
Оңалбек Өтебайұлын ертеден білеміз. Олай болатыны, бұл кісі өткен ғасырдың сексенінші жылдары кіндік қаны тамған Қоғам ауылында қазақ күресінің қазығын қағып, іргесін қалады. Өзінің ашқан үйірмесінен түлеп ұшқан шәкірттері ел ішіндегі жарыстарда ғана емес, Азия чемпионы атанып, әлем біріншілігінде жүлдеге қол жеткізді. Бапкерліктен кәсіпкерлікке бет бұрып, бүгінгі күнде бейнетіне бұйырған берекелі табысынан туған ауылына қолдау жасап келеді. Оңалбек Өтебайұлының тікелей демеушілігімен Қоғам ауылында спорт кешені бой көтеріп, құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын қалды.
Қоғамда масылдық дерті өршіп, патерналистік ұстанымға ұюшылардың қатары артып бара жатқанда Қоғам ауылынан шыққан, еңбектің топайкөгі атанған жанның өнегелі ісіне сүйсінесің. Неге дейсіз бе, бұл кісі кәсіпкерлікке бет бұрғаннан кейін де қанында бар балуандық өнерге қарайлап, тіпті бір жыл бойы айлық жалақы алмай өзі ашқан күрес үйірмесінде балғын балуандарды тегін баптады. Масылдық психологиясына қатысты бірсыпыра сауалымызды зейнет жасындағы кәсіпкерге қойдық.
Jas qazaq: Аға, алғашқы сауалымызды сіздің аңызға бергісіз оқиғаға қатысты қойсам. 58 жасыңызда 15 тонна жүкті көліктен түсігеніңізді көзі көрген жандар жырдай етіп айтады. Осыны кеңінен тарқата түссеңіз.
Оңалбек Әуелбеков: Сұхбатымыздың ауаны масылдық дертіне қатысты өрбиді дедің бе? Рас, 58 жасымда 15 тонна қантты жүк көлігінен түсіргенім шындық. Базарда сауда-саттықпен алғаш шұғылданған жылы болған оқиға бұл. Сол күні жүк түсіріп, тиеуші балаларымыз келмей қалды. Амал жоқ, ұлым екеуміз 15 тонна қантты көліктен түсіріп, сарайға жинадық. Қазіргі кездегідей 25 келі емес, бір қап 50 келі тартады, салмағы зілдей. Осындай салмақтағы 300 қапты жинадық. Сонда маңайымыздағы басқа саудагерлер «58 жастағы адам 15 тонна қантты қалай түсіреді» деп таңданып қарап тұрғаны есімде. Бала күнімізден спортты серік еткеніміз, әкеміз бен анамыздың беліміз бекіп, бұғанамыз қатайған шағымыздан жұмысқа баулығанының септігі тиді дер едім. Жазда шөп шабу, қыстық отын жинау сынды ауыр жұмысты әкеміздің қасында ере жүріп істедік. Осындай ауыр еңбек бізді шыңдады. Баланы кішкентай кезінен еңбекқорлыққа үйретсең, ержеткенде қандай ауыр жұмыс кезіксе де қорынышы болмайды. Әрі еріншектігі ұстамайды. Тағы бір қызықты оқиғаны айтып берейін.
Бір күні жүк тиеп таситын қол арбаға бір тонна затты салып алып мен және жүк түсіруші жігіт екеуміз базардың екінші басындағы сатып алушының алдына әкелмейміз бе. Салмағы тонна тартатын күріш арбамызда. Сонда әлгі адамның: «Аға, сіздің мына күрішіңіз бір тонна шықпайды, айып етпесеңіз, мен өзімнің таразыма тартып қайта өлшесем», — дегені. Мен аң-таңмын, «мұнысы қалай» деп. Сатып алушының қалауы қашанда құнды. «Мақұл» дедім. Ол біздің сүйреп әкелген бір тонна күрішімізді таразысына тартты. Тұп-тура бір тонна. «Ағасы, кешіріңіз, мені сіздің қайратыңызға тәнтімін. Біздің үш жігіт бір тонна жүкті әрең қозғайды. Ал сіз қасыңызға жас жігітті ертіп, екеуіңіз ғана жеткіздіңіз. Мен соған сеніңкіремедім», — деді. Мұның барлығы да жоғарыда айтқан бала күнімізден еңбекпен есейгендіктің арқасы.
Jas qazaq: «Мені мемлекет асырасын» деген қасаң түсінік, болмаса, өзгенің тапқанына ортақтасып, масылдыққа бой алдыруды қалайтындар бар.
