Киносыншы: Мемлекет оларға ақшаны фильмін сөреде сақтасын деп беріп жатқан жоқ

14 қантар, 14:26

Қазақ киносына қаратып айтылатын сын көп. Тарихи фильмдерді жұрт шынайы емес дейді. Киносүйер қауым арзан күлкііге толы комедия емес, салмақты дүние көргісі келеді. Осыған орай Jasqazaq.kz тілшісі кинотанушы, өнертану PhD докторы,«Тұран» университетінің профессоры Гүлзат Көбекпен арнайы сұхбаттасып, еліміздегі киноиндустрияның жай-күйі жайлы әңгіме өрбітті.

Jas Qazaq: Гүлзат Болатбекқызы, отандық тарихи фильмдердің көпшілігі «театрдағы қойылымдарға ұқсайды», «қазақтар ылғи жоңғарлар мен қалмақтармен соғысады да жүреді, басқа сюжет жоқ па?» деген пікірлерді жиі естіп жатамыз. Біздегі тарихи фильмдерді түсіру барысында сценаристер мен режиссерлер жіберетін басты қателіктер қандай? Сондай-ақ тарихи туындыларды түсірген кезде не нәрсеге айрықша мән берілуі керек? 

Гүлзат Көбек: Фильмнің табиғаты спектакльге ұқсаса, демек шынайы өмірдің атмосферасын кино тілінде сезіндіре алмады. Сол фильмнің авторы кәсіби шеберлігін шыңдауы керек. Бүгінгі қазақ киносының даму бағытына қатысты барлығы да әділ жауап естігі келеді. Дәл бүгінгі экранда не бар – сол біздің киногерлердің нақты нәтижесі, деңгейі, мәдени өресі. Біз күткен үміт ақталмай жатса, демек киногерлерде ізденіс аз, қызығушылық жоқ. Барды бар, жоқты жоқ деп айту керек.  Тарихи тақырыпқа еліміздегі тәжірибелі тарихшылар ықпалдаса отырып, киногерлермен ортақ диалог болса, бағыт берсе, жүйелі нәтижелерге жетуге болады. Әр елдің өз тарихының ақтаратын «сыр сандығы» мен «қара жәшігі» бар. Ізденемін деген маманға тарихи қор бізде өте көп. Тарихи тақырыптарды ашуда ескеретін ең басты құндылық – фактілерді тануға деген қызығушылық. Ақиқатқа жету. Сараптаудағы сауаттылық. Тарихты бұрмаламау. Шынайы жеткізудегі шеберлік керек. Шығармашылық тұлғаның патриоттық сезімі де артық етпейді. Себебі тарихи фильмдер – кез келген елдің мәдени мөрі.

Jas Qazaq: Соңғы кезде ырду-дырду күлкіге құрылған комедия қаптады. Әлі де той мен ауыл мәселесінен шыға алмайтындай көрінеміз. Бұл көрермен сұранысы ма, әлде біз бағытымыздан жаңылдық па?

Гүлзат Көбек: Той – қазақтың көңілді өмір сүруге деген құштарлығының көрінісі. Жұрттың көңілі үшін қарызданса да той жасайтындығы сондықтан. Қазақтың түпкі негізі ауылда қалыптасты. Ауыл  тұрмысы құлдырап, халықтың көпшілігі жұмыс үшін қалаға қоныстанғанымен, біз барлығымыз қаланы да үлкен ауылға айналдырып жібердік. Қазақ үшін ағайынсыз өмір сүру – азап. Бұл біздің ұлттық ерекшелігіміз.

Үлкен рухани трансформация жүріп жатыр. Халықта рухани шөл бар. Прокатта не бар, соны жұтып жатыр. Отандық коммерциялық фильмдерге сұраныс артты. Зал толы. Фильмдердің саны көбейді. Халық өз өмірінің оқиғаларын экраннан көргісі келеді. Бұл — нарықтағы сұраныстың диагнозы.

Кәсіби режиссерлер де прокатқа өнімін ұсынып, әділ бәсекеге қабілетті болуы керек. Олар мемлекеттік қазынаның қаржысын игеріп отыр. Мемлекет оларға фильмдерін сөреге сақтау үшін қаржы беріп отырған жоқ. Халықтың рухани сұранысын өтеуге қолдау беріп отыр. Коммерциялық бағыттағы фильм авторлары өз күштерімен инвестиция тартып, продюсерлердің батылдығының арқасында идеяларын жүзеге асырып жатыр. Нарықта еңбегімен табыс табу – қылмыс емес.

Jas Qazaq: Қазіргі киноның тіліне келсек, шынайы өмірді көрсетеміз деген желеумен қазақша-орысша аралас боғауыз сөздер көп қолданылады. Бәлкім, кино тіліне де «сүзгі» керек шығар?

Гүлзат Көбек: Иә, қазір боғауыз сөздердің «пропагандасы» жүріп жатқандай.  Экрандағы жағдай жыланның айыр тілінен төгілген у сияқты халықтың санасына өз ықпалын жүргізіп жатыр. Кино — өнер ғана емес, санаға ықпал жасаудың ең нәзік психологиялық тетігі.

Адам мен хайуанның арасы бір-ақ қадам. Адамшылдығымызды сақтап, ұрпағымыздың сапасына алаңдайтынымыз рас болса, әрине, қоғамда барлығымыздың тарапымыздан жауапкершілік керек. «Не істеп жүрміз?!» деген сұрақты әркім өзіне қойғаны дұрыс.

Фильм авторлары өз істеріне тікелей жауапты. Нарыққа өнім ұсынудағы басты қағида – ақша үшін білгеніңді істеу емес, халықтың тұтынуына пайдалы да сапалы дүние ұсыну. Өніміңнің ішкі мазмұнына жауапкершілік көтеру.

Jas Qazaq: Соңғы кезде ақшасы барлар кино түсіруге ден қойды. Бұл бизнес жасап, қалта қампайту емес пе?

Гүлзат Көбек: Бизнестің басты мақсаты – табыс табу. Сапалы өнім ұсыну. Кино саласындағы кәсіби режиссерлардың тарапынан прокатта белсенділік болмаған соң, нарыққа көптеген әуесқой мамандар кірді. Нарықты зерттеді. Әлеуметтің еңсесін басатын күрделі тақырыптар емес, әлбетте, көңілін сергітетін комедия жанрындағы фильмдер өтімді келеді.

Кәсіби мамандарды да түсінуге болады. Бірақ ақтауға болмайды. Даму, ізденіс болу керек. Олардың көпшілігі кеңес дәуірінің жүйесіне бейімделгендер. Мемлекеттік қазынаның қаржысына өзіне ғана қызықты идеяны түсіреді. Студияға есеп беріп, фильмді өткізеді, бітті.  Осы уақытқа дейін солай дағдыланды.

Ал нарыққа өнім ұсыну, прокатта аудиторияның сұранысын зерттеу, продюсердің қызметіне жүгіну, идеяға инвестор тарту, фильмді жарналамауға күш салу, менеджерлік іскерлік эффектілерін меңгерген жоқ.

Jas Qazaq: Қазіргі қазақ киносына қандай баға берер едіңіз? Соңғы рет көрген фильміңіз қандай? Біздің кинода не артық, не кемшін?

Гүлзат Көбек: Прокатта коммерциялық отандық фильмдер кинотеатр кестесін жаулап алды. Бұл — жақсы процесс. Отандық фильмдеріміз көбейді. Көрермендер де өте белсенді. Әр жаңа фильмде — аншлаг.

Көркемдік сапасы жақсы, сондай-ақ арзан да дүниелер бар. Оның бәрі фильм авторларының деңгейі, өресі, дүниетанымына байланысты. Әр режиссер өзінің идеясы арқылы өзінен хабар береді.

Соңғы көрген фильмім — «Дәстүр». Әйел құқын таптау, отбасыдағы тәрбие мәселесі, мектеп жасындағы жасөспірімдерге жасалатын психикалық қиянат, ер-азаматтардың ішкі комплексі,  қалың мал арқылы қызын саудаға салу,  бала кезден бастырылып қалған эмоциялардың құбыжық кейіпте бой көтеруінің нәтижесінде жеке өмірінің трагедиясына айналуы – бұл психологиялық сауатсыз әрі рухани дертті қоғамның бейнесі.

Тақырыптарымыздың деңгейіне қарай дамудың қай аялдамасында тұрғанымыз да түсінікті ғой. Кино өнері бейнебір ішкі қысымды шығарудың ашық алаңына айналғандай. Бұл тақырыптарды ашық талқылау арқылы – қоғамдық сана жаңғыру сатысына өтеді. Адамдар ойланады. Өйткені шындыққа тура қарау да – ерлік!

Jas Qazaq: Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Мақпал Ноғайбаева

30 сәуiр, 13:48
Нұрбақыт Теңізбаев: Халықтың үні қашанда маңызды
29 сәуiр, 15:09
«Ұлттық қор – балаларға»: Алматы облысы алдыңғы лекте
29 сәуiр, 11:52
Нұрлан Дәулетбаев: Алматыдағы тұтынушылар құқығын қорғауға үлес қосамыз
26 сәуiр, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
26 сәуiр, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды