jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Провинциал емес Пістебек

15 желтоқсан 2021, 15:49
401

Провинциал емес Пістебек

Өсімхан Еркебайұлы Пістебек – ҚазМУ-дің журналистика факультетінің 1988 жылғы түлегі. Журналистикадағы еңбек жолын «Мақтарал» газетінде тілші болып бастаған. Одан кейін «Өркен» – «Горизонт» газетінде, облыстық «Айғақ», аудандық «Жетісай», «Аймақ», «Жетісай жаңалықтары», «Жетісай ақшамы», «Жетісай жарнамасы» және т.б. басылымдарда жұмыс істеп, аймақтағы журналистиканың дамуына сүбелі үлес қосты. Күйіп тұрған мәселелерді көтерген сын мақалалары «Жас алаш», «Оңтүстік Қазақстан», «Замана» газеттерінде жиі жарияланып тұрды. Өсімхан Пістебектің қаламынан шыққан дүниелер Jas qazaq газетінде де жарық көрді. Өскен ешкімге ұқсамайтын жазу мәнерімен, өзіне тән шымшыма әзілімен дараланып тұрады. Біз әріптес досымызды мерейтойымен құттықтап, белгілі саясаткер Әміржан Қосановтың ойтолғауын оқырманға ұсынып отырмыз.

Сондай-ақ 2018 жылы басылып шыққан «Менің курстастарым-88» кітабындағы Өскеннің естелігінен үзінді беруді жөн көрдік. «Ұлы француздар провинцияда дүниеге келіп, Парижде леді» деген бір қанатты сөз бар. Меніңше, осы, шын мәнінде, екіұдай мәтелдің әмбебап һәм жалпы адамзаттық астары бар. Өйткені әр ұлттың өз Парижі бар. Десек те, кез келген философиялық тұжырымның екі жағы болады. Өткен ғасырдың 80-жылдары Қазақстанның түкпір-түкпірінен ару Алматыға арман қуып келіп, Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түстік. Бір оқу ғимараты, бір бағдарлама, бір лекциялар мен семинарлар, бір жатақхана, бір асхана, бір декан, бір комендант. Бірақ әр пенденің тағдыры бөлек емес пе: оқу бітірген соң бәріміз жан-жаққа шашырап кеттік. Біріміз сол кездегі астана, Алматыдағы республикалық басылымдарға жұмысқа орналастық. Ал біріміз  туған ауылға тартып, сол жақтағы облыстық, аудандық газет, радио мен телевизиядан орын таптық. Алматыда алған білімін ауылына жарата білген сондай әріптестеріміздің бірі – осы күндері 60 жасқа толып жатқан Өсімхан Пістебек. Алғашқы курста әркім зін тек Абай мен Әуезовпен ғана салыстыратын журфак секілді небір «классиктер», ығай мен сығай жиналған факультеттің «Қаламгер» қабырға газетін шығаруды кез келген студентке тапсыра бермейді ғой. Ол үшін, мәселен, сол кездің өзінде ешкімге дес бермейтін, «сен тұр, мен атайын» деп арындап, жалындап тұрған Бауыржан Үсенов, Табыл Досымов, Әубәкір Смайылов, Амантай Шәріпов секілді қатарлас студенттердің өлеңдерін басу не баспауды шеше алатындай мінез бен талғам болуы керек еді.

Провинциал емес Пістебек

Қазақ әдебиеті мен журналистикасының болашақ тарландарына жол ашып берген сол газетті жекедара шығарған – Өсімхан еді. Менің де студент кездегі тырнақалды өлеңдерім сол үлкен плакатта Өсімханның рұқсатымен жарияланған. Факультетте ағайынды қоңыр қаздай, қоғамдық жұмысты да қатар атқардық: ол студенттер кәсіподақ ұйымын, мен комсомол комитетін басқардық. Екі бөлек курста оқысақ та, бір жатақханада тұрдық, бірге сырластық, бірге ортақ жоспар құрдық. Темірбек Қожакеев декан боп тұрғанда, таңертең жатақхана мен оқу корпусының алдында арнайы рейд жасайтын Кешігіп келген студенттерді фотоға түсіріп, кейін факультет фойесіне сол фотоларды іліп қоятын. Бірде ол кәсіподақ басшысы Өсімханға «келесі рейдке фотоаппарат тап» деп тапсырма береді. Ол кезде фотоаппарат секілді құдірет қарапайым студенттерде қайдан болсын. Ондай техника тек қана елден ерекше жаратылған Нұрлан Нұрғазин досымыздан табылады. Таңертеңмен олар кешіккендерді шытырлатып фотоға түсіреді. Бірақ кейін декан фотоларды сұраса, Өсімхан «пленка күйіп кетті» деп құтылады. Бәлкім, өзімен бірге оқыған жолдастары сол күні көптеп кешіксе керек…

