Ораға, Жұмаға, Нұраға немесе сексеннің сеңгіріндегі баспасөз серкелері туралы мөлтек сыр

23 қыркүйек 2022, 11:23

Олардың адами ұқсақтық қасиеттерінің рухани шынайы өмірде әркез әдемі үйлесіп жататындығына таң қаламын! Үшеуі де табиғи жаратылысында биік шыңға көз тігіп өскен тау балалары – ақиықтар (Майтөбе, Суықтөбе, Аспанқора)! Үшеуі де ақкөбіктеніп аққан тастай тау суы тобығынан келмеген ауылдың кешегі ақберендері (Шотай, Қастек, Тәуке)! Үшеуі де құт қонған, жыр дарыған жыр алыбы Жамбыл атындағы ауданнан – үшеуі де жыр жазады! Үшеуі де… еңбек өтілі есептелетін кезде Алматы облыстық «Жетісу» газетінен зейнет демалысына қатар шыққан ардагер-журналистер.

Жыл басында Орысбай Әбділдаұлы ағам 83 жасқа толды. Жұмаш Арғымбайұлы ағам дәл қазір – 82-де. Нұрманбет Қизатұлы ағам – 81-де. Бұл жәй арифметика, әйтпесе, халық әр кезде де иық түйістіріп, қатар жүретін осынау үш баһадүрді түйдей құрдас көреді. Ең ғажабы – дастарханға бата сұрағанда үш ақсақалдың алдымен бір-біріне қарап алатыны… Бірақ көбінде таңдау «Орысбайдың отыз батасы» атты танымал жинақтың авторы Орағама түсіп жатады. Жөпелдемеде Орағам иегін әнтек көтеріп қалса, Жұмағам бәлсінбей, тамағын кенеп, өз батасын термелетіп жібереді. Жұмағамның кейде «Әй, сен бер…» деп кішіпейілдік танытып қалатыны бар, ондай емеурінді байқаса, Нұрағам төгілдіреді. Осылай! Жалпы журналистік қызметте – шығармашылық өмірде үшеуі де мақтау-марапаттан кенде қалған жандар емес. Бірақ араларындағы ордендісі Орысбай аға ғана. Жұмаш ағамда ол орден жоқ. Ұсынбаған. Орысбай ағам алған сол «Құрмет» орденіне Нұрманбет ағамды республикалық «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі (Асылхан Әбдірайымұлы) екі мәрте ұсынды. Бірақ ала алмады. Әйтеуір, бермеді…

Сымбат сұлулығына сергек ойын серік еткен

…Жетінші қабаттағы «Лениншіл жастың» атшаптырым кең дәлізі. «У-шу»-дың үстінен түстім. Түс әлеті. Жиналып тұрғандардың ішінен ерекше көзге түскен бір жігіт әлдекіммен қызу бәстесіп жатты. Әп-сәтте еңкейіп, екі қолын еденге тіреп, екі аяғын бүгіп аспанға тіреген күйі екі үш-метр жорғалап барып, орнынан тез тұрып кетті.
– Осы ғана ма?
– Ал, бәстестік, онда… дәліз біткен жерге дейін!

Қызу жанкүйерлік жасап алқынған топтың шетінен сыналап кірген мен де сығалап қарап, аяқ астынан көрерменге айналдым.

«Ал, бәстестік…» деген шымыр денелі жігіттің атлеттік тұлғасын әлгінде-ақ байқап қалғанмын. Мойнының білеуленген бұлшық еті көзге ұрады екен. Жұдырығы түюлі екі қолын боксшыларша оңтайлап ұстап алыпты, өзі қызбалана жылдам сөйлейді. Әлденеше рет шалқая қарқылдап күліп те үлгерді. Содан… атлетіміз уақытты созбай, алақанын жайып, екі қолын жерге тіреген күйі, екі аяғын әлгіндегідей жоғары қаратып, баяу, бүге көтерді. Жаңағы екі-үш метр жүріс әңгіменің жәй ғана кіріспесі екен, жейдесі кеудесіне жиналған жігіттің қорғасыннан құйылғандай бұлшық еттері жиырылып, жалт етті де, кетті… өрмекшіше жорғалап! Дауыстап, дуылдасқан топ шапалақ ұрып дем беріп, думандатып бірге ілесіп келеді! Көз ұшындағы дәліздің түбі «ә» дегенше көрініп қалды. Кенет топтың ішінен ұзын бойлы, ақ шашты, сидаң жігіт суырылып алға шықты да, «өрмекші жігітті» құшақтай алды…

– Болды, аға, болды…

Думан бітті. Дәліз толы топ дабырлаған күйі күлісіп, тарай бастады.
Өзім құралпы жас жігіттен «Орысбай Әбділдаевқа келіп ем» дедім.

– Ораға, сізге кісі келіп тұр!..

«А-а…» деп кілт бұрылып, маған қарай бет алған әлгіндегі атлетті көргенде жүрегім аттай тулады. «Лениншіл жастағы» көлдей-көлдей етіп жазылған мақалалары, ауылдағы дақпырт-даңқы арқылы сырттай жақсы таныс болғанмен бет-жүзін өмірде көрмеген ағамды, үстел үстінде, бума-бума қағазды аударып-төңкеріп, басын қасып… үнсіз мақала жазып отырған үстінен түсермін деген оймен шыққан ем ауылдан. Денесі шар болаттай солқылдап тұрған, қимылы өте-мөте жылдам Гераклден кәдімгідей қысылып қалдым. Сілки сәлемдескен қолы қандай қарулы еді, әлі есімде…

Соно-оу 70-ші жылдардың бел ортасы еді ғой… Классикалық күрестен КСРО спорт шебері, зілтемірші, шаңғышы, белтемірге тартылудан алдына жан салмайтын сайыпқыран, ақын, домбырашы, әнші, бүгінде батагөй дария-қария, әрине… ең бірінші – журналист Орысбай ағаммен осылай танысқан едім. Ол кезде «Лениншіл жастың» – Орағасы! Сейдаға (Бердіқұлов) бастаған жастар газетінің редакциясы барша басылымдар ішінде кісі есімін атауда ерекшеленетін – Ераға, Сатаға, Несаға, Қайраға, Қасаға, Жұмаға, Қуаға… Шіркін, «Лениншіл жастың» («Жас алаш») мақала жазу тәсілінің өзі үлкен бір мектеп! Ал енді осылардың ішінде Орағама ілтипатымыз бөлек! Жазғанын жатып-жастанып оқимыз. Аудандық газеттің өрендері Орағамызға ұқсағымыз-ақ келеді… жазғанымыз ұқсамай жатады! Орағаң – үлгі! Орағаңның өз ортасында да үлгі болғанына еш күмән жоқ, әрине.

Ең алғашқы кітабы – «Сымбат». Сол «Сымбатын» «Өз ұям, сүйікті семьям – «Лениншіл жас» газетіне арнаймын» деуінде үлкен мән жатыр-ау! Осы кітабында
«…дене бітімі құйған құрыштай жасқа қызығып тұрамын. Алыса кеткім келеді. Денсаулығы мықтыларға басымды иемін. Ол өзін-өзі баптағанның арқасы. Өзім жете алмаған биіктерден басқаларды көруге құмартамын. Солардың уысына түскен олжаны бар дауысыммен естірткім, хабарлағым бар. Алтын тұғырға інім, бауырым, құрбым, қарындасым, замандасым лайық болып жатса, қалай ғана жар салуға асықпайын!» деп төгіп-төгіп сыр шертетін де осы Орағам.
Орағам шығармашылық қызметін балалар журналы «Балдырғаннан» бастаған. Одан «Лениншіл жас», «Жалын» журналы, «Жеті жарғы» баспасы, жоғарыда еске алған облыстық «Жетісу» газеті. Әсілі, үш құрдастың қайда барса да жұбын жазбай бірге жүруі осы басылымнан басталған-ау!?. Орағам бұл басылымға келгенге дейін әрі одан кейін жарыққа шығаратын бар жинағын жариялап, буып-түйіп қойған: «Сымбаттан» кейін «Өмірсерік», «Қолтаңба», «Палуан», «Туған жер демі», «Уыз шақ», «Шапағат», «Сөз бен саз»… «Ойтоғыс» «Аңыз бен нағыз» – есептегісі 15 кітап, былайғы жинақтарын санамаппын! Осыдан соң Орағамды «баспасөздің нағыз еңбек торысы» деп қалай айтпаймыз. Спортты жастайынан серік етіп шыныққан, шымыр ағам бұл күндері Алматыда түріктер салған ерекше ықшам ауданда тұрады. Қолы қалт етсе, аулаға шығады, ерте ме, кеш пе, бәрібір, субұрқақты жағалап ұзақ та көп жаяу жүргенді жақсы көреді. «Жаяу жүргенде адамның ағзасы ширайды, басына ой толқындары тасқындап келе бастайды! Шіркін, ойсыз бір күн, бір сәт күн кешу мүмкін бе?!» дейді болмысы бөлек, ойтолғауы ерек Орағам!

Мың мақалаға мәйек салған, жүз өлеңі жүрек жылытқан

– Ау, аға… иә, Томаш кім, Томаш?
– Томашы несі-и… Оны қайдан шығардың?

Тосыннан қойылған сауалға тосырқап жауап бере алмай қалған Жұмағама табан астында қолдау көрсетіп жібердім.
Құсым болып көліме,
Қашан келіп қонасың?
Сенсіз өмір өмір ме,
О, Томашым, Томашым!

– Ары қарай оқи берейін бе? Жастық шағыңызда аға, сіз, венгр-мадияр қызына ғашық болғансыз ба? Сирек есім ғой? Сайлаукүл жеңешем бұл туралы біле ме?

– Еее… … венгрді қайдан тауып ала қойды десем, кәдімгі Тамара ғой, Тома! Әй, сен де… жеңешеңе дейін жазылған, біз де жас болғанбыз, немене?!.

Сексен жылдық мерейтойына арнап кезекті екі кітабын шығарған Жұмағамның 100 өлеңнен құралған «Күншуақ» жыр жинағы ол кісіні «жақсы білеміз» деген әріптес інілерінің баршасын таң-тамаша қалдырған. «Жетісуда» жеті жыл қарамағында қызмет істегенде байқалмаған бұл өнер қай кезде жұғысты болды екен десем, ағамыздың алғашқы жыр шумағы соно-оу 1957 жылдың көктемінде-ақ («Көктем») дүниеге келіпті!.. 19 жасында Алматының Тамара сұлуына арнаған ғашықтық жыры анау!..

Менікі қазір пайда болған «батырлық». Әйтпесе, бұдан 35-40 жыл бұрын ондай көзсіз ерлік жасау ой түгілі санамызда да боп па?! Жұмаш Арғымбаев ағамызға әзіл айту арыстанның аузындағы жемтігін жұлқылаумен тең емес пе еді? Жайында, Жұмаш ағам жайлы мінезді жан. Десе де, алғашқы жылдары өз басым қызметтес ағамның салмақты мінезіне ет үйрете алмадым. Өмірі күлмейді. Бірақ түсі суық емес. Кейде онысын бұл кісінің «КазГУ»-дің журфагін емес, Жоғары партия мектебінің журфагін бітіргендігінің салдарына балайтынмын…

Жұмаш ағам астаналық облыстың «Жетісу» газетінің жауапты хатшысы. Мен – үш орынбасарының бірімін… Кейін партия тұрмысы бөліміне аға тілшілікке ауысқанымда, ағамыз редактордың орынбасары болып тағайындалып, тікелей сол кісінің қарамағында қайта қызмет еттім. Шынын айтсам, Жұмаш ағаның нағыз болмысын осы бөлімде жүргенде байқадым. Мұндай мұқият, мұндай тиянақты, мұндай «әріп жеген» бейнетқор-мехнатшыл жан болар ма? Облыстық партия комитетінің барлық құжаттары орыс тілінде дайындалатын. Босағасын милиция күзететін сесті ғимараттың іші тола қазақ, бірақ құжаттары орыс тілінде… Облыс басшысынан бастап нұсқаушысына дейін, солардың атынан түскен материалдар тек «Жетісуда» қазақшаланатын да жататын. Қазіргі тілмен айтқанда, облыстық партия комитетінің аударма бөлімі дерсің! Орысша әдеби немесе ғылыми-дәрістік мәтінде жазылмайтын мұндай стиль көргеніңіз бар ма?! Иә, обком бөлімдерінің жылдап бір орында жылжымай отыратын «жылнамашылары» солай жазатын! «Социалистік Қазақстанға» рахат! Нөмірге салынатын бар дүние Орталық Комитеттен қазақшаланып келетін де, тегі болмаса, «СҚ» үшін ҚазТАГ-ы бар… Менің әлі күнге дейін таңқалатыным – Жұмаш ағам сол бір орысша түсініксіз тілде құрастырылған материалды газетке халыққа түсінікті, ұғынықты етіп қазақша жеткізетін. Мін таппайсың! Кейде бір немесе бір жарым парақтық сіресіп жазылған әлгіндей «обкомдық сәлемдемені» «менің қолым тимей жатыр еді, бір жағы өзіңе пайда, тіліңді сындыр» деп алдыма тастағанда ғой ақ тер, көк терге түсетінім! Ең бір жақсы қасиеті – нөмірге кетіп бара жатқан материалдың өзін асықтырмай, баппен аударсын дей ме, санасына болашақта азық болсын дей ме, Жұмаш ағам еш уақытта есікті қайтып келіп ашпайтын, басы артық мазаламайтын. Тым партияшыл «көрінетін» ағамның шынайы қазақы өр мінезін 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін байқадым…

