jasqazaq.kz

Сананы арбауға тосқауыл

27 ақпан 2023, 14:24

Ақпараттық қауіпсіздік

Шет тілін үйренуге арналған Телеграм-каналдар бар. Солардың бірі дәрісті тест түрінде жүргізіп, ағылшын тіліндегі сөздерінің орысша аудармасын жариялап отырады. Таяуда 46 мыңнан астам жазылушысы бар осы әлеуметтік медиа оқырмандарына өз қызметінің бағыт-бағдары, мазмұн-сипатымен мүлде қабыспайтын тосын ақпаратты ұсынды. Әлдебір Телеграм-канал мен аты-жөні аталмаған жоғары лауазымды құрылысшыға сүйене отырып, жарияланған суыт хабарда «жақын күндері Өзбекстанда қуаты 7 балға жететін жойқын жер сілкінісі болады»-мыс. Скриншотын сақтап қойдық. Дұрыс жасаппыз. Екі күн өтер-өтпес, тіл үйретушілер әлгі ақпаратты арнадан алып тастады.

Дәл осы күндері отандық кейбір ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі «Жер сілкінісі болған жағдайда Алматыдағы үйлердің 70 пайызы қирап қалады» дейтін деректі жалпақ жұртқа жеткізуге жанталасып жатты. Мұнда да есімі, атақ-дәрежесі мен қызметі де көрсетілмеген «ғалымдарға» сілтеме жасалды. Төтенше жағдай министрлігі мұны дереу жоққа шығарды. Дүдәмал деректің көзін табуға әрекет жасап көрдік. Фактчекинг мұндай алыпқашпа ақпаратты таратушылардың бұдан он шақты жыл бұрын елімізде жапон мамандарының қатысуымен өткен жиынға арқа сүйейтінін көрсетті. Бірақ басқосудың қашан ұйымдастырылғаны, әлгі қорқыныштың, яғни «70 пайыздың» қай маманның ауызынан шыққаны айтылмайды.

Анадолы атырабын астаң-кестең еткен зілзала — ғасыр апатынан кейін осы тақылеттес жаманат-жаңалықтың қаптап кетуі бекер емес. Өйткені жойқын жер сілкінісін желеу етіп, жұрт арасында дабыра дабылмен үрей туғызу, ертеңгі күнге деген сеніміне селкеу түсіру ақпарат кеңістігіндегі соғыстың сұмпайы тәсіліне айналып барады. Соның бір көрінісі — жаңалықтарда зілзаланың ең қорқынышты зардаптары бейнеленген фотосурет пен видеоны неғұрлым көбірек пайдалану. Әп-сәтте үйіндіге айналған көпқабатты биік үйлер, сау-тамтығы қалмаған мәйіт, ауыр тастың астында қалған балалар, кемтар мен ғаріптің жанайқайы, шарасыз ата-ананың көз жасы, жанұшырып көмек сұрап жатқан жандар…
Жүйкені жұқартуды көздейтін мұндай шабуылдың мақсаты да, мүддесі де белгілі. Шерхан Мұртаза ағамыз кезінде тап басып айтқандай, бір оқ шығармай-ақ, санаңды, рухыңды, жан-тәніңді, ақыл-ойыңды жаулап алып, өзіне бағындыруға бағытталған мәңгүрттендіру идеологиясы. Шерағаңның атақты шығармасымен аттас мылтықсыз майдан бүгінгі медиа кеңістігіндегі ахуалды дәл сипаттайды. Оқи алатынды, ойлай білетін әркімді де мықтап ойландыратын құбылыс. Заманауи технологияның түрлі тәсілімен қаруланғандар адамның жан-дүниесін, дүниетанымын өзіне бағындыруға ұмтылып, ақпараттық-психологиялық шабуылды үдете түсті. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі атап өткендей, «пост-шындық» (post-truth) атты терминмен ерекшеленген XXI ғасырдағы ғаламда «гибридті соғыс» (hybrid warfare) өршіп тұр. Мұндай майданда санаға соққы, дабыра дабыл, адастыратын ақпарат дәйексіз, дәлелсіз дерекпен беріледі. Гибрид – қоспа, будан деген мағына беретіні белгілі. Оған «соғыс» сөзін қосып, осы тіркесті 2007 жылы саяси әдебиетке енгізген – американдық оқымысты Френк Хоффман (Frank Hoffman). Ол қақтығыстан көз ашпаған Таяу Шығыста кәдімгі қарумен қабат, амал-айланың небір зымиян түрлері қолданыла бастағанын осы атаумен түйіндеген деседі.

Асылы, тарихқа жүгінсек, мұндай ұрыстың тамыры тереңде жатқанын көреміз. Біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырдағы атақты Пенеполес шайқасында афиналықтар Спарта әскерін жеңе алмайтынын біліп, қарсыластың жанды жеріне қол салады. Сөйтеді де, әртүрлі қауесет таратып, сый-сыяпат тықпалап, спарталықтарға адал илоттарды көтеріліс жасауға көндіреді. Осылайша, сенімді одақтасынан айырылған Спарта жеңілді деседі.
Ежелгі дәуірден сөз етуіміз бекер емес. Қазір де біртұтас елдің ішіне іріткі салып, бөлшектеуге тырысатынын айналамыздағы «түрлі-түсті төңкерістерден», әсіресе, көгертудің орнына қуратып жіберген «Араб көктемінен» көріп жүрміз. Айта кеткен жөн, кезінде Шерағаң алпауыт күштердің осындай зымиян әдіс-тәсілге жүгінетінін «Қызыл Жебеде» тәптіштеп-ақ жазып еді. Қазір қуатты, ең сорақысы, қорқынышты құралға да айналып бара жатқан медиа тек ақпараттық қана емес, психологиялық қысым жасаудың құралы болып тұр. Осы шаруамен тәжірибелі маманы, заманауи құрал-сайманы, мол қаржысы бар арнаулы орталықтардың айналысып жатқаны мықтап ойландыратын мәселе. Ой мен санаға шабуылда әсіресе, «fake news» деген атпен тілімізге енген жалған ақпарат тарату жиі қолданылатын әдіс. Бұл үшін көбіне, әсіресе, жастардың ақыл-ойына көбірек ықпал ете алатын бейнекөрініске (видео) жүгінеді. Сол арқылы «қорғансыз жандарға» аяушылық сезімін оятып, оларды «осындай халге түсіргендерге» қарсы наразылық білдіруге үгіттейді. Жалған ақпаратқа дер кезінде тосқауыл қойып, тойтарыс беру бүгінгі БАҚ-тың басты һәм көкейкесті міндеті боп тұр.

Срайыл Смайыл,
медиасарапшы

14 мамыр, 15:53
Ерғали Көшеке: Алматы облысында дінаралық татулық – тұрақтылық кепілі
14 мамыр, 14:15
Бижан Анарбеков: Расширение сферы применения государственного языка — наша общая задача
14 мамыр, 14:13
Туркестан: Продолжается модернизация систем электроснабжения и уличного освещения
14 мамыр, 14:11
В Туркестанской области продолжается модернизация систем водоснабжения
14 мамыр, 14:06
Туркестан: В Сайрамском районе развивается промышленное производство
14 мамыр, 13:44
Түркістан Ислам әлемінің мәдени астанасы мәртебесіне ұсынылды
14 мамыр, 12:56
Туркестан: Активно реализуются проекты по развитию социальной инфраструктуры
14 мамыр, 12:54
В Туркестанской области растёт объём высокотехнологичной медицинской помощи
13 мамыр, 18:38
Туркестан: «Келешек мектептері» - школа нового формата