jasqazaq.kz

Дархан Мыңбай, мемлекет және қоғам қайраткері, журналист: Ақпарат қауіпсіздігі – тұрақтылық кепілі

06 наурыз 2023, 14:45

Ақпарат қауіпсіздігі елдіктің тұғырын нықтайтын негізгі тіректің бірі саналады. Мемлекет қауіпсіздігіне, тәуелсіздіктің баяндылығына төнетін қатер алдымен ақпарат арқылы тарайды. Жалған ақпараттың, жарға соқтырар қаңқудың қоғамдық ой-сананы улап, ұғым-түсінікті билеп-төстеп, ізіне салып ертіп әкету кең етек жайған кезең қазір. Ақ пен қараны ажырату қоғамның түйткілді мәселесі болғаны да сондықтан. Біз мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі журналист Дархан Мыңбай мырзадан ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне қатысты пікірін сұрадық.

Ақпараттық қауіпсіздік дегенді сөз еткенде оның ауқымын тек ақпараттық кеңістікпен ғана шектеп айтуға болмайды. Өйткені ақпараттық кеңістік тек сол өрісті пайдаланатын адамғарға ғана қатысты болады. Қоғамның барлық саласындағы қауіпсіздік ең әуелі ақпаратқа тәуелді болып тұрады. Ақпараттық қауіпсіздік — мемлекеттің тұтастығы, ұлттық қауіпсіздікке дейін тарамдалып тұрған сала.
Халықаралық талғам таразына тартып сараптайтын болсақ, біз өзіміздің бұқаралық ақпарат құралдарын күшейтіп, кадрлық қауқарын нығайтып, жақсы мамандарды тарту — бірінші кезекте орындалуы тиіс шаруа. Қауіпсіздік мәселесіне қаржыны қалай аямасақ, ақпараттық қауіпсіздікке де қаражат бөлуде қазымырланбауымыз керек. Білікті мамандарды даярлап шығаруға баса мән берген дұрыс.
Ақпараттық қауіпсіздікке қатысты келте ұғым бар. Бұл ұғым цифрландырудан кейін тіпті ұлғая түсті. Өйткені көптің көкейінде цифрлық деректер өзгенің қолына түсіп кетпей ме деген алаң басым. Дерек, ақпараттық қауіпсіздікке ІТ мамандары, басқа да тиісті тұлғалар жауапты болуы қажет деген түсінік те қалыптасқан. Бұл біржақты ойлау деп ойлаймын. ІТ мамандары цифрландыру саласына кез-келген деректі қосу тетігін біледі. Ары қарай ақпараттың қадағалануы, бақылауды күшейтетін мамандар тапшы. Демек бізге цифрлық қондырғыларды қадағалап, тексеріп, бақылап отыратын кадрлар ауадай қажет. Ақпараттық кеңістікке БАҚ ресурстарын қосу бар да, оны бақылау функциясын күшейту және бар. Егер бақылайтын функция болмаса, үлкен мәселе туындауы мүмкін.
Ақпараттық кеңістікті нығайтудың жолдары қандай дегенге қатысты айтарым мынау. Ең алдымен, тағы қайталап айтамын, тиісті қаржы бөлуде мырза мінез танытуымыз керек. Цифрландыру заманында мемлекеттік тілді, өзге тілдерді де жетік білетін мамандарды даярлауымыз керек. Бәзбіреулер «ана сайтты жабу қажет», «мына ақпарат таратушы агенттіктің көзін жойған жөн» деген секілді пікір айтады. Мұнымен мәселенің бар түйіні тарқатылып кетпейді. Қазір ақпараттық кеңістіктің өрісі өте үлкен. Дүниенің қай қиырынан да жылт еткен жаңалық та, ақпарат та «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызып» отыр. Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін мамандардың дәрежесін көтеруіміз қажет. Осы саланың мамандарын көбейтіп, кадрға деген зәрулікті жойғанда ғана біз ақпараттық қауіпсіздіктің тізгін-шылбыры бағусыз, қараусыз емес екеніне нық сенеміз. Жоспар құрып, түрлі бағдарламаларды жүзеге асыра отырып, қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуге болады. Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін әр маман ең алдымен ұлттық құндылықтарды қастерлей алатын, қадірлей білетін ұлттық мүддеге қызмет ететін жан болуы тиіс. Біріншіден Тәуелсізідігімңзге, екіншіден аумақтық тұтастығымызға да байыппен қарауға міндетті.
Ақпараттық қауіпсіздік деген ұғымды біржақты түсінуге болмайды.
Ақпараттық қатерді тойтару дегенді қақпаңды тарс жауып, іргеңді бүркеп алу деп түсінбеу керек. Ақпараттық шабуыл, қатер көктен де, жерден де келеді, әрі кез-келген сәтте тұтқиылдан тап береді. Кез келген қауіп-қатер ең әуелі ақпарат арқылы жетеді. Сөйтеді де адамдардың санасын сансыратады, ұғым-түсінігін басқа жаққа қарай бұрып дүрліктіреді. Адам санасына ең бірінші әсер ететін жайт — ақпараттандыру мәселесі. Бұл салаға мамандарды даярлауға қаржыны аямау қажет дегенді бекер айтып отырғаным жоқ. Өйткені қазір әлемге көз салыңыз, айналаңызда қым-қызыл ақпараттық майдан жүріп жатыр. Ақпараттық терроризм тағы бар. Осындай қатерге қарсы тұра алатын әлеует, иммунитет қалыптастыру қажет. Мұндай әлеует бізде бар. Енді соны ары қарай жоспарлап, жүйелі түрде күшейтуге үлес қосқанымыз абзал. Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін арнайы мамандар жасағын даярлап қою керек. Кезінде цифрландыруға байланысты тиісті ведомство басшыларына арнайы орынбасардан бекітіп те берген болатын. Кейін сол штат қысқарды. Бұл өзі бір қайнауы кем іс болды. Арнайы бөлінген орынбасарлар цифрландыруды жүзеге асырғанға үлес қосқанымен, әрмен қарай жұмыс жүйесі қалай жүретіндігіне бақылау жасай алған жоқ. Ақпараттық қауіпсіздікті барлық салада нығайту — негізі мәселе. Осының күрмеуін шешу керек.
Мемлекеттік мүдде, ұлттық қауіпсіздік деген ұғым барлығынан да жоғары тұрады. Осы тұрғыдан қарағанда, ақпараттық қауіпсіздік мәселесін көтеру, жан-жақты талқылап, ортақ мәмілеге келу өте орынды деп санаймын. Ақпараттық қауіпсіздікті ақсатып алсақ, ұлттық құндылықтарымызға, тілімізге, дініміз бен ділімізге, салт-дәстүрімізге залалын тигізеді. Мемлекеттік мүддеміздің қуатын құлдыратуды көздейтіндер дегенін жүзеге асыруға ұмтылады. Тағы да қайталап айтамын, ақпараттық қауіпсіздікке жауапты мамандардың біліктілігі қатаң сүзгіден өтіп, осындай тосқауылдарға төте бере алатын бесаспап кадрларды көбейту керек. Бұл істі тек айлық жалақы үшін, жеке басының мүддесін көбірек ойлайтын ортақол қызметкерлерге тапсыру қауіпті.

Жазып алған Қуаныш Рахмет

14 мамыр, 15:53
Ерғали Көшеке: Алматы облысында дінаралық татулық – тұрақтылық кепілі
14 мамыр, 14:15
Бижан Анарбеков: Расширение сферы применения государственного языка — наша общая задача
14 мамыр, 14:13
Туркестан: Продолжается модернизация систем электроснабжения и уличного освещения
14 мамыр, 14:11
В Туркестанской области продолжается модернизация систем водоснабжения
14 мамыр, 14:06
Туркестан: В Сайрамском районе развивается промышленное производство
14 мамыр, 13:44
Түркістан Ислам әлемінің мәдени астанасы мәртебесіне ұсынылды
14 мамыр, 12:56
Туркестан: Активно реализуются проекты по развитию социальной инфраструктуры
14 мамыр, 12:54
В Туркестанской области растёт объём высокотехнологичной медицинской помощи
13 мамыр, 18:38
Туркестан: «Келешек мектептері» - школа нового формата