қонақ үйлер, ат спорты мен түрлі спорт алаңдары, балаларға арналған ойын-сауық алаңдары көптеп салынуы керек. Сондай-ақ елге келген әр адамды қуана қарсы алып, күліп шығарып салу да маңызды.

Мақпал Махаметқызы

25 қантар, 9:27
Ербол Хамитов әлем чемпионы! (Видео)
24 қантар, 17:32
Жанар Айжанова: Арабтарды таң қалдырдым
24 қантар, 17:16
Орыс мектебіндегі оқушылар енді қазақ тілінен емтихан тапсырады
24 қантар, 15:17
Ынтымақтастық кеңиді
24 қантар, 13:53
Науан Мүтәлұлы, имам: Өзіңе-өзің қол жұмсау – ең ауыр күнә
24 қантар, 13:13
Әлихан Смайылов: Айтып келетін апатқа жол бермеу керек!
24 қантар, 10:03
Елена ерлеп тұр 
23 қантар, 15:48
Батырдың көйлегі мен мүштегі (Видео)