Кәсіподақ басшысының өкілеттігі мен құзыреті сұмдық. Студенттер профилакторийіне арнай жолдаманың өзі не тұрады. Тұратын бөлмең мен мен күніне үш рет тамағың бар. Тура бір студенттік пейіш дерсің! Сол кезде журфактықтар әлгі жолдамаларды үлестірген Өсімханның әділеттігіне, ешкімді алаламай, бәрін өз ретімен шешетіндігіне тәнті боп жататын. Білуімше, оқуды бітіргеннен соң, Өсімханға Алматыдағы республикалық басылымдардан бірқатар ұсыныс түскен. Өзі студент кезде «Горизонт-Өркен» газетінде жұмыс істеп жүрген. Көптеген студент секілді Желтоқсанда көзге түскені бар. Сол кезде газеттің редакторы Столяров: «Если будет следующий Желтоксан, то первым туда пойдет Пистебеков!» деп бұған тиісе береді екен. Диплом алғаннан кейін Алматыда қалуына дәл осы жайт әсер етсе керек, «желтоқсаншыл» деген себеппен сол кездегі қатал тәртіп оны Алматыға сыйдырмады. Сөйтіп ол ауылына оралады. Бірақ ол жақта жүріп, көлеңкеде қалған жоқ, әдебиет және баспасөздегі процестерден шеттемеді. Ауылда жүріп, Алатаудай асқақ армандарын орындап, бойындағы барлық талантты аша білді деп санаймын. Біріншіден, ол – Жетісай ауданындағы бірқатар газетте жұмыс істеп, өңірлік проблемаларды республикалық деңгейге көтерген қайраткер журналист.

Провинциал емес Пістебек

90-жылдардың аяғында солөңірдегі қазақ-өзбек шекарасының біз жақтан бекітілмеуіне қатысты дабыл қағып, «Жас алаш» газетіне жазып, үкімет басшысы Нұрлан Балғымбаев пен мүйізі қарағайдай генералдардың осы стратегиялық шаруаға тікелей араласуына себепкер болғандардың ішінде біздің Өсімхан да бар болатын. Шынын айту керек, Астана мен Алматыдағы бетін жел қақпай, маңдайын күн шалмаған, әбден өр көкірек боп кеткен кей интеллигентсымақ ағайын, қоғамдық пікір мен баспасөздің қайнаған ортасы – аймақтық журналистиканы менсінбейді, ондағы жағдай мен әріптестерге мұрнын шүйіре қарайды. Ол сырқатты мен «орталықтың шығармашылық эгоизмі» деп атаймын. Шындығы сол: нағыз өмір, нағыз проблемалар, нағыз интрига, нағыз драма – сонда!

Аймақта қолына қалам ұстаған әрбір әріптестің орны бөлек. Осыны біздің мемлекет әлі де жөнді түсінбей келеді! Басқасын айтпағанда, әр редакция мен журналистің басына әңгіртаяқ ойнатуға әуес әкімшіліктердің әлімжеттігінің өзі не тұрады?! Аймақтық баспасөздің қаржылық жағдайын айтсам, жылайсыздар. Бірақ, соған қарамастан, сол жақтағы әріптестер шыдамдылық пен кәсібіне адалдық, нағыз патриоттық танытып, өздерінің ағартушылық һәм ақпараттық миссиясын жалғастырып келеді! Иә, «біздерде анадай бар, мынадай бар», аймақтағы журналистиканың бойынан жалпы қоғамның, қазіргі кезеңнің жақсылығы да, жамандығы да табылып жатады. Мәселен, «журналист» не блогер» атын жамылып, белгілі бір шендіні не белгілі тұлғаны әдейі ағаш атқа мінгізіп, оған «шығармашылық» шантаж жасап, көпекөрінеу қоқан-лоққы көрсетіп, ақша немесе басқа бір игілік дәметіп жүрген, алдынан дау, аузынан сөз кетпеген жүгірмектер де бар. Олар біздің кәсіптің абыройын айрандай төгіп, қадірін кетіріп жатыр-ақ! Түстіктегі әріптестер мен әкімқаралардан естігенім сол: Өсімхан өмір бойы ондай нәрселермен айналыспаған. Оның тазалығы мен әділеттігі туралы көп адам айтып жатыр. Ол да болса, оның мірлік кредосы, жетістігі һәм жеңісі. Екіншіден, ол – аймақтық баспасөзді жаңа, нарық жағдайына бейімдеуді қолға алған қабілетті кәсіпкер. Социализм мен жабайы капитализм арасындағы «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер» өліара шақта, өзі мұрындық боп, «Аймақ», «Жетісай ақшамы», «Жетісай жаңалықтары», «Түстік тарап» атты бірнеше жеке газет ашқан. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал»: қазіргі басылымдардың ең түйткілді әрі түйінді тұсы – таралуы екенін ескеріп, ол осы аса маңызды тірлікпен айналысатын арнайы мекемелер де құрған.

СТУДЕНТТІК ӘЗІЛ

Бесінші курстан бастап «Өркен» – «Горизонт»
апталық газетінде жарты ставкамен қосымша жұмыс
істей бастадым. Түске дейін сабақ, түстен кейін
жұмыс. Жазу көбейді. Кешқұрым «өлдім-талдым» деп
старостамыз Жолдасбек Дуанабаев екеуміз екі
жақтан қисая кетеміз. Жөкең де «Қазақстан пионері»
газетінің «жарты ставкашысы».

Көктем өтіп, жаз шығысымен кафедра меңгерушіміз
Тауман Амандосов ағайымыз жиі-жиі мазалап,
«диплом жұмыстарың қайда» деп жатты.Бір күні
алдына шақырды. Қинала бардым. Өйткені бар
мәлімет пен мағлұматты қордалағаныммен, диплом
жұмысын әлі бастамағам. Қорғауға бір айдан астам
уақыт қалып еді. Профессор дипломымды сұрады.
«Жазғаныммен әлі түптей қойғам жоқ» дедім. «Ал
аналар не істеп жатыр» деді. «Олар түк те істеп
жатқан жоқ, әйтеуір, жүр. Ал мен ғой қосымша жұмыс
істеймін деп сабылып жүргендіктен осылай жүрмін»
дедім. «Жө-өн! Бірақ бәрібір жөн емес»» деді. Сосын
«Ана екеуін алдыма жедел шақыр» деді. Мен оларға
аманат сөзді айттым.

Сөйтіп сенбі ғой, бір созылып жатайын деп
керуетке қисайғаным сол, екеуі елпіне-желпіне келіпті.
«Бізге жаман ұрысты. Әне, көрдіңдер ме, жұмыс
істеп жұрген Пістебеков дипломын жазып қойыпты.
Ал сендер сенделіп жүрсіңдер деді Амандосов»
дейді. «Ағай солай десе, дұрыс айтқан екен» дедім
де одеялымды қаттырақ тарттым. Күлкім келді… Олар
күндегі әдетінше «Қой, тағы дайындалайық» деп
дайындық бөлмесіне асығыс «аттанып» кетті.
Олар: менің курстастарым – Амантай Шәріпов пен
Төреғали Нәменов еді.