Масылдық, жалқаулық сынды ұғым-түсініктен арылу әркімнің өзінің түйсігіне байланысты. Қазір жұмыс істеймін деген адамға, кәсіп бастап жеке шаруаңды дөңгелетем деген жанға барлық мүмкіндік бар. Түрлі қолдау, демеу бағытындағы бағдарлама қаншама.
Оңалбек Әуелбеков: Дұрыс айтасың, жалқаулық, жатыпішерлікке адам баласы тез бой алдырады. Ал керісінше, еңбекқорлық таныту үшін үлкен қажырлылық қажет. Базарда, көшеде алақан жайып ақша сұрайтындар көбейіп кетті. Жақсы, еңбекке жарамсыз мүгедек болса, нан табуға қажыр-қайраты келмесе бір сәрі. Соқталдай азаматтардың кейде осылай тіленіп жүргені қарныңды аштырады. Кейбір кезде 25-30 тонна жүк келеді. Түсіруші балалар үлгере алмай жатқанда өзім де білек түрініп кірісіп кетемін. Жасым алпыстан асқанша жігіттерге көмектесіп жүрдім.
Jas qazaq: Сұхбатымыздың өзегі патерналистік көзқарас, масылдық
турасында өрбігендіктен, өзіңізден бір жәйтті сұрайын. Ауылдастарыңыз, яғни қоғамдықтар сізді бір жыл ауылда балаларға тегін кұрес үйірмесін өткізді деп сүйсінеді!
Оңалбек Әуелбеков: Халық айтса, ақиқаты сол емес пе. Отырар ауданына қарасты Қоғам ауылында өзім 1976 жылы күрес үйірмесін аштым. Коммунистік идеологияның күш алып тұрған, ұлттық күресімізге соншалықты көңіл бөлінбейтін шақта тәуекелге бел буып балуандарды тәрбиеледім. Кейін Алматыға қоныс аударып, кәсіпкерлікті өрістету мақсатымен ауылдан көштім. Бірнеше жылдан кейін үйірмеге қатысатын балуан балалардың нәтижесі құлдырай бастады. Тәуекелге бел буып, ауылға қайта барып бір ай емес, тура бір жыл бойы, еш ақы алмай балаларды күреске баулыдым. Сондағы менің мақсатым қазығын қағып, іргесін қалаған күрес үйірмесіндегі шәкірттердің нәтижесін қайта жақсарту болды. Белімді бекем буып іске кірістім. Сол кезде сыртымнан күлгендер де болды. Нарықтық заман, адами құндылықтан материалдық қажеттілік алға шыққан кезде бір жыл бойы тегін жұмыс істеуге екінің бірі бара бермейтіні анық.
Jas qazaq: Еңбектенем деген жанға барлық мүмкіндік бар дедік қой. Жуырда Алматы қаласындағы халыққа қызмет көрсету орталығына бардым. Сонда мені қабылдаған маман арбада отырған мүмкіндігі шектеулі жан екен. Денсаулығына байланысты зейнетақысын алады, оған қосымша жұмыс істеп те нәпақа тауып жүр.
Оңалбек Әуелбеков: Таяқтың екі ұшы болатыны секілді, он екі мүшесі сау масылдарға мұндай жандар үлгі болса, қанеки. Теледидардағы бағдарламалардан да мүмкіндігі шектеулі жандардың тағдыр қиындығына төтеп беріп, еңбекке араласып жүргенін жиі көрсетеді. Жастардың тілімен айтқанда, мотивация дегенді осындай қайсар жандардың тіршілікке бейімділігінен алуға болады. Қазақта «Балаңды аясаң — аяма» деген тәмсіл бар. Балаңа кішкентай кезінен дұрыс тәрбие беріп, еңбекпен есейтсең, үмітіңді ақтайды. Ал аяп, алдында құрдай жорғалау жалқаулыққа тәрбиелейді. Менің алты қыз, бір ұлым бар. Қыздарымның үлкені, ұлым да шетелде білімін жетілдірді, барлығы да жоғары білімді маман. Бүгінгі күнде ешкімге масыл емес, керісінше, өзгелерге қолдау көрсетіп, демеушілік танытады. Мұның барлығы да отбасында тәрбиенің әсерінен. Осыны ұмытпауымыз керек.
Jas qazaq: Әңгімеңізге рахмет, аға!
Сұхбаттасқан Қуаныш Рахмет