Нұрғали Нүсіпжанов: Біздің заманымызда жастарымыздың патриоттығы ерекше еді

21 қантар 2022, 11:11

Күні кеше қазақ ән өнерінің корифейі, дарынды әнші Нұрғали аға Нүсіпжанов 85 жасқа толды. Дәулескер күйші, ділмар дирижер Нұрғиса Тілендиев «Нұрашым» деп атын атамай еркелеткен, Әсет Бейсеуов болмысымен құрметтеген, Мұқағали, Қадыр, Тұманбай бастаған қазақ ақындарының алқалауымен әнін қалықтатқан Нұрғали Нүсіпжановтан бір топ журналистер жуырда сұхбат алдық. Белгілі продюсер, журналист Серік Аббас-Шах бастап, «Мәлім кз» порталының редакторы Руслан Ербота, «Айқын» газетінен Нұрболат Адырбек, «Абай кз» порталынан Нұргелді Әбдіғаниұлы, Жадыра Сейдеш қостап, сексен бес жастың сеңгіріне шыққан әншіні тоқтаусыз үш сағат сөйлеттік.

Нұрғисаның жалғызы

– Аға, Нұрғиса Тілендиевтің қасында көп жүрдіңіз. Екеуіңіздің мінезіңіз, болмыс-бітім, тіпті темпераментіңіз де екі бөлек. Бірақ сіздерді шығармашылық байланыстың шырмап алғаны сонша, Тілендиев тудырған тамаша әндерінің көпшілігін алдымен өзіңіз орындап, тыңдаушысына жеткізіп, жүрегінен өткізе білдіңіз. Сіздерді табыстырған, қыздың қос бұрымын қосқандай қабыстырған не дүние? Қалай таныстыңыздар, қалай аға-бауыр болдыңыз?
– Менің ұғымымда тепе-теңдік қана әлемді теңселтпей ұстап тұр. Электр қуатында да бір-біріне қарсы заряд бар. Сол секілді Нұрағам, Нұрғиса Тілендиевпен екеуміздің мінезімізде ұқсастық болмаса да, болмысымыз екі басқа болғанымен, біз аға-іні болып, тонның ішкі бауындай жақын араластық. Танысқан шағымнан бастап ол кісі менің атымды атаған емес, тек «Нұрғаш» деп еркелетіп, «сен» деп те айтпайтын. Жақындардың ішінде «жалғызым» деп, көпшіліктің ортасында «бауырым» деп айтушы еді. Екеуміз бір-бірімізді көп уақыт көрмей қалсақ, жылап көрісетінбіз. Бір жолы бір сапарда болып Нұрағаммен біраз уақыт кездесе алмай қалдым. Ол да, мен де қатты сағынысып, көрген жерде шұрқыраса амандасып жүретін едік. Бір жолы сондай сапардан оралсам, Нұрағам 400 кісілік оркестрді орнынан тұрғызып, маған бас игізіп, «адалым-ау, жалғызым-ау, қайда жүрсің» деп құшақтай алғанда көзімнің алмасынан аққан жасым омырауын жуып кетіп еді. Осындай қамқорлығымен, ықыласының ерекшелігіне қарап ол кісінің мені жанындай жақсы көргенін ұқтым. «Жалғызым» дейтіні екеуміз де атадан жалғыз тұяқ ұлмыз. Нұрағаң да Атабай ақсақалдың ұрпағын жалғастырар жалғыз ұлы, мен де Нүсіпжанның кіндігінен тараған жалғыз ұлмын.

Қоғалы мен Алтынемелдің ортасында созылып жатқан, еккен егіні еміне жайқалып өсетін Күреңбел тауы бар. Түрлі концерт, гастрольдік сапардан босап, қолымыз қалт еткен уақытта осы Күреңбелдің қойнауындағы ауылыма, қартайған әке-шешеме Нұрағамды ертіп баратын едім.
Нұрағам өмірден өткенге дейін 51 жыл аға, бауыр болып жақын араластық.