Бірақ диплом қорғауда менің ұстазым Т.Амандосов
он бес беттік менің дипломымды қорашсынып, құрам
мүшелері «жақсы баға қояйық» десе де көнбей,
«қанағаттанарлық» қою керек, бұл студент кафедра
аралық социалистік жарыста кафедрамды әрдайым
артқа сүйреп келген» деп біраз секундтар түзелмей
отырды. Мың жасағыр үлкен ғалым Шериаздан
Елеукенов термин мәселесінде қорғаған дипломымды
қолдағаны мақұл болды. Шынымды айтсам, сол
ағай ғылыми еңбектерінен менің біра-аз нәрсені
ұрлағанымды білді-ау. Сосын менің еңбегім не, оның
еңбегі не, бәрібір қазақтікі ғой деп ойлап, «маған
«жақсы» деген бағаны алуға жол ашты-ау. Расы керек,
танымаса да мені қатты қорғады. Сірә, осы бала
болашақта ғылым, білім саласындағы терминдерді
зерттейді деп үміттенсе керек. Бірақ үміті ақталмады.
Оңтүстіктің қиыр оңтүстігіндегі жеті сайы бар деп
аталатын, бірақ жеті сай еш жерден табылмаған бір
қалада күнге күйіп, мақта теріп, бар жазғаны он бес
беттік дипломмен тоқтаған студентінің болашақтағы
халін сол кезде ол кісі қайдан білер еді.
Бір қуанарлығы – Амантай да, Төреғали
да дипломдық тақырыптарын «әйбат» қорғап,
профессорлардың үлкен ілтипатына ие болды.
«Еңбек етсең, емерсің» деген осы да.

Өсімхан ПІСТЕБЕК

Үшіншіден, ол – әрбір журналистің алтын уақыты мен күш-жігерін жеп қоятын күнделікті қым-қуыт шаруалардың бел ортасында жүріп, әдебиеттен де қол үзбеген қалам иесі. Балаларға арналған әңгімелері өз оқырманын тауып, жылы қабылданып жатыр. Меніңше, әдебиеттің ең қиын жанры – дәл осы, жеткіншектерге арналған туындылар. Баланың тілін тапқан автор дананың тілін де таба алады Өсімхан осы жанрды да меңгеріп алды. Қазіргі қызметі – Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының әдеби бөлімінің жетекшісі болуы да әдебиетке қайта оралып, жаңаша ден қоюы деп білемін. Осында жүріп балаларға арнап жазылған пьесалары да сахналанып жатса, міндетті түрде барармыз, көрерміз. Өзінің биік талғамы, білімі мен парасаты, Құдай берген тума таланты, кесек азаматтығы, шығармашылық ортадан жанды байланысын үзбеуінің арқасында Өсімхан Алматыдан ұзап кеткен кейбір әріптестердің ортақ ауруы – провинциализмнен мүлдем ада. Әйтпесе, студент кезде Алматыда жарқырап жүрген талай жұлдыздар ауыл-аймаққа барып, сөніп қалды емес пе? Сөнбесе де, күйбең тірліктің соңында кетіп, жас кезіндегі асқақ арманы мен биік мақсатын ұмытып, шығармашылық талғампаздықтан айырылып қалды. Өсімхан болса, провинциядағы өмірін мән мен мазмұнға толтыра білді. Астаналық стандарттарды ауылға әкеліп, университетте алған теориялық білімін ауыл философиясы мен түйткілді тәжірибесімен байыта білді, Сөйтіп журналистиканың өркениеттік көшінен кейін қалмады, заман мен қоғам талабына сай бола алды.

Сол себепті Алматы мен Астанада жүрген біз секілді әріптестерінен ол екі есе мықты!Өйткені оның өмірлік, рухани, кәсіби қос тұғыры бар. Қаймағы бұзылмай, айрандай ұйып тұрған, ақкөңіл ауыл мен арпалысқан әрі айлакер, адуынды астаналардың тағылымдарын бойына қоса сіңірген Өсімханның өз кәсібіне, өз халқына берері әлі де баршылық деп санаймын!

Әміржан ҚОСАНОВ,
саясаткер

01 шiлде, 12:24
Қарт Каспий шексіз мүмкіндіктерге жол ашады
17 маусым, 11:45
Мақұлықтың мәртебесі адамнан артық па?
17 маусым, 11:41
Білім саласында біз еліктемеген ел жоқ
17 маусым, 11:37
Ұлтты ұйыстырған Ұлытау
17 маусым, 11:33
Алматыда қант бар, бірақ қымбат
17 маусым, 11:25
Эллиндер елінде
10 маусым, 11:38
Өзара ықпалдастық өрісті кеңейтеді
10 маусым, 11:35
Ортақ өгізден – оңаша бұзауға