Гуманизм қадамы: 1500 адамға рақымшылық жасалады

28 қазан 2022, 11:50

«Заңда рақымшылық жасауды қолдану шарттары, тәртібі және ол қаңдай адамдарға қолданылмайтыны туралы нақты нормалар белгіленген. Бұл заңды тәртіп бұзуға жол берген адамдарға қатысты қоғам мен мемлекет тарапынан жасалған гуманизм қадамы деп қабылдаймыз. Бұдан былай осындай қайғылы оқиғалар елімізде ешқашан қайталанбайды деп сенеміз». Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев «Рақымшылық жасау туралы» заң жобасына қатысты пікірінде осылай деді.

Кеше Сенаттың жалпы отырысында «Рақымшылық жасау туралы» заң қабылданды. Бұл заң жобасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы ізгілік идеясының негізінде игі ниеттілік танытып, қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жасау туралы тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленді.

Сенатор Ләззат Сүлейменнің айтуынша, ұсынып отырған заң жобасы қаңтар оқиғасы кезінде жасалған қылмыстар бойынша жауапқа тартылатын адамдарға мемлекет пен қоғам тарапынан гуманизм мен мейірімділік актісі болып отыр. «Тергеу органдары қаңтар оқиғасы кезінде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған 1600-ге жуық адамды анықтап, оларды жауапқа тартты. Оның ішінде 1 112 адамға сот үкімі шығарылды. Басқаларының істері тергеу сатысында. Рақымшылық сотта да, тергеуде де қолданылады», – деді ол.

Сенат депутаты заң жобасының негізгі ережелеріне тоқталды.

Жасалған қылмыстардың нақты уақыт аралығы және рақымшылыққа іліккен азаматтар тобы белгіленді. Заң жобасы теріс қылық, ауырлығы төмен және орташа қылмыс жасағандарды жазадан толық босатуды көздейді. Ал жазасын өтеп шыққандардан соттылық алынады. Ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандарға жаза мерзімін азайту көзделген. Ауыр қылмыстарға қатысты сот тағайындаған мерзімнің төрттен үш бөлігі, ал аса ауыр қылмыстар бойынша мерзімінің жартысы қысқарады.

Сотталған тұлғаның жазаны өтеу мерзімі бір жылдан аз болса, онда ол жазаны өтеуден босатылады. Алайда бұл шараны қылмыс жасағандарды ақтау немесе кінәсіз деп тану ретінде түсінуге болмайды. Бұл шара – қаңтар оқиғасына қатысушыларды жазадан босату туралы Президенттің шешімі.

«Осы заң жобасының өз ерекшеліктері бар. Бұрын болған рақымшылық кезінде айыпталушы міндетті түрде келтірілген шығынды өтеуі тиіс еді. Бұл жолы келтірілген залал өтелген соң ғана рақымшылық жасалады деген талап қойылмайды. Алайда мүлік иесі материалдық шығынды сот арқылы азаматтық-құқықтық тәртіпте өндіріп алуға құқылы», – деді Ләззат Сүлеймен.
Заң жобасындағы тағы бір ерекшелік – бұған дейінгі қалыптасқан тәжірибе бойынша бас бостандығынан айыру мекемесінде жазасын өтеп жатқан адамға рақымшылық жасау үшін міндетті түрде оның жүріс-тұрысы, тәртібі ескерілетін. Жазаны өтеу тәртiбiн қасақана бұзушы сотталған адамдарға рақымшылық қолданылмайтын.

Ұсынылып отырған заң жобасында ондай талаптар жоқ. Сондай-ақ алдағы уақытта қаңтар оқиғасындағы қылмыстар ашылатын болса және осы заң жобасында көзделген баптарға сәйкес соттылық болған жағдайда ол бойынша рақымшылық жасалады.

Рақымшылық 1500-ге жуық адамды қамтиды. Олар негізінен заңсыз үгіт-насихатқа еріп, ұрлық, бүлік жасап, өртегендер. Олар сотпен жазаның неғұрлым жеңіл түріне тартылып жатыр. Гуманизм қағидасы қылмыс жасаған адамдарға осыған дейін де қолданылды», – деді депутат.
Террористер, экстремистер, рецидивистер, азаптау жасағандар, тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар, мемлекетке опасыздық жасағандар рақымшылыққа ілінбейді.

Қаңтар оқиғасы бойынша терроризм бабымен 46 адам, жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушы ретінде 20-ға жуық адам күдікті деп табылды.

Бас прокурордың орынбасары Әсет Шыңдалиев: «Қазіргі кезде терроризм бабы бойынша екі іс қаралып жатыр. 24 ұйымдасқан топтың мүшелері қылмыстық жауапкершілікке тартылуда. Ал терроризм бойынша 46 адам күдікке ілінді», – деді. Сонымен қатар ол қаңтар оқиғасы кезінде қылмыс жасаған адамдардың арасында басқа елдердің азаматтары болғанын атап өтті. Бірақ олардың қай мемлекеттерден келгені айтылмады. Қаңтар оқиғасы кезінде заң бұзған құқық қорғау органдары қызметкерлерінің тек біреуіне рақымшылық жасалады.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Парламент қабылдаған «Рақымшылық жасау туралы» заңға қатысты өз пікірін білдірді: «Қабылданған заң Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында берген тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді. Заң «Қасіретті қаңтар» оқиғасы кезінде тәртіпсіздіктермен байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтарға барған азаматтарды қылмыстық жауаптылықтан босатуды және олардың жаза мерзімдерін қысқартуды көздейді. Сонымен қатар заңда рақымшылық жасауды қолдану шарттары, тәртібі және ол қаңдай адамдарға қолданылмайтыны туралы нақты нормалар белгіленген».
Құжат қазақстандықтарды қылмыстық теріс қылықтары мен ауырлығы аз және орташа қылмыстары үшін жазадан босатуды көздейтін нормаларды қамтиды. Мұндай қылмыстар үшін жазасын өтегендерден соттылығы алынады. Ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандарға: ауыр қылмыстар үшін сот тағайындаған мерзім төрттен үшке, ал аса ауыр қылмыстар үшін жартысына қысқарады.

Бұдан басқа, заңда жазадан босатылғандарды жұмысқа орналастыру, медициналық көмек көрсету және құжаттарды ресімдеу шаралары қарастырылған.

Талап Тілеген

26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында ұздіксіз жұмыс жүргіземіз
26 шiлде, 11:33
Мұхит Тұрғараев: Жарты жылда мыңнан астам қызмет көрсетілді
25 шiлде, 17:38
Түркістан: Есірткіге қарсы профилактикалық шаралар қарқынды жүріп жатыр
25 шiлде, 13:52
Діндер съезі толеранттылық пен тұрақтылыққа қызмет етеді
24 шiлде, 15:23
Түркістан: Басты мақсат-қылмыстың алдын алу
23 шiлде, 12:11
Түркістан: Миллиондаған қарызы бар борышкер мен мас жүргізуші құрықталды
23 шiлде, 12:06
Түркістан: «Таза Қазақстан» аясында 21 000-нан астам құқық бұзушылық анықталды
23 шiлде, 11:56
Түркістан: Шардара ауданында профилактикалық іс-шаралар жалғасуда
22 шiлде, 14:26
Түркістан: Жетісай ауданында қауіпсіздік іс-шаралары өтуде