«Май шелпек» кімнің есебінен?

23 қыркүйек 2022, 11:09

Мәжілістің осы аптадағы отырысында депутат Аманжан Жамалов Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) тиімді инвестициялық стратегиясын әзірлеу туралы Президент тапсырмасын еске салды.

Зейнетақы қорындағы қаржы негізінен жалақының 10 пайыз төлемінен құралатыны белгілі. Келесі жылдан бастап оған жұмыс беруші аударатын 1,5 пайыз жарна және қосылады. Сондықтан, халық қалаулысы айтпақшы, зейнетақы – қайырымдылық емес, әр адамның бейнетінің зейнеті.

Қорға келіп түскен қаржы жыл өткен сайын еселеніп, табыс әкелуі тиіс. Бұл жағынан БЖЗҚ тарапына айтылатын сын көп. Өздері жариялаған есебіне көз жүгіртсек, биылғы 7 айдың ішінде БЖЗҚ активтерінің табысы 9,6 пайызды құраған. Ал осы уақыт ішіндегі инфляция 16,1 пайызға жетті, яғни зейнетақы жинағының нақты табысы ауыз толтырарлықтай емес. Аманжан Жамалов осы орайда БЖЗҚ-ның инвестициялық стратегиясын сынға алды. «БЖЗҚ активтерінің 44 пайызы қаржы министрлігінің облигацияларына салынған. Қор табысының басым бөлігі де бюджет есебінен. Сайып келгенде, қор бюджеттің мойнына екі аяғын салбыратып отырып алған. Өйткені басқа құралдар жағынан табыс жоқ», – дейді депутат.

Шынында да, қордың тамыз айының соңында жариялаған есебінде қаржы министрлігі облигацияларының үлесі – 43,94 %, квазимемлекеттік ұйымдардың облигациялары – 12,48%, екінші деңгейлі банктердің облигациялары – 6,85%, халықаралық қаржы ұйымдарының облигациялары – 2,90%, шетелдік банктердегі депозит үлесі – 4,24%, ұлттық банктегі депозит – 1,92%, шетелдердің мемлекеттік құнды қағаздарының үлесі – 1,89% деп көрсетілген. Қор өз есебінде 2022 жылдың басынан бері салымшылардың есебіне бөлінген қордағы зейнетақы активтерінің табысы небәрі 3,71 пайыз болғанын айта келе, мұны геосаяси жағдайдың ушығуы, инфляцияның шарықтауы және т.б. жағдайлардың себеп болуымен түсіндіреді.
Тағы да депутат Жамаловтың сөзіне құлақ түрейік.

Мемлекет басшысы өзінің халыққа Жолдауында базалық және жинақталған зейнетақыны көтеру туралы мәлімдеген болатын. Оған бюджеттен қосымша 421 млрд теңге бөлінбек. Бірақ БЖЗҚ-дан алынатын жинақтаушы зейнетақының мөлшері өзгерген жоқ. Ал 1 тамыздағы мәлімет бойынша БЖЗҚ-да 14 трлн теңге бар. Жамаловтың айтуынша, бұл еліміздің бір жылдық бюджетімен пара-пар. Мемлекеттік мекеме болса да, БЖЗҚ жабық, қызметі ашық емес құрылым күйінде қалып отыр. Оның миллиардаған кірісі мен шығысы Есеп комитетінің бақылауынан тыс қалған.
Депутат БЖЗҚ-ның әкімшілік шығыны 13 млрд теңгеге жеткенін айтады. Салыстыру үшін: еліміздегі бүкіл әлеуметтік саясатқа жауапты еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жылдық әкімшілік шығыны 10 млрд теңгеден аспайды.

Тек БЖЗҚ қызметкерлерінің жалақысына 7,9 млрд теңге жұмсалған. Ал қорда 1495 адам жұмыс істейді. «Мұндай май шелпек кімнің есебінен?» деген сауал тастайды депутат. Сондай-ақ қор әр салымшының инвестициялық табысы мен зейнетақы активінен комиссия алатын көрінеді. Мәселен, 2021 жылы БЖЗҚ комиссиясы 15 млрд теңгеден асыпты. Құнды қағаздармен операция жүргізуден де қосымша табыс табады. Өткен жылы қордың жалпы табысы 35 млрд теңге болса, таза пайдасы 23,4 млрд теңгені құраған. «Ат төбеліндей қаржыгерлер салымшылардың емес, өз ақшасын тиімді басқарады», – дейді А.Жамалов. Депутат келтірген мына мәлімет тіпті қызық: БЖЗҚ жұмыс істеп тұрғалы 211 млрд теңге бөлінбеген табыс жинақтаған. Әрі БЖЗҚ бұл пайданы өз бетінше басқарып, бөледі. «Қордың жалғыз акционері саналатын Үкімет осы 211 млрд теңге пайданы бюджетке дивиденд есебінде алып, ол қаржыны әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсауы қажет. БЖЗҚ-ны тікелей Үкіметке, бәлкім, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне өткізу жөніндегі мәселені қарауды ұсынамын», – деді Аманжан Жамалов.
Ал қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 2028 жылға дейін әйелдердің зейнетке шығу жасын көтермеу үшін мемлекет 800 млрд теңге жұмсайтынын жеткізді. Бәлкім, бұл соманы әлгі 211 млрд теңгеден кертіп алар?

Наргүл Мырзахмет

Бүгін, 11:30
Әлішер Сатыбалдиев: Индустриалды аймақ Алматы экономикасына серпін береді
27 наурыз, 16:38
Ұсақ-түйек емес: шұлық өндірісіне де қолдау қажет!
27 наурыз, 12:30
Берік Солтанбаев: Алматыда кәсіпкерлікті дамытуға жан-жақты қолдау жасалып отыр
26 ақпан, 15:10
Дархан Мыңбай: Кәсіпкерден дәметіп күнелтетін масылдар, әкімдік есігінен сығалауға машықтанған тоғышарлар бар
26 ақпан, 12:34
Қазақ баспасөзі: Сантараулы салалық журналистика
25 ақпан, 14:23
Фатима Жүнісова: Диванда жатып, «мемлекет асырасын» дейтіндер жетістікке жете алмайды
22 ақпан, 15:50
Кәдірбек Құныпияұлы: Газет санасы сарабдал, ойлы да сауатты оқырманмен бірге мәңгі жасай бермек!
21 ақпан, 16:51
Масылдық психологиядан қалай арыламыз?
21 ақпан, 14:48
Мақсұтбек Пірметов: Бізге артылған жауапкершіліктің жүгі ауыр