Ол кісі майдалануды, салақтықты, олақтықты, өз ісіңе бей-жай қарап, берекесіз болуды қаламайтын, жекіп ұрсып тастайтын. Кәсіби біліктілігің пәс болып, мамандығыңа қатысты кілтипаныңды байқап қалса, құй сен атағы шыққан артист бол, еңбек сіңірген қайраткер атан, ештеңеге қарамайтын, ұрсып сілкілеп алатын. Кемшілікті кешірмейтін еді. Біз ол кісінің осындай талапшыл екенін жете түсініп, сондай сөгіс естіп қалмау үшін барынша тырысып, мұқият болуға дағдыландық. Содан шығар, мені «адалым» деп жақын тартып, құшағына қысатыны. Онысы алдаусырату емес, керісінше, алғаусыз пейілін аңғартқаны еді.

Енді Нұрағаммен қалай танысқанымызды айтайын. 1960 жылдардың бас кезінде, Құрманғазы атындағы оркестрдің ғимараты қазіргі Бөгенбай батыр мен Сейфуллин көшелерінің қиылысында болды. Консерваторияның студентімін, оркестрдің хор капелласындағы таныс жігіт жаңа әннің нотасын алып кетуге шақырды. Оркестр орналасқан ғимараттың әр класында күйсандық тұрады. Жаңа әннің нотасын алып бос күйсандыққа отырып, үйреніп отырғам. Жаңа әннің әлеміне елтіп байқамаған екем, ту сыртымнан бір кісі бақылап тұрыпты. «Әй, жарайсың, сен қай әншісің?» деді жып-жылы үнімен. Жалт қарасам, Нұрғиса Тілендиев тұр. Бұл кісіні сырттай танимыз, композиторлардың съезінде сөйлеген сөздерін естігеміз, тамаша туындылардың авторы екенін білеміз. Ол кезде біз секілді студенттер үшін талантты композиторлармен тізе қосып жұмыс істеу арман іспетті еді. Менің жаңа ән деп тыңқылдатып күйсандықта шерткенім Нұрағаңның әні екен. Дәлізден өтіп бара жатып өзінің туындысын құлағы шалып бұрылған ғой. «Қай туғансың, қайда оқисың, мұнда не істеп жүрсің?» деп «тергеуге алсын». Мен өзімнің жөнімді айтып, жайымды жеткіздім. Бізді осылай Нұрағаңның әні таныстырып, табыстырды.

Осы таныстықтан кейін Нұрағамен араластығымыз тонның ішкі бауындай бекем болды. Менің бағымды ашқан Нұрағам, Нұрағамның тамаша туындылары еді. Көліктің жолы, пойыздың темір рельсі болатыны секілді, әр әншінің дауыс деңгейі, үнінің әуезділігі болады. Нұрғиса Тілендиев менің даусыма арнап бірнеше ән жазды. «Менің жекеменшік әншім» деп еркелетіп, қамқорлығын аяған жоқ. Нұрағамнан бөлек, Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов, Әбілахат Есбаев сынды талантты композиторлармен деп біте қайнасып, қолтықтаса, шығармашылық байланыста болдық. Кейін көңіл көкжиегінен зер салып қарасам, сол кезең қазақ ән өнерінің ренессанстық дәуірі болған екен ғой. Өйткені күн сайын ғажап әндер, көркем туындылар туып жататын және халықтың жүрегіне жылылық ұялатып, көңілінде сақталып қалатын.

Тәубе деймін, мен осындай марғасқа, қасқа маңдай абадан азаматтармен үзеңгі қағыстырып қатар жүріп жолдас болдым, шығармашылық байланысымыз тұтасып, қабысып жатты. Шәмшінің отыздан астам әнінің тұсауын мен кестім, Әсет Бейсеуовтің 70-ке жуық әнін алғаш орындап, тыңдаушысымен табыстырдым. Кейін 500 әнін кітап етіп бастырып, оқырманымен де қауыштырдық. Нұрағам тек менің дауыс ырғағыма, орындау мәнеріме сай етіп қаншама ән жазды.

– Шәмші Қалдаяқов та сізбен тізе қосып шығармашылық байланысты нығайтты дейді.

– Нұрғиса ағам менің атымды атамай, «жарығым, алтыным, жалғызым» деп еркелетсе, Шәмші мені Нұрғаш дейтін. Болмыс-бітімі қарапайым, жібектей мінезді, тектілігі, бекзадалығы байқалып тұрушы еді. Жас па, кәрі ме, қарсы келіп шаужайынан алса да қасарысып, шаптықпайтын, сабырлы еді. Омыраулап кеуделемейтін.

– Нұрғиса Тілендиев мезгіл-мезеттің қай кезеңіне де қарамай, тіпті жарым түн болсын, жаңа ән туса сізді үйіне шақыртып, тыңдатып, орындатады екен.

– Ол рас, көп әндердің тарихында мұндай жәйттер орын алған. Бір жолы түнгі үштің кезінде үйге телефон соқты. «Біздікіне тез жет, Қадыр ақын екеуміз (Мырза Әлі) екеуміз бір ән жаздық, пікіріңді айт» деді.

Такси шақыртып бардым. Екі нұсқасын жазыпты. Алдыма мәтінді берді. Шалымды, шымыр ұйқас, ойы жұп-жұмыр өлең «Өз елім» деп аталады екен. Нұрағам өзінің әуенін тыңдатты. Мен де пікірімді айтып, иірімдеріне өзгеріс енгіздік. Мен келгенге дейін әннің сазы мен сөзін әбден илеп, өзгертіп шаршап-шалдыққандары байқалып тұр. «Қадыр-ау, біз сені әбден қажыттық, сусын ішіп тынығып аларсың» деп жатыр Нұрағам жаны ашып. «Нұраға, осы әнім халықтың жүрегіне жетсе, рухын жани алса, сөзін түзетіп қайта жазуға жүз рет тапсырма берсеңіз де жалықпаймын» деді Қадағаң. Әннің келешегі кемел болатынына сеніп тұрғандығы шығар, расында да «Өз елім» қаншама концерттердің, мерекелік іс-шаралардың ашылуында шырқалды, әлі де тыңдарманның жүрегінде.

– Қазіргінің әншісі мен композиторы сіздер секілді түнгі сағат үште қоңырау соғып, жаңа туынды туралы ақылдасуды емес, әндерін қаншаға сатуды ойлайды. Сіздердің ортада сазгердің әншіге ән сатқаны, ақынның жазған өлеңіне пұл төлеуі болды ма?

– Айтып отырмын ғой, біздің кезеңде композитор мен әнші, ақын үштігінің арасында сауда емес, әннің мәтініне қатысты, сазының иірімі турасында талқылау жүретін, ақылдасу болатын. Мен бүгінгі әнді сату, өнерді саудалау дегенді онша қабылдай алмаймын.

Ол заманда көркемдік кеңес деген ұжым болды. Мен 20 жылға жуық теле-радионың музыкалық редакторы болдым. Көркемдік кеңестің талқылауынан өтпей, солардың мақұлдауын алмай ән де, басқа да сазды шығарма көрерменге таратылмайтын. Тек есті әнді сүзгіден өткізіп, есер дүниені сүзіп іркіп қалатын.

– Бір естелігіңізде консерваторияда жеті жыл оқып алған біліміңізден сырт, ошақтың үш тіреуіндей болған Ермек Серкебаев, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова сынды ән өнерінің корифейлерімен қатар жүріп, гастрольдік сапарда бірге болып, өнегесін алып, көп нәрсе үйрендім деп едіңіз.

