Бізде мүмкіндігі шектеулі жандар – чемпион!

29 сәуiр 2022, 16:15

Тірек-қимыл қозғалыстары зақымдалған жандардың рухын қайрап, жігерін шыңдайтын клуб бар, «Алматы» деп аталады. Шағын ғана орталықта тағдыр тәлкегімен он екі мүшесінен айрылса да, рухын жасытпаған жандар салауатты өмір салтын ұстанып қана қоймай, кәсіби спортта орасан жетістіктерге жетіп жүр. Азия, әлем чемпионаттары, Сурдлимпиада ойындарындағы орасан жеңістері мен толайым табыстарынан тау тұрғызуға болады.

Осы клубтағы спортшылардың тағдырдың қатал сынына мойымай, мұқалмай, керісінше, қайраттана түсіп, жеңіске жету жолындағы жігеріне қол соғасың. Өкінішке қарай, қоғамда тепсе темір үзетін, аяқ-қолы балғадай адамдардың арасында жатыпішерлікті ғадетке айналдырғандардың қарасы, масылдыққа мойынұсынып алғандардың да шоғыры қалың. Он екі мүшесі сау бола тұра, әрекетке берекет сұраудың орнына, «алма піс, аузыма түс» деп тілемсектік танытуды ар санамайды. Шерхан Мұртаза айтқандай, бұл да «бір кем дүние».

Аядай ғана клубтың спортшылары жеткен жетістігі мен шыққан биігін бағамдап, орталықтың қазіргі жай-күйін сұрау үшін басшысы Найзабек Сағымбаевпен дидарласып қайттық. Біз барғанда орталықтың бірнеше спортшысы Бразилияда өтетін Сурдлимпиада ойындарына аттанудың қамында жүр екен.

 Jas qazaq: Қазіргі қоғамда ерекше қажеттіліктері бар адамдарға құрметпен қарап, қолдау көрсету бағытында атқарылып жатқан істер жетерлік. Өзіңіз басқаратын клубтағы жасын жігер қыз-жігіттердің жетістігін айтқанда, он екі мүшесі сау, аяқ-қолы балғадай тепсе темір үзетіндердің арасында масылдыққа бой алдырғанның бары да еске түседі.

Найзабек Сағымбаев: Біздің клубта жұмыс істейтін бапкерлердің 40 пайызы – мүмкіндігі шектеулі жандар. Бірінің қолы, бірінің аяғы, енді бірінің белі иіліп бүгілмейді, есту қабілеті төмен, көзінің көруі тым нашар дегендей. Бірақ олар соған қарамай, еңбек етіп тапқан нәпақасына бала-шағасын асырап, бүтіндей бір отбасын бағып отыр. Мұндай азаматтарға қалай сүйінбейсің!
Біз осы клубқа қызметке келгенде М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының студенттерімен кездесуге екі спортшымызды ертіп бардық. Оқу ордасында студенттер арасында үстел теннисінен ішкі біріншілік болды. Сол спорт іс-шарасына академия басшыларының өтініші бойынша студенттермен кездесуге екі мүгедек спортшымызды алып бардық.

Жарыс соңынан жүзден дара қара үзіп дегендей, студенттер арасында чемпион болған спортшылармен біздің екі мүгедек спортшылар арасында жолдастық кездесу өткізу арқылы студенттердің шеберліктерін сынадық. Ертіп барған бір спортшымыздың бір қолы иығынан жоқ, екінші қолы шынтағынан шолақ. Соған қарамастан, үстел теннисінің қалағын шынтағына таңып алып ойнайды. Ал екінші мүгедек спортшымыз белінен шойырылған, аяғын зорға сылтып басады.

Шыны керек, алғашқыда академия студенттері біздің спортшыларымызға аяушылықпен қарады. Бірақ ойын барысында сол академия чемпионы болған спортшыларымыздың бірде-біреуі біздің мүгедек спортшыларымызға қарсылық көрсете алмады. Сонда ғана барып, сол студенттер жеңілгендерін мойындай отырып, «Біз өзімізді күштіміз десек, бізден де өткен мықтылар бар екен» деп таң қалғаны бар. Кейін сол студенттер жаттығуларын шыңдап, спортқа деген жауапкершілігі мен біліктіліктерін арттырып, еліміздегі жоғары оқу орындары арасында екі жылда бір өткізіліп тұратын жазғы универсиада ойындарында жеңіске жетті. Міне, мотивация! Қолы шолақ адамның спортты қалай игергеніне қарап, олар бой түзеп, деңгейін өсірді.

Jas qazaq: Найзабек Бекетұлы, оқырмандарымызға тереңдей таныстыру мақсатында өзіңіз басшылық ететін клубтың тарихын айтып өтсеңіз. Өйткені сіз басшылық ететін клубтың әрбір мүшесінің дене мүмкіндігі шектеулі. Соған қарамастан, олардың жеткен жетістігі еңбектенуге ерінетін жалқауларға қай қырынан да үлгі аларлық.

Найзабек Сағымбаев: Дене мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Алматы» клубы 2008 жылы қалалық мәслихаттың сессиясында қаралып, сол жылдың қаңтар айында «Дене мүмкіндігі шектелген адамдарға арналған «Алматы» спорт клубы құрылып, өзінің жұмысын бастады. Содан бері қарай 14 жылдан асты, бұл күнде біздің орталық мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен шұғылдануына өріс ашатын орынға айналды. Клубта 4 бөлім бар: «Есту қабілеті нашар», «Көру қабілеті төмен», «Тірек-қимыл аппараты зақымдалған» және «Спешиал Олимпикс» (психикалық даму мүмкіндігі тежелген). Міне, осы төрт бөлімде 666 спортшымыз спорттың 20 түрінен кәсіби тұрғыда шұғылданып, додалы жарыстарда дуға кіріп, еліміздің байрағын биіктен желбіретіп жүр. Осы жалпы тізімде тұрған 666 спортшының ішінде жыл сайын 60-қа жуық спортшы спорт түрлері бойынша еліміздің чемпионаттарында жеңімпаз атанып, 90-нан аса алтын медальға ие болады. Одан бөлек, 4 жылда бір рет өтетін Сурдлимпиада және Паралимпиада ойындарында да тәуір нәтиже көрсетіп келеді. Сонымен қатар халықаралық, құрлықтық жарыстардың, әлем чемпионаттарының, Сурдлимпиада және Паралимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанған Қазақстанның белді деген спортшылары, бүгінде осы «Алматы» спорт клубында өз шеберліктерін шыңдап, дайындықтарын пысықтайды.
Жүлдеден тау тұрғызған саңлақтар

Jas qazaq: Клубтың спортшылары жеткен жетістіктері таңдай қақтырарлық, мақтанышпен айтуға тұрарлық екен.

Найзабек Сағымбаев: Спортшылардың шығар биік межесі Олимпиада ойындары десек, біздің клубта ХІХ қысқы сурдлимпиадалық ойындарының 4 чемпионы шықты, ХХІІІ жазғы сурдлимпиадалық ойындарының 1 күміс, 2 қола медалін олжалаған саңлақтарымыз бар. Қазіргі таңда 666 спортшы клубқа тіркелген десек, солардың ішінде жетеуі ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, 31 адам халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 101 адам спорт шебері атағын алған. Спорт саласынан хабары бар адамға бұл дегеніңіз, бір спорт клубы үшін, өте үлкен жетістік.

«Еңбегіне қарай өнбегі» демекші, еліміздің «Ұлттық штаттық командалар және спорт резерві дирекциясы» тарапынан 7 спортшыға ай сайын ақшалай қолдау көрсетіледі. Алматы қалалық мәслихатының шешімімен штаттағы 17 спортшыға да ай сайын еңбекақы төленеді. Әлемдік байрақты додаларда чемпион атанған, жүлде алған, жоғары нәтижемен оралған спортшыларымызға мемлекет тарапынан берілетін сыйақы көлемі де қомақты. Қысқаша айтқанда, ел намысын көтеріп, мерейін биіктеткен спортшыға мемлекеттің қамқорлығы жоғары.
Клубымыздың жетістігі туралы сұрадың ғой. Дене мүмкіндігі шектеулі спортшыларға арналған Бұқаралық спорт іс-шараларының күнтізбелік жоспарына және Халықаралық жарыстарды өткізу ережесіне сәйкес, «Алматы» спорт клубының спортшылары 2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан чемпионатына 10 спорт түрінен қатысып, барлығы 65 медаль жеңіп алды. Соның ішінде 27 алтын, 18 күміс, 20 қола жүлде еншіледік. Сонымен қоса, 4 жылда бір өтіп тұратын еліміздің жазғы 5-ші Сурдлимпиалық спартакиадасына қатысып, барлығы 78 медаль – 29 алтын, 28 күміс, 20 қола бұйырды. Жалпы командалық есеп бойынша Алматы қаласы жүлделі 2-ші орынға тұрақтады. Бұл ел ішіндегі жарыстардағы жетістігіміз. Әлгінде айттым, клубымыздың 122 спортшысы – ел құрамасының мүшелері. Былтырғы жылы спорт түрлері бойынша ересектер арасында әлем чемпионатынан 5 күміс, 12 қола медальмен оралды. Еуропа чемпионатында 1 алтын алдық. Азия чемпионатында 4 алтын, 2 күміс еншімізге бұйырды, әлем кубогында 2 алтын, 1 қола олжаладық.

Бүгінгі таңда «Алматы» спорт клубының тірек-қимыл аппараты зақымдалған бөлімінде (ТҚАЗ) – 138 споршы; көру мүшесі зақымдалғандар бөлімінде – 155 спортшы; есту қабілеті төмен бөлімінде – 283 спортшы; «Спешиал Олимпикс» (Интеллект) бөлімінде 90 спортшы бар. Осы спортшыларды 45 жаттықтырушы баптайды. 11 маманның Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы деген атағы бар.

Қазақстанның ұлттық құрама сапында 2019 жылы ХІХ қысқы Сурдлимпиялық ойындарында шахматтан өнер көрсеткен «Алматы» спорт клубының 4 спортшысы жалпы командалық 1 орынға ие болып, Сурдлимпиада чемпионы атанды. Мұндай тарихи жетістікке командалық ойындар бойынша Қазақстан бірінші рет қол жеткізді.

Өзің де көрдің, бұйырса, 12 спортшымызды Бразилияда өтетін Сурдлимпиада ойындарына аттандырамыз. Мамыр айының 1-15 аралығында өтетін додадан спортшыларымыз олжасыз қайтпайды деп сенім артып отырмыз. 4 жылда бір айналып соғатын жарыстың деңгейі де, бәсекесі де жоғары. Осы додаға кіретін спортшыларымыздың дайындығы жаман емес. Медальмен оралады деп бек сенім артып отырмыз. Одан кейін Қытайдың Ханчжоу қаласында күзде Пара Азия ойындары өтеді. Еліміздің ішкі біріншіліктерінде де шеберліктерін сынайды.
Спортшыларымыздың жоғары жетістікке жетуіне мемлекеттің көрсетіп жатқан қамқорлығы үлкен сеп. 2016 Рио Паралимпиадасынан кейін үлкен мәселе көтеріліп, ауқымды шаруаның түйіні шешілді де, Паралимпиада, Сурдлимпиада ойындарында жетістікке жеткен спортшыларға берілетін сыйақы мөлшері дені сау спортшылардың алатын сыйақысымен теңестірілді. Бұрын Олимпиада чемпиондарының алтын жүлдегері 250 мың, күміс жүлдегер 150 мың, қола жүлдегер 75 мың доллар көлемінде сыйақы алса, Паралимпиада, Сурдлимпиада ойындарында олжа салғандарға берілетін сыйақы мөлшері бұдан әлдеқайда аз еді. Енді осы арасалмақ алынып, теңесті. Содан кейін де спортшыларымыздың құлшынысы артты. 2017 жылы жазғы Сурдлимпиада ойындары Түркияда өтті. Біздің екі спортшымыз Асылжан Тәжиев пен Хайратхаан Шонку қола медаль олжалағаны үшін 75 мың доллардан сыйақыға алды. Сонымен қоса, Алматы қаласы әкімдігі тарапынан сол екі спортшымызға 1 бөлмелі пәтер берілді. Олардың жеке бапкері, Ұлттық құраманың бас бапкері де спортшылардың жетістігі үшін сыйақы алды.

Көрсеткішке жету үшін күй керек

Jas qazaq: Спортшылардың жетістікке жетуіне ең алдымен жаттығуы жайлы болуы шарт. Сіз басшылық ететін клубтың спортшылары жаттығу орындарынан тарлық көрмей ме?

Найзабек Сағымбаев: Біздің саңлақтар қаладағы 25 спорттық нысанда оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізуде. Алматы қалалық әкімшілігінің және Алматы қаласы Спорт басқармасының тікелей қолдауының арқасында, бүгінгі таңда осы 25 спорт нысандарының 21-де біздің спортшыларымыз тегін жаттығады. Мүгедек спортшылар үшін Алматыда қысқы универсиада ойындарын өткізу мақсатында салынған «Сұңқар», «Алматы Арена» кешендерінде мүгедек жандар үшін пандус та, арнайы әжетхана, қол арбамен көтерілуге болатын жеделсаты бәрі бар. «Медеу», «Шымбұлақ» кешендерінде де сондай.

Келешекте мүгедек жандарға арналған арнайы мамандандырылған спорт кешені салынады деген жоспар бар. Бұл спорт орталығы салынатын болса, онсыз да он екі мүшесінің бірінен айрылып, қамкөңіл жүретін жандардың ойындағы психологиялық кедергі жойылады, әрі мүмкіндігі шектеулі жандар еш қиындықсыз жаттығу жасауға, спортпен шұғылдануға барады. Арнайы ашылған орталықта заманауи жабдықпен қамтылған кешенде жаттығу өткізу бапкердің де біліктілігін шыңдайды, спортшының да дамуын жылдамдатып, жетістігінің артуына сеп болады. Әзірге елімізде мұндай арнайы соғылған спорт орталықтары бас қаламыз Нұр-Сұлтан мен Атырау қаласында ғана бар. Клубымыздың меншігінде екі автокөлік тіркелген, оның бірі – «Инвотакси» қала ішінде тірек-қозғалыс аппараты зақымданған спортшыларымызды жаттығу кешендеріне, жарыстарға жеткізеді. Спортшыларымыздың арасында Қазақтың спорт және туризм академиясында оқитындар бар. Олар келешекте оқуын тәмамдап, маман атанған соң, қабілет-қарымына қарай, клубқа жұмысқа да қабылданады.

Jas qazaq: Өзіңіз осы сала шаруасының бел ортасында жүрсіз, елімізде бұқаралық спортты дамытуды кешенді бағдарламалары да бар. Мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен шұғылдануға деген ықыласы қандай әрі олардың спорт түрлерін игеруіне мүмкіндік бар ғой бізде?

Найзабек Сағымбаев: Алматы қалалық әл-ауқат басқармасының былтырғы жылғы есебі бойынша, қаламызда 49 600 мүгедек жан тіркеуде тұр. Оның ішінде спорт түрлерімен шұғылдануға мүмкіндігі келмейтіндері де бар. 2456 адам спортпен шұғылданады. Біздің клубта төрт бөлім болса, сол төрт бөлімде спорттың 20 түрінен жаттығу жүргізіледі. Атап айтқанда, жүзу, жеңіл атлетика, тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат, шағын футбол, пауэрлифтинг, үстел теннисі, еркін күрес, грек-рим күресі, садақ ату (компаунд), отырып ойнайтын волейбол, арбадағы теннис, бадминтон, голбол, таэквондо, дзюдо, арбада отырып билеу және ат спорты. Арбада билеу мен ат спорты былтыр ғана ашылды.

Jas qazaq: Өзіңіз бұл клубқа келгенге дейін ел спортын өркендету жолында еңбек етіп, басшылық қызметте болдыңыз. Бапкерлер құрамынан байқап қалдым, қазақ спортының айтулы саңлақтарын түлеткен тәлімгерлер сіздің клубта жұмыс істейді екен. Мысалы, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушылар: Мәлік Нәдірбеков еркін күрестен ұлттық құраманың бас бапкері болып, балуандарымызды жазғы Олимпиада ойындарына, әлем чемпионаттарына қосқан білікті маман. Пара таэквондадан ұлттық құраманы баптаған Сұлтанмахмұт Шоқбытов және жеңіл атлетикадан Москва-80 жазғы Олимпиадасының қола жүлдегері атақты спортшымыз Татьяна Лесовая да осы клубта шәкірт тәрбиелейтін көрінеді.

Найзабек Сағымбаев: Клубтың басшылығына келген соң тірек-қимыл аппараттары зақымдалған спортшыларды ары-бері тасуға, арбамен кіріп-шығуына қолайлы шағын автобус сатып алдық. Кәсіби спортта жоғары жетістікке жеткен 10 спортшыға 100-120 мың теңге мөлшерінде ай сайын еңбекақы төлеуді жолға қойдық. Алматы қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасында жұмыс істегенде де тығыз байланыс орнатқан спорт кешендерінің басшыларымен мәмілеге келіп, келісім жасасу арқылы спортшыларымыз оқу-жаттығу жиындарын алаңсыз өткізіп жүр.
Бапкерлер құрамындағы білікті мамандар жайында сұрадың, айтайын. 2016 жылы осы клубқа басшылыққа тағайындалған соң есту мүшесінде ақауы бар, зақым алған спортшылар арасындағы балуандарды, яғни грек-рим, еркін күрес шеберлерінің физикалық күш-қуатын саралай келе, білікті кадр, Қазақстанға еңбегі сіңген бапкер Мәлік Нәдірбековті жұмысқа шақырттық. Бапкерге үлкен сенім артып, әрі біздің балуандардың біліктілігін жетілдіріп, күшін толтыру үшін Ұлттық құрамадағы балуандардың оқу-жаттығу жиындарын да бірлесіп атқарып, балуандарымызды шыңдалу мектебінен өткіздік. Оның нәтижесін де көрдік. Сол жылы Хайратхаан Шонку Иран елінде өткен әлем чемпионатында грек-рим күресінен қола алды, еркін күрестен әлем чемпионы атанды. Асылжан Тәжиев еркін және грек-рим күресінен қола медаль олжалап қайтты. Грек-рим күресінен Ғабит Игенбай да қола жүлдегер атанды. С. Шоқбытов тәрбиелеген Кәмила Досмалова болса, Еуропа чемпионы болды және Токио-20 жазғы Олимпиадасына қатысушы ретінде тарихқа енді. Ал Татьяна Лесовая баптаған бірнеше спортшыларымыз Азия ойындарында жүлдегерлер қатарынан көрінді. Алдыңғы буын ағаларының жолын қуып, біздің жас бапкерлеріміз: Ерлан Мұқажан, Мұрадым Молдағалиев және Артур Томицский баптаған спортшыларымызда әлемдік байрақты жарыстарда топ жарды. Осы жетістіктері үшін жастығына қарамай, оларда «ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы» атағына ие болды. Дене мүмкіндігі шектелген адамдардың спортпен шұғылдану үшін, олардың жас ерекшелігіне ешқандай шектеу жоқ. Бір спортшы бірнеше спорт түрімен шұғылданамын десе де, өзінің еркінде.

Бразилияға кімдер барады?

Jas qazaq: Тақым қысып, тілеулестік танытатын додаға да аз қалды. 1 мамырда Бразилияда жазғы Сурдлимпиада ойындары басталады. Сіз басқаратын клубтан неше спортшы аттанады осы аламанға?

Найзабек Сағымбаев: Еліміздің сурдлимпиадалық құрамында бірнеше спортшы бара жатыр. Солардың ішінде біздің клубтың бес спортшысы: Дәнен Қазыбек 55 келі, Ғабит Игенбай 67 келі, Әбдірахман Оспанов 87 келі, Асылжан Тәжиев 97 және Хайратхаан Шонку 130 келі салмақта, грек-рим күресінен және Хайратхаан Шонку еркін күрестен 125 келі салмақта өнер көрсетеді.
Дзюдо күресінен де бес бірдей балуанымыз осы айтулы жарысқа аттанады. Олар: Әлдибек Нұрмұхамед 60 келі, Асхат Адамбаев 66 келі, Әсел Мақсұтова 70 келі, Шаяхмет Қанапиянов 73 келі, Ермек Жәнібекұлы 90 келіде сынға түседі. Бұлардан бөлек, жеңіл атлетика сынына Рауан Бейсебай, жүзуден Данил Абдуллин қатысады. Міне, осы спортшыларымыз Сурдлимпиада ойындарында еліміздің байрағын жоғарыда желбіретуге, Әнұранымызды шырқатуға күш салады. Өзің айтпақшы, тақым қысып осы спортшыларға тілеулес болып жүрміз.

Jas qazaq: Әңгімеңізге рахмет! Осындай талапты жандардың қажырлы еңбегі мен мұқалмайтын мінезі қоғамдағы масылдықтың азаюына септігін тигізе берсін демекпіз.

Сұхбаттасқан Қуаныш Көшімбай

17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді
12 сәуiр, 12:11
Түркістан: Сайрам ауданында «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы өтуде
12 сәуiр, 12:10
Түркістан: Жетісай полицейлері «Заң және тәртіп» жобасын іске асыруда
11 сәуiр, 16:06
«Нөлдік төзімділік»: Түркістан полициясы 700-ден астам құқық бұзушыны анықтады
11 сәуiр, 15:50
Түркістан: Алаяқтар қашып құтылмайды
11 сәуiр, 15:25
Түркістан полициясы жастар арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді