«Медеу» кешенінің даңқын қалай қайтарамыз?

09 қыркүйек 2022, 12:20

Дүниежүзіне танымал биік таудағы «Медеу» спорт кешенінің құрылысы салынып, пайдалануға берілгеніне биыл, 28 желтоқсанда жарты ғасыр уақыт толады екен. Дулат Жәрдемұлы Кейкин –
«Медеу» спорт кешенінде 1981 жылдың қазан айынан тоңазыту қызметінің бастығы, кейінгі 18 жыл кешеннің бас инженері болып қызмет істеген кәсіби маман. Ол – еліміздің туризм және спорт министрлігінің тапсыруымен 2007-2009 жылдары Алматы аумағында шаңғы трамплині мен олимпиадалық базаның құрылысын салуға да атсалысқан тұлғалы азамат. «Медеу: взгляд изнутри» кітабының авторы. Зейнет демалысына шығар алдында «Медеу» спорт кешенінің халықаралық Қысқы универсиадалық ойындарға (2017 ж.) байланысты бас менеджері қызметін атқарды. Мұз айдынының елу жылдық мерейтойы қарсаңында атақты спорт кешенінің байырғы бас инженерін әңгімеге тарттық.

– Дулат Жәрдемұлы, кешегі «Медеу» биік таудағы атағы дүрілдеген бірегей спорт кешені ғана емес, конькишілер ортасында нағыз әлемдік рекорд жасаушылар ұстаханасы еді. Қазақстанның бренді саналды. Соның бәрінің бір мезетте ұмытылуына не себеп? Әлемдік спорт додасында ойып тұрып алған өз орны бар Тәуелсіз Қазақстанға сондай даңқты спорттық мұз алаңы неге керексіз болып қалды?

– Керексіз болып қалған жоқ, әрине… Аты мен заты әлемдік мәнге ие мұндай спорт кешенінің «көзден кеткенімен, көңілден кетуі» екіталай. Әлемнің кез келген конькиші-спортшысы «Медеудің» атын ұмытпақ емес. Мәселе қоғамдық ортада, яғни Қазақстанның өз ішінде бұл кешенге көңіл аудару мәселесі белгілі бір уақыт аралығында тежелді, белгілі бір мерзімде назардан тыс қалды. Оның үлкен спорттық арена, «рекордшылар ұстаханасы» екені ұмытылды…

– «Медеу» спорт кешенінің басына қонған бақытынан айырылып, мұндай күйге түсуіне басты себеп не, соны айтыңызшы?

– Басты себеп дейсіз бе?!. Осы арада, ең алдымен, мына бір жайтты еске сала кеткеннің де айыбы жоқ деп ойлаймын. Мәселен, өткен ғасырдың 70-80-ші жылдары біздің биік таудағы «Медеу» спорттық мұз айдыны дәрежесі жағынан әлемдегі Лейк-Плейсид (АҚШ), Калгари (Канада) спорт алаңдарымен бір қатарда тұрып, таңдаулы үштікке кірді. Кейін алдыңғы екі мұз айдынының да төбе-шатыры жабылып, қызмет көрсету аясын құбылтқанда, ашық аспан астында қалған «Медеу» кешені даңқты тұғырынан түсті. Жай саябақтық демалатын мұз айдынына айнала бастады. Енді аумақты кешеннің болашақ күнкөрісі үшін нарық талабына сай бірегей мұз айдынын жалға беруге тура келді: спортшылардың орнына айдынға артистер шықты. Бірнеше жыл қатарынан өткен «Азия дауысы» «Медеудің» минерал қоспасы жоқ, тау суынан қатырылған шыныдай таза мөлдір мұзын мылжалап, тоң қатыратын мұздатқыш бетон қабаттарын «тоздырып» жіберді. Сол кездегі кешеннің бас инженері ретінде бұл әрекетке бірінші күннен бастап қарсы шықтым. Өйткені алаңдағы мұз қатыратын бетонның астындағы ұзындығы 170 шақырымға созылып жатқан мұздатқыш сұйық ағатын қан тамырларындай нәзік құбырлар желісі өте ауыр жүк көліктерінің салмағын көтере алмай, менің көз алдымда бырт-бырт үзіліп жатты. Ұзындығы Алматыдан Қордайға жететіндей қашықтықтағы ондай ерекше құбырды ол кезде қайта қалпына келтіру де бір-екі күндік іс емес, әрине. Сол тұста «фреон-18», кейін «фреон-22» сұйықтарын тапсақ қана пайдаланатынбыз! Қазір олардың екеуі де халықаралық стандарттарға сәйкес, озон ойықтарына тікелей себепші болатындықтан пайдаланудан аластатылған. Содан не керек… кешен басшылығының дәлелді уәждеріне құлақ қоймаған қала әкімшілігі бірегей кешенді спорттық емес, мәдени шаралар үшін пайдалануын жалғастыра берді. Қысқасы, артистер шаршап, әкімдер ауысып «Медеудің» басынан «қиқу» кеткенде барып, мұз айдынындағы тоңазыту жүйесін қайта жаңғыртуға болар-болмас талпыныстар жасалды. Айтпақшы, «Азия дауысының» кешен үшін жасаған бір «жақсылығын» айтуды ұмытып бара жатыр екенмін.

– Әрине, әрине… айтқаныңыз жөн болады!?

– Кеңес Одағының ыдырар-ыдырамасын білмей солқылдап тұрған кезі еді. Бізге қала басшылығынан «Азия дауысы» (алдында «Алтын алма» деген атаумен шықты) биік таудағы мұз айдынында қалайда өтуі тиіс» деген нұсқау түсті. Іле-шала біздің келісімімізді күтпестен, сахнаның керек-жарақтарын тиеген «КамАЗ»-дар мұз қатыратын бетон үстіне ауыр жүктерін аударып тастап жатты… Тастап жатқаны өз алдына, еркінсінген әкімдік қарауындағы мекемелер желтоқсанның қалың түскен қарына дейін ол керек-жарақтарын келіп алып кетуге асықпаған кездерін қалай ұмытайық?! Амал нешік. Менің жүрегімді ауыртқан бір жайт, ертең ән фестиваліне алыс-жақын шетелден келген қонақтардың «Қазақтардың «Медеосы» несі?» дейтіні анық қой? Олардың қайсыбіріне бұл шатқалға кезінде қазақтың ауқатты азаматы-меценат Медеу Пұсырманов иелік еткен, қазіргі спорт кешені сол кісінің атымен аталады деп түсіндірмекпіз. Оның үстіне Алматыдағы барлық негізгі БАҚ орыс тілінде, он жерден (талпынып та көргем!) ойыңды айтқанмен, «Медео» деп өз тіліне қаратып бұрып ала қояды. Кешеннің техникалық том-том құжаттарын асықпай аударыстырып отырсам, бір-екі жерде кешенге қатысты «Медеу» деген жазу шықты. Ендеше, тарихи шындықты қалай бұрмалаймыз?! Таң атар-атпастан Клименко есімді сөзімді екі етпейтін монтажшы маманды бригадасымен іске жектім. Сатымен фасадқа шығарттым да кісі бойындай «о» әрпін электрпісіргіш аппаратпен қидырып алып тастадым. Тез арада оның орнына сондай көлемдегі дайын болған «у» әрпін, жуан болтпен бұрап жапсырттым. Кешеннің атшаптырым жерден көзге түсетін мұнарасында «Медеу» деген жазу осылайша пайда болды. Сол күні тыныш ұйықтадым…

– Өте қызық дерек айттыңыз, бұл да бір тарихи оқиға екен, Дәке, «өзіңіз отын жағып, күлін шығарған» бірегей кешенге жолыңыз соңғы рет қашан түсті? Нендей өзгерістер байқадыңыз, қандай әсер алдыңыз? Сол «у» әрпі кейін мұнарадан түсіп қалмапты ма?!.