– Рас, олардың шапағатын көріп, біліктілігімді шыңдадым. Осы тұлғалардың сахнада шырқаған әр әні арнайы қойылған спектакль іспетті еді. Бибігүл Төлегенованың дауысының тазалығы, сыңғырлап, тұма бұлақтай тұнықтығы ғажап қой. Ермек ағаның патриоттық сарындағы әндерді шырқағандағы бойыңды шымырлатып жіберетін жігерлі даусы қандай еді шіркін.

– Әнші атануға бала күніңізден ынтық болдыңыз ба?

– Менің ауылым Доланалы деп аталады. Долана деген жеміс ағашы қалың өседі. Осы ауылдағы орта мектептің 2-3-сыныбында оқып жүргенде ән айтуға әуестігім артып, өнерге ерекше құмарттым.

Әкем мен шешем мал бақты, менің бала күнім қойлы ауылда өтті. Екі-үш жасымнан бастап үйде жалғыз қалып үйрендім. Ойнайтын серігің жоқ, ермегің шыбын-шіркей, құрт-құмырсқа, тіпті жыланнан да қорықпай ұстап алып ойнайды екем. Өте тынымсыз, мазасыз бола болып өстім. Кейін малды өткізіп, Доланалы ауылына көшіп келгенде үйдің қабырғасына сурет салып, анамнан ұрыс естіп, тіпті таяқтап та алатын. Соның бәрі балалық шақтың қызықты сәттері екен. Табиғаттың тылсымына бала күнімнен қызықтым. Ұшқан құстың соңынан қалмай қайда ұя салды, жұмыртқасы қандай, кейін жарып шыққан балапаны неше күнде қарақанаттанып ұшуды үйренді бәрін-бәрін ерінбей зерттеп, қадағалаймын. Күндіз дамылдап тынығып, түнде ғана ұшып-қонуға құмар үкінің де ұясынан балапанын алып үйге әкеліп асырадым. Жабайы бал арасының да «жауы» болдым. Ұшып жүрген аралардың қай-қайсы ұясына бал жинап әкеле жатыр, қай ара еріншек, бәрін білуші едім. Ұясын тауып алып ашқанда таңғалғаным, олар ұясының бал сақтайтын омартасының сыртын көзге көрінер-көрінбес өте жұқа жамылғымен орап қаптап қояды. Жел, бораннан шаң тиіп, су өтіп бүлінбес үшін. Сосын ұясының айналасында өлген ара көп. Кейін бағамдасам, арамтамақ, бал жинамайтын жалқауларын өздері талап өлтіреді екен. Жабайы ара балының дәмі өте ерекше болады.

Суретші бала

– Балалық шағыңызда жаратылыстану ғылымына, зоология, биология бағытына ерекше қызыққан адам ақырында әнді іздеп тапқаны қызық.

– Тіршіліктің тылсымына қызыққаным өз алдына, бала күнімнен әнге де әуес болдым, өнерге ынтызарлығым артты. Мектепте оқып жүргенде түрлі мерекелерде концерттік шараларда ән айтуды көбіне маған жүктейтін. Өз арамызда домбыраға икемі бар, шерте алатын балалармен бірігіп ансамбль құрып халық әндерін де орындап, көпшілікке өнерімізді көрсетеміз.

– Көптің ықыласына сол кезден-ақ бөленген екенсіз де?