Әдеттегідей, обкомда өтетін партия жиналысына өзі жіберген, бардым – естімегенім жоқ, «жынданып» оралдым. Облыстық партия комитетінің насихат бөлімінің бастығы, «бас жылнамашы» Долгирев деген біреу «Қазақтардың Алматыда сондайлық көбейіп кеткендігі «Желтоқсан оқиғасын» тудырды. Сондықтан СОКП ОК таяуда өз шешіміне сай Алматы мен Қапшағайдың арасында КСРО-да бұрын-соңды болмаған ең үлкен автомобиль заводын салады. Мыңдаған жұмысшы мен маман Мәскеу мен Горький қаларынан әкелінеді. Сөйтіп Алматыда өзге ұлт өкілдерін (орыстарды) молайтпасақ, ұлтшыл қазақтар қайта көтеріледі, интернационализм рухына сызат түсіреді» деп көкіді. Алматыда тұратын онсыз да аз қазақтың кімге шағынарын, кімге шабыларын білмей қанының қызып жүрген кезі. Менің «тігісін жатқызып» жеткізген әңгімемнен Жұмаш ағамның «көтерілгенін» алғаш сонда көрдім. «Тура сөйтіп айтты ма, о, сұмырай шала сауатты шал-неме. Демек Мәскеуден басымызға тағы бір пәле төніп келе жатыр, ол «жансыз» тегін айтқан жоқ бұл әңгімені…».

Редактордың орынбасары Жұмаш Арғымбаевты алғаш рет осы күні «таныдым». Әңгімеміз үйлесті. «Қаны бар» ағамен көп сырластық. Сөйтсем, үндемей сыр шашпай жүретін Жұмаш ағам кәдімгі Суықтөбенің Қастегінде туып-өскен «құралайды көзден атқан» атақты аңшының бел-баласы екен. Таршылық заманда әкесі атып әкелген тау ешкілерін ауыл жұрты талғажаулаған. 1932 жылы шектен тыс «мазасыздана» берген Қастектің үстінен ұшырып елді үркітпекші болған айырпланды Жұмаш ағамның жаужүрек аталары тізерлеп қатар отыра қалып, шиті мылтықпен-ақ атып түсіргені тарихта жазылған… («Восстание в Кастеке». «Казправда», 1932)
«Жетісудағы» журналистік соқпақта өзіме жеті жыл ұстаздық еткен, жазғандарымды түзеген де күзеген шебер, жеті жыл ішінде газеттегі автор мақаласына адалдық танытып, жанашырлықпен қызмет етуді үйреткен де осы Жұмаш ағам! Жұмаш аға! Қазақстанның «Құрметті журналисі», Қазақстан Журналистер академиясының академигі… Қазір ғой, сол Жұмаш ағамды зейнеткерліктің еңбек өтілін молайтқан соң екі құрдасымен лайықты сапта тұрысын – аттары да шиырып қысқа қайырғанда үйлесіп, «Жұмаға» болсын деп жүргеніміз…

Бәрі де «Қалың мал» романынан басталған…

– Ойбай, Нұраға… Қаштық, болыңыз!
Менің жанұшырған даусым Нұрағамның құлағын елең еткізген секілді. Бірақ асыққанын байқамадым. «Өй, аға, өлдік!..»
– Қазір. Қазір…

Фотоаппараты мен маңдайын жапқан ақ күмістей төгілген ұзын шашын артқа қарай тағы бір лақтырып тастап, тағы бір-екі рет қас-қағым сәтті қалт жібермей қағып алған Нұрағам «Болдық, болдық… кеттік, кеттік…» деп жеңіл көліктің есігін ашқанда барып, «үһ!» дедім. «Дүр» еткен «алтылық» ақ «Жигули» атырылып, даланың тас төселген шоқалақ жолын шаңдатып, ұша жөнелді-ай… Рульдегі Нұрағамның екі көзі – алда! Шын қауіпті енді сезгендей ме ағам? Менің екі көзім артта – бізге қарай лап қойған дойыр көкпаршыларда… Жақындап қалған-ды, зәре-құтым қашып барады. Міне, оқтаудай түзу асфальт жолға іліндік. «Бас, ақ боз ат»! Көлікті жүйткіте түскен Нұрағам бәрін айнадан-ақ байқап келе жатқан екен, әлден уақытта «Әй, қалды-ау деймін…Ойпырмай, сәл кідірсек, түрлері жаман, мәшинемізді таптап, өзімізді сабап кетпекші ғой. Өлтіреді, тура өлтіреді» деді. Бұл кезде «Тастысай» артта қалған.

