jasqazaq.kz

Ерғали Мұхитдинов: Масылдық қоғамда емес, адамның ұғымында

15 наурыз 2023, 16:37

Қоғамдағы қордалы мәселенің бірі — патерналистік көңіл-күйдің әлі де асқынып тұрғаны. Бұл өзі жер жүзін жайлаған ұғым-түсінік. Екі қолға бір күрек таппағандықтан емес, «Мемлекетке мені асырау — міндет» дейтін түсінікке мықтап байланғандықтан, патерналистік күй күшіне мініп тұр.
Сұхбатымыздың бүгінгі кейіпкері — саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнап келе жатқан, жасы жетпістің жуан ішін аралап кетсе де әлі аттан түспей елге қызмет етіп жүрген жан. Белгілі спорт ардагері, Қазақ күресі федерациясының тұңғыш президенті Ерғали Мұхитдиновпен әңгімеміздің негізгі өзегі осы патерналистік көзқарас төңірегінде өрбіді.

Jas qazaq: Ерғали аға, күйлі-қуаттысыз ба? Жетпістің жуан ортасына келсеңіз де, аттан түспей қызмет істеп жүрсіз. «Қорқамын кейінгі жас балалардан» деп хәкім Абай айтқандай, кейінгі толқынның арасында қазір масылдық психологиясы белең алып тұр. Өзіңіздің өнегелі өміріңізді үлгі ету мақсатында сұхбат алсақ деп едік. Патерналистік көзқарасқа қатысты пікіріңіз қандай?

Ерғали Мұхитдинов: Қазақтың бас ақыны атанған Абайдың өлеңінен мысал келтірдің ғой. Мен де айтайын, сол Абай атамыз «Еңбек етсе тіленбей, тояды қарның тіленбей» деді ғой. Демек, патерналистік көзқарас, масылдық ұғымы қай заманда да болған, әлі де бола береді. Біз бәрін қоғамға жаба береміз, заман ағысына арта саламыз. Рас, оның да әсері жоқ емес, бірақ адамның өзінің санасы оянбай, түйсігі тіршілікке бейімделмей ештеңе өзгермейді. Қай кезде де адамның еңсесін тіктейтін — еңбек. Еңбек ет, еліңе қызметіңді жаса. Сонда атақ та, даңқ та бұйырады.

Jas qazaq: Өзіңіз әлі де қызмет атқарасыз, жастарға орын тарылтып жүрмін деп ойламайсыз ба? Өйткені кей ортада жас мамандар зейнетке шыққан кадрлардың жұмыс орнын босатпауынан қызметсіз қалдық деп шағым айтады.

Ерғали Мұхитдинов: Ойыңды түсіндім. Мен, міне, қырық жылдан асты, саналы ғұмырымның осы кезеңін кафедра меңгерушісі қызметіне арнаған адаммын. Бала күнімен қазақ күресінің туын көтеріп, еңсесін тіктеймін деп тәуекел еттім. Тәубе, сол күнге жеттім. 1991 жылы құрылған қазақ күресі федерациясының тұңғыш перзиденті деген лауазымға сайлады. Енді сұрағыңа келейін. Мені осы күнге дейін қызмет сұрап, атақ қуып, болмаса мансап үшін араға адам салып көрген емеспін. Қызметке шақырады, бұйымтайын жеткізеді, келісімімді беріп, жұмыс істеймін. Алматы қаласында бірнеше жоғары оқу орындарында кафедра меңгерушісі деген қызметті абыроймен атқардым.

Қазіргі күні Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде жұмыс істеймін. Мен осы оқу ордасының спорт факультетінің кафедра меңгерушісі қызметіне келгенде универсиада сайысында университеттің студенттері 20 команданың арасында ондыққа да іліне алмаған екен. Аз уақыттың ішінде үлкен биікке көтеріп, былтыр Түркістан қаласында өткен спартакиада сайысында үштікке іліндік. Еңбек пе, еңбек. Жаңа қырық жылға жуық кафедра меңгерушісі болдым дедім ғой. Биыл да конкурстық негізде сайланатын меңгерушілік лауазымға қатыстым. Алдыңғы екі турдан өттім де, соңғы сынақтан саналы түрде бас тарттым. Жастарға үміт артып, жолымды бердім. Өзің айтпақшы, көзге шыққан сүйелдей болмай жұмыстан кетейін, кейінгі буынға орын босатайын деп шешім қабылдадым. Жоқ, университет басшылығы білім-білігімді, жиған тәжірибемді әлі де керек етіп, оқытушылық қызметке аттай қалап қалдырды.

Jas qazaq: Қырық жылға жуық кафедра меңгерушісі деген қызметті бір ғана оқу ордасында емес, бірнеше университетте абыроймен атқардыңыз. Ебін тауып екі асағандар бұл күнде қос-қостан көлік, бірнеше пәтер , зәулім үй сатып алып, тұрмыстық әлеуетін күшейтіп алады. Ал сізде бәрі керісінше.

Ерғали Мұхитдинов: Елдің ықыласынан, халықтың батасынан артық қандай атақ, марапат, байлық керек? Шүкіршілік, кезінде кеңес өкіметі тұсында берілген пәтерім бар. Қажымұқан Мұңайтпасұлы бабамыздың атындағы халықаралық турнирде кәсіпкерлер өздері ұйымдасып жеңіл көлік сыйлаған бір жылдары. Сол темір тұлпарым қажетіме әлі де жарап келеді. Төрт құбыламды түгендеймін десем, менің де қолымда біршама күш те, билік те болды. Бірақ оған арым жібермеді. Ақ адал еңбегіммен келе жатқан адаммын. Қай ортаға барсам да құрметтеп қарсы алады, қадірлеп күтеді. Бұдан артық не керек?!

Саған бір мысал айтайын, жаңа сөз арасында Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері универсиада ойындарында үштікке енді дедім ғой. Соған байланысты министрлікке марапатқа ұсынды. Бас тарттым.

Jas qazaq: Неге?

Ерғали Мұхитдинов: Жомарт есімді жас жігіт бар, бапкер. Сол азаматтың дайындаған шәкірттері өте жақсы нәтижеге қол жеткізді. Міне, еңбек! Министрлікке марапатқа осы азаматты ұсыну керек дедім. Жастарды тұқырта бермей, керісінше қолдау, демеу қажет. Алдыңғы буыннан олар жылылық, қолдау, демеу, бағыт-бағдар беруді күтеді.

Jas qazaq: Жастар демекші, сұхбатымыздың бағыты масылдық түсінікке қатысты болғандықтан да сұрайын. Әрине, көпке күйе жағуға болмайды, Десе де сіз үміт күткен жастардың арасында масылдық дертіне шалдыққандар ұшырасады. Зіңгіттей азаматтың әке-шешесінің зейнетақысына ортақтасатыны жасырын емес.

Ерғали Мұхитдинов: Мұның барлығы ненің нәтижесі? Тәрбиенің ақсауынан, еңбекпен есеймеудің әсерінен деп пайымдаймын. Бізді бала күнімізде ата-анамыз арқасына салып жүріп жетілдірген жоқ. Жұмысқа баулыды, бұғанамыз бекігеннен бастап еңбекке араластық. Кейін мектепті тәмамдаған соң бір-екі жыл совхоздың шаруасына араласып келсең, оқуға түсерде айтарлықтай пайдасы тиетін. Мен де ауылда қой қырқымына қатысым, жиын-терім кезінде де білек түріне жұмыс істедік. Мұның барлығы да адамды шыңдайды. Қазір жұмыс жоқ деген бос сылтау. Тіпті біреуге жалданып жұмыс істегің келмесе, өзің кәсіп аш, адамдарға жұмыс орнын тауып бер. Оған да мүмкіндік мол. Тек адамның ниеті түзелуі керек. Ауылда жұмыссыздық белең алып, тоқсаныншы жылдары жұрт қалаға қарай ағылды. Аграрлық саланы өрістетіп, мал шаруашылығын дамытамын деген адамға жағдай бар. Мемлекеттік қолдау да жеткілікті. Еңбек етем деген адамға өріс мол. Тек мидағы масылдық ұғымын сылып тастауымыз керек.

Jas qazaq: Әңгімеңізге рахмет, елге қызмет етіп жүре беріңіз.

Сұхбаттасқан Қуаныш Рахмет

14 мамыр, 15:53
Ерғали Көшеке: Алматы облысында дінаралық татулық – тұрақтылық кепілі
14 мамыр, 14:15
Бижан Анарбеков: Расширение сферы применения государственного языка — наша общая задача
14 мамыр, 14:13
Туркестан: Продолжается модернизация систем электроснабжения и уличного освещения
14 мамыр, 14:11
В Туркестанской области продолжается модернизация систем водоснабжения
14 мамыр, 14:06
Туркестан: В Сайрамском районе развивается промышленное производство
14 мамыр, 13:44
Түркістан Ислам әлемінің мәдени астанасы мәртебесіне ұсынылды
14 мамыр, 12:56
Туркестан: Активно реализуются проекты по развитию социальной инфраструктуры
14 мамыр, 12:54
В Туркестанской области растёт объём высокотехнологичной медицинской помощи
13 мамыр, 18:38
Туркестан: «Келешек мектептері» - школа нового формата