
Нұрлыбек Байменовтің есімі елімізге әлеуметтік желі арқылы кеңінен танылды. Онда да оның есімін мәшһүр еткен автокөлік жүргізуші жерлестері. «Автокөліктің жылдамдықты ұлғайтып, азайтушы құрылғысын (автомат коробка) қай маман жетік біледі» деп сұраушыларға Нұрлыбек Байменовтің мекен-жайын нұсқайды. Республикалық телебағдарламадан да арнайы хабар түсіріп, тепсе темір үзетін азаматтарға үлгі етті. Жалқаулық иектеп, «дайын асқа тік қасық» болуды ойлап жүретіндерге мүмкіндігі шектеулі жанның игілікті ісімен отбасын асыраумен қатар бірнеше жанға тұрақты жұмыс тауып беруі сабақ болса дейсің. Бүгінгі күнде бос уақыты бола бермейтін Нұрлыбекті аз-кем сұхбатқа тарттық.
Jas qazaq: Нұреке, алғашқы сауалды осы жатыпішер жалқаулық, масылдық психологиясынан бастасақ. Сіздің ұғым-түсінігіңізде масыл деген кім?

Нұрлыбек Байменов: Масыл адам деп кімді айтамыз? Ондай адамдар айналамызда әлі де жүр. Жалқау адамның тірлігі дер едім мұның бәрін. «Мені үкімет асырауы керек» деген ұғымды санасына мықтап сіңіріп алғанда жалқаулық иектейді деп білемін. Біреуден алған ақшаны малданатын, өзгенің алып берген ас-суын ішіп жүре беретіндерді масыл дер едім. Біреудің есебінен күн көретіндер қай ортада да бар. Тіпті біздің арамызда да жүр. Содан кейін көре алмаушылық, міншілдік те осы жалқаулыққа әкеліп соқтырады. Сосын сенің еңбектенгеніңді көре алмайтын адамдар да жүреді айналаңда. Мысалы мен өзімнің басымнан өткен жайтты айтайын. Көлік жөндейтін орталығымызға кейбір таныс-білістер де келеді. Сосын клиенттің көлігін жөндеп, еңбекақыңды аласың. Мәселен, бір кісінің көлігін жөндегенің үшін 40 мың теңге берді делік. Соны көрген танысың бір күнде қырық мың тапса, он күнде 400 мың, бір айда миллионнан асып жығылады екен табысың деп тақылдап тұрады. Ал мен ол ақшаны өзім ғана алмаймын, қасымдағы бірге істейтін жігіттерге беремін, көлік жөндеу орталығының жалға алу ақысын төлеймін, сонда өзіңнің қалтаңа болмашы қаражат қалады.
Jas qazaq: Бүгінгі күнде ІІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жан болғаныңызға қарамастан, жұмыс істеп отбасыңызды асырап, онымен қоса бірнеше адамға тұрақты жұмыс орнын тауып беріп жүрсіз.
Нұрлыбек Байменов: Біздің көлік жөндеу орталығында сегіз адам жұмыс істейді. Өзімнің баламды да осы кәсіпке баулып, үйретіп жүрмін. Орталығымыз күндіз де, түнде де демалыссыз жұмыс істейді. Күндізгі, түнгі ауысыммен бұзылған көліктерді тәулік бойы қабылдай аламыз. Төрт жігіт күндіз өздерінің тұрақты жұмысын атқарады да, кешкілік біздің орталыққа келіп те қосымша нәпақа табады. Солай тірнектеп жинап, үйлі болуға, көлік сатып алып мінуге әрекеттеніп жүр. Сіз сауалыңызда жалқаулық, масылдық ұғымына көзқарас туралы сұрадыңыз ғой. Мен еңбекқорлық туралы айту қажет болса, осы жігіттерді мысал етер едім. Күндіз тұрақты жұмысын атқарады, кешкілік біздің орталықта да ақша табады. Адал жолмен, табан ақы маңдай термен тапқан ақшаңның ғана берекесі болады.
Jas qazaq: Білуімізше, сіз пойыздың астынан өтемін деп сол қолыңыздан айрылдыңыз. Жалпы автокөлік жөндеу оның ішінде жылдамдықты қосып, азайтушы құрылғы (коробканы) жасауды қалай меңгердіңіз?

Нұрлыбек Байменов: Он екі мүшемнің бірі — сол қолымнан айрылған күн ешқашан ұмытылмайды. 25 жасқа толуыма тура бір ай уақыт қалғанда пойыздың астынан өтемін деп арандадым. Қайта көрер жарығым бар екен, сол қолымды шынтақ тұсынан жаншып қиып түсті. Өзім аман қалдым. Күзетші болып жұмыс істейтінмін. Пойыз жолының астынан үйге қатынап күнде өтіп жүргенбіз. Білетін бағытым, дәл сол қолымды қиып түсетін күні де үйден бір зат алуға бардым. Түн мезгілі еді, үйден жұмысқа қайтарда тоқтап тұрған пойыздың астынан өтіп бара жатқанда жүріп кетпесі бар ма?! Бір қолым шойын жолдың астында жаншылып қалды. Ауруханадан шыққан соң ата-анамыздың қолына қарадым. Отбасында бес баламыз, үш ер бала тете болдық. Бір-біріміздің киімімізді кезектесіп киіп есейдік. Әке-шешеміздің бізді асырау үшін қалай аянбай еңбектенгенін көріп өстік. Адал жолмен мал табудың қаншалықты қиын екенін білеміз.
Ауруханадан шыққан соң құжаттарымды тиісті мекемге өткіздім, сонда маған ІІІ топ мүгедегі деген анықтамасын берді. Бір қолы жоқ адамға үшінші топ мүгедегі болғаным үшін 7 мың теңге зейнетақы түседі. Ол қай жыртығыма жамау болады? Кейін отбасын құрып, үйлі болған соң жеке бөлініп шықтым. Қандай жұмысқа барсам да, бір қолымның кемдігін желеу етіп қабылдамай қойды.
Jas qazaq: Автокөлік жөндеу саласын таңдауыңызға тұрақты жұмысқа қабылдамау себеп болды ғой сонда?
Нұрлыбек Байменов: Солай десе де болады, хабарландыру бойынша да, таныстардан естіп те жұмыс сұрап барамын. Барған мекеме басшысы қолымның кемдігін көреді де қайтарып жібереді. Жалданып әртүрлі жұмыстарды істедім. Ең бастысы, біреуге масыл болғам жоқ. Көлік жөндейтін орталықта шеберге көмекші болып жүріп біраз жайтқа қанықтым, білмегенімді білдім. Алғашында өзім үйрену үшін бұзылған автокөліктерді ашып, кінәратын тауып жасадым. Біртіндеп қолым да үйрене бастады. Тағы бір көзім жеткені — қандай шаруаны бастау үшін де тәуекелге бару керек екен. Өзім мүлде білмейтін, бейтаныс саланы үлкен тәуекелмен таңдадым, тынбай еңбектендім. Ақыры дегеніме жеттім деп ойлаймын. Шүкіршілік, отбасымызды асырап, өзгелерге де жұмыс көзін тауып беріп отырмыз. Шымкент қаласында он жыл, Қызылорда қаласында бес жыл көлік жөндеу орталығын жалға алып, жұмыс істедік. Кейін аукцион арқылы жер сатып алып, жеке орталығымыздың құрылысын бастадық. Төлейтін несиеміз бар, қаражаттың жұмсалатын өзге де шығындары көп. Өзіміздің табан ақы маңдай терімізбен тапқан қаражатымызды қосып, туыстарым несие алып көмектесіп, көлік жөндеу орталығының құрылысын жүргізіп жатырмыз. Әлі де толыққанды біткен жоқ. Сол орталығымызда көпшілікке қызмет істеп, бұзылған көлікті жөндеп, нәпақамызды тауып жүрміз.
Jas qazaq: Қоғамдағы патерналистік көзқарасты әлсірету әлі де әл бермей тұрғаны белгілі. Жалпы тағы да айналып соғып отырмыз, масылдықты малдануды құп көретіндерді кезіктіргенде не айтар едіңіз?
Нұрлыбек Байменов: Көріп жүрміз ондай азаматтарды. Базарда қайыр тілеп тұрады. Қол-аяғы балғадай зіңгіттей жігіттер. Тағдырдың сынағына төзбей, басына түскен ауыртпалыққа шыдамай ашы суға үйір болатындары қаншама. Сондай жігіттерді жұмысқа да шақырамын. Көбі еріншек. «Ауырдың үсті, жеңілдің астымен» жүргісі келеді. «Біздің көлік жөндейтін орталыққа кел, үйретеміз, күнделікті еңбекақыңды аласың» деп шақырамыз. Көпшілігі уәде беріп, сөзінде тұрмайды, бірен-сараны ғана келеді. Оның өзінде ары кеткенде бір апта ғана істейді. Сосын «бұл жұмыс маған ауыр екен» деп кетіп қалады. Олар үшін мұндай жұмыс істегеннен гөрі көшеде, көпшілік жүретін орындарда қайыр тілегені артық. Өйткені ұғым-түсінігі солай қалыптасқан. Бұл тақырыпқа қатысты айтарым, үйде өзгеге масыл болып жатқаннан гөрі шын ниетімен жұмыс істеймін деп талпынған жанға «екі қолға бір күрек» табылады. Ең әуелі ойды, ниетті түзеген ләзім. Алла да әрекет еткен пендесін, еңбектенген құлына несібе бермеуші ме еді.
Jas qazaq: Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбатты жазып алған Қуаныш Рахмет