
Үнді халқының әйгілі реформатор қайраткері Махатма Гандидің «Әлемді өзгерткің келсе, алдымен өзіңді өзгерт» деген қанатты сөзі бар. Қоғамдағы ынтымақтастықты, сыйластық сабақтастығын қалыптастыру — әр адамның өз қолында. Азаматтардың өзара теңдік құндылығын қалыптастыруда ұрпақ сабақтастығының тигізер салмағы маңызды. Аға буын мен кейінгі толқын арасындағы байланыс бауының үзіліп қалмауы әркімге сын. Райымбек ауданының Құрметті азаматы, Жылысай ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Болат Таубалдиевпен сұхбатымыздың да негізгі арқауы қоғамдағы барлық азаматтардың өзара құрметі мен теңдік құндылықтары төңірегінде өрбіді.
Jas qazaq: Болат аға, өзіңізбен Әз Наурыз мерекесінде қауышып отырмыз. Жалпы Жылысай ауылының тұрғындары шығыс халықтарының жыл басы саналатын Наурыз мейрамын ерекше атап өтеді. Ауылдастарыңыздың төл мерекесін тойлауды үрдіске айналдыруы да өзгелерге үлгі боларлық жайт екен.
Болат Таубалдиев: Дұрыс айтасың, Тәуелсіздігімізді алар тұста үзіліп қалған үрдісіміз, ұлттық құндылығымыз қайта жалғанып, Наурыз мерекесі жалпыхалықтық сипатқа ие болды. Бірнеше жылдан бері Жылысай ауылының тұрғындары да Наурызды ел болып мерекелеуді қолға алып, жоғары деңгейде ұйымдастырып келеді. Ауылымызда 200-ге тарта түтін бар. Одан бөлек, ауылдық округке қарасты Қолтықбастау ұжымшары, Бестөбе ауылында да Наурыз ерекше ұйымдастырылады. Ауыл тұрғындары сегіз мөлтек ауданға бөлініп, жыл сайын бір-біріне төс байлауды эстафеталық жүйе арқылы жүргізіп, Наурыз мерекесін өткізеді. Биылғы кезек Қолтықбастау ұжымшарына тиген болатын.

Jas qazaq: Биылғы тойды өзіміз де барып көрдік, Қолтықбастау тұрғындары Наурыз мерекесін жоғары деңгейде өткізді.
Болат Таубалдиев: Негізгі күнкөріс кәсібі мал шаруашылығы саналатын қолтықбастаулықтар биылғы Наурызды сән-салтанатын келістіре өткерді. Ұлттық салт-дәстүріміз жаңғырып, әдет-ғұрыптарымыз ұлықталған тойда, ауыл халқы бір-бірін көктемнің жаңарған шуақты күнінде құттықтап, құрметін көрсетті. Келіншектер сәбиді бесікке бөлеу ғұрпын көрсетті. Наурыз тойына қаладан жастар да көп келді, көпшілігі студенттер. Міне, сол жастарымызға осындай үлгіні паш етудің де үлкен тәрбиелік мәні бар.

Jas qazaq: Жастар демекші, Наурыз тойында жігіт сұлтаны байқауы болды. Сол сынға өзіңіз бастаған ауыл ақсақалдары қазылық жасап, төрелік еттіңіздер. Сонда байқағанымыз, әсіресе, қаладан келген қонақтар арасынан қатысушылар Қамбар ата түлігінің айыл-тұрманын танып-түстеуде, атты ерттеуде көп қателікке ұрынды. Бұл дегеніңіз жастардың әдет-ғұрып пен салт-санамыздан ажырап бара жатқанын аңғартпай ма?
Болат Таубалдиев: Дұрыс айтасың, ауылдан, қазақы ортадан жырақта өскен жастардың арасында атты ерттеп міну былай тұрсын, төрт түлікті ажырата алмайтындары да бар. Сондықтан баланы ауылға жиі ертіп келіп, қазақы тәрбиенің қазанында қайнату керек. «Жігіт сұлтаны» сынына қатысушылар арасында қаладан келген кейбір жастарымыз атты ерттеуде шатасып жатты. Бірақ оған мін таға беруге болмайды. Керісінше, олар бұдан былай астындағы атын қалай ерттеу керек екенін біліп жүреді. Мұның өзі оларға үлкен тәрбиелік сабақ болды. Міне, Наурыз мерекесінің тәрбиелік мәні осында. Бұл той ауыл халқының ынтымақ-бірлігінің жоғары екенін айқындай түседі. Жастар үлкенді тыңдап, сый-құрметін көрсеткенде, қарттар кейінгі толқынға өнегелік тәлім-тәрбие бере алған қоғамда ғана азаматтардың өзара теңдігі кеңейіп, сыйластық құндылығы арта түседі. «Жігіт сұлтаны» байқауына қатысқан үміткерлерге тарихтан да, әдебиет пен мәдениеттен де сұрақтар қойылды. Салт-дәстүрімізді ұлықтап, жөн-жоралғылар жасалды. Жастарға тәдім-тәрбие берудің бір парасы осындай жалпыхалықтық басқосуда жүзеге асырылады.

Jas qazaq: Қазақта «әдем қартаю» деген тіркес бар. Қария жасына өткеніне қарамастан, кейбір кісілердің жиын-тойларда ерсі қылық көрсетіп билеуі, басқа да жағымсыз әрекет жасауы қарныңды аштырады.
Болат Таубалдиев: Менің де жасым сексеннің ортасына жақындап қалды. Батыр Бауыржан Момышұлы айтқандайғ қарттықтың да бірнеше атауы бар ғой өзі. «Өзің диуанасың, кімге бір боласың» дегенді қазекем тегін айтқан ба? Тойларда бата сұрасаң, алдымен бокалды қолына ұстауға ұмтылатын, тілек айтатын қатарластарымыз да жоқ емес. Өзің айтқандай, ерсі әрекеттерімен де әшкере болып жатқандары және бар. Бірақ адамның түйсігіне бірдеңе қонбаса, түзелуі қиын ғой. «Жасым жеткенімен көңіл жас» деп өздерін алдарқатып та қояды. Қазақ «Ауылыңда қария болса, жазулы тұрған хатпен тең» дейді. Әдемі қартайып, өзінің отбасы ғана емес, бүтіндей бір рулы елдің қамын жейтін қариялар өтті бұл дәуреннен. Қарақан басыңның қамын ойлағаннан гөрі, еліңнің ертеңіне көбірек алаңдау әдемі қартаюдың сипаты деп білемін.
Jas qazaq: Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Қуан Жомарт