Отандық БАҚ

2018 жылы дербес облысы болып құрылған қасиетті мекен — Түркістан облысындағы бұқаралық ақпарат құралдарының қазіргі тыныс-тіршілігі қандай? Өңірдегі журналистиканың дамып-өркендеуі турасында Қазақстан Журналистер Одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Ахмет Байтұрсынов атындағы «Сөз зергері» сыйлығының иегері, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, белгілі қаламгер Ғалымжан Елшібайдан сұрап, сұхбаттасудың сәті түсті.
— Ғалымжан аға, әңгімені Түркістан облысының құрылғанына биыл бес жыл толған мерзімде жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының қандай белестерді бағындыра алғанынан бастасақ. Бес жылдық белесте БАҚ саласының өрісі қаншалықты кеңейді?
— Бұл сұрақтың жауабын мынадан бастағанды жөн көріп отырмын. Халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, ұлт журналистикасының ұстазы Шерхан Мұртаза сонау 90-шы жылдардың басында-ақ Түркістанның жеке облыс орталығы болуы тиістігін айтып, «Түркістан болашағының жоба-жоспарын қазір қолға алған ләзім. Бұл — мемлекеттік үлкен мәселе» деп мақала жазған екен. Даңқты қаламгердің көрегенділігін уақыттың өзі дәлелдеп отыр емес пе? Міне, бес жылдан бері Түркістанның еліміздегі ғана емес, халықаралық деңгейдегі мәртебесі өсті.
Бүгінгі Түркістан – күллі түркі әлемінің назарындағы рухани орталық. Киелі қаланың кемел келешегін болжаған Шерағаңның 90 жылдығын былтыр кең ауқымда атап өттік. Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен халықаралық симпозиумның өтуіне, шығармашылық кездесулердің ұйымдастырылуына ұйтқы болдық. Ел Президентінің кеңесшісі, Шерағаңның шығармаларын түрік тіліне аударған Мәлік Отарбаев, «Шерхан Мұртаза» атындағы медиа сыйлықтың тұңғыш иегері, белгілі журналист Қайнар Олжай, «Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары, перзентінің есімін Шерхан деп қойған Талғат Батырхан, Өзбекстаннан талантты жазушы, Шерағаңның әңгімелерін өзбек тіліне аударған Қазақбай Юлдашев, қырғыздың белгілі әдебиетшісі Келдібек Қойлыбаев, Жамбыл облысынан Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы директорының орынбасары, белгілі айтыскер ақын Ахметжан Өзбеков келіп қатысқан басқосуда келелі әңгімелер айтылды. Шерағаң Таразда тіршілік кешкенде онымен көрші тұрып, өте жақын қарым-қатынаста сырлас, сыйлас інісіне айналған, бүгінде «Әулиата» медиахолдингінің бас директоры, облыстық мәслихаттың депутаты, бастысы — талантты қаламгер Оралхан Дәуіт досым да осы іс-шараның өтуіне белсене атсалысты. Әзірбайжан мен Түркиядан онлайн байланыс арқылы әйгілі ғалымдар да қосылып, Шерағаңның шығармашылығы, оның түркі дүниесіндегі айрықша орны жайында сыр шертті. Халық жазушысының 90-жылдық мерейтойы аясында Түлкібас ауданы мен Түркістан шаһарында ол тұтынған заттар, киімдер мен тарихтан сыр шертетін суреттері көңіл толқытқан көрме өтті. Студенттер арасында «Шерағаң айтқан шындық: кеше және бүгін» атты өңірлік пікірсайыс ұйымдастырылды. Алматы, Шымкент, Тараз, Түркістандағы журналистика факультеттерінің студенттері арасында шығармашылық байқау өткізілді. Бұл — Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының ұйтқы болуымен қолға алынған көп іс-шаралардың біреуі ғана.

Түркістан облыс орталығы болғалы, өңір журналистикасы дамудың жаңа кезеңіне қадам басқаны анық. Бұған дейін шеткі өңір, провинция ретінде саналып келген Түркістанда қазір заманауи журналистік орта қалыптаса бастады. Түркі әлемінің қарашаңырағы атанған қасиетті қалада соңғы бес жылда журналистердің қатысуымен түрлі халықаралық және республикалық форумдар мен семинарлар өткізілуде. Сонау 2018 жылы «TURKISTAN: JANA AQPARATTYQ KENISTIK» халықаралық журналистер форумына түркітілдес елдердің БАҚ өкілдері қатысты. Бертінде қатарынан екі рет «Turkistan Open Media» форумын жоғары деңгейде өткіздік. Оның жұмысына еліміздің бірнеше өңірінен журналистер, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев та қатысып, форумның жұмысына жоғары бағасын берді. Былтыр «Журналистика мен блогосфера: азаматтық қоғамның қалыптасуына ықпалы» тақырыбындағы форум ұйымдастырылды. Осыдан-ақ түбі бір түркі жұрты журналистерінің өзара қарым-қатынасын күшейтудегі Түркістанның маңызын шамалай беріңіз. Әлбетте, мұндай шаралар жергілікті һәм отандық журналистиканың деңгейі мен сапасын арттыруға, өрісін кеңейтуге септігін тигізетіні сөзсіз.
Айта кетерлігі, өңір журналистикасының дамуында іскер басшы Жанар Амангелдіқызы тізгін ұстаған Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің алар орны ерекше. Журналистика мамандығы бойынша кадр даярлауда көп жылдық тәжірибесі бар оқу орнында заманауи тенденциялар ескеріліп отырады. Мұнда Түркияның таңдаулы оқу орындарымен серіктесе жасалған цифрлық журналистика, тележурналистика, веб-дизайн мен конвергентті журналистика секілді пәндер бойынша бауырлас елдің айтулы мамандары дәріс береді. Жылда іріктеуден өткен студенттер Түркияға барып білім алады. Журналистика саласында дәл осындай белсенділік танытып жатқан жоғары оқу орындары елімізде некен-саяқ. Осының өзі Түркістанда заманауи журналист мамандары даярланып келе жатқанына дәлел. Түркістанның даңқын дүркіретіп келе жатқан бірінші кезекте әрине Қожа Ахмет Яссауи кесенесі болса, одан кейінгі елдің ерекше назарын аударған бұл халықаралық оқу орны мен Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филилалы арасында меморандум түзіліп, болашақ мамандарға шеберлік сабақтарын өткізу дәстүрге айналды. Шеберлік сабақтарын өткізуге өңірдегі танымал тілшілерді ғана емес Алматыдан Досымбек Қонысбек, Жұлдыз Әбілда, тағы басқа да белгілі әріптестерімізді шақырып жүрміз.
— Енді нақты сандарды сөйлетсек. Түркістан облысында бүгінгі таңда қанша телеарна, радио, газет-журнал, сайт бар?
— Қазір облыс көлемінде 71 бұқаралық ақпарат құралы өз жұмысын жүргізіп отыр. Оның ішінде 48 мерзімді газет, 3 журнал, 6 телеарна, 1 радио және 13 интернет сайты ақпарат таратуда. Бірақ мұнда мына бір жайтты атап өтпеске болмайды. Түркістан мен Шымкент – еншісі бөлінбейтін қос өңір. Екеуін бөліп қарау мүмкін емес. Оңтүстік Қазақстан облысы кезінен бастап дамыған Шымкент пен Түркістанның ақпараттық саласындағы байланысы өте тығыз. Қазір бірқатар республикалық телеарналар мен ақпараттық порталдардың меншікті тілшілері екі өңірге де ортақ қызмет етеді. Бүгін Түркістанда жүрген журналист ертең Шымкентте де жүреді. Журналистер арасында ұйымдастырылатын әр алуан іс-шаралар, спорттық жарыстар болсын, басқа да жиындарға бірлесіп атсалысады. Сол себепті, Шымкентте тіркелген ақпарат құралдарын да «түркістандық» деп атауға толық негіз бар. Өйткені Түркістан облысы мен еліміздің үшінші мегаполисіндегі бірлігі жарасқан журналистер қауымының мұңы да, талап-тілегі де бір.
— Жеке өзіңіз бүгінгі журналистиканың бағытына, даму үдерісіне қандай баға бересіз? Отандық ақпарат кеңістігіндегі жағдайға көңіліңіз толады ма?
— Әлбетте, ұлттық журналистикада ізденіс, заманауи тенденцияларға ілесіп отыру, жаңа жанрларды меңгеру жүріп жатыр. Оны жоққа шығармаймын. Сапалы, оқылымды дүниелермен ерекшеленіп жүрген журналистердің қатары көбейіп жатса, демек ұлттық журналистиканың дамуында оң өзгерістер бар деген сөз. Әйткенмен, қордаланып жатқан мәселелер көп. Олардың біразы қажет десеңіз ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатысы бар. Соңғы жылдардағы тенденция — оқырмандар мен көрермендердің негізгі аудиториясы әлеуметтік желілердің платформасына ойысты. Бұл дәстүрлі ақпарат құралдарының біразына соққы болып тиді. Бірқатар басылымдар жабылды, біразы электронды форматқа көшті.
Қазіргі кезең – ұлттық журналистика үшін сындарлы сәт деп те айтар едім. Былтырдан бері еліміздің ақпараттық қауіпсіздік мәселесі қызу талқылана бастады. Бұл тақырыпқа тіпті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та назар аударып, мәлімдеме жасады. Өкінішке қарай, елімізде сыртқы үгіт-насихаттың ықпалы күшті болып отыр. Ақпараттық-сараптамалық материалдарында өзге елдің жүргізіп отырған саясатын астыртын қорғаштап, қоғамдық сананы өз ыңғайына бұрғысы келетін, Қазақстанға тікелей ақпараттық шабуыл жасап жүрген БАҚ-тар, сондай-ақ Телеграм-каналдар да жоқ емес. Оған төтеп берудің жалғыз амалы – отандық ақпарат құралдарын күшейту. Осы бағытта салалық министрлікпен бірге журналистер қауымы да жұмылып, күш салуы керек.
— Өңірлік журналистикаға қайта ойыссақ. Түркістан өңіріндегі тілші қауымды нендей мәселелер толғандырады? Өзіңіз айтып отырған ақпарат құралдарының бүгінгі жұмыс қарқынына көңіліңіз тола ма?
— Өңір журналистикасында қозғайтын тақырыптар, шешімін табуға тиіс мәселелер баршылық. Олар талқыланып жүр, ұсыныстар айтылып та жатыр. Көңілді алаңдататын жайттар жоқ емес. Мәселен, аудандық газеттердің жай-күйі. Оны қазір кім ойлап жатыр? Аудандық, қалалық басылымдардың біз жақта тек бірді-екілісі келешекте сатып алу құқығымен сенімді басқаруға берілгені болмаса, түгелге жуығы жекешеленіп кетті. Былтыр біраз аудандарды аралап, жергілікті редакция қызметкерлерімен тілдескенімізде әлеуметтік ахуалдарының құлдырауына көңілім құлазыды. Әлі күнге дейін оқырманнан қол үзбеген шағын басылымдарға қолдау көрсету, журналистердің әлеуметтік мәртебесін көтеру — кезек күттірмейтін шаруа.
Күн тәртібіндегі түйткілдердің бірі – журналистік этика мәселесі. Журналистер мен блогерлердің қарым-қатынасына қатысты сұрақ толастамай тұр. Осы мәселе өңірдегі журналистерді толғандырып отыр. Күн тәртібіндегі тақырыпты ресми орган өкілдерінің, Мәжіліс депутаттарының қатысуымен өткен түрлі дөңгелек үстелдерде, кездесулерде бір емес, бірнеше рет талқыладық. Қазір жер-жерді аралап, түрлі мекемелерді бопсалап жүргендерге қарап, жұрт «бұлар блогер ма, бәлегер ма?» деседі. Таяқтың бір ұшы журналистерге де тиеді, әрине. Себебі, барған жерінде өздерін журналист деп таныстырады. Төртінші биліктің атына осылай кір келтіріп жүргендердің әрекетіне тосқауыл қойып, заң жүзінде қатаң жазалаған дұрыс.
— Заң демекші, журналистердің жұмысына, ақпарат алуына кедергі келтіру немесе қоқан-лоққы, қысым көрсету әлі де жойылмай тұрғаны анық. Бұл жайттар Түркістан, Шымкент жақтарда да орын алды емес пе?
— Кәсібіне адалдық танытқан журналист өз міндетін атқару үшін оқ пен оттың ортасында жүріп ақпарат жинайды, материал әзірлейді. Өкінішке қарай, олардың жұмысына тосқауыл қоюға бағытталған әрекеттер азаймай тұр. Журналист Амангелді Батырбектің отбасына қастандық жасалды. Оған атылған оқ баласына тиіп абырой болғанда Алланың, дәрігерлердің жылдам жәрдемі арқасында аман қалды. Қастандықты ұйымдастыруға тапсырыс беруші Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы Бауыржан Майрихов болып шығып ұзақ жылға сотталып кетті. Осы орайда Түркістан облыстық полиция департаментінің сол оқыс оқиға орын алған тұстағы басшысы генерал Қайрат Дәлбековтің қылмысты ашуға барынша күш салуды қадағалауда ұстағанына, оқ атылған күні дабыл қаққан Журналистер Одағымен тығыз байланыста болғанына алғысымыз зор.
Біз журналистердің құқықтары үшін күресті тоқтатпаймыз.
— Билік пен халық арасындағы алтын көпір орнатушы журналистер әлеуметтің әлеуметтік мәселесін көтеріп, қордалы шаруалардың оңды шешілуіне ықпал етіп жүр. Ал өздерінде арнайы мәртебе жоқ болғандықтан, үй кезегіне тұруда, баспана алуда тығырыққа тірелетіні жасырын емес. Өзіңіз басшылық ететін филиал бұл мәселеге қаншалықты үн қоса алып жүр?
— Әлеуметтік жеңілдіктер, үй кезегі, жер кезегі сияқты мәселесін шешуде Журналистер одағының атынан тиісті орындарға хатымызды ұсындық. Біз осы мәселе жөнінде Ақпарат министрі, Парламент Мәжілісінің депутаты болған Дархан Мыңбаймен де, әріптесіміз, сенатор Айгүл Қапбаровамен де бірге талқылап, ұсыныстарымызды жеткізгенбіз. Әкімшілік органдарға да ұсындық. Көзімнің жеткені бұл – заңмен шешілетін мәселе. Жаңадан жасақталған Мәжіліс құрамында журналистер қатары бұрынғыдан да көбейді. Заң шығарушы органдағы әріптестеріміз бұл мәселеден бейхабар дей алмаймын, ал оны оңынан шешуге қаншалықты ықпал ете алатындықтары біліктіліктері мен өзара бірліктеріне байланысты дүние. Журналистердің әлеуметтік мәселелерін шешуге қолдан келгенше атсалысып жүрміз. Баспана алып бермесек те, баспанасы суға кеткен әріптесімізге жәрдемдестік. Мақтааралда су тасқыны болған кезде сол аудандағы әріптесіміз, әкімдіктің баспасөз хатшысы Дінмұхамед Аязбековтің үйі суға кетіп, басына іс түскен сәтте өңір журналистері болып ортадан қаржы жинап бердік. Ол қаржы үйін жаңадан салуға толық жетпесе де, біршама көмек болғанына қатты ризалығын білдірді. Әлемді дүрліктірген пандемия Қазақстанға да, оның ішінде біздің өңірге де оңай соқпады. Осы індеттен бірқатар әріптесіміз ауруға шалдығып, жұмыс барысында дерт жұқтырып алды. Біз бір топ әріптестер ортадан ойласып, соларға қал-қадірімізше қаржылай көмектестік. Мұндай мысалдар көп, бұдан өңір журналистерінің сырт көз сүйсінетін ынтымағын аңғаруға болады.
— Төртінші билік саналатын журналистер салалық журналистикаға қаншалықты бейімделген? Жасыратыны жоқ, экономикаға, қаржы, заң басқа да салаларға маманданған журналистер кейінгі буын арасында көп табыла бермейді.
— Бізде негізінен әмбебап журналистер жұмыс істейді. Кейбіреулер оларды «кәсіби дилетант», «шала сарапшы» деп те атайды. Былайша айтқанда, көп саладан хабары бар, бірақ солардың бірін де терең меңгермеген. Бұл пікірмен белгілі деңгейде келісуге де болатын шығар. Бұрындары кәсіби ортада «журналист әр саланың 30 пайызынан хабардар болуы тиіс» деген әңгімені жиі еститінбіз. Әйткенмен, салалық журналистиканың жөні басқа. Журналист белгілі тақырыпта бір-екі күн, апта, әрі кетсе, бірнеше ай ізденуі мүмкін. Алайда тұтас бір саланы меңгеруге мүмкіндігі жоқ. Айталық, іскерлік, экономикалық тақырыпта материал әзірлеп жүрген журналистер бар. Бірақ олар қозғалып отырған күрделі экономикалық мәселелерді, қаржылық саланың заңдылықтарын қаншалықты терең түсінеді? Үкіметтің қадамдарын, бизнес саласында қалыптасқан жағдайларды, нарықтық тенденцияларды қаншалықты сараптап, баға бере алады? Экономиканың күрделі процестерін қарапайым халыққа түсінікті тілмен жеткізіп беру тағы бар. Ол үшін, әрине, журналистің экономикалық білімі болуы тиіс. Шетелде бұл мәселені өзге саланың білгірлерін журналистикаға тартумен шешкен. Кәсіби сарапшылар – экономистер, докторлар, экологтар, инженерлер мен ғалымдар журналист, колумнист ретінде жұмыс атқарады.

Әрине, мұның барлығы әмбебап журналистиканың орнын ешқандай да құнсыздандырмайды. Әр журналист қоғамдық маңызы бар тақырыпты қозғарда ізденеді, зерттейді, тіпті басын қатерге де тігеді. Кезінде өз басым Иегова куәгерлері жайында материал әзірлегенде шіркеулеріне үш күн барып, өтірік «шоқынып» жүрдім. Кірме діннің апанына қандастарымыз қалай топ-тобымен, отбасымен бірге жаппай құлап жатқанына терең араласып жүріп көз жеткіздім. Қоғамнан бөлектеніп, жасырын әрекет жасап жүрген жат ағым жайлы дерек жинақтап, журналистік материал әзірлеу үшін кейде осындай да қадамдарға баруыңа тура келеді.
Жалпы салалық журналистиканың дамуына объективті факторлар әсер ететінін де ескеру қажет. Пандемия кезеңінде медициналық журналистикаға сұраныс күрт артты. Сананы мазалаған сан сауалдың жауабын көпшілік ақпарат құралдарынан іздемеп па еді? Соңғы жылдардағы климаттың өзгеруі экологиялық журналистиканың да дамуына әсер етті. Әлем журналистикасында қоршаған ортаны қорғау жайлы терең зерттеу жүргізуге шамасы жететін эколог-сарапшыларды редакцияға шақыру тенденцияға айналды. Біз де бұл үрдістен қалмауымыз тиіс. Қазақ журналистикасында мүлдем қамтылмай қалған салалар аз емес. Ерте ме, кеш пе, сол салаларды қамтуымызға тура келеді.
— Түркістан облысының журналистері арасында спорт түрлерінен спартакиада, түрлі турнир ұйымдастырылады. Әрі бұл дәстүрге айналып, бір ізге түсіп, жыл сайын өткізіледі. «Арқалағаны алтын, жегені жантақ» БАҚ саласының қызметкерлері арасында тағы қандай іс-шара ұйымдастырылады?
— Жылда кәсіби мерекеміздің қарсаңызда өткізілетін дәстүрді Спартакиадаға деген қызығушылық жоғары. Тіпті былтыр өңір журналистерінен құралған команда республикалық жарыста топ жарды. Нақтырақ айтсам, кәсіби мереке қарсаңында түркістандық журналистерден құралған команда Қарағандыда өткен республикалық Спартакиаданың чемпионы атанды. Осының өзі біз үшін үлкен абырой. Жалпы әріптестеріміздің басын қосып, ынтымақтастығын, ауызбіршілігін арттыруға бағытталған шараларды жиі ұйымдастыруға тырысамыз. Тек өзімізбен шектелмей, көршілес Жамбыл және Қызылорда өңірлеріндегі әріптестерімізді жиі шақырамыз. Жергілікті журналистердің мерейтойларын ұйымдастыруға ұйтқы болып жүрміз. Қасиетті Ораза айында журналистердің басын қосып, Журналистер одағының атынан ауызашар береміз. Өмірден өткен әріптестерді еске алып, Құран бағыштаймыз.

Бұдан бөлек, өңірлік журналистиканың тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында бірқатар аудандарды аралап, жергілікті редакция қызметкерлерімен кездесулер ұйымдастырдық. Айтпақшы, өзге өңірлерге қарағанда өте қызықты һәм тартысты өтетін спартакиадада спорттың бірнеше түрінен бақ сынасақ, оның әрқайсысын өңірге, елге кеңінен танымал болып, ғұмыр кесесі толған журналистер атындағы жеке-жеке сыйлықтар тағайындап келеміз. Онда да журналистика ұлтқа, дінге, ру-жүзге, жершілікке бөлінбеу керек деген ұстаныммен біздің өңірде туылмағанымен, елімізде отындық журналистиканы дамытуға сүбелі үлес қосқан, өшпес қолтаңбасы қалған әріптестерімізді насихаттау жағын да ескереміз. Мұның бір мысалы, жас журналистердің шығармашылық ізденісіне қолдау білдіру мақсатында, дәстүрлі түрде Бейсен Құранбек атындағы стипендия беріліп келеді. Стипендиаттарды марапаттау кезінде де шығармашылық жиын өткіземіз. Алдағы уақытта да журналистердің ынтымақ-бірлігін арттыратын осындай шараларды белсенді түрде ұйымдастырып отыру ойластырылуда.
— Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбатты жазып алған Қуаныш Рахмет,
Түркістан облысы