
Қазақстанның алпауыт елдермен қарым-қатынасы қандай? Мемлекетімізге қай тараппен байланыс жасаған тиімді? Елдің ішкі саясатына қатысты қолға алынған реформалар жұмыс істеп жатыр ма? Бұл сауалдарымызға саясаттанушы Есхат Мәден жауап берді.
— Елімізге АҚШ-тың мемлекеттік хатшысының сапар жасауы тұрғысынан қарайтын болсақ, еліміздің осы алпауыт елмен ара-қатынасы қандай деңгейде?
АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің Қазақстанға сапары оның осы қызметке тағайындалғаннан кейіргі алғашқы сапары болып саналады. Осы жолы Энтони Блинкеннің «С5+1» форматында өткізген конферениялары АҚШ үшін Орталық Азияда өзінің ықпалын жүргізу мақсатында ұйымдастырылды. Бәрімізге белгілі Қазақстан негізінен көпвекторлық саясатты ұстанады. Оның бірі — АҚШ-қа қарай бағытталған. Сондықтан бұл сапарда Орталық Азиядағы АҚШ-тың мүддесі де, Қазақстанның мүддесі де бар. Қазақстандағы мұнай экспортымен АҚШ-тың инвестор компаниялары да айналысады. Басқа көптеген салаларда да алпауыт елдің Қазақстанмен байланысы бар. Дегенмен Қазақстан бұрыннан Ресейдің ықпалындағы мемлекет екенін ескеруіміз керек. Тек Украина мен Ресейдің арасындағы соғыс қалай дегенмен де Ресейдің Орталық Азиядағы ықпалын азайтқанын көріп отырмыз. Екінші жағынан, Ресеймен жұмыс жасау Қазақстан үшін көптеген қолайсыздықтар алып келуде. Қазір нарықта мұнайдың бағасы қаншалықты қымбат болса да, Қазақстан өз мұнайын экспортқа шығара алмай отыр. Сондықтан Қазақстан мен Орта Азия мемлекеттері бүгінде альтернативті жолды іздеп жүр. Мұнайды Еуропаға шығару үшін Баку, Тбилиси, ары қарай Түркия арқылы Еуропаға жөнелту ойластырылуда. Бұл жердегі ауқымды мақсаттарды орындауға ықпал етуші мемлекет АҚШ болмақ. Қазірдің өзінде Ресейге салынған санкциялардың кесірінен Қазақстанға келіп жатқан экономикалық зардаптарды жеңілдету үшін Энтони Блинкен АҚШ тарабы сауданы дамытуға 25 млн доллардай инвестиция бағыттайтынын жеткізді. Бұл серіктестіктің ең алғашқы қадамы деп ойлаймын. Алда әрі қарай да инвестиция жалғаса береді.
— Еліміз Қытаймен де сауда-саттықты ұлғайтпақшы. Қытай жағы әсіресе қазақстандық ауыл шаруашылығы импортына қызығушылық танытып отыр. Бұл бағыттағы мүмкіндіктеріміз қандай?
Қазақстан мен Қытайдың арасындағы сауда байланысын соңғы 10 жыл бойы байқап, зерделеуге болады. Біз Қытаймен сауданы тиімді ету үшін қытайлық тараптың сұранысын ойлау керекпіз. Олар қазақстандық ауыл шаруашылығы тауарын не үшін қажет етіп отыр? Ол, әрине, алдымен Қытайдың ішкі сұранысына байланысты. Ал Қытайдың азық-түлік, ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген ішкі сұранысы өте жоғары екенін білеміз. Жалғыз Қазақстан ғана олардың бұл сұраныстарын толық қамти алмайды. Сондықтан Қытаймен осы жағынан сауда жасау бізге ыңғайлы әрі тиімді болады. Қытайдағы халық санына қарасақ та, олардың сұранысы жоғары. Бұл байланыстар Қазақстан үшін ауыл шаруашылығы саласын дамытуған үлкен позитивті дүние деп қарауға болады.
— Қаңтар оқиғасы еліміздің көпвекторлық сыртқы саясатына қаншалықты әсер етті?
Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанған көпвекторлы саясатын Қасым-Жомарт Тоқаев жалғастырып келеді. Ал қаңтар оқиғасынан кейін біраз адамның ойында осы көпвекторлық саясат өзгереді деген күмән туындады. Бірақ айтарлықтай өзгеріс орын алған жоқ. Оған қаңтар оқиғасынан кейін Украина мен Ресейдің арасындағы соғыстың басталуы, Ресейдің сол соғыстан шыға алмай қалғаны әсер етіп, еліміздегі көпвекторлық саясаттың өзгермеуіне кепіл бола алды. Қазақстан көпвекторлық қатынастан бас тарта алмайды. Себебі Орталық Азияда Ресейдің ғана емес, АҚШ, Қытай, Иран, Түркияның да өз мүдделері бар. Қазақстан осы аймақтағы мемлекет ретінде сол елдердің мүдделерін есепке алуы керек. Қазақстан үшін тек бір тарапты таңдау өте қауіпті әрі ыңғайсыз болуы мүмкін.
— Еліміздің ішкі саясатына қатысты қолға алынған реформалар жайлы не айта аласыз?
Жалпы қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстанда біраз саяси өзгерістердің басы көрінді. Нақты қадамдардың ішінде референдум, Елбасы туралы заңның өз күшін жоюы ең үлкен өзгеріс деп айтуға болады. Мәселен, нақты сайлау жөнінен келетін болсақ, Мәжіліс депутаттарын сайлау процессі осыған дейін болған сайлаулардан ерекшеленеді. Халық арасында өзінің ойын қорықпай, ашық түрде айтып жүрген оппозициялық саясаткерлер болсын, өзге өзін-өзі ұсынушы кісілер болсын, олардың барлығының осы парламенттік сайлауға өткізілуі үміт ұшқынын көрсетеді. Егер алда сайлаудың нәтижесі шынымен әділ болса, бұны Қазақстанның демократиялануының, Тоқаев реформаларының іс жүзінде орындалып жатқандығының дәлелі ретінде қарастыруға болады. Осы парламенттік сайлау қазірге дейінгі партиялардың реформаларын өзгертуге, олардың өзгеше үгіт-насихат жүргізуіне шынайы тұрғыда серпіліс берді. Сайлау мәдениетінің артуына да септесуде. Алдағы сайлау тек Мәжіліс пен мәслихаттарға сайланып жатқан кандидаттар үшін емес, электораттың саяси мәдениетінің қалыптасуына да үлкен бір мүмкіндік берді.
— Соңғы реформалардың нақты нәтижесі бар ма?
Жалпы Тоқаевтың реформаларындағы осы сайлауға байланысты өзгерістерге толығырақ тоқталғым келеді. Оның алғашқысы 2019 жылдан кейін қайта енгізілген пропорционалдық-мажоритарлық сайлау жүйесі болып табылады. Кейін – сайлауға осыған дейін өткізілмей, тіркеуге рұқсат берілмеген біраз адамдардың кандидат ретінде тіркелуі, сайлауға қатысуға мүмкіндік алғаны қуантады. Бұл көзге көрінетін реформаларының бірі деп айтуға болады.
Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстанда көптеген нақты саяси өзгерістердің болып жатқандығын байқаймыз. Позитивті жағынан баға берсек, оған Қазақстанның саяси жүйесінің демократиялануының алғашқы қадамы деп баға беруге болады. Осы уақытқа дейін болмаған біраз дүниелер орын алды. 2019 жылдан кейін пропорционалдық-мажоритарлық сайлау жүйесінің қайтарылуы, жергілікті әкімдерді халықтың өзі сайлай алуы, Елбасы туралы заңның күшін жоюы, конституциялық соттың енгізілуі – бұның бәрі Қазақстандағы біраз саяси өзгерістерге әкелетіні белгілі. Бір жылдың өзінде Қазақстан басшылығы оңтүстік көршілерімізбен бірге бірнеше рет кездесті, Орталық Азияның тағдырын шешетін мәселелер талқыланды. Экономикалық тиімділіктер қарастырылды. Су, мұнайдың экспорты мәселелері де кездесулерде талқыланды. Бұның бәрінен Қазақстанның сыртқы істер жағынан болсын, ішкі істер жағынан болсын, Қазақстанның жаңа ғасырдағы реформаларын, алғашқы қадамдарын байқаймыз. Бұның барлығы Қазастанның халқы үшін, 30 жыл бойы үкіметке, мемлекетке кетіп қалған сенімнің қайтадан қалыптасуына әкелетін реформалардың алғашқы легі деп бағалауға болады.
— Сұхбатыңызға рахмет!