Cайтымыз біраз уақыттан бері психологиялық тақырыпта түрлі материалдар жариялап келеді. Оның көпшілігі сіздерге пайдалы болып жатқандығын бізге келген хаттар дәлелдеп жатыр. Психология, яғни, жан туралы ғылымның айтары олармен ғана шектелмейді. Әрбір адамға өз психологының болуы өте маңызды. Осы орайда біз көп жылдық тәжірибесі бар білікті психолог Шынар Бұрханқызы ханыммен әңгімелескен едік.

Негізінен сізге келетін адамдарды көп жағдайда қандай мәселе мазалайды?
Шынар Бұрханқызы: Көпшілігі ажырасу мәселесімен келеді. Әдетте әйел адамдар көбірек кеңес сұрайды. Әрине келушілердің арасында ер адамдар да бар. Қарап отырсаңыз, тенденция қызық, көбінде ер адамдар: «Мен ешкімге керек емеспін; Мен өзіме жақсы қыз таба алмай жатырмын» дейді. Неге десем: «Жақсы қыз жоқ!» дейді. Олай ойлауға қазіргі таңдағы қыздардың мансап қуып, ақша қуып кеткендігі себеп болып отыр. Ал ол жігіттер иманды, тәрбиелі үйде отыратын қыз іздейміз деп айтады. Мен оларға ондай қыздарды өздерің жасап аласыңдар деп кеңес айтамын.
Сізге келушілердің басым бөлігі қай ұлттар, көбінде біздің қандастарымыз психологтан қашқақтайтын сияқты. Өзге ұлт өкілдері келе ме?
Шынар Бұрханқызы: Өзге ұлт өкілдерінен келетіндер өте аз. Көбінде орыстар келеді, қазақтар да бар. Психологтардың керек екенін қазір түсіне бастады. Сондықтан бұрынғы түсінік аздап болсын өзгерді. Психологиялық орталықтар ашылып жатыр. Олардың келуге қорқуы, бірінші кезекте, өз-өздерінен қорыққандықтан! Құрбыңа, анаңа, достарыңа сырыңды айтасың ғой, неге психологқа айтпасқа?! Психологқа келуге қорқатын себебі – олар барлық кінә өзінен екенін іштей біліп тұрады. Барлық қиындықты тудыратын – өзіміз! Адамдарға бірінші келген кезде өте жеңіл диогностикалық тест беремін. Соның өзін «істегім келмейді, неге істеуім керек?» — деп шағымданады. Ал өзіне сенімді адам қуана-қуана өзі туралы білгісі келеді. Менің ойымша, осы себептен қорқып келмейтін сияқты. Бірақ әңгімеміздің соңында көбі риза болып кетіп жатады. Келушілерге бірден айтамын мен сіздің әңгімеңізді біреуге барып айтпаймын, ол менің жұмысым, міндетім. Оларға арналған папкамды сеанс біткен кезде көздерінше жыртып тастаймын.
Сіздің алдыңызға көмек сұрап келген адам психологиялық дұрыс қалыпқа түсу үшін қанша уақыт керек?
Шынар Бұрханқызы: Ол әр адамда әр түрлі. Кейбір адамдарды біліп отырамын, сол бір сеанстан кейін келмейді. Себебі ол адамдармен бір сағатқа келіскеніммен, әңгімеміз 3-4 сағатқа жалғасып кетеді. Сосын әрі қарай хабарласып тұратындары бар. Сосын сағаты ақша болғандықтан да қиналатындары бар, бірақ оларды да түсінемін.
Жаңа бір сөзіңізде айтып қалдыңыз ғой, қазіргі жігіттер үйде отыратын, нәзік жандыларды қалайды деп. Бірақ нарықтың замананында ол мүмкін емес сияқты. Дегенмен қазіргі қыздар өздерін қалай ұстауы керек?
Шынар Бұрханқызы: Қыздарға алдымен базалық тәрбие беру керек. Оларға мектептің 5-6 сыныбына келген кезде ыдыс жууды, шаң сүртуді үйрете беру керек. Оны ойын түрінде де істетуге болады. Яғни, кішкентай кезінен бастап еңбекке баулыған дұрыс. Себебі өскен кезде үйдің жұмысы оларға проблема болмауы керек. Қызды әдемілікке үйреткен жақсы, бірақ қазір қыздар қара басын көбірек ойлайды. Олардың қалай тұратынын білмейсің, көшеде боянып әп-әдемі болып жүреді. Ал ер адам жарының үйінде де, көше де жарқырап жүргенін қалайды. Оған жұмыстан келгенде тамақтың исі шығып тұрған ұнайды.
Демек оны үйрету үшін қыз бен ананың байланысы жақсы болуы керек. Ал осы қиын жас деп айтып жатамыз ғой, жасөспірім шағында анасы мен қызының қатынасы қандай болғаны жөн? Көпшілік қыздар өздерінің сырларын анасына аша алмайды ғой.
Шынар Бұрханқызы: Бұл жерде анасына да психологиялық көмек керек. Мен осы мәселе бойынша біршама жұмыс жасаған болатынмын. Көп жағдайда аналары қаталдық танытып жатады. Негізі анасы жаман ойға берілмеуі тиіс. Менің қызым үйтіп кетеді, бүйтіп кетеді деген сылтаумен тексеріп, тінтіп жүреді. Шындығына келгенде анасының өзі де оның жасында сондай болған. Бірақ сол есінен шығып кетіп, өзінің анасының істегендерін, соның қаталдығын санада сақтап, соны қайталайды. Әрі ол еркінен тыс болып жатады. Сонымен қатар, «Мен сенің жасыңда жұмыстың бәрін істейтінмін. Анамның айтқанын екі етпейтінмін. Кешкісін шықпайтынмын!» дейді. Бірақ ол да жас болды ғой. Ол жерде айырмашылық екеуінің уақытында ғана. Біздің кезімізде күндіз қыдыратынбыз, ал кешкісін үйде отырамыз, себебі түнде барлығы жабық болатын. Қазір бәрі түнде болады ғой…
Бұл жерде анасы қызына сенуі тиіс! Тіл табысуға ұмтылуы керек. Мысалы, «Келші қызым, екеуміз дос болайық! Мен саған бір құпия айтайын…» деп алғашқы махаббаты туралы айтып берсін немесе бір қызықты оқиғасын. Бір-бірін міндетсінбей жақсы көруі шарт. Мысалы, «Мен сен үшін жұмыс істеп жатырмын, бар тапқаным саған кетті. Ал сенің рақметің жоқ екен!» дейтін аналар бар. Сосын ол қыз далаға қашатын болады. Яғни, біреудің үйіне қонуға, сыртта жүре беруге тырысады. Сондықтан аналарға айтатыным, балаларыңызды сүйіңіздер!
Жалпы баланы қалай тәрбиелеген дұрыс? Оларға «жұрттың баласы…» деген сөздің қандай зияны бар.
Шынар Бұрханқызы: Олай айтуға мүлде болмайды. «Сен тупойсың, сен тупойсың» десең бала әрине, тупой болады. Ал «сен ғана мықтысың, сен ғана күштісің» деген тәрбие оны эгоист етеді. Екіншіден, анасының, әкесінің айтқаны болмай, бала бір соққы алып қалса, «өзімді алдап жүр екенмін ғой, шын мәнінде мен ешкім емес екенмін» деп тығырыққа тірелуі де мүмкін. Сол үшін бұл арада ортаны ұстай білу керек. Оны ата-ана сезіп, біліп отыруы міндетті.
Қыз баланың өмірінде әкесінің рөлі қандай? Олардың жарына, ер адамдарға көңілі соған байланысты бола ма?
Шынар Бұрханқызы: Бұл кезде бірден айта кетейін ұл бала әкесіне, қыз бала анасына тартылады. Олардың арасында биологиялық, физикалық байланыс болады. Ал ұл бала алты жасқа дейін анасымен жүріп, одан кейін әкесін іздей бастайды. Осы кезде оған ер адамның тәрбиесі керек. Сол кезде түрлі жағдайлармен әкесі болмай қалса, басқа ер адамның тәрбиесі болғаны дұрыс.
Ал әке қыздарына нәзік қарайды. Ол өзі өсірген қызын, басқа бір отбасыға өз қолымен алып барып беретінін біледі. Әкенің қаталдық танытуы артық болады. Себебі қыздың өмір бойына ер адамдарға деген көзқарасы дұрыс болмайды. Тұрмыс құру қиын болады, көп таңдайтын болады. Мынау менің әкем сияқты, алқаш болуы мүмкін деп ойлайды. Ол 60 пайыз жағдайда солай болады да. Өмір бойы әкесі ішіп қаталдық көрсетеді, одан кейін күйеуі де дәл сондай болады. Сосын «мен не жаздым, тағдырға?» деп отырады. Себебі қыз еркінен тыс түрде әкесіне ұқсас адам іздейді. Яғни, адам санасындағы сақталған файлдарға байланысты десек болады. Оны психологиялық түрде түсіндірсем, ұзаққа созылып кедеті. Жалпы оны қайталамас үшін қыздар өзін сыйлап, өзіне сенуі керек. Менің жанымда жақсы адам болады деп ойлағаны дұрыс. Кез келген адамнан жақсылық іздеуге тырысу керек.
Енді отбасына қарай ауыссақ, күйеуінен ауыр сөз естіп хат жазатын қыздар көп. Олардың хаттарынан ұққанымыз – күйеулері кемсітіп сөйлейтін көрінеді. Оған көп жағдайда не себеп болады?
Шынар Бұрханқызы: Оған әр түрлі себептер болады. Мүмкін ол әйелдің өзі бір ай бұрын енесіне ауыр сөз айтқан шығар. Оны өзі сол кезде ұмытып кетеді. Ал енесі оны баласына айтады ғой, баласы сол кезде үндемегенмен бір орайы келген кезде әйеліне оны қайтарады. Себебі ол оның көңілінде қалып қояды.
Күйеуім маған салқын қарайды дейтін әйелдер бар. Олардың қатынастарының суып кетуіне көбінде қандай факторлар себеп болуы мүмкін?
Шынар Бұрханқызы: Менің ойымша, қазіргі кезде біздің әңгімелеріміздің барлығы «сексуальный». Қайда барсаңыз да ауыздарын үлкейтіп, денелерін жалаңаштағандар көп. Олар білгендірін жасап жүр ғой. Ондай адамдарда жанның байланысы көп жағдайда болмайды. Адам бірінші кезекте құмарлық құрбаны болып кетеді.
Көпшілік әйелдер өздерін төмен санайды. Жақсы тұрмыс құру үшін, жақсы өмір сүру үшін не істеу керек?
Шынар Бұрханқызы: Ең бірінші кез келген адам өзін жақсы көруі керек! Таңертең тұрған соң бірінші өзіңді ретке келтіріп, айнаға қарап, өзіңді тамашалған дұрыс. Сосын әр адамның девизі болсын! Мысалы мен өзіме күн сайын «Менің өмірім күннен күнге жақсарады!» дегенді айтамын. Осындай жігермен үйден шығу керек. Көңіл-күйіңіз жақсы болса, адамдар да жақындай түседі!
Психологтар өздерінің сөйлесушілерінің аурасын алып қалады. Өздері шыға алмай қалады дегенді естіген едім, сол рас па? Сізде ондай жағдайлар болды ма?
Шынар Бұрханқызы: Иә, әрине болды. Талай рет үйге келіп жылаған күндерім де болды. Көбінде жасөспірім қыздармен жұмыс жасадым. Мен өмірмен қоштасқысы келетіндермен көп әңгімелестім. Бірақ жұмысың болған соң, душ қабылдап қайта өзіңе келесің. Сосын қайта жұмысыңды жалғастыра бересің.
Әр қыздың жеке психологы болуы керек дейді. Бізде қазір оған мүмкіншілік бар ма?
Шынар Бұрханқызы: Иә, қазір мектерде психологтар жақсы жұмыс істейді. Бір жаманы, кейбір психологтар баланың айтқанын сынып жетекшісіне айтып береді. Ал сынып жетекшісі түсінсе жақсы, кейбірі түсінбей, қызды одан сайын құрдымға түсіріп жібереді. Алдағы уақытта психологтардың біліктілігі бұдан да жоғары болады деп ойлаймын.