Гүлжан Серікқызы: Жастардың мәселесі оңтайлы шешілуі керек

09 тамыз 2023, 16:19

«Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар елді алға бастайды, болашақтың кілті — цифрлық технология мен инновацияда. Сондықтан бірнеше тіл біліп, түрлі кәсіп игеру жастардың қолынан келеді. Еліміз бәсекеге қабілетті болуы қажет. Халқымыздың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсарту керек. Білімді әрі білікті өрендер ғана биік мақсатқа жете алады. Елге тірек болу – әрбір жастың мұраты. Ел жастардан тың бастамалар және озық идеялар күтеді»

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев

Бүгінде жастарға артылатын жүк ауыр. Мемлекетіміз жастардың алға қарай дамып, сапалы білім алып, кәсібін ашып, өзінің идеялары мен арман-мақсатын жүзеге асыру үшін жағдай жасауда. Өз кезегінде жалынды да дарынды жастарымыз ел дамуына үлес қосып, биіктен көрініп келеді. Байтақ даламыздың түкпір-түкпірінде белсенді жастардың шоғыры қалыптасты. Киелі Түркістан өңірінің жастары да көштен қалмай, әр салада белсенділік танытып жүр. Қазіргі жастарға әрі қарай даму үшін не істеу керек? Жастардың әлеуметтік мәселелерін қалай шешуге болады? Бүгінгі жастарға әлі де қандай қолдау көрсетуіміз керек? Осы және басқа да сауалдарымызға Түркістан қаласының белсенді жастарының бірі — журналист, блогер Гүлжан Серікқызы жауап берді.

— Гүлжан Серіккызы, сізді Түркістан облысының белсенді жастарының бірі ретінде білеміз. Сондықтан әңгімемізді жастардың әлеуетін арттыру үшін не істеуіміз керек деген сауалдан бастағым келеді.

— Елдің ертеңі мен болашағы, еліміздің әлемдік деңгейден көрінуі, әрине, жастардың қолында. Біз білікті де білімді, өнерлі, талантты жастарымызбен мақтана аламыз. Ал осындай жастарды тәрбиелеу үшін біз ең алдымен жастардың қазіргі мәселелеріне назар аударуымыз керек. Ең бірінші кезекте жастармен санасу қажет деп ойлаймын. Алайда бұл тұста ұлттық код идеологиясын жоғалтып алмайтындай деңгейде жұмыс жүргізілуі керек. Екіншіден, жастардың жұмысқа орналасу проблемасын шешу керек. Одан соң, жастарды баспанамен қамтуға арналған бағдарламаларды мегаполистерде ғана емес, барлық аймақта іске асыру қажет. Ауыл-қала демей, барлық аймақтың жастарының құқығы бірдей болуы керек. Өздеріңіз білесіздер, жастардың тұрғын үй мәселесін шешуге арналған «Алматы жастары», «Елорда жастары», «Шымкент жастары», «Әулиеата жастары» сынды бағдарламалар ең ірі қалаларда бар. Біз жастарды алаламай, осы бағдарламаларды еліміздің барлық өңірінде енгізсек. Меніңше, сонда туған өңірінде жұмыс істеп, отбасын құрып, жұмысын жалғастыратын жастардың қатары көбейетін еді. Қазіргі жастардың ең өзекті мәселесі — баспана. Тек жастарда ғана емес, еліміздегі көптеген тұрғындардың мәселесі дер едім. Өйткені жас маман оқуын бітіргеннен кейін ауылына қайтпайды. Ірі қаланың бірінде жұмыс істеп, отбасын құрады. Одан кейін пәтерді жалға алады. Осылайша жас отбасыларының алғашқы қиындықтары басталады. Бұл жағдайды бәріміз білеміз. Мемлекет тарапынан жастарға арналған бағдарламалар бар. Олар да жыл сайын жүзеге асырылып жатыр. Бірақ ол барлық жасқа бірдей қолжетімді емес. Сондықтан осы мәселені әлі де болса шешу жолдарын табуымыз керек деп ойлаймын.

— Қазір тағы бір өткір мәселенің бірі — жастардың жұмысқа орналасуы. Қолында дипломы болса да, жұмыс таба алмай жүрген жастар бар. Жастардың жұмыспен қамтылып, бос уақытын тиімді өткізу үшін қандай жағдай жасалуы керек?

— Бұл жылдар бойы өте ауыр әрі өзекті мәселе болып келеді. Өйткені жоғарғы оқу орнын бітірген жастарда диплом болғанымен, тәжірибе болмайды. Тәжірибесіз жастарды мекемелер, әрине, жұмысқа алғысы келмейді.

Жұмыспен қамту бағдарламасы ұсынатын алты айлық практикалық жұмыстардың айлығы мардымсыз. Сондықтан көптеген жастарымыз осы тұста қиналады. Өзінің таңдаған мамандығы бойынша жұмыс істемегеннен кейін, ұсынылған айлық мөлшері төмен болғасын, оның үстіне 6 айдан кейін жұмыста тұрақты орнығу жағы белгісіз болғандықтан, Алматы, Астана сияқты қалаларға жеке меншік компанияларға өз саласы болмаса да жұмысқа кетіп жатады. Бұл дегеніміз, біз жаңа технологиямен жоғары білім алып келген мамандарымыздан құр қалып жатырмыз деген сөз. Осындай олқылықтар болмас үшін, жоғары оқу орнын бітіретін түлектер арасында сауалнама жүргізіп, талдау жүргізу қажет. Сол талдау қорытындысы бойынша бүкіл мекеме, кәсіпорындардағы бос орындар түгелденіп, аналитикалық шолу жасалуы қажет. Соған орай мемлекет JPI көрсеткіші ортадан жоғары жастарды ешқандай тамыр-таныссыз, жұмыспен қамтуы керек. Әрине, егер бәселестік орын алған жағдайда шынайы жұмыс орнының критерийлеріне қойылатын талаптарды ескере отырып конкурс жүргізуге болады. Егер мұндай жобаны қолға алсақ, жастар, біріншіден, жұмыспен қамтылады. Екіншіден, әр сала маманы өз орындарында отыратын болады деп ойлаймын.

Сонымен бірге қазіргі таңда қай мамандық сұранысқа ие, қай өңірге қандай мамандық жетіспейді, қандай кадрлар тапшы – міне, осының барлығына талдау жасалса. Сол талдаудың негізінде жстарға мемлекеттік гранттар бөлінсе. Болашақ маман оқуын аяқтағаннан кейін өз мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алатынын білсе. Әйтпесе, бізде көптеген жастар қолына диплом алғаннан кейін жұмысты өздері іздейді. Жұмыс таппағандары басқа салаға кетуге мәжбүр. Сондықтан жастардың жұмыссыздық мәселесі әлі де өзекті, алдағы уақытта да өзекті болып қала береді.

Мектеп бітіруші түлектер арасында да таңдау мамандықтарына байланысты анализ түзілуі керек. Елімізде қай салада маман тапшы, соған орай грант санын арттырсақ және сол мамандықтардың қажеттілігін түсіндірсек, жастарды қажетті, тұрақты жұмыс ұсынылатын мамандықтарға баулуға әбден болар еді. Қазір ғаламтор дамыған. Әрбір адам өзіне қажетті ақпаратты әп-сәтте ала алады. Сол сияқты жастарымыз да алғыр. Жастардың дамуына байланысты түрлі тақырыптық кездесулерге жиі барамын. Жастарға арналған облыстық Жастар слетінің ұйымдастырушысымын. Осындай кездесулер мен түрлі семинар тренингтерде жастарды тыңдаймыз. Олардың ойларын, идеяларын саралаймыз. Жалынды жастарымызбен еліміз алға қарай дами беретініне сенімдіміз.
Қазір мемлекет тарапынан жастарды жұмыспен қамтуға арналған түрлі бағдарламалар бар. Мысалы, «Жасыл ел», «Алғашқы жұмыс орны», «Дипломмен ауылға», «Серпін» сияқты бағдарламалар жастарға бағытталған. Олар өз нәтижесін беріп жатыр. Дегенмен жоғарыда айтылған ұсыныстар ескеріліп, тиісті дәрежеде іске асырылса, жастарды жұмыспен қамту мәселесі қазіргідей өзекті болмайды.

— Елімізде жастардың әлеуетін арттыруға арнлаған түрлі бағдарламалар бар. Биылдан бастап кәсібін дөңгелеткісі келетіндерге 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беріле бастады. Қалай ойлайсыз, мұндай бағдарламалар жастардың мәселесін шеше ме? Әлде дамытудың басқа да жолдары бар ма?

— Мұндай бағдарламалар жастарға өте қажет. Себебі бүгінгі таңдағы жастардың ойлау жүйесі бұрынғыдан өзгерек. Мемлекет тарапынан жастарды қолдауға арналған бағдарламалардың барлығы қуантады. Өз кәсібін ашып, шағын бизнесін жүргізгісі келген жастарға қайтарымсыз гранттар мен пайызы аз несие берілуде. Біздің облыста осы бағдарламаларға қатысып, шағын кәсібін бастап кеткендер де бар. Бұл — мемлекет тарапынан жастарға көрсетілген үлкен қолдау. Қазір облыстың әр ауданындағы жастар орталық ресурстары мамандары осы бағдарламалар жайлы жастарға барынша ақпараттық түсіндіру жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатыр. Аудан, ауыл жастары да белсенділік танытуда. Бұл әрбір жастың кәсіпкер ретінде дамуына, өз бастамасын жүзеге асыруға серпін береді. Мұндай жобалар жастардың бизнеске көптеп келуіне серпін береді деп ойлаймын.

— Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Мақпал Ноғайбаева

02 мамыр, 16:01
Түркістан: Жер қойнауын заңсыз пайдалануға қатаң тосқауыл қойылады
30 сәуiр, 13:48
Нұрбақыт Теңізбаев: Халықтың үні қашанда маңызды
29 сәуiр, 15:09
«Ұлттық қор – балаларға»: Алматы облысы алдыңғы лекте
29 сәуiр, 11:52
Нұрлан Дәулетбаев: Алматыдағы тұтынушылар құқығын қорғауға үлес қосамыз
26 сәуiр, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
26 сәуiр, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді