jasqazaq.kz

Ерекше балаларға – ерекше қамқорлық

20 ақпан 2023, 15:33

Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетіп, қоғамға бейімдеуге, сонымен бірге педагогикалық-психологиялық жәрдем беруге баса мән беріледі. Бірақ ерекше жандарды оңалту және оларға жан-жақты көмек көрсетумен айналысатын орталықтардың жұмысы көпшіліктің назарынан тыс қалып жатады. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Jas qazaq тілшісі Алматы қаласы Әуезов ауданында орналасқан «Парасат» әлеуметтік көмек беру орталығына арнайы барып, жұмысымен танысып қайтты. Ерекше жандармен жұмыс істейтін арнайы мамандармен тілдесті.

Аядай ғана ғимараттың ішіне кіргенде қыз-қыз қайнаған тіршілік бірден байқалады. Бізді Парасат әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Ләззат Зәкірбаева жылы шыраймен қарсы алып, орталықтың жұмысымен таныстырды. Орталық басшысының айтуынша, «Парасат» орталығы 20 жылдан астам уақыт әлеуметтік салада қызмет етіп келеді екен.

Ләзат Зәкірбаева: «Біздің орталыққа Әуезов ауданы бойынша 280 бала көмек алуға келеді. Орталық 4 бөлімге бөлінген. Әр бөлім 4 сағаттық қызмет көрсетеді. Оған дефектолог, логопед, психолог, лфк-медбикелер, музыка маманы мен еңбек нұсқаушысы, сондай-ақ үйге барып жеке қызмет көрсететін әлеуметтік қызметкерлер кіреді», — деді.

Бүгінде Әуезов ауданында тұратын 200-ден астам ерекше балаға «Парасат» әлеуметтік көмек беру орталығының қызметкерлері жеке көмек көрсетеді. Әр маман екі сағаттан күніне 4-6 ерекше жанға педагогикалық-психологиялық көмектен бөлек, құжат жағынан да кеңес береді. Орталық басшысы

Ләзат Зәкірбаева: « Үйде емделетін балалардың диагнозы ауыр болғандықтан, олардың барлығына айрықша көңіл бөлінеді. Бір әлеуметтік қызметкер бір күнде 4-6 балаға қызмет көрсете алады. Бір балаға кемінде екі сағат уақыт кетеді. Сонда бір аптадағы кесте бойынша барлық баланы қамти алады.

Ең алдымен ерекше балаларға күнделікті дағдылар үйретіледі. Біздегі мамандарды әмбебап десем де болады. Олар медициналық, педагогикалық, тіпті психологиялық та көмек көрсете береді. Денсаулықтарына байланысты кейбір балалар ем алуға келе алмайды. Бірақ біздегі мамандар жан-жақты көмекке әрдайым дайын», — деді. Орталық басшысы ерекше күтімді талап ететін балалардың саны жыл сайын артып жатқанын да айтып өтті. Алдағы уақытта орталық кең ғимаратқа көшіп, ерекше балаларға көрсетілетін қызмет түрлерін стандартқа сай көбейту жоспарланған.

Орталыққа келетін балалар әр маманның жіті қадағалауынан өтеді. Біз дефектолог маманның бөлмесіне бас сұққанымызда орталықтың дефектолог маманы Әмина Мұқашева келушісімен жылы қоштасып жатты. Оңтайлы сәтті пайдаланып, біз де маманды аз-кем әңгімеге тарттық.

Әмина Мұқашева дефектолог:
«Орталыққа келген баланы ең алдымен бейімдеу, түзету — біздің басты міндетіміз. Бізге келетін балалар — ерекше балалар. Біз оларды сол ерекшелігімен қабылдай отырып, осы ортаға бейімдейміз. Дефектологтың негізгі міндеті — әр баланың диагнозына байланысты оларды оқуға, жазуға үйрету. Қоғамды, ортаны таныстыру. Бізге келетін балалар бір жарым жастан -18 жасқа дейін, тіпті 18 жастан асқандар да бар. Әр баланың деңгейі жасы мен қойылған диагнозына қарай әр түрлі. Ең алғаш келген балалар, өз тілімізде айтқанда, диагностикадан өтеді. Одан кейін ата-анасымен қарым-қатынас орната отырып, «Бала не істей алады, не істей алмайды?» деп анықтап алғаннан кейін, әрмен қарай соған қарай жұмыс істейміз. Балаға болашақта нені үйретуіміз керек? Сол жағын сұрап алып, әр баланың ерекшелігіне қарай үйрете бастаймыз. Мектепке баратын балаларды да алдын ала мектепке дайындаймыз. Ал 18 жастан асқан адамдарға әлеуметтік тұрмыстық әдіс-тәсілдерді үйретеміз. Мысалы, киімін үтіктеу, төсек-орнын жинау сияқты тағы басқа тұрмыстық қимыл-әрекет бізге қарапайым нәрсе болып көрінгенімен, ерекше балаларда олай емес. Сондықтан ең алдымен күнделікті тіршілікке қажетті іс-қимыл үйретіле бастайды. Ал бұлардың барлығы ерекше балалар үшін үлкен мәселе. Біздің міндетіміз — осы балаларды қоғамға, ортаға үйрету. Осы орталықта қызмет етіп келе жатқаныма он жылдан асты. Мамандардың көмегімен емделіп алға қарай жақсы нәтиже көрсеткен балалар өте көп. Тіпті ата-аналар да алғысын айтып жатыр. Бізге келген Хамза есімді бала әріп танымайтын. Қазір бірінші сыныпта оқып, қатарластарынан қалмауға тырып келеді. Балалармен бірге ата-аналар да олардың деңгейіне қарай жұмыс істеуі керек. 18 жастан асқан келушіміз бар. Бұрын ол да осындай орталықтарға барған. Бірақ нәтижесі болмаған. Ол біздің орталыққа анасымен бірге келетін. Жасы 39-да болатын. Қазір 5 жылдан асты, біздің орталыққа тұрақты түрде келеді. Қазір кәдімгідей алға ілгерлеушілік бар. Есейіп кеткен адамды қоғамға бейімдеу ұзақ уақыт пен төзімділікті қажет етеді. Маман ретінде айтқым келетіні, егер балада қандай да бір ауытқушылық байқалса, оны ерте бастан қарату керек. Арнайы мамандарға неғұрлым тезірек жүгінген жөн».
Ал орталықтағы музыка маманы Айжанат Әбен ерекше балаларға музыка арқылы эмоционалды көңіл-күй сыйлауға болады дейді.

Айжанат Әбен, музыка маманы:
«Бізге балалар әр түрлі диагнозбен келеді. Егер бала сөйлей алатын болса, әнге бейімдейміз. Ал жүріп-тұрғанымен, сөйлей алмайтын балалар бар. Ондай балаларды биге дайындаймыз. Біздің музыкалық емдеу терапиямыз аспаптық терапия, данс терапия, вокалдық терапия болып үшке бөлінеді. Аспаптық терапияға ән айта алатындар, данс терапияға билей алатындар, вокалдық терапияға да әнді жақсы айтатындар жатады. Бізде мерекелік шаралар көп. Балаларымыз мерекелік концерттерге әр нөмір дайындайды. Алдағы көктем мерекелеріне қызу дайындық болып жатыр. Жақында бір келушіміз мектептегі мерекелік кеште ән орындапты. Ата-анасы алғысын айтып жатыр. Ол бұрын көпшіліктен ұялатын, қазір көпшілік алдында өзін еркін ұстай алады. Одан бөлек, диагнозы ауыр, арбаға танылған балалар бар, оларға эмоционалдық көңіл күй сыйлау мақсатында классикалық музыкалар тыңдатамыз. Бетховеннің табиғатқа арнаған әуендерін тыңдатамыз. Көбінесе концертке есейіп қалған балалар қатысады. Бірде мынандай қызық оқиға болды. Балалармен бірге концерт ұйымдастырдық. Олар кезектесіп ән айту керек еді. Бір кезде Наиль деген баламыз ортаға шығып: «Айжанат Қапанқызы, мен қашан ән саламын» деп айғайға басқаны бар. Осындай өз эмоциясын жасыра алмайтын балалар да болады. Тіпті есіктен кіре сала «Мен ән айтқым келіп тұр» деп бірден ән айтып кететін балалар да бар.
Дегенмен, ауыр диагноздарына қарамастан, өмірге құштар, ән айтып, би билеуге әрдайым құлшынып тұратын, көпшіліктің назарын өзіне аударғысы келетін ерекше жандардың ынтасына қуанатынын да айтып өтті.

Мұнда келетін келушілерге қойылған диагноздар: психикалық дамуында тежелуі бар балалар; ақыл-ой кемістігі бар балалар; церебрал салымен ауыратын және тірек-қозғалыс аппаратының басқа да бұзылулары бар; нерв жүйесінің тұқым қуалайтын-дегенеративті ауруларымен ауыратындар;
сөйлеу тілінде қатты бұрмалануы бар балалар; есту қызметінің бұзылуы барлар; аутизмімен және басқа эмоциялық-еріктік бұзылулармен ауыратын балалар; деменцияның әр түрлі түрлерімен ауыратындар. Олардың кейбірі туа бітті дертке шалдыққандар болса, кейбірі түрлі себептермен ауырғандар.
«Осындай қиын дерті бар балаларды ата-аналары арнайы біз сияқты орталықтарға әкеледі. «Баласының кішкентай болса да жетістігіне бірге қуанатын ата-аналар көп».

Арайлым Зайноллина, логопед:
«Бізге келетін балалар мүлдем сөйлей алмайды. Бала 18 жасқа келсе де, оның ойлау жүйесі 3 жаста қалып қояды. Тіпті әріптерді де ажырата алмайтын балалар болады. Ең алдымен баланы әр маман диагностикадан өткізіп алады. Мен ең алдымен баланың сөйлеу картасын толтырамын. Анамнезі қарай, артикуляция дейміз, тіл, ерін, жақ, солардың жұмыс істеуін тексеремін. Он күндік диагностикадан өткен балалармен жеке жұмыс істей бастаймын. Сөйлемейтін балалар болса, ең алдымен оған бір орынға отыру дағдысын үйретеміз. Өйткені гипербелсенді балалар болады. Ондай балалар отырмай, жерге жатып алады. Оларды бір орынға отыруды үйренгеннен кейін ғана нейро жаттығулар жасаймын. Моторика, миға сигнал беру, бір тектес қимылды қайталау, екі тектес қимылды қайталау сынды жұмыстар істеледі. Одан кейін баламен дефектолог, психолог мамандар жұмыс жүргізеді. Жасы үшке келген балаға әрі қарай әріптерді үйрете бастаймын. Егер бала бір орында отыра алмаса, қарапайым нәрселерді жасай алмаса, ондай балаларға әріптерді үйрету, дыбыс айтуды үйрету қиын. Бізге келетін балалардың артикуляциясы, яғни қимылдауы әлсіз келеді. Оларға арнайы лого массаж жасалады. Бұл массаж балалардың тілі мен бетіне, мойнына жасалады. Бірақ бұл массаждарды жасамас бұрын, невропатологтың рұқсаты керек. Өйткені бізде ерекше балалар болғандықтан, олардың арасында талмасы бар, стоматиті бар балалар болады. Ал ондай балаларға массаж жасауға болмайды».
Орталыққа келушілер қол моторикасын дамыту үшін еңбек нұсқаушысы маманына жүгінеді. Біз орталықтың еңбек нұсқаушысы Фариза Мақсұтқызының кабинетіне келгенімізде, маман 7 жасар балаға қол маторикасы жаттығуын үйретіп жатыр екен. Біз Фариза Мақсұтқызынан өз жұмысының қыр-сыры туралы айтып беруін өтіндік.

Фариза Мақсұтқызы, еңбек нұсқаушысы:
«Менің негізгі жұмысым — еңбекке қабілеті бар балалардың қол моторикасын дамыту. Жалпы қолөнерді дамыту. Ал кішкентай балалардан қол өнершіні жасау мүмкін емес. Біз диагноздарына байланысты келушілерді жеке қабылдаймыз. Ең алдымен қайшыны қалай ұстау, желімдеу және бояу сияқты дағдыларды үйретемін. Кейбір балалар қолдарына бояу немесе желім жағылып қалса, дереу қамығып, күйзеліске түсіп кетеді. Ең алдымен келуші арт терапия, алақан терапиясынан өтеді. Көбінесе қайшыны балалардың деңгейіне қарай ұстатамын. Моншақпен, бисермен жұмыс істеп үйренген балалар бар. Биыл мүмкіндігі шектеулі балалармен бірге алғаш рет қолөнер нер бұйымдары байқауына қатыстық. Нәтижеміз де жаман емес. Бастапқыда жүрексіндім. Қалай болар екен деп уайымдағаным да бар. Қорқыныш та болды. Бірақ ойымда осыларды қоғамға көрсету керек шығар деген тәуекел болды. 8 сала бойынша жарыс болды. Мен өзімізден 4 баланы алып бардым. Сахнада алпыс шақты адам болды. Осыншама қатысушылардың ішінен жүлде алып, ортаға шыққанымызда көз жасыма ерік бердім. Бізге сыйлық табыстап тұрған адамның өзі «міне, нағыз ерлік» дегенде қатты тебірендім. Ал біздің жүлделі баламыз көп адамды көргенде сол жерде өзін-өзі «тастап жіберді». Біз оларды сабырға келтіріп, қайтадан сахнаға алып шықтық. Осындай күйді бастан кешіргеннен кейін неге мұндай байқауларға қатыспасқа деп ойладым».

Орталық түске дейін бір жарым жастан 18 жасқа дейінгі балаларға көмек көрсетсе, түстен кейін ересек жандарға көмек көрсетеді. Жанкешті мамандардың көмегімен қаншама ерекше бала қажетті емін алып, денсаулығын түзеп жатыр! Орталық мамандары мүмкіндігі шектеулі балаларға мемлекет тарапынан қолдау бар екенін, жұмыс жүргізіліп жатқанын, алдағы уақытта шалғай ауылдарда тұратын көмекке зәру ерекше балалар да назарға алынса екен деген тілектерін жеткізді.

Мақпал Ноғайбаева

14 мамыр, 15:53
Ерғали Көшеке: Алматы облысында дінаралық татулық – тұрақтылық кепілі
14 мамыр, 14:15
Бижан Анарбеков: Расширение сферы применения государственного языка — наша общая задача
14 мамыр, 14:13
Туркестан: Продолжается модернизация систем электроснабжения и уличного освещения
14 мамыр, 14:11
В Туркестанской области продолжается модернизация систем водоснабжения
14 мамыр, 14:06
Туркестан: В Сайрамском районе развивается промышленное производство
14 мамыр, 13:44
Түркістан Ислам әлемінің мәдени астанасы мәртебесіне ұсынылды
14 мамыр, 12:56
Туркестан: Активно реализуются проекты по развитию социальной инфраструктуры
14 мамыр, 12:54
В Туркестанской области растёт объём высокотехнологичной медицинской помощи
13 мамыр, 18:38
Туркестан: «Келешек мектептері» - школа нового формата