– Жо-жоқ, ол әріпті биік тұғырға мәңгі-бақи түсіп қалмайтындай етіп бұрап тастағанбыз (күлді). Жаныма жақын мұз айдынына араға уақыт салып, барып тұрамын. Таныстардан, қызметтестерден ешкім жоқ… Соңғы рет барғанымда көзіме түскені – айдынның бір бұрышына 10х20 метрлік шағын мұз айдынын орнатып қойыпты. «Үлкен үйдің ішінде – кішкене би» деген секілді! Әлемдік жаңа технология жетістігі – баяғыдай темір құбырмен су қуалап, оны неше сатыдан өткізіп мұз қатырудың азабын көрген өз басым, мына тамашаға таң қалып, қатты сүйсіндім. Естеріңізде шығар, құрылыс ғимараттарында бұрын «жылы еден» деген болып па еді, әрине, болған жоқ, ол – кейінгі заманның жетістігі! «Жылы еденнің баламасы» – «суық еден» дегеніңіз, сол мұз айдыны! Осындай шағын ғана тоңазытқыш машиналармен қазіргі таңда қаланың кез келген бұрышында мұз айдынын жасауға мүмкіндік бар. Қандай керемет! Міне, сол уақытта, менің санамда «Шіркін, «Медеудің» басына байырғы спорттық, тек қана конькишілерге арналып айдын жасалатын жұлдызды сәт туып тұр ғой» деген ой жылт етті! Мынадай технологиялық тәсілмен кез келген жерде алаңды тегістеп, мұзды қатырып жіберіп, күллі қаланың халқын жиып, масайратуға болады. Ал, «ойын-сауықтан» еншісін алған «Медеу» өзінің байырғы рекордтар жасайтын ісімен айналыссын!

– Сіздің биік таудағы әйгілі «Медеу» спорт кешенінің «ішінен» қарағандағы көзқарасыңыз туралы («Медеу: взгляд изнутри», 2011 ж. Алматы) тарихи жылнамалық-танымдық кітабыңызды қызыға оқып шықтым. Маған салсаңыз, сыртынан қарасақ та, бүгінгі «Медеуіміз» сол байырғы қалпынан аумаған, сән-салтанатымен көркейіп, жайнап-жасап жатқандай көрінеді…

– Ішінен де, сыртынан да емес, бір қарағанда ғана «Медеудің» болмысы солай көрінеді… Әйтпесе, 120-ден аса әлемдік рекордтар жасалған биік таудағы атақты мұз айдыны жоғарыда айтып өттім ғой, байырғы беделі мен маңызын жоғалтқалы қашан?!

– Дейтұрғанмен, біздің конькишілеріміз, яғни қазақстандық спортшылар қыстық Олимпиада секілді дүбірлі жарыстарға әдеттегідей осы «Медеудің» атақты мұз айдынында дайындалып, жаттығып, додаға түсіп жүр емес пе?

– Жоқ!.. Жаным кешенге жақын болғандықтан, бұл мәселеге қатысты оқиғаларға қашанда құлағым түрік жүретін бар-ды. Білгіңіз келсе, айтайын: олар жердің түбіндегі Солт-Лейк-Сити мен Калгаридегі мұз айдынына барып жаттығу өткізеді. Өздеріңізге мәлім, екеуі де Америка құрлығында. Енді мына қызыққа зер салыңыз, кешенді сәл жаңғыртып, әлемдік талаптарға сай жарақтандыруға қаражат жоқ та, «жердің түбіне» тайлы-таяғымыз қалмай топырлап барып жаттығуға ақша табамыз! Сондай жаттығу орталығын өзіміздің «Медеуде» жарақтауға бола ма, әлбетте, болады! Әрине, олай сын айтуға мен қақылы да емес шығармын. Мен бар болғаны ақпараттық оқиғалар тізбегінің бүгінгі куәгері ғанамын. Олай деуімнің тағы бір себебін айтайын. Кезінде… Тәуелсіздіктің елең-алаңында, иә, кезінде жапондар мен корейлер Құрама Штаттар мен Канададағы осынау мұз айдындарын алыссынып, білесіз бе, біздің «Медеуде» жаттығу өткізуге сондай құштарлық танытты. КСРО тұсында ГДР конькишілері «Медеуге» айрықша ықылас аударғанына өз басым куәмін. Қуана құптағандардың бірі мен едім. Корей, жапон, неміс… қомақты инвестиция тартылуға да шақ қалған. Бірақ та, ауыс-түйіс, алыс-беріс… (бәлкім, ұрыс-керіс те болған шығар?!) жиілеп, ақыры ол ұсыныс аяқсыз қалды. Өкінішті-ақ! Ұмытпасам, 2003 жылдың іші, корейлік жаттықтырушы мамандар тарапынан «Медеудегі» болашақ жаттығу орталығына деген миллион доллардың төбесі де жылт етіп көрінген…

– Биыл кешеннің «Медеу» шатқалында ресми атау алып ашылғанына 50 жыл толады. Биік таудағы айрықша спорт кешенінің дүниеге келуіне себепші адамдар туралы жоғарыдағы кітабыңызда жақсы айтыпсыз. Мұз айдынына қатысты тарихи деректермен газет оқырманын да құлағдар етіп қойсаңыз жақсы болар еді.

– Әлемге әйгілі сырғанақ алаңы орналасқан жерді, яғни «Медеуді» ең алғаш өткен ғасырдың 40-шы жылдары кеңестік атақты конькиші Константин Кудрявцев деген кісі тапты. Бұған дейін ол Кеңес Одағының түкпір-түкпірін аралап, Кавказ, Алтай, Орал, Саян тауларынан лайықты жер таппаған оның көңілі осы біздің Алатаудағы Медеу шатқалына түсіпті. Мұндағы климат, жұмсақ таза ауа, сырғанақ мұздың сапасы және де Швейцарияның әйгілі Давос таулы курортына ұқсастығы басшыларға да, мамандарға да қатты ұнаған. 1951 жылы 4-5 ақпанда табиғи мұздан жасалған айдында Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің сыйлығы үшін алғашқы чемпионат өткізілді. Ақпанның 5-і күні кеңестік конькимен жүгіруші Софья Кондакова екі бірдей әлемдік рекорд жасап, сол күн «кеңестік конькимен жүгірушілердің ұстаханасы» – «Медеу» мұз айдынының туған күні болып тарихта қалды. Содан бері осы жерде қаншама тарихи оқиғалар, әлемдік рекордтар жасалды. Жетпіс жылдан астам уақыттың ішінде «Медеу» мұз айдыны қанша рет жабылып, қайта жанданды. 1972 жылы желтоқсанда «Медеу» спорт кешені тұрғызылды. Құрылысқа қатысқан сәулетшілер А.Қайнарбаев пен В.Кацев сияқты он маман 1975 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болды.

– Дулат Жәрдемұлы, біз – «Медеуде» жасалған әлемдік рекордтарға бала кезден құлағымыз түрік болып өскен ұрпақпыз. Әрі оны мақтаныш тұттық, шын мәнінде ерекше кешен!..

– Оныңыз рас, конькимен тау басында жүгіру бір бөлек те, далалық жазықта жүгірген бір бөлек. Нағыз спортшыларды ақтық жарысқа дайындауда мұның да маңызы өте зор. Тауда ауа қысымы аз, қазақша айтқанда «су тез қайнайды, еттің пісуі ұзағырақ» дегендей… Спортшы осындай ауа қысымында жүрегі мен өкпесіне салмақ салады, ширайды. Минералы жоқ таудың мөлдір суына қатырылған мұз бетінде сырғанаудың да айрықшалығы бар. Үйкелісі аз мұзда конькиші де «жұлдыздай» ағады. Айтпақшы, конькишілерді былай қоя тұрайық, біздің боксшыларымыз бен футболшыларымыз да «Медеудің» ауасын жұтып, күн сәулесіне күйіп, тауда жаттыққанды жақсы көреді емес пе?! Өз басым, «Медеудің» дәуірлегенін де, құлдырағанын да ішінде, қасында жүріп көрдім.

– Маман ретіндегі сіздің бұл айтқандарыңызбен келісуге болатын шығар. Дегенмен де, бүгінгі күннің талабы тұрғысынан бірегей кешеннің болашағын қалай болжар едіңіз?

– Әлемде ең бірінші рет Нидерландтардың Хренвен қаласында «Тиальф» атты жабық мұз айдыны салынды. Ал Ресейде, Мәскеудің Крылатск және Челябідегі алғашқы жабық мұз айдындары 2004 жылы пайда болды. Қазақстанда төбесі жабық, жасанды мұз стадионы VІІ қысқы Азия ойындары қарсаңында, 2011 жылы дүниеге келді. «Қазір «Медеу» мұз айдыны бұрынғы даңқынан айырылды. Оны тек жаппай сырғанақ тебетін алаңға айналдыру керек» деген сыңаржақ пікірлермен келіспеймін. Өйткені «Медеу» спорт кешеніне ғана тән бірегейлікті бүгінде бүкіл ТМД, одан тыс елдерден де таба алмайсың. Сондықтан қолда бар «алтынның» қадірін бағалап, бәрін де өз орнымен пайдаланғанымыз дұрыс. Ал демалушы тұрғындар мен қонақтардың жаппай сырғанағы үшін қазіргі «Медеу» мұз айдынынан сәл жоғары, тағы да қайталап айтайын, бөгет жақтағы алаңқай сұранып-ақ тұр. Осы бос жатқан жерден қоңыр күзден көктемдегі күн жылынғанға дейінгі уақытта конькимен сырғанақ тебетін спорт алаңын жасауға әбден болады. Ал «Медеу» айдынының төбесін жаңа технологиялық талаптарға сай қымтап жауып, халықаралық деңгейдегі спорт кешені деңгейіне көтерсек, жаттығу орталығын құрсақ, оған жаңаша көрік беріп, тынысын ашар еді. Сонда біздің спортшыларымыз аса жауапты жарыстар алдында мұхит асып, сонау Америкаға сабылмайды.

– Бір жылдары ұлы дүрмекке қосылған Қазақстанның Олимпиада комитеті, тіпті Дүниежүзілік қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге де ниеттенді. Ондай әлемдік додалы жарыстардың Алматыда өтуіне сіз қалай қарайсыз? Мәселен, биік таудағы «Медеу» спорт кешені ондай жарыстың бір уығын көтеріп тұруға лайық та шығар, бірақ қаншалықты дайын?

– Айтпаңыз… ол менің 80-жылдардан бергі арманым! «Медеу» спорт кешенінде ондай халықаралық бірнеше жарыс – 1974-1984 жылы конькимен жүгіруден әйелдер арасында Еуропа чемпионаты, 1988 конькимен жүгіруден ерлер арасында әлем чемпионаты, 1989 және 1990 жылдардағы спидвейден (мұздағы мотожарыс) өтті. Өзім куәмін, барлық жарыс өз дәрежесінде мәресіне жетті. Қандай да бір мәртебелі және құ-зырлы халықаралық шаралармен салыстырғанда қысқы Олимпиаданың жөні де сипаты да бөлек. Ол – Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасқан әрі өзгелермен терезесі тең мемлекет екенін бүкіл әлемнің алдында дәлелдеу үшін де қажет деп ойлаймын!.. Азиада мен Универсиаданы өткізіп те көрдік емес пе? Неден жасқанамыз? Өткізейік! Тек ол үшін алдымен, «Медеу» кешенін қайта жаңғыртуға күш салайық. «Медеудің» бұрынғы даңқын қайтаруымыз керек!

– «Медеу» «Медеу» болғалы, қазақстандық спортшылар Алматыда өткен әлемдік қысқы Универсиада (2017 ж.) кезінде алғаш рет рекорд жаңғырта алмады. Конькимен жүгіруші «жұлдызымыз» Екатерина Айдованың 2 мәрте алған қола медаліне малдандық. Барлығы 23 елден келген 170 конькишінің арасында, тіпті біздің спортшыларымыз қою шаңның арасынан көрінбей қалды. Қалай ойлайсыз, қазақ жерінде алғаш рет өткізіліп тұрған халықаралық қысқы спорт түрлерінен өткен сол жарыста «Медеу» спорт кешенінің жолы болмады ма, әлде спортшылардың асығы алшысынан түспей қойды ма?

–Биік таудағы «Медеу» спорт кешенінің «рекордтар ұстаханасы» деген аты бар, жоғарыда айттық. 1951 жылдан бері осы мұз айдынында 120 рет әлемдік рекорд жаңартылды. Оны жер шары мойындаған, ендеше бұл «жеңіліске» «Медеу» мұз айдынының еш қатысы жоқ. Рекордты спортшы жасайды, кешен тіркейді. Жеңіс спортшының қандай дайындықпен келгеніне байланысты. Менің мұздату технологиясының маманы ретіндегі жеке пікірім осы. Ширек ғасырға жуық уақыт осында жаттығатын спортшылармен «Медеу» спорт кешенінде қызмет атқардым. Менің білетінім, керісінше, туған жердің киесі спортшыларды қолдайды деп жатады. Спорттың қуанышы мен өкініші қатар жүреді. Ең бастысы – сол жолы да әлемдік Универсиада спортшыларына «Медеу» әдеттегідей жылы қабақ танытты. Давиде Джотто (Италия) мен Александра Качуркина (Ресей) алтын, Сейтаро Ичинохе мен Нана Такахаши күміс, Линус Хайтдеггер (Австрия) қола медальді еліне осы жерден алып кетті ғой. Олардың жүрегінде хал-қадерінше «көмектескен» Қазақстандағы биік таудағы «Медеу» спорт кешенінің мұз айдыны әрқашан сақталады деп ойлаймын.

– Бүгінгі әңгімемізді қорытындылар кез келді. Дулат Жәрдемұлы, сонымен уақыт безбеніне салсақ, жоғалтқанымызды қайдан табамыз, «Медеудің» бұрынғы спорт әлеміндегі даңқын қалай қайтарамыз?

– Оның еш қиындығы жоқ, көкірегімде сайрап тұрған кәнігі маманның пікірін – жеке ойымды санамалап айтып көрейін: 1. Ол үшін биік таудағы бірегей бұл спорт кешені өзі тектес әлемдік дәрежедегі спорт ғимараттары секілді төбе-шатыры жабылған мұз айдынына айналуы керек. Мемлекет қаржы бөлсін, жоқ десе, ұлттық брендіміз үшін инвестор тапсын. 2. Бұрынғы жылыту қазандығы мен тоңазыту бекеті аралығындағы желі қайта қалпына келтірілсін. Өрт сөндірушілер «құрғатып» жіберіп, орнына гараж салып алған бассейн қайтадан салынсын. 3. Осы нысандарды оқу-жаттығу орталығына айналдыру керек. Екі араға жүргізілген темір құбыр желісін алып тастап абаттандырса, спортшылар жаттығу орны мен стадион арасында жаттығу киімдерін ауыстырмастан, осы жер астындағы тоннельмен-ақ екі араға қатынап тұрады. Баршаға тиімді. 4. Медеу шатқалына қазір табиғи газ құбыры тартылды. Кешен ғимараттарын осындағы қазандыққа газ қосып жылытуға, ыстық суды керегінше тұтынуға болады. 5. Қазіргі стадионның оңтүстік аумағындағы бос жатқан аумақ жаздық спорт айлағына айналса, «нұр үстіне нұр». Дәл осы алаңда қазір жаңа технологияның жемісі – шағын жылжымалы тоңазытқыш стансаларды қосып, пластикалық мұздатқыш төсенішті жайып жіберіп, жаңа заманғы сырғанақ алаңын жасауға мүмкіндік мол. 6. Қала әкімшілігі мен қаланың спорт сүйер қауымына айтарым, қазір жиналмалы пластикалық тоңазытқыш құбырлар арқылы қаламыздың ішінде, мейлі сыртында, тіпті тау қойнауында дейікші, оп-оңай мұз айдынын қатыруға болады.

Қорыта айтарым, спортшыларға арнап қазіргі заманға сай мұз айдыны бар арнайы спорт сарайын салу шарт емес. Сан жылдар атағы дүркіреген ауасы таза, суы тұнық «Медеуіміздің» еншісін берейік. Биік таудағы мұз айдының жоғалтқан даңқын сонда ғана қайтарамыз. Ал ендеше, іске сәт!

– Мазмұнды да қызықты әңгімеңіз үшін көп рахмет!

Әңгімелескен Талғат СҮЙІНБАЙ,
Алматы

26 сәуiр, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
26 сәуiр, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады