Қытайлық қыздар Еуропа мен АҚШ-тың бикештеріне қарағанда осы қызметке ақшасын екі есе көп жұмсайды екен.
Бұл салаға арнайы зерттеу жүргізген британдық «Инсайт Инжинирс» компаниясы әлемнің 16 еліндегі 18 бен 65 жас аралығындағы 7 мың 700 әйелдің арасында сауалнама жүргізген. Оның қорытындысы бойынша Қытай тұрғындары пластикалық операцияға орташа есеппен айына 581 юань, яғни 28 мың теңге жұмсайды.
Ал, әлемдік орташа көрсеткіш бұл соманың тек жартысын ғана құрайды. Операцияның көмегімен сымбатты болуға жүгінетіндердің ішінде екінші орында оңтүстіккореялық бикештер тұр.
Әдемілікке талпынған қытай қыздарының басым бөлігі ірі қалалардың тұрғындары. Былтыр пластикалық хирургия нарығында Қытай АҚШ пен Бразилиядан кейін үшінші орынға шыққан.
Аспан асты елінде тәуір жұмысқа орналасу үшін бәсеке жоғары. Сондықтан қытайлықтар тек білімге ғана емес, өзінің сырт келбетіне де инвестиция салуға тырысады.
Бүгінде Қытайдағы пластикалық операцияның ең танымал түрі – блефаропластика. Яғни қысық көзге қабақ салу мен қастың пішінін өзгерту, содан кейін иекті жіңішкелетіп, сопақша етуге сұраныс көп.