jasqazaq.kz

Гүлісхан Нахбаева, шахматшы: Жастардың саяси шоғыры өсіп келеді

05 маусым 2023, 13:02

Түркістан: Президенттік кадр резерві

Президенттік жастар кадрлық резерві жобасын құру жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы сайлауалды бағдарламасында айтып, қолға алынған болатын. Президент бұл жоба жастардың әлеуметтік лифтісіне айналатын бірегей жоба болуы тиіс дегенді де баса айтқан-ды. Президенттік жастар кадрлық резервіне енген жастар еліміздің келешегін кемелдендіруге үлес қосатын шоғырдың қалыптасуына үлес қосып келеді. Сондай жастың бірі — қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш гроссмейстер, белгілі шахматшы Нахбаева Гүлісхан Сайфуллинқызы. Біз Гүлісханмен Президенттік жастар кадрлық резервінің маңыздылығы жөнінде сұхбаттастық.

– Гүлісхан, ең алдымен Президенттік жастар кадр резерві жобасына қатысқаныңыздан бастасақ.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы аясында «Президенттік Жастар кадрлық резерві» жобасы іске қосылатынын естігенде, бірден қызығушылық таныттым. Атауының өзі ерекше болды және елдегі саяси өзгерістер аясында түбегейлі өзгерістер қажет екенін түсіндім. Осы елдің азаматы ретінде өзгерістерге неге өзімнің перзенттік үлесімді қоспасқа деген ой туды. Жаңа мүмкіндіктерді пайдаланып, мемлекеттің үлкен тұжырымдамалық идеяларын іске асырудың бір бөлігі болу керек деп, осы тұрғыдан мен шешім қабылдадым. Шұғыл түрде құжаттарымды тапсырып, мақсат қойып, барлық сынағынан сүрінбей, резервке өттім.

– Жаңылмасақ, резервке іріктеу бірнеше турдан тұрды. Сынақ қалай өтті?

–«Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» дейді. Жоба бірнеше іріктеу кезеңдерінен тұрды. Бірінші кезеңде барлық қажетті құжаттарды тапсырдық. Екінші кезең – үміткердің күрделі мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін анықтауға бағытталған тестілеуден (мәтіндік және сандық) өту. Үшінші кезең – тестілеудің верификациясын өту. Сол мәтіндік және сандық тестілерден өттік, тек сұрақтар саны азайды (2-ші 50 сұрақ кезеңде болса, 3-ші кезеңде 30 болды). Төртінші кезең – көшбасшылық қасиеттерді, жазбаша және талдамалық сауаттылықты, мотивация деңгейін, кандидаттың ой-өрісін бағалауға баса назар аударылды. Мұнда біз өз ұсынған жобаларымызды, сондай-ақ оның орындылығы жағынан қорғадық. Сонымен қатар, кездейсоқ түсіп қалған тақырып бойынша эссе жаздық. Бесінші кезең – еліміздің жетекші сарапшылары офлайн форматта біздің бойымыздағы қасиеттерімізді, құзыреттіліктерімізді бағалады. Бесінші кезеңге дейін барлық алдыңғы кезеңдер арнайы әзірленген платформа pkrezerv.gov.kz арқылы цифрлық форматта өткенін атап өткен жөн. Бұл көптеген қатысушылар үшін өте ыңғайлы болды. Мысалы, мен үшін. Өйткені мен Түркістан облысында тұрдым. Ал бесінші кезеңге өткенде құзыреттілікті, кәсіби және жеке қасиеттерімді бағалануға Астана қаласына ұшып баруға тура келді. Маған процестің өзі ұнады. Сонымен қатар, бізді кәсіби сарапшылар бағалады. Дәл осы кезеңнен өту кезінде көптеген жігіттер мен қыздармен таныстым, олармен байланысымыз бекіп, нығая түсті. Сол кезде мен жобаның күшін, арасалмағын түсіндім – керемет нетворкинг, қарым-қатынас жасау мүмкіндігі мол және мұның бәрі осы жоба арқасында бізге бұйырды.

– Енді жеке өміріңізге тоқтала кетсек. Өзіңіз шахматпен қай жастан бастап шұғылданасыз? Қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш гроссмейстер өзіңізсіз, қазақ шахматының қазіргі даму деңгейі қандай? Былтырғы жылдың соңында Алматыда, биыл Астана қаласында өткен әлем чемпионаттары ел шахматының дамуына серпін бере ме?

– Мен 6 жасымнан бастап шахмат ойнауды меңгеріп, содан бастап тұрақты түрде айналысамын. Менің анам менен мықты шахматшы өсіргісі келді. Ол кісі әлі күнге дейін осы интеллектуалды ойынның жанкүйері. Ата-анамның көрсеткен қолдауының және қажырлы да мақсатты жұмысының арқасында мен тарихта Тәуелсіз Қазақстандағы алғашқы халықаралық гроссмейстер бола алдым. Халықаралық аренада үлкен жетістіктер мен жеңістерге қол жеткіздік. Бұл өскелең ұрпақты шахматпен айналысуға итермеледі. Кейіннен өз күштеріне деген үміті мен сенімін жоғалтпаған кішкентай шахматшыларға осындай еліктеу әсерін тигізді деп айтуға болады.


Бүгінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі шахматтың дамуына ерекше көңіл бөлетінін атап өткім келеді. Негізгі стратегиялық міндет – адами капиталды нығайту және зияткерлік ұлтты қалыптастыру. Иә, Қазақстан соңғы уақытта ірі халықаралық жарыстардың әлемдік алаңына айналуда. 2022 жылдың қыркүйегінде біз ФИДЕ әйелдер Гран-При сериясының бірінші кезеңін өткіздік. Сонымен қатар, өткен жылдың желтоқсан айында ерлер мен әйелдер арасында рапид пен блицтен әлем чемпионаты өтті, онда 50-ден астам елден әлемнің үздік шахматшылары жиналды. Өздеріңіз білетіндей, 7 сәуірден 1 мамырға дейін классикалық шахматтан әлем чемпионаты өтті, онда Ян Непомнящий (Ресей) және Динь Лижен (Қытай) «XVII әлем чемпионы» атағына таласты. Қазақстан жерінде шахматтан 17-ші әлем чемпионы анықталды, ол қытайлық Динь Лижен болды. Бұл — тарихи оқиға.

Шахмат жылдан жылға біздің елімізде танымал спорт түріне айналуда. Балалар мен ересектер арасындағы әлем және Азия чемпионаттарында жоғары нәтижелерге қол жеткізген қазақстандық шахматшылардың жетістіктерін ерекше атап өткім келеді.Олардың жетістіктері өскелең ұрпақты зияткерлік спорт түрлерімен айналысуға шабыттандыратынына сенімдімін. Халықаралық деңгейдегі іс-шараларды өткізу біздің елімізде шахматты танымал етуге қуатты серпін беретінін, сондай-ақ ұлтаралық мәдениеттерді, дәстүрлер мен құндылықтарды дамытуға және нығайтуға елеулі үлес қосатынын атап өту маңызды. Халықаралық беделді іс-шараларды өткізу сыртқы саясаттағы спорттық интеграциялық процестердің дамуына елеулі үлес қосады, Қазақстан әлемдегі зияткерлік елге айналыпк еле жатқанын айқындай түседі.
Әрине, шахматшы ретінде мен әрқашан осы спорт түрін танымал етуге бар күш-жігерімді жұмсаймын, шахмат жан-жақты дамыған тұлғаны дамытудың тамаша құралы деп санаймын. Шахмат көшбасшылық қасиеттерді тәрбиелейді, логикалық және сыни ойлауды, стратегиялық ойлау қабілетін дамытады, үлкен мақсаттар мен міндеттер қоюды баланың бойына сіңіруді қалыптастырады. Сондықтан да балаларды жастайынан шахмат ойнай білуге үйрету керек.

– Президенттік жастар кадр резервіне өткен замандастарыңыздың кейбірі лауазымды қызметтерге тағайындалып жатыр. Сізге мансап ұсынды ма?

– Ия, ең алдымен, белгілі бір салада үлкен тәжірибесі бар резервшілерге жоғары позициялар ұсынылатындығын түсіну керек. Барлығына саяси лауазымдар ұсынылады деп айту мүмкін емес және бұл дұрыс тәсіл. Бұл жобаға стратегиялық тұрғыдан қарау керек, адамның кәсіби құзыреттілігін біртіндеп тәрбиелеу, тәжірибе жинақтау, практикалық дағдыларды жан-жақты дамыту қажет. Әрине, резервтің тиімділігін белгілі бір позицияда бағалау маңызды. Қазақстан республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі стрегиялық HR ретінде жалпы «Президенттік Жастар кадрлық резерві» жобасын дамытудың стратегиялық жоспарын әзірлеуі қажет. Өйткені ол талантты да жігерлі жастарды ашық іріктеудің маңызды құралы болуға, кейіннен олардың әлеуетін елдің дамуы үшін пайдалануға тиіс. Менің ойымша, бұл жоба мемлекеттік қызметтің кадрлық құрылымында сапалы өзгерістер жүзеге асырылатын ең тиімді HR құралдарының бірі саналады. Әлемнің көптеген дамыған елдеріндегідей, атап айтқанда, Сингапурда мемлекеттік қызметшілердің мәртебесін көтеру өте-мөте маңызды міндет. Олар елдегі ең жоғары жалақы алатын және сұранысқа ие болуы керек. Осылайша, кадр саясатында жаңа парадигма жүргізіледі: мемлекеттік қызметшілер санын қысқарту және сапалы құрамға назар аудару. Мемлекеттік қызметшілерді кәсіби қасиеттерін арттыру мақсатында үнемі оқытып отыру, дамыту қажет. Бұл жұмыс бүгінгі саяси шындықтар, цифрлық технологиялардың дамуы, жаһандану және елдің ішкі және сыртқы саясатындағы интеграциялық процестер аясында жүйелі негізде құрылуы тиіс.
Егер мен өзім туралы айтатын болсам, бүгін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінде жұмыс істеймін, «Президенттік Жастар кадрлық резерві» аясында жұмысқа орналастым. Ең жоғары мемлекеттік органның қызметкері ретінде, әрине, әлеуметтік салада, атап айтқанда, мәдениет, спорт және жастар саясаты саласында жаһандық стратегиялық маңызды міндеттерді қалыптастыруда зор тәжірибе жинақтап жүрмін. Президент Әкімшілігіне дейін екі жыл Шымкент қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары болып жұмыс істедім, онда техникалық және кәсіптік білім беру, білім беру саласындағы цифрландыру мәселелеріне, сондай-ақ жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға жетекшілік еттім. Жергілікті атқарушы органдағы саясатын көріп, жалпы мен үшін үлкен тәжірибе болды.
Мен жобаның барлық артықшылықтарын пайдаланған резервшімін және оның басты идеясы – талантты жастар үшін «әлеуметтік лифтін» пайдалану мүмкіндігі.

– Аталған жобаның артықшылықтары қандай?

— Мен «Президенттік Жастар кадрлық резерві» жобасын дамыту туралы көзқарасым туралы бөліскім келіп тұр. Әрбір жоба уақытша мән-жайлар ағымында, практикалық кейстерді, жұртшылықтың ұсыныстарын, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өңірлік өкілдіктерін және т.б. ескере отырып, жетілдіріледі. Осылайша, олар әр түрлі саладағы керемет мамандарды таңдады. Бірақ мемлекеттік тілді білмеу мемлекеттік қызметтегі көптеген лауазымдардан бас тартуға себеп болды. Олардың орнына ең қажетті адамдарды таңдауға болатын еді, мысалы, оларды жұмысқа орналастыру. Осылайша, «Президенттік Жастар кадрлық резерві» 2.0 келесі жобасында үміткердің қазақ тілін орта деңгейде білетінін анықтайтын B1 деңгейінен төмен емес ҚАЗТЕСТ сертификатының болуы деген жаңа талап пайда болды. Менің ойымша, бұл дұрыс шешім болды. Ең бастысы, республика бойынша ең сұранысқа ие топ-менеджердің картасын жасау қажет деп санаймын. Сонда біз жоғары білікті мамандардың кадр тапшылығын көру кере аламыз. Мысалы, қазір білім беру, мәдениет және спорт саласында білікті кадрлардың тапшылығы байқалады. Сондықтан қызметтің барлық салаларында кадрларға сапалы және сандық қажеттілік картасын жасау керек. Бүгінгі таңда басты назар халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын дамытуға, елдегі қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын сақтауға, Қазақстан азаматтарының әл-ауқатын жақсартуға бағытталғанына назар аудара отырып, әлеуметтік-экономикалық салаларға кандидаттарды іріктеуді бастау орынды деп санаймын.

– Президенттік кадр резерві жобасы ел ішіндегі талантты жастарды қамтуға септігін тигізеді деп ойлайсыз ба?

– Жақында Назарбаев Университетінің базасында өткен бір кездесуде Шигео Катсу мырзаның (сол кездегі университет ректоры – ред.) Қазақстан дарынды балаларға бай екенін, тек олардың әлеуетін ашу керек деген сөзін естідім. Әрине, әлеуетті ашу үшін осы салаға қомақты инвестициялар қажет болады. Бізде қаншама ауыл жастары бар. Олар орталықтан алыста тұрады, кәсіби тұрғыдан дамуға мүмкіндігі бола бермейді. PISA зерттеуінің нәтижелері бойынша, қалалық және ауылдық оқушылар арасындағы білім сапасындағы алшақтық бір жарым жылды құрайды. Ауыл жастарына сапалы білімге қол жетімділік жағынан тең емес екендігін растайды. Бірақ мен бір нәрсені білемін: егер сіз оларға даму үшін барлық қажетті ресурстарды берсеңіз, онда біздің елде талантты жастардың жаңа галактикасы, біздің елімізге қазір өте қажет жоғары білікті мамандар пулы өседі деп болжауға болады. Жалпы мен оның ұстанымымен келісемін және қазақтардың генетикалық коды ақылды және білімге құштар екеніне сенімдімін.

– Резервке өткен жастармен байланыс орнатып хабарласып тұрасыздар ма?

– Әрине, қазақта «Бір көрген — біліс, екі көрген — таныс» деген мәтел бар. Хат-хабар алмасып, жұмыс барысында, басқа да іс-шараларда кездесіп тұрамыз. Жобаның күші – бірлікте екендігін баса айтқым келеді. Бұл ынтымақтастық, байланыс және бір-бірімізге өзара қолдау көрсету деп сипаттауға болады. Президенттік кадр резервіндегі жастардың бәрі өті білімді, өз саласының мықты мамандары. Біздің арамызда министрлер, вице-министрлер, әкімнің орынбасарлары, орталық мемлекеттік органдар аппараттарының басшылары, Парламент Мәжілісінің депутаты, облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттары, қоғам қайраткерлері және тағы басқалар бар екенін мақтан тұтамыз. Қазақстан республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ақпаратына сәйкес, бүгінгі таңда 350 резервшінің 252-сі «Президенттік Жастар кадрлық резерві» шеңберінде жұмысқа, оның ішінде 21-і саяси лауазымдарға тағайындалды. Бұл аталмыш жобаның тиімділігін тағы да айқындай түседі. Президент Қасым-жомарт Тоқаев еліміздегі адами капиталды дамытуға, оның ішінде нақты институттар құру арқылы жастардың әлеуетін дамытуға ерекше назар аударады. Олардың бірі және бірегейі «Президенттік Жастар кадрлық резерві» екені сөзсіз.
Осы жобаның арқасында пікірлес адамдар мен жаңа достарды кездестіргеніме ризамын, қатарластарыңмен бір трендте болу әрқашан қызықты. Сонымен қатар, көптеген кездесулерді резервшілердің өздері ұйымдастырады. Көптеген ұсыныстар мен идеялар бірлескен күш-жігермен жүзеге асырылады. Күш — бірлікте екеніне тағы да көзім жетті. Шығармашылық ойлау, эрудиция, жаңа идеяларға ашықтық, сондай-ақ, әрине, «Президенттік Жастар кадрлық резерві» жобасының өзі бізді біріктірді.
Менің ойымша, бүгінгі күні жаңа саяси элита өсіп келеді. Ол бәсекелес емес, «Қазақстанның игілігі үшін» деп аталатын бір командада жұмыс істейтін болады деп үлкен сенім артамын.

— Әңгімеңізге рахмет! Әрдайым биіктен көріне беріңіз!

Сұхбаттасқан Қуаныш Рахмет

Бүгін, 15:04
Астаналық зейнеткерлерге интернет-алаяқтардан қорғану жолдары түсіндірілді
Бүгін, 12:58
Туркестан: Борьба с саранчой продолжается
12 мамыр, 15:00
Аким Туркестанской области встретился с президентом компании "Magister Art" Ренато Сапорито
12 мамыр, 14:38
Туркестан: Ведется масштабная работа по улучшению дорожной инфраструктуры
12 мамыр, 14:30
Туркестан: Социальные объекты - на благо населения
12 мамыр, 14:16
Туркестан: В Жетысайском районе завершаются работы по восстановлению вертикального дренажа
12 мамыр, 14:14
Туркестан: В Тюлькубасе прошел республиканский конкурс молодежного творчества
08 мамыр, 14:51
4 завода по переработке водосберегающих технологий расположены в Туркестанской области
07 мамыр, 19:59
Алматы облысында Отан қорғаушылар күні айрықша аталып өтті