–Мақтанып қояйын, «суретші бала» деген де тәп-тәуір атағым болды ауылда. Мектептегі қыздардың альбомдарын безендіру, ауылдың мәдениет үйінде, мектепте шаралар болса, соны безендіруді маған жүктейді. Суретшілікке, сәулет өнеріне де ерекше қызықтым. Ауылдағы мектеп жеті жылдық еді, соны бітірген соң аудан орталығы Қоғалыда он жылдықты тәмамдадым. Бірден оқуға түскем жоқ. Біздің заманның жастарының патриоттық сезімі ерекше еді. «Тыңның екінші белесін игеруге қазақ жастары жаппай жұмылсын» деген бағыттағы ұран ерекше естілетін уақыт. Мектепті бітірген соң екі жыл қой бақтым. Баққанда да қатардағы көп шопанның бірі емес, озат қойшы атандым, ауданда партия ұйымына қабылдады. Содан кейін ғана қалаға жолым түсті. Алматыға консерваторияға оқуға түскенде қаланың ғажайып архитектурасына ерекше қызықтым. Ауылдағы әкемнің жатаған қарашаңырағын қала типтес үйлердің дизайнымен салып, шатырын да солай жауып жасаттым. Есігімнің алдындағы бақтағы ағаштарым әлі де жайқалып өсіп тұр. Тіпті әкем мен шешем еккен тамыры тым тереңге бойлаған ағаштар да бар. Бір алма ағашын мен он жасымда әкем екеуміз еккенбіз, жетпіс бес жыл болды әлі жеміс береді. «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген қазақ. Долана ағаштарын ектім. Жемісі піскенде жинап алып кептіріп, қыста жесең, қайнатып сөлін ішсең, мың да бір шипа.

Қонаевтың «сөгісі»

– Дінмұхамед Қонаев ақсақал Нұрғиса Тілендиев пен сізді ерекше құрметтеп, қамқорлығын көрсетіпті.

– Ол кісінің, әсіресе, Нұрағаңа деген ілтипаты, құрметі ерекше болды. Екеуімізді бауырына басып құрметтеді. Димекең зейнетке шығып, қызметтен қол үзген соң да шетелде тұратын қандастарымыз амандаса келіп, дидарласып қайтатын.

Кеңес одағы кезінде Мәскеудің пәрменімен гастрольдік сапарларға шығып, бірнеше шет елдерде болдым. Сырттағы қандас қазақтардың қауымдастығымен байланысымыз бар, сондай делегация елге келсе, міндетті түрде маған хабарласады. Бір жолы Димекеңнен бір «сөгіс» алған едім.

– Қандай сөгіс алып жүрсіз?

– Жаңа шетелде тұратын қандастарымыз елге келсе, Димекеңді іздеп барып амандасуға жолбастаушы ретінде мені шақырады. Сондай бір кездесуден соң, жаңылмасам, Еуропадан келген қазақтарды үйіне ертіп бардым. Қонақтарды шығарып салған соң маған қал деді. Екеуміз тағы да әңгімелестік. «Нұрғали-ау, мен саған сөгіс берейін деп отырмын» деді. Түсінбей қалдым, қай жерде ағат сөйлеп, оғаш қылық көрсеттім? Ағалап жүремін, алдынан қия өткен емеспін.
«Менің қолымда билік, қызмет бар кезде сен менің қабылдауымда бірнеше рет болдың. Сонда бірде-бір рет үй сұрап, тұрмыстық қиындығыңа көмек айтқан жоқсың. Шиеттей бала-шағаң барын, қарт әке-шешең де саған қарап отырғанын көмекшім Дүйсенбектен естіп-біліп жүрмін. Қолымда барда көмектесер едім» деп ренжіді. Расында да мен Димекеңде билік тізгіні болғанда қабылдауында болдым, дәмдес атандым, бірақ ешуақытта отбасымның шаруасын айтқан емеспін. Сондай кеңпейіл адам еді Димекең.

– Өнер адамдарының арасында бақталастық дерті күшті. Аяғыңыздан шалған, алдыңызды орап кеткендер болған шығар?

– Жолым ашық болды деп айтпаймын, бақталастық, күншілдікті де көрдім. Марқұм анам бала күнімнен «біреудің ала жібін аттама, әділ бол, шындықты айтудан жасқанба, кек тұтпа» деп баулып өсірді. Мен осы ұстаныммен өмір сүріп келемін. Кейде жора-жолдастарымызбен отырғанда, қызмет істегендерге қарата тиісіп, «сендер қанша білімді болсаңдар да, мен секілді дала академиктерінен тәлім алған жоқсыңдар» деп қалжыңдаймын. Расында да көненің көзі, қариялар дала академиктері еді.

Алатаудың қос шыңы

– Ақын Айтақын Әбдіқалдың естелігінде Нұрғиса Тілендиев Мұқағали Мақатаевты бір ай бойы өзінің үйіне қондырып, отыздан астам туынды жазғанын айтады. Осы тамаша шығармалардың денін сіз орындап кіндігін кесіп, тыңдаушысына жеткіздіңіз.

– Нұраға мен Мұқағалиды таныстырған менмін. 1964 жылы комсомол комитетінің конференциясы опера театрында өтті. Конференциядан шығып келе жатсам, қарсы алдымнан Мұқағали аға ұшырасты. Сырттай атына қанықпыз, өлеңдерімен таныспыз, бірақ өзімен араласудың қисыны келмей жүрген. Өзім де қашан оң жамбасыма келер екен деп күткен едім. Өйткені Мұқаң маған нағашы жұрт болады. Амандасып таныстым, жайымды айттым. Екеуміз «Алматы» қонақ үйінің кафесінде сусын ішіп, шай сораптап шүйіркелестік. Нұрағамның Мұқағали өлеңдеріне ән жазсам деген жоспары барын, өзімен бір әңгімелескісі келетінін айтып, телефонын жазып бердім. Сол күні кеште Мұқаң телефон шалып, ертеңіне Нұрағаңдікіне барыпты. Мәскеуге концерттік сапарға кетіп, бірнеше күннен кейін оралсам, екеуінің тандемінен тамаша әндер өмірге келіпті, орындаушысын күтіп отыр екен. Осы таныстықтан кейін араластығы тұтасып, ғажайып шығармалар жазылды. Екеуі маған Алатаудың екі шыңы секілді. Мен екі шыңның арасындағы дәнекер асу болғанымды мақтаныш етемін.

– Гастрольдік сапармен жүріп концерт өткізгенде сахнада үзіліссіз неше ән шырқаушы едіңіз?

– Құрманғазы атындағы оркестр сүйемелдейтін концерте 7-8 ән айтамын. Ары қарай да жалғауға шамам жетеді, бірақ оркестрдегілер шыдамайтын. Аспапта ойнаушыларға обал, шаршайды, қажиды. Есіме түсіп отыр, осы оркестрдің партия ұйымының хатшысы болдым. Қаршыға Ахмедияров бастаған бір топ талантты жастарды партия ұйымына қабылдадым.

– Қазақ ақын-жазушыларының арасында Қадыр Мырза Әлінің жеке кітапхана қоры жайлы көп жазылды. Тым сирек кітаптар, тіпті көп жерден көріне бермейтін құнды қазына Қадағаңның қолында болғаны айтылатын. Өнер адамдарының ішінде сіздің де кітапханаңыздың байлығына тамсанатындар көп.

– Менің жеке кітапханамда жеті мыңнан астам кітап бар. Шетелге алғаш шыққан жас кезімнен қалыптасқан дағдым – қай елге барсам да, алдымен кітап дүкеніне, сосын моншасына барып көруге тырысамын. Тәнімді тазартып қана қоймай, рухани тазалыққа да ықтиятты болу – ғадетім. Еуропа әдебиетінің, орыс классиктерінің, қазақ тарихы мен мәдениетінің, әдебиетінің небір жауһарлары менің де рухани қазынам есебінде үйімде тұр.

– Мерейлі жасыңыз құтты болсын, аға! Әлі де талай сұхбат алып дидарласуды жазсын.

Қуаныш Нұрданбекұлы

26 сәуiр, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
26 сәуiр, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады