
Жамбыл облыстық «Aq jol» газетінің ашылғанына, оқырманымен біте қайнасып жасап келе жатқанына биыл жүз жыл толды. Әулиеата жерінің «үні, құлағы, һәм тілі» болып келе жатқан газеттің бас редакторы Хамит Есаманмен сұхбатымыз облыстың бас басылымының бүгінгі тыныс-тіршілігі, бағыт-бағдары жайында өрбіді.
Jas qazaq: «Халықтың үні, құлағы, һәм тілі» болып келе жатқан облыстық газеттің ашылғанына бір ғасыр толды. Басылымның қазіргі тыныс-тіршілігі қалай? Таралымы қанша?
Хамит Есаман: Әулиеата өңірінің рухани айнасы болған «Aq jol» газетінің жарық көргеніне биыл бір ғасыр толып отыр. Аталған басылымда еңбек еткен Сыдық Абланов, Жайық Бектұров, Ғайса Сармурзин, Кемел Тоқаев, Баттал Жаңабаев, Арғынбай Бекбосын, Несіпбек Дәутайұлы, Әлдихан Қалдыбаев, Жақсылық Сәтібеков, Тынышбай Рақым есімдері әрдайым құрметпен аталады. Сонымен қатар, басылымның қалыптасуына, бүгінгі күнге жетуіне еңбек еткен өзге де елімізге танымал азаматтарды біз ұмытпаймыз.
«Aq jol» газетінде бүгінде жиырма бес адам қызмет атқарады. Бәрі де өз ісінің қыр-сырын білетін, кәсіби мамандар. Сонымен қатар, редакцияға жұмысқа жаңашыл жастар да келіп жатыр. Газеттің таралымы бүгінде сегіз мыңнан асады. Біздің мақсат – оқырманға сапалы ақпарат беру, сүбелі дүниелер ұсыну. Газетімізден бір оқырман болса да керегін тапса, еңбектің еш кетпегені деп ойлаймын.
Jas qazaq: Дұрыс екен, осы жұрт газет оқымайды, кейінгі буын жастар электрондық нұсқаға, ақпараттық сайттарға әуес дегенді айту белең алды. Бұл газеттің күні батып барады дегенді білдірмей ме? Өзіңіз басшылық ететін облыстық газет Әулиеата топырағында жүз жылдан бері тасқа басылып келеді ғой.
Хамит Есаман: Бұрынғыдай елдің бәрінің газет оқымайтыны рас. Белгілі бір аудитория ғана оқуы мүмкін. Бірақ бәрібір газет керек. Кейбір адамдардан неге газет-журнал оқымайтынын сұрай қалсаң, уақытының жоқтығын алға тартады. Бұл да сылтау деп ойлаймын. Себебі елдің көбінде оқуға деген ниет-құлық жоқ. Барлық нәрсенің оңай жолын іздейді. Жастар да ақпараттарды түрлі сайттардан қарауға үйреніп қалған. Дегенмен бәрібір газет сияқты болмайды. Мәселен, газетте бір ақпараттың өзі бөлім меңгерушісінен бастап, бас редакторға дейін біраз адамның қолынан өтеді. Өңделеді, екшеледі. Ал көп сайтта (бәрінде емес, әрине) дұрыс-бұрысы белгісіз, сауатсыз жазылған, не өңделмеген ақпараттар өріп жүреді, яғни оқырманға емес, қаралымға жұмыс істеу басым. Жалпы газеттің жұмысына кедергі келтірген екі нәрсе бар деп ойлаймын. Бірі – әлеуметтік желі болса, бірі – жекеменшік газеттер мен сайттардың көбейіп кетуі. Бірақ бұдан газеттің күні батып барады деп ойламаймын. Әлі де газет оқитын, одан керегін алатын адамдар көп.
Jas qazaq: Облыстың тыныс-тіршілігін насихаттауда өзіңіз басқаратын газеттің рөлі орасан. Орынды сын айту, кем-кетікті ашып жазу – журналистің басты талабы. Редакция осы үдеден шыға алып жүр ме?

Хамит Есаман: Көпшілік оқырман газетті билік пен бұқараның арасындағы алтын көпір деп біледі. Журналистің міндеті де елдің, халықтың мәселесін тиісті лауазым иелеріне жеткізу болса керек. Оның үстіне, әлі де редакцияға қайырылып, мәселесін айтатын адамдар көп. Сондай-ақ журналистеріміз айына екі-үш реттен аудандарға шығып, ауылдарға барып, мәселелерді зерделеп, мақала жазып қайтады. Әрине, әкімдерді, тиісті сала басшыларын жұмыс істемей жатыр деуге болмайды. Бірақ, шыны керек, әлі де болса шешімін күткен мәселелер баршылық. Елді әлі де газ, жол, интернет, ауыз су сияқты көптеген мәселелер толғандырады. Орнымен болса, дәл болса, сауатты болса, сынның айтылғаны дұрыс. Бұл ретте біз мәселені барынша ашық жазамыз. Тілшілер де батыл түрде мәселе көтереді. Әкімдік газеттің ішкі жұмысына араласпайды. Орынды сыннан қорытынды да шығып жатыр. Редакцияның бұл үдеден қаншалықты шығып жүргенін оқырмандар біледі ғой.
Jas qazaq: Рас, барды бардай, бүтінді сол қалпында көрсету, насихаттау орынды. Осы жағынан келгенде газет өңірде атқарылып жатқан шаруалардан да шетін қалмай, сүйіншілеп жазатынына ешкім шек келтірмейді. Облыстың тыныс-тіршілігін жазуда редакция қаншалықты белсенді?
Хамит Есаман: Өздеріңіз білесіздер, газеттің жұмысы көп. Бір нөмірдің өзінде түрлі салаға қатысты материалдар болады. Біз бірінші кезекте өңірде шешімін таппай келе жатқан мәселелерге назар аударамыз. Одан кейін облыстағы ірі жобалар, түрлі саладағы жетістіктер де қамтылады. Облыс әкімінің аудан және ауыл тұрғындарымен кездесулері де беріледі. Қысқасы, облыстағы жүз жылдық тарихы бар газет болған соң, аймақтың тыныс-тіршілігін оқырманға белсенді түрде жеткізуге барымызды саламыз.
Jas qazaq: Мерзімді басылымдардың өз күнін өзі көруі қиындап бара жатыр деген сөздің жаны да бар. Әулиеата жерінде газеттің тынысы қалай, таралымы жақсы ма? Қаржылық мүмкіндікті қалай реттейсіздер?
Хамит Есаман: Соңғы кезде басылымдардың тағдыры туралы мәселелер жиі көтеріліп жүр. Оның ішінде газеттің таралымы туралы да, қаржылық жағдайы туралы да әңгімелер бар. Қазіргі кезде еліміздегі барлық өңірлерде медиахолдингтер құрылып, аймақтардағы бұқаралық ақпарат құралдары сол серіктестіктердің құрамына біріккен. Сол сияқты, бізде де осыдан екі жыл уақыт бұрын «Aulieata-Media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылып, оның құрамында бүгінде облыстық «Aq jol», «Арай» және «Знамя труда» газеттері шығып келеді. Жалпы жергілікті биліктің бұқаралық ақпарат құралдарына деген көзқарасы дұрыс. Әкімдік тиісті қолдау көрсетіп келеді. Сондықтан да газеттің тынысы кең, таралымы жақсы деп айтуға болады. Ал қаржылық мәселелерді жергілікті билік мемлекеттік тапсырыс арқылы реттеп отыр. Газет қызметкерлерінің айлығы да жақсы.
Jas qazaq: Бұған дейін ешқандай әлеуметтік статусқа жатпайтын журналистер соңғы жылдары жеңілдікпен үй алу кезегіне де тұра алатын болды. Сіз басқаратын газетте жастардың баспана алу, басқа да әлеуметтік мәселесі қалай шешілуде?
Хамит Есаман: Қазір баспана мәселесі басты мәселе екені рас. Көптеген жастардың үйсіз-күйсіз жүргені де шындық. Бұл ретте талантты жастарға билік тарапынан қолдау болса дейсің. Осыдан бірнеше жыл бұрын Тараз қаласында журналистер үйін салу туралы бастама көтерілген. Сол кездегі облыс басшылығы бұл ұсынысты қолдап, тиісті шешім қабылдайтынын айтқан. Бірақ осы мәселенің соңы сұйылып кетті. Егер осы бастама жүзеге асқанда, бүгінде бірталай жас баспаналы болатын еді. Алайда қазіргі таңда мемлекет тарапынан пәтер алуға түрлі мүмкіндіктер қарастырылған. Арнайы бағдарламалар да бар. Газеттегі біраз қызметкерлер мемлекеттің сол мүмкіндігін пайдаланып, баспаналы болды. Ал газеттегі жастардың түрлі әлеуметтік мәселелеріне келетін болсақ, айлық уақытылы беріледі. Мереке кездерінде сыйақы мәселесі де қарастырылған.

Jas qazaq: Жүз жылдық тарихы бар газеттің қазіргі бағыт-бағдары қандай? Қандай жаңашылдық бар, оқырманға тартымды дүние ұсыну үшін нендей қадам жасалып отыр?
Хамит Есаман: «Aq jol» газетінде жүз жылдан бері қандай азаматтардың жұмыс істегенін, қандай еңбек сіңіргенін жоғарыда айттым. Біз білмейтін, аты аталмаған азаматтар қаншама?!. Осы уақытқа дейін «Aq jol» газетінде қызмет атқарған барлық азаматтардың басылым тарихында алатын орны ерекше. Енді сол биіктен түспей, газетті оқырман талабына сай шығару, көпшілікке көрнекті дүние ұсыну біздің негізгі мақсатымыз болып отыр. Қазіргі кезде газеттің мазмұнын жаңарту орайында бірқатар айдарлар ұйымдастырып отырмыз. Сонымен қатар, елге ой салатын дүниелерді де, қызықты ақпараттарды қамту да жоспарымызда бар. Жалпы газеттің бағыт-бағдары қоғамдық-саяси басылым ғой. Алайда ресми ақпараттармен шектеліп қалмай, еркін тақырыпта мақалалар жазу, оқырманмен ой бөлісу сияқты дүниелер де жоспарда бар. Қазіргі кезде газет журналистері ізденіс үстінде.

Jas qazaq: Жуырда облыс әкімінің қолынан екі бірдей әріптесіңіз «Құрмет» орденін, басқа да журналистер мемлекеттік наградаға ие болды. Демек «жегені жантақ» журналистердің еңбегі ескеріліп келеді деген сөз ғой.
Хамит Есаман: «Aq jol» газетінің жүз жылдығы қарсаңында біраз азаматтар түрлі марапаттарға ие болды. Ұжымның ғана емес, барша журналистер қауымының мерейін үстем еткен көптеген жағымды жаңалықтар болды. Әуелі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұжымға жолдаған құттықтау хаты келді. Сондай-ақ «Aq jol» газетінің бірқатар қызметкерлері еліміздің Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың, Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың Алғыс хаттарын иеленді. Бір айта кететін жайт, еліміздің ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі «Aq jol» газетінің редакциясына арнайы келіп, бір журналистке «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісін, ал үш журналистке министрліктің Құрмет грамотасын табыс етті. Сөйтіп үлкен басшы болса да уақыт тауып, өзінің тілектес, ниеттес екенін көрсетті. Сонымен қатар, Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің қолынан да бірнеше қызметкеріміз облыс әкімінің Құрмет грамотасын алды. Мұның бәрі де тек «Aq jol» газетінің ғана емес, барша өңір журналистерінің мерейін тасытқан жағдай болды. Иә, екі бірдей әріптесіміз, «Aq jol» газетінің ардагерлері Көсемәлі Сәттібайұлы мен Ақылжан Мамыт «Құрмет» орденін иеленді. Көсемәлі Сәттібайұлы «Еңбек туы» кезінен осы газетте еңбек етіп, кейіннен бас редакторы болды. Ақылжан Мамыт та ұзақ жылдардан бері осы басылымда бас редактордың бірінші орынбасарлығына дейінгі жолдардан өткен журналист. Әрине, әңгіме атақта, марапатта емес. Дегенмен ерен еңбектің ескерілгені дұрыс деп ойлаймын. Сондықтан да «Aq jol» газетінің жүз жылдығы қарсаңында марапат алған барлық әріптестеріміз мұндай құрметке лайықты деп есептеймін.

Jas qazaq: Жүз жылдық мерейтой аясында қандай іс-шаралар өтті? Билік пен халық арасына алтын көпір орнатып келе жатқан газеттің тойы елдің мерекесі ғой.
Хамит Есаман: Аймақтың бас басылымының жүз жылдық мерейтойы жыл бойы Жамбыл облысының аудандарында және Астана қаласында ұйымдастырылды. Газет негізінен 1922 жылы 1 мамырдан бастап шығады. «Aq jol» газетінің мерейтойы да биыл көктемде өтуі керек болған. Оған дайындық жұмыстары сол кездерде-ақ басталып кеткен. Бұл ретте «Aulieata-Media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сол кездегі бас директоры Нұрбек Бекен мен «Aq jol» газетінің сол кездегі бас редакторы Оралхан Дәуіт сияқты азаматтардың еңбегін атап өту керек. Мәселен, Сарысу ауданы әкімдігінің қолдауымен «Aq jol» – аймақ айнасы» атты облыстық ақындар мен журналистердің арасында байқау ұйымдастырылды. Жүлдегерлерге қаржылай сыйлықтар тағайындалды. Сол сияқты, Талас ауданы әкімдігінің қолдауымен бильярдтан Баттал Жаңабайұлы атындағы облыстық журналистер арасында турнир өтті. Мұнда да жеңімпаз азаматтарға қаржылай сыйлықтар берілді. Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада да «Aq jol» газетінің жүз жылдығына арналған дөңгелек үстел отырысы ұйымдастырылды. Бұл жиынға Мемлекет басшысының кеңесшілері Бауыржан Омаров пен Мәлік Отарбаев, Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, Парламент Мәжілісінің депутаттары Дархан Мыңбай, Мейрамбек Төлепберген, Жанарбек Әшімжан қатысты. Сонымен қатар, ақпарат және қоғамдық даму министрілігінің баспасөз хатшысы Нұрбек Әмиша, «Egemen Qazaqstan» газетінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы, «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы Берік Уәли, «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Шәмшидин Паттеев, «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы Еркін Қыдыр, «Turkistan» газетінің бас редакторы, ақын Бауыржан Бабажанұлы, «Aikyn» газетінің бас редакторы Амангелді Құрмет, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы, кезінде «Aq jol» газетінің бас редакторы болған Қуат Әуесбай және өзге де елімізге танымал азаматтар болды. Мұнда тек қана «Aq jol» газетінің жүз жылдығы ғана сөз болған жоқ, қазақ баспасөзінің бүгіні мен болашағы жайлы да әңгіме болды. «Aq jol» газетінің жүз жылдығына орай Тараз қаласындағы бір көшеге аты берілді. Басылымның тарихи сәттерін қамтыған «Ғасыр шежіресі» атты кітап жарық көрді. Жалпы «Aq jol» газетінің ғасырлық мерейтойы өз деңгейінде өтті деп ойлаймын. Сондай-ақ жүз жылдығы қарсаңында Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен «Aq jol» газетінің мерейтойына орай «Ақиқаттың ақ туы» атты республикалық журналистер конкурсы ұйымдастырылды. Аталған конкурста жеңімпаздардың бәріне бірдей әрқайсысы 500 мың теңгеден Сыдық Абланов, Ғайса Сармурзин, Кемел Тоқаев, Арғынбай Бекбосын, Несіпбек Дәутайұлы атындағы сыйлықтар тағайындалды. Бұл кісілердің барлығы да «Aq jol» газетінде еңбек еткен ардагер азаматтар. Жеңімпаздарды «Aq jol» газетінің жүз жылдығына арналған салтанатты жиын үстінде Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов марапаттады.
Jas qazaq: Әңгімеңізге рахмет! Келер ғасырда да газет әулиеаталықтардың үніне айнала берсін деп тілейміз.

Нұржан Нұржігітов, Жамбыл облысының әкімі:
«Aq jol» газетінің мерейтойы бір өңірдің ғана емес, бұл қазақ баспасөзінің мерейлі белесі. «Aq jol» газеті еліміздегі ең байырғы басылымдардың бірі. Бұл басылымның ел өміріндегі тарихи рөлі зор. Басылым өзінің өткір де батыл мақалаларымен егемен елдің еңсесін тіктеді. Бүгінде уақыт талабына сай бұл газет жаңаша түрленіп, заман ағымына сай дамып келеді. Ғасырлық туын жаңа жетістіктермен, толайым табыстармен қарсы алып отыр. Басылым алдағы уақытта да халық пен билік арасындағы алтын көпір болып, халықтың үміті мен тілегін ақтайтынына сенімдімін. Редакция ұжымына амандық, жаңа шығармашылық табыстар тілеймін!».
Сұхбаттасқан Қуаныш Рахмет