Мақалама «Тастысайдағы» төбелес» немесе ауылдағы алғашқы Наурыз мерекесі қалай өтті?» деп тақырып қойдым. «Жау шапқан» тобырдың ерекше суреті де дайын!.. Ән аяусыз шырқалды. Наурыз көже – ас та төк! Мұндай тамаша бұл ауылда бұрын-соңды болмаған. Тек иықта көкпар тартуға жиналған жастар ішінде ішімдік ішкендер ши шығарып аяқастынан, аттылы-жаяудың арасында шыққан айқай адам айтқысыз «айқасқа» ұласты да кетті. Әткеншекті де, әншіні де, бауырсақ пен бала-шағаны түк қалдырмай фотоаппарат үлдіріне тізіп үлгерген Нұрманбет ағамның… төбелесті де түсірмек болған қызығушылық ниетінің аяғы сонда ғой, ушығып кете жаздағаны… мәңгі есте қалды!

Газеттің жауапты хатшысы Басқар Битановтың тапқырлығында шек жоқ еді, менің үрейлі «Ойбай, аға қаштық» үнімді бейне кеңседе отырып естігендей-ақ, мақаланың тақырыбын «Басы тойдай, аяғы «ойбай» немесе…» деп өзгерткені де жадымда. Бір газетте жеті жыл бірлесіп қызмет еткен, одан кейінгі жылдарда да талай іс-сапарға бірге шыққан, өтінішіңді екі етпейтін белгілі фотомерген Нұраға туралы тізбелеп айтсақ, жыр таусылар ма?! «Тастысай» оқиғасы» соның бірі! «Жетісудың» жеті бөлімі болса, әр бөлімде үш журналист бар, солардың барлығымен іс-сапарға шығу фототілшінің айнамас кәсіби міндеті. Ол – ол ма, Нұрағам Қапшағай қаласында тұрады… Күнделікті екі қала арасын жол қылып, күнделікті шығатын газеттің бетін суреттермен, фоторепортажбен толтырып, көркемдеп беру кәсіби фототілшілер арасында екінің бірінің қолынан келетін іс емесі ақиқат! Нұрағам бәріне үлгерді! Ағамның тиянақты ісіне халық құлағдар, бірде, әуелім, Шерағам Нұрағамды «Егеменге» қызметке шақырған…

– Шерхан Мұртазадай алыптың алдына барып, «Алматыға түу Қапшағайдан келіп жұмыс істеймін, астанадан баспана алып беріңіз» деп айтуға қысылдым. Алдымен үлкен «рахметімді» айтып, кешірім өтіндім… Облыстық газеттің өзінде үй көрмеймін, республикада жайым қалай болады деген жүрексінудің салдары. Сол күні Шерағамның меселін қайтармай, «Егеменнің» есігінен ене салуым керек пе еді?!. «Бір кем дүние!..»

Ақсақалдық абыройлы жасында Нұрманбет Қизатұлының он шақты кинофильмге түсіп, ірілі-ұсақты кейіпкерлер бейнесін сомдап тастағаны, тіпті көңіл аударарлық оқиға. «Ынтымақ ауылы» сериалы, жарнамалық роликтер, т.т… талайыңыз көрген де боларсыздар! Ғажап! Фотоөнердің шынайы майталманы, «Қазақстан журналистикасының қайраткері» – Нұрағам қарасөзбен, мейлі жыр жолдарымен қалам тербесін, кәдімгі сақа ақын-жазушылардан қалыс қалып көрмепті. Десек те, киноның аты кино – синтездік өнер, қаражаяу адамға кейіпкер рөлін сомдай салу да оңай емес. Ал Нұрағама бұл өнер бейне алпыс жыл асынған фотоаппараттың түймесін баса салғанмен бірдей болып барады, қалай? Менің бір білетінім, соно-оу жылдары «Қызыләскер» ауылында тұратын пошташы Қизат ақсақалдың қаршадай қағылез баласы Нұрманбеттің Спандияр Көбеевтің «Қалың мал» романын ауыл сахнасына (ескі үйдің құламаған қабырғасы – сахна!) лайықтап шығарғаны…
Белгілі жазушы, жамбылтанушы Нағашыбек Қапалбекұлы сол «Қызыл әскер» театры туралы былай еске алады: «Алпыс жыл бұрын дейінші. Баламыз, кеш түсе «ауыл драматургі әрі режиссері Қизатовтың театрына» кісі көп жиналады. Дүркін-дүркін шапалақ. Үлкен-кіші риза. Ғайша сұлу басына түскен қасіреттен қалай құтылмақ, ойпырмай, енді не болмақ деп елтіп отырғанымызда ғой, сахнаға кимешекті бір апамыз шыбықпен шығып, басына орамал тартып отырған «жап-жас апаны» сахнадан зырылдатып қуып ала жөнелгені… Жұрт одан бетер қыран-топан. Сөйтсек, әлі кәмелеттік жасқа толмаған Бақытгүл әпкеміздің басына орамал жамылғанына «күйіп кеткен», қызын кеш танып қалған көрермен анасы екен ғой спектакльді бұзған».
– Ойбай, қызы бұзау іздеп шықса, шешесі шыбығын алып артынан шығатын ауыл жұртының алдында, өмірдің шынайлығын көрсету оңай болды дейсің бе маған, бәрі сол жастық энтузиазмнің арқасы ғой, шіркін! – дейді кешегі «ауыл режиссері», бүгінгі актер-Нұрағам. Сөйтсе-ек, бәрі де, ауыл сахнасынан, «Қалың мал» романының сценарийін жазудан басталған екен де!

Осы өмірде Орағам 15 кітап шығарса, Жұмағам «соның тең жарымы деген» көрсеткіште! Орағамның бір кітабының атауы – «Шапағат». Жұмағамның жүз өлеңдік соңғы жыр жинағы – «Күншуақ». Нұрағам өмір бойы жинаған бес қап фотосуретінен құрастырып, өткен жылы сынып журналының көлеміндей бір ғана нән кітап шығарды. Иллюстрациялық-фотоальбом «Жан шуақ»!
«Шапағат», «Күншуақ», «Жан шуақ»…
Сезім шуағы мен себезгілген күн сәулесіне ерекше ынтық болған, оны шығармашылық шабытына серік кеткен ағаларым бұл кітаптарының аттарын өзара ақылдасып қоймағаны анық! Бірақ ойларының әркез, әйтеуір, орайласа қалатынына сүйсінеді екенсің!

Алматы облысының (Қонаев) судай жаңа газеті алғашқы нөмірін бұрқыратып, шығарып та тастады. Газеттің «Алатау арайы» аталуына осы үш ағамның, үш баспасөз серкесінің де өз үлестері бар… Жаңа құрылымдағы газет басшыларының облыстың ең таңдаулы, ең сыйлы үш ардагер-журналисіне газет атын таңдауға ұсыныс тастауы тектен-тек емес шығар. Тағы да сол үйлескен сәйкестік – Орағам да, Жұмағам да, Нұрағам да өз беттерінше, «жабық» түрде жазған он шақты байқау-атаудың ішінен «Алатау арайына» тоқтап, астын сызып тұрып көрсеткен екен…

Талғат СҮЙІНБАЙ,
Алматы

27 наурыз, 16:38
Ұсақ-түйек емес: шұлық өндірісіне де қолдау қажет!
27 наурыз, 12:30
Берік Солтанбаев: Алматыда кәсіпкерлікті дамытуға жан-жақты қолдау жасалып отыр
26 ақпан, 15:10
Дархан Мыңбай: Кәсіпкерден дәметіп күнелтетін масылдар, әкімдік есігінен сығалауға машықтанған тоғышарлар бар
26 ақпан, 12:34
Қазақ баспасөзі: Сантараулы салалық журналистика
25 ақпан, 14:23
Фатима Жүнісова: Диванда жатып, «мемлекет асырасын» дейтіндер жетістікке жете алмайды
22 ақпан, 15:50
Кәдірбек Құныпияұлы: Газет санасы сарабдал, ойлы да сауатты оқырманмен бірге мәңгі жасай бермек!
21 ақпан, 16:51
Масылдық психологиядан қалай арыламыз?
21 ақпан, 14:48
Мақсұтбек Пірметов: Бізге артылған жауапкершіліктің жүгі ауыр
14 ақпан, 15:49
«Сізде болады. Бізге болмай ма?»