Мұрат ақын және Ноғайлы жырлары

19 қазан 2018, 11:35

Тәуелсіздіктің арқасында қайта оралған асыл мұраттарымыздың бірі – қазақтың өткен тарихы мен рухани мәдениеті. Өкінішке қарай, кеңес заманында ХХ ғасырдың 30 жылдарына дейін көшпелі өмір салтын сақтап, тарихы мен тұрмысын, түсінігі мен танымын батырлық жырлар, тарихи әңгімелер, шежіре, ауыз әдебиеті мұралары арқылы жеткізген қазақ халқының тарихи жады мойындалмады.

Қазіргі қазақстандық тарихнамада ауызша тарихқа ұлттық рух пен мәдениетті өркендетудің жолы, халқымыздың өткенінің тарихнамалық дерегі ретінде қарауға, ғылыми негіздеуге бетбұрыс жасалуда. Бұл ретте Атырау өлкесінің тарихы мен мәдениетін, қазба байлығы мен жетістіктерін, әсіресе, басты байлық – халық тарихын, өлкенің ел қорғаған бабалар мен батыр-билерінің өнегесін, ақын-жырауларының рухани мұрасын насихаттауға маңыз берілуде.
Осы тұрғыдан елдік пен ерлікті жырлаған Мұрат Мөңкеұлы шығармашылығын қарастыру қажеттігі даусыз. Кіші Жүз қазақтары кең- байтақ қазақ елінің батыс межесін бекітіп, тарихта «жауынгер» ел атанған. Тағдырдың жазуымен, тарихтың көшімен, Ресей бодандығын қапияда қабылдаған бұл өлке талай тарихи құпияны бүгіп жатыр. Мұрат ақын айтқандай, «жеті жұрт көшіп-қонған» өңір әлемдік тарихи оқиғалардың куәсі болды. Куәсі болып қана қойған жоқ, сол тарихи оқиғалармен біте-қайнасты. Түрлі дүрбелеңдер өлке тұрғындарының менталитеті мен дүниетанымына, мінез-құлық, дәстүрлеріне ықпал етті.
Мұрат Мөңкеұлының шығармашылығы туралы айтқанда ең алдымен Халел Досмұхамедов еске оралады. Ғалым қазақтың ақын-жырауларының еуропалық түсінікке сай келмейтін ерекшеліктерін көрсетіп, оларды сол заманның идеологтары, ел тарихын, өткеннің өнегесін, арғы ұрпақтың жүріп өткен жолын кейінгі ұрпаққа таныстырушы, тарихи білімдерді жалғастырушы қоғамдық тұлға деңгейінде бағалайды. Ол фольклорлық мұраның тарихилығы туралы Шоқан Уәлиханов айтқан пікірлерді жалғастырып, қазақ халқының тарихи санасы мен тарихи білімінің рөлін атқарған батырлық жырлар мен фольклордың ел тарихымен байланыстылығын ақын-жыраулар шығармашылығы арқылы көрсетті.
Халел құрастырған «Мұрат ақынның сөздері» атты кітаптың алғы сөзінде қазақтың бес ғасыр бұрынғы тарихи оқиғалары тарихи жырларда көрініс тауып, оларды кейінгі ұрпаққа жеткізуші ақын-жыраулардың көші Қазтуған мен Шалгезден басталып, Мұрат Мөңкеұлы шығармашылығымен аяқталғанына назар аударады. Бұл жинақта қазақтың ноғайлы дәуіріндегі оқиғалары қазақ тарихымен байланыстырыла баяндалған.
Доспамбет пен Қазтуған, Шалгез сияқты ақын-жыраулар шығармашылығындағы елдік идеялар мен ұлттық дәстүр-сарындар Мұрат ақын мен Махамбеттің өлеңдерінде жалғасын тапқан. Бұл жалғастықта ортақ елдік сабақтастық бар. Қазақ әдебиетінде Ноғайлы дәуірі деп аталатын уақытты тарихи тұрғыдан Алтын Орданың ыдырау кезеңі деп түсінген жөн (пікір біздікі, Ж.Ж). Өйткені, Алтын Орда термині – қазаққа жат ұғым. Ордаға салық жеткізуші Москва княздерінің ханның алтын зермен қапталған киіз үйін атауына сәйкес, тарихи әдебиетте осы термин орныққан. Ал Алтын Орданың халқы өздерін ноғайлы деп атап, Өзбек пен Жәнібек хандар кезіндегі бақуатты заманды аңсаған. Осы өткен заманды армандау, аңсау сарыны Қазтуған мен Доспамбет, Шалгез жырлары арқылы халыққа тарап, Мұрат ақын жырларымен сабақтасқан. Өйткені, Доспамбет те, Қазтуған да Ноғайлы, яғни Алтын Орда заманының басынан дәурені өткенін, халықтың кезіндегі тарихи тағдырын жырласа, бодандыққа түсіп, берекесі қашқан жұртының тағдыры Мұрат өлеңдеріне арқау болады.
Мұрат ақын – Ноғайлы-қазақ бірлестігі жырауларының соңғы көшінің өкілі. Қазақ зиялылары – билер, ақындар өздеріне берілген қабілетті жеке бастың қаракеті үшін емес, елге, халқына қызмет ету деп түсінген. Солай істегендері халық жадында қалып, ұрпақтан ұрпаққа танылып, мәңгі өмір сүрген. Жырау – көшпелі қазақ өмірінде саяси идеолог рөлін атқаратын тарихшы, тарихнамашы іспетті. Еуропалық тарихнамадағы анналдар (тарихи әңгімелер) сияқты көшпелі қазақ қоғамында тарихи сана мен танымның ерекше формасы ретінде тарихи жырлар қалыптасқан.
Доспамбет, Шалгез (Шалкиіз), Мұрат өлеңдеріне халықтың өткен өмірі, ерлік пен елдік дәстүрлері арқау болып, көркем сөзбен көмкерілген жырлар ел тарихынан көп мәлімет береді. Ел тарихының басты кейіпкері – халық, оның елдік белгілері болып саналатын батырдың, ердің басты қасиеті – жұртын жаудан қорғау, болашағына қызмет ету. Қазақтың көшпелі өркениетінің айрықша белгілерінің бірі ретінде танылған осы салт-саналық идеяны Х.Досмұхамедов те өзінің өмірлік позициясына арқау еткен.
Халел Досмұхамедұлы Мұрат жырларындағы немесе Мұрат арқылы бізге жеткен ертедегі тарихи жырлардағы топонимдерге назар аударып, «Бұл жерлерде, мысалы, Құбанда (Кубань) қазақ қашан жүрген? Асан Қайғы, Қазтуған, Айсаұлы Әнет, Қараұлы Сидақ, Жаңбыршыұлы Телағыс, басқа батырлар кім? Бұлар қай уақытта болған? Ноғайлы деген кім? Қазақтың Ноғайлыға қандай жақындығы бар?» деген сұрақтар қойып, ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарында-ақ қазақ тарихының зерттеу проблематикасының басты бағыттары ретінде этногенез бен мемлекеттіктің қайнарларын анықтау екендігін көрсеткен. Сталиндік кеңестік идеологияның «қазақ ұлты әлі қалыптасуы аяқталмаған, мемлекеттік дәстүрлері жоқ халық» деген насихатына іштей қарсылығын осыдан байқауға болады.
Алаш қайраткері «Қазақтың тарихын жазған адам Мұрат секілді ақындардың сөзін елеусіз тастай алмайды… Мұрат, бір жағынан, өткенді білген шежіре болса, екінші жағынан, халықтың мұңын, елдің зарын айтатын әлеуметшіл ақын болғандығы оның өлеңінде (Үш қиян) көрінеді», – дейді

Бұл қоныс жеті жұрттан
қалған қоныс,
Ноғайдың көшіп, талақ салған қоныс.
Қазтуған, Асан қайғы, Орақ, Мамай,
Біз түгіл осыларды алған қоныс….

Ноғайлы дәуірінің ақын-жыраулық дәстүрі Мұрат шығармасында, Мұрат арқылы бізге жеткен Махамбет өлеңдерінде де қайталанады.
Белгілі қазақстандық тарихшы В.Юдин енгізген ауызша тарихнама түсінігіне салсақ, Мұрат өлеңдерін және ол арқылы бізге жеткен «Қырымның қырық батыры» топтамасындағы батырлық эпос үлгілерін, Асан Қайғы, Доспамбет, Шалгез, Қазтуған, т.б. жырларын өлеңмен жазылған ауызша тарих десе де болады. Мұрат өлеңдерін, ол туралы халық арасындағы мәліметтерді жинастырған Х.Досмұхамедов Махамбет, Шернияз, Ығылман, Мұрын Сеңгірбайұлы сияқты ақын-жыраулардың Мұрат мектебінен өткенін жазады. Мұны Мұрат ақынның әдеби мұрасын зерттеген әдебиеттанушы-ғалым Б.Омаров та атап көрсетеді.
1942 жылы, Ұлы Отан соғысы жылдарында, Алматыға шақырылып, қазақтың батырлар жырының антологиясын қалыптастыруға атсалысқан белгілі маңғыстаулық жырау Мұрын Сеңгірбайұлының осы жырларды өзінің Мұрат Мөңкеұлынан үйренгені «Батырлар жыры» жинағының Ә.Қоңыратбаев жазған кіріспесінде айтылады. Мұрын жырау ұстазының осы жырларды өзіне жазғы шөп шабу кезінде үйреткенін айтып, оның шежіре жыршы, ақын ғана емес, ел тарихын ұрпақтан ұрпаққа жеткізуді абзал мұрат санаған, елдік дәстүрлерді жоғары қойған азамат ретіндегі болмысына таң қалады.
Мұрат ақынның елдің тарихи жады мен тарихи санасын қалыптастыруды өзінің ақындық, азаматтық борышы санап, шәкірт тәрбиелеуге ден қойғанына бас имеске болмайды. Ғалым Б.Омаров «Мұратты эпикалық жырларды шаршамай-талмай ұзақ уақыт бойы айтатын майталман жыршы ретінде де тануымыз керек. Ол Ноғайлы дәуірінің алтын қазынасы – «Қырымның қырық батыры» жыр циклін кейінгі ұрпаққа жеткізгендердің бірі. Мұраттың өзіндік орындаушылық тәсілі, жыр үйрету әдісі болған», – дейді.
«Қырымның қырық батыры» жырларындағы оқиғалар қазіргі Қазақстанның батысындағы төрт облыс аумағын қамтиды. Оны жырлағандар қатарында Ақтөбенің тумасы Нұрпейіс Байғанин де бар. Мұрат ақынның шәкірттерінің бірі – Ығылман Шөрековтің «Исатай – Махамбет» дастанындағы ноғайлы дәуірінің мотивтері мен елдің өткені туралы тарихи мәліметтердің көптігі де осыны дәлелдейді. Олай болса, «Қырымның қырық батыры» қазақ және ноғай халықтарына ортақ туынды. Оларды бізге жеткізген ақын-жыршы, жыраулардың алдыңғы легінде Мұраттың болғаны хақ деген тұжырым жасауға болады.
Әдебиеттанушы Қ.Мұқатаева «Мұратты қаншама халыққа танылды дегенмен, Абай мен Махамбеттей, Ақтамберді мен Бұқардай мол орнығып, санаға сіңе қойған жоқ. Махамбет жырлары халыққа Мұрат арқылы мәңгілік ғұмырға ие болды. «Қырымның қырық батырын», Ноғайлы жырауларының толғауларын, көптеген батырлар жырларын Мұрын жыраудың Мұрат ақыннан үйренгендігі шындық», – дейді.
Алайда Мұрат Мөңкеұлының қазақ тарихы мен әдебиетіндегі орны әлі де тасада қалып келеді. Ол арқылы қазақтың бес ғасырлық тарихи дастандарын үйреніп, біздің заманымызға жеткізген жырау Мұрын Сеңгірбайұлының шығармашылығын маңғыстаулық тарихшылар, зерттеушілер ұлықтап, оған арнайы зерттеулер, ғылыми-тәжірибелік конференциялар арнады.
Батырлық, каһармандық жырлардың көптігі тек қазақ халқына ғана тән сипат, сонысымен біз мақтанамыз және өзге халықтардан ерекшеленеміз. Алайда осыншама мол мәдени мұраны көздің қарашығындай сақтап, жазусыз – сызусыз заманда кейінгі ұрпаққа жеткізуді мансұқ етіп, шәкірттер тәрбиелеп, солар арқылы ел жадында берік орын алған Мұрат Мөңкеұлы сияқты ақын-жырауларға тарихымыз қарыздар. Республиканы айтпағанның өзінде, тіпті Атырау топырағында да Мұрат Мөңкеұлының атын ұлықтайтын шаралар жаппай қолға алынып жатқан жоқ. Кеңес өкіметін орнықтырған аталарымыздың атына көше, мекеме, ғимараттар беріліп жатқанда, қазақтың қазақтығын өзіне танытқан сұңғыла, шежіре ақын, азамат аты неге шеттеу қалуға тиіс?
Ноғайлы жырларының елге кең таралуына зор үлес қосқан Мұрат ақын ұлт руханиятының басты тұлғаларының бірі санала бермек.

Жұмазия ЖҰМАБАЕВА,

Х.Досмұхамедов атындағы
Атырау университетінің доценті,
тарих ғылымдарының кандидаты,
қауымдастырылған профессор

18 мамыр, 22:58
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілді
17 мамыр, 15:54
Түркістан: «Жасөспірім және жауапкершілік» профилактикалық шарасы өтуде
17 мамыр, 15:41
Түркістан: «Құқықтық тәртіп» және алаяқтардан сақтандыру
17 мамыр, 12:04
Түркістан: Учаскелік полицейдің қоғамдағы жауапкершілігі жоғары
16 мамыр, 15:19
Түркістан: Полиция мектеп оқушыларына қауіпсіздік шараларын түсіндірді
15 мамыр, 16:48
Түркістан: Алимент, авторлық құқық және сот сараптамасы
15 мамыр, 15:56
Түркістан: Өткен жылы 7 184 адамға тегін заң көмегі көрсетілген
15 мамыр, 15:36
Түркістан: Сарыағаш полициясы профилактикалық жұмысты күшейтті
15 мамыр, 14:16
Түркістан: Полиция жастарды қауіп-қатерден сақтандырады