Полиция алаяқтық жасап, бөтен мүлікті ұрлады деген күдікке ілінген Екібастұз ауданы Қоянды ауылының тумасы 1993 жылы туған Салық Қағбатолла Қабдоллаұлына (Каба) іздеу жариялады, деп хабарлайды Today.kz Павлодар облысы ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Екібастұз қаласы ІІБ-ге бір бойжеткен сеніміне кіріп несие рәсімдеткен және мүлкін (қаражат, ұялы телефон) ұрлаған жігіттің үстінен арыз жазды.
Күдікті алдап соққан қыздардың бірі 2017 жылғы желтоқсанның соңында бұл жігітпен әлеуметтік желіде танысып, хат алмасқан. Құрбанының мекенжайын біліп алған қаскөй қыздың үйіне келіп, шай үстінде анасы туралы қайғылы оқиғаны айтып берген. Қолайлы сәтті пайдаланып, ақшасы мен құнды заттарын ұрлап, қашып кеткен.
Кезекті құрбанымен алаяқ дәл солай әлеуметтік желі арқылы танысқан. Біраз уақыт өткен соң күдікті қызға «маған тұрмысқа шық» деп өтініш білдірген, сөйтіп алдап-сулап несие рәсімдеткен. Ақшаны алған қаскөй сол күйі қайтып оралмаған.
Егер сізге күдіктінің тұрғылықты жері белгілі болса немесе оның іс-әрекетінен біреу жапа шексе, Екібастұз қаласы ІІБ кезекші бөлімінің 102, 8 (7187) 75-06-06 телефондарына қоңырау шалыңыз немесе whatsapp-қа +77077004056 хабарлама жазыңыз.