Экобизнес – экологияға қамқорлық

29 мамыр 2023, 15:38

Қазіргі таңда аса қажет сала — экобизнес. Бұл — адам мен табиғатқа тең дәрежеде зиянсыз, тіршілік мекенінің экоахуалына жұмыс істейтін кәсіп. Бүгінгі заманда тұтынушылық деңгейі жоғары болуына орай өнімі мен қызметін ұсынатындар жетерлік. Бірақ соның қай-қайсысын алып қарасаң да, аз болса да ауаға тарайтын зиянды қалдығы бар, не болмаса асқазанға ауыр тиеді. Себебі экологиялық бағыттағы кәсіппен айналысатындар саусақпен санарлық. Осыған орай біз экология мәселесінде белсенді жандардың пікірін сұрап-білдік.

Ботагөз Садыбекова, эколог:
Экологиялық мәдениетті көтеру керек

«Экологиялық тұрғыдан қоғамға пайдалы кәсіппен айналысуға адамдардың білімі жетіспегеннен қызығушылығы болмайды. Қоршаған ортаға, денсаулыққа не зиян, не пайда дегенді ешкім елеп-екшеп жатпайды. Ал сұранысқа келсек, қоғамның экологиялық мәдениеті әлі де төмен болғандықтан, кәсіпкерлер де құлықты емес. Ақпараттық түсіндіру аз болғандықтан, көбісі бей-жай қарайды. Сондықтан осы тақырыпты жан-жақты түсіндіру жұмыстарын көбейту керек. Әрине, жергілікті атқарушы органдар түсіндірумен айналысады. Бірақ бұл жеткіліксіз. Алдымен жұрттың экологиялық мәдениетін көтеру керек».

Айбек Рахым, экокәсіпкер:
Стартап жобаларға қатысып, экобизнеске қадам жасау керек

«Кәсіпкерлер экология саласына онша қызықпайды. Себебі ондай бизнес бүгін ақша салып, ертеңіне оны еке есе көбейтетін жер емес. Берісі – үш жыл, арысы жеті жылға дейін құйған инвестиция ақталмайды. Ал бұл өте ұзақ мерзім. Сол үшін көпшілігі бармайды. Шағын және орта бизнес иелері экологиялық залал жағына аса бас қатырмайды. Мемлекет осы ретте экологиялық тұрғыдан қауіпсіз экобағдарламалар жасап, соны орындауды талап етсе, мұны кәсіпкерлер қолдайды деп ойлаймын. Ал негізінен экобизнес адамзат үшін пайдалы. Айталық, тамақ қалдықтарын қайта өңдеу бағытын қолға алса болар еді. Шет мемлекеттерде органикалық қалдықтардан биогаз жасайды. Сол газбен қоғамдық көліктер жүреді. Бірден табыс әкелмейді деген сылтау айтатындар мемлекет тарапынан берілетін түрлі демеу көмекті пайдалана білсін. Мәселен, елімізде стартап конкурстар жиі өтеді. Неге осыны кәсіпкерлер пайдалнбайды? Әр адамда әр түрлі идеялар бар. Оларды жүзеге асыру үшін әрекет ету керек. Егер идеямды біреуге айтсам, оны ұрлап алады деп отырсаңыз, ол ешқашан жүзеге аспайды. Сондықтан стартап жобаларға қатысып, экобизнеске қадам жасау керек».

Динара Айбасова, бизнес сарапшы:
Қалдықты өңдеу жобасына басымдық беріледі

«Тиімді мемлекеттік бағдарламалардың шарттарын және талаптарға сай болуды үйретіп жүрген маман ретінде айтарым, қоғамға пайдалы ерекше жобаларға жол ашық. Айталық, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша экономикалық секторларға, соның ішінде қалдықты өңдеу секілді тың жоба ұсынатын талапкерлерге басымдық беріледі. Сондықтан мұндай мүмкіндікті қалт жібермеген жөн. Осы арқылы бизнесіңізді де бастай аласыз, қоршаған ортаның тазалығына үлес қоссам деген ниетіңізді де жүзеге асыра аласыз. Агроөнеркәсіп, жылыжай ісіне де оң көзқараспен қарайды. Дүкен, сұлулық салонын ашамын дегендерге емес, керісінше, ерекше жобаларға қолдау көрсетіледі».

Түйін:
Су нысандарын тазарту, ауаның ластану деңгейін төмендету, қалдықтарды кәдеге жарату сияқты экологиялық шараларды жүзеге асыру мақсатында елімізде «Жасыл экономика» ұлттық жобасы қабылданған болатын. 2021 жылы іске асырыла бастаған жоба бойынша бүгінде еліміздегі 3 005 полигонның 639-ы экологиялық нормаларға сәйкес келтірілді. Қоқысты бөлек жинау үшін 3 876 контейнер орнатылды. Биыл ұлттық жобаны іске асыруға шамамен 161 млрд теңге бөлу жоспарланған. 2025 жылға дейін жүзеге асатын «Жасыл экономика» жобасы тұрғындардың экологиялық сауатының артуына ықпал етеді деген үміттеміз. Бұл бір жағы табиғатқа зиян тигізбеуді күйттейтін экобизнестің жандануына себепші болуымен де құнды.

Мөлдір Бегімбет

Бүгін, 11:30
Әлішер Сатыбалдиев: Индустриалды аймақ Алматы экономикасына серпін береді
27 наурыз, 16:38
Ұсақ-түйек емес: шұлық өндірісіне де қолдау қажет!
27 наурыз, 12:30
Берік Солтанбаев: Алматыда кәсіпкерлікті дамытуға жан-жақты қолдау жасалып отыр
26 ақпан, 15:10
Дархан Мыңбай: Кәсіпкерден дәметіп күнелтетін масылдар, әкімдік есігінен сығалауға машықтанған тоғышарлар бар
26 ақпан, 12:34
Қазақ баспасөзі: Сантараулы салалық журналистика
25 ақпан, 14:23
Фатима Жүнісова: Диванда жатып, «мемлекет асырасын» дейтіндер жетістікке жете алмайды
22 ақпан, 15:50
Кәдірбек Құныпияұлы: Газет санасы сарабдал, ойлы да сауатты оқырманмен бірге мәңгі жасай бермек!
21 ақпан, 16:51
Масылдық психологиядан қалай арыламыз?
21 ақпан, 14:48
Мақсұтбек Пірметов: Бізге артылған жауапкершіліктің жүгі ауыр