Кеңгір көтерілісі

31 мамыр 2019, 12:39

Саяси тұтқындардың ерекше тәртіптегі «Степлаг» лагері Жезқазған өңірі тарихының көлеңкелі бір тармағы екенін ешкім жоққа шығармайды. Сол кезеңде ең көп қолданылған 58-баппен бас бостандығынан айырылған 20 мыңдай тұтқын Кеңгір су қоймасын, жылу-электр орталығын, байыту фабрикасын, болашақ Жезқазғанның әлеуметтік нысандарын салып, қайнаған құрылыстың бел ортасында жүрді. Солардың күшімен Крестовский, Теректі кенттері бой көтерді. Шахта мен карьердегі, Байқоңыр көмір ошағындағы, Балқаштағы, Екібастұздағы, Алтайдағы ауыр жұмыстарға да тұтқындар аяусыз жегілді. «Степной лагерьдің» Кеңгір бөлімшесінде 1954 жылғы 16 мамырда басталған көтеріліс 40 күнге созылып, Кеңес Одағындағы «ГУЛАГ» жүйесінің бұдан әрі таратылуына себепкер болған еді.

Воркутадан кейінгі лагерьлер жүйесіндегі мәні үлкен ең ірі толқу ретінде бағаланған Кеңгір көтерілісі туралы аз жазылған жоқ. Ғалымдардың зерттеулері, қаламгерлердің еңбектері баршылық. Қасіретті ошақтың қабырғасы қалқайып, орны үңірейіп іргемізде жатқан соң ара-тұра бұл тақырыпты біздің де қозғап қоятынымыз бар. Осы жүйенің тұтқыны болған Александр Солженицын «Архипелаг ГУЛАГ» деген кітап жазғанын біраз жұрт біледі. «Кеңгірдің қырық күні» деп аталатын тарауында белгілі қаламгер бұл оқиғаны соғыстан кейінгі кеңес лагерлеріндегі ерекше қайғылы оқиға ретінде баяндайды. «Степной лагерінің» үш бөлімшесі 40 күн бойы өз наразылығын білдіріп, әділет жолында басын бәйгеге тігеді. Жезқазғандық тарихшы ғалым Тұрғанбек Алланиязов та архив материалдарын ақтарып, Кеңгір көтерілісі туралы елеулі еңбек жазды.

Тұрғанбек Алланиязов «Көтеріліске әйелдер себепкер болды… Сталин өмірден өткен соң 1954 жылы жазасын өтеушілер жеңілдік болады деп күткен еді. Бірақ, ондай жағдай болмады. Негізінен, 58-бап бойынша саяси тұтқындар отырған үш бөлімшеге 600-дей «тұрмыстық» қылмыскерді әкеліп қосады. Олар лагерьдің әйелдер бөлімшесіне басып кірмек болады. Күзет қызметіндегілер қару қолданып, ата бастайды. 18 адам оққа ұшып, 16 мамыр күнгі жаппай бас көтеруге ұласты»,-деп жазады. Ортақ мәмілеге келмек болған комиссия қалыптасқан жағдайды «лагерьдегі жеке республика» деп бағалаған көрінеді. Өйткені олардың өздерінің үкіметі, басшысы, қосшысы бар дегендей. Концерт, спектакль қоятын көркемөнерпаздары, фото ателье, қабырға газеті, өз хабарын лагерь ішінде тарататын радио желісі жұмыс істеген. Өздері құрастырған қысқа толқынды хабар таратқышпен сыртқы әлеммен байланыс орнатпақшы болған.
Келіссөз жүргізу нәтижесін бере бастаған еді. Алматыға 21 мамыр күні жіберілген жеделхатта тәртіп орнатылып, тұтқындардың көбі жұмысқа шыққанын, 18 адамның қаза тауып, 70-інің жараланғанын, оларға медициналық көмек көрсетіліп отырғанын хабарлайды. Алайда, литвандар мен украиндық тұтқындар осы бас көтеруді пайдаланып, Жезқазған руднигі кентіндегі лагерь бөлімшелерімен байланыс орнатады. Кеңес өкіметінің жазалау саясатымен күресті жалғастыруды мақсат тұтады. Талабын қоя бастайды. «Степной лагеріндегі» тұтқындардың ішінде әртүрлі ұлт өкілдері болды. Солардың қатарында 9596 украиндық, 2690 литван болды. Олардың елеулі бөлігі Украина иен Литвадағы ұлттық қозғалыс ереуілдеріне қатысқаны үшін сотталғандар. 18180 адам шпиондықпен, терроризммен, бүлікшілікпен және саяси бандитизммен айналысқан деп айыпталыпты. Олардың қатарында Молдавияның баптистерінен бастап Красноярскінің ескі салтын ұстаушыларына дейінгі әртүрлі діннің өкілдері бар болатын. Сонымен қатар, жапондар, финдер, шешендер де болды. Кеңгір көтерілісіне осындағы үш бөлімшеден 8 мыңдай тұтқын қатысты. Лагерь әкімшілігінің тәртіп орнатпақ болған әрекетіне тұтқындар жаппай қарсылық көрсетеді. Жағдайды бұзақылыққа қарай ушықтырмай, өз талабын қою ниетімен Кеңес Армиясының подполковнигі болған, осы кезде босап шығуға жақын қалған К.Кузнецов көтеріліс тізгінін өз қолына алады. Сонымен қатар Э.Слученков, Г.Келлер, М.Шиманская, А.Михайлович басқарып «лагерь комиссиясын» құрады. Олар тұтқындар жиналысында қабылданған кесімді талабын ІІМ Степлаг басқармасының бастығына жолдайды. Мәскеуден комиссия келуін сұрайды. Комиссия келгенше жұмысқа шықпауға, лагерь әкімшілігін өздері тұратын аймаққа жібермеуге шешім қабылдайды. Көтерілісшілер штабы КОКП Орталық Комитетіне дейін жіберген шағымында лагерь әкімшілігінің бетімен кетіп, тұтқындарды қорлайтындығы айтылады. Күніне 10 сағат адам төзгісіз жағдайда жұмыс істейтіндігі, тұрмыс жағдайы мен тамақтың өте нашарлығы туралы ашына жазады. Қит етсе жазалайтынын, қару қолданатынын жеткізеді.
Жезқазғанда орналасқан «Степлагтың» бірінші бөлімшесі алғашқы кеніштерден ауыр жағдайда кен қазуға жұмылдырылды. Сондай-ақ Степлагтың Рудникте, Кеңгірде бөлімшелері орналасты. Кенді құрғақ жағдайда, шаң-тозаңның қалың ортасында бұрғылаған тұтқындар ауыр жұмыста силикоз бен туберкулез ауруына тез шалдығатын. Ауырған жағдайда оларды Спасскідегі жарамсыздардың лагеріне жөнелтуші еді. Топырлап өліп жатқандарда есеп жоқ. Тұтқындардың жартысынан астамы 15-25 жылға сотталғандар болатын. Осы мерзімін қысқарту жөнінде, туысқандарымен кездесуге рұқсат беру туралы талап та болды. Алайда, бұлардың талабы орындалмады. Оларды жұмысқа шығуға үгіттеуден де ештеңе шықпады. Жағдай ушыға түсті.
Көтеріліске қатысушылармен арадағы келіссөз еш нәтиже бермеген соң, арада 40 күн өткенде ішкі істер министрі, генерал С.Кругловтың бұйрығы бойынша ішкі әскердің Оралдағы бірінші танк дивизиясынан бес танк жеткізіліп, түн ішінде лагерьді қоршауға алады. Маусымның 26-сы күні таңғы сағат төрттің кезінде Т-34 танкілері лагерь қабырғаларын бұзып кіреді. Тұтқындар қолдан жасалған граната, пистолет, темір шыбық және тас сияқты жинақтаған қарумен қарсылық көрсетеді. Әскерлер танк зеңбірегінен бос оқ жаудырып, ракета атып әп-сәтте күшпен басып тастайды. Жалпы алғанда, көтерілісті басуға 1600 әскери адам, 98 ізшіл ит, 3 өрт машинасы және тосқауылдарды бұзатын 5 танк қатыстырылыпты. Тұтқындар таң алдында танкінің дыбысын естімесін деген жоспармен жақын жердегі теміржолмен бірнеше паравозды ерсілі-қарсылы жүргізіп қояды.

Жезқазған оқушылары "Степлаг" лагерін аралап, ақтаңдақ тарихпен танысып қайтты

Жезқазған оқушылары «Степлаг» лагерін аралап, ақтаңдақ тарихпен танысып қайтты

Таңғы сағат бесте көтеріліс жаншылып, әскери операция аяқталды. Жоғарыға баяндалған деректе көтерілісшілердің қарсылығын басу кезінде олардың қолынан 22 адам босатылып, 37 адамның мәйіті табылған, 61 тұтқын жарақат алып, оның біразы госпитальда көз жұмғанын көрсетеді. Өкіметке белсенді қарсылық көрсеткені үшін деген айыппен 400 адам абақтыға жабылды. 1 мың тұтқын қиырдағы Дальстрой мен Озерный лагерьлеріне жіберіледі. Көтеріліс басшылары тұтқындалып, 7 адам сотта ату жазасына кесілді. Бас көтерудің 41-ші күніндегі бұл қанды қырғында 600-ден аса тұтқын ажал құшты деген дерек айтылады. Сөйтіп, Кеңес одағы лагеріндегі ең ірі бас көтеру деп бағаланған Кеңгір көтерілісі осындай үлкен қасіретпен аяқталды.
Бұл бас көтерудің нәтижелі тұсы ГУЛАГ жүйесінің күйреуіне негіз болды. «Степлаг» 1956 жылы жабылғанда бостандыққа шыққанымен басқа жаққа бару құқығы жоқ тұтқындар Жезқазғанда қалды. Осында отбасын құрып, ұрпақ өрбіткені қаншама. Еріксіз еңбекке жегілген олардың қолынан жасалған игілікті іс де аз емес. Әсіресе, жыл сайынғы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында мысты қаланың өндіріс орындары мен ежелгі көшелеріндегі ғимараттарда лагерде қасірет шеккен тұтқындардың бейнетті еңбегі мен бедерлі қолтаңбалары тұрғандай болып көрінеді бізге.

Амандық РАХҰЛЫ,
Ақпарат саласының үздігі,
Жезқазған қаласы

18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді
12 сәуiр, 12:11
Түркістан: Сайрам ауданында «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы өтуде
12 сәуiр, 12:10
Түркістан: Жетісай полицейлері «Заң және тәртіп» жобасын іске асыруда
11 сәуiр, 16:06
«Нөлдік төзімділік»: Түркістан полициясы 700-ден астам құқық бұзушыны анықтады
11 сәуiр, 15:50
Түркістан: Алаяқтар қашып құтылмайды