Бейқамдық береке бермейді

16 тамыз 2021, 12:20

Биыл шыжыған ыстықпен келген құрғақшылық тарихи шығармаларда айтылатын жұтты еске түсірді. Кей өңірде малға азық табылмай, арам қатты. Ақшаның иісін алыстан сезетін делдал мен саудагер алақанын ысқылап жүр, базардағы ет бағасын аспандатып…

Мұндай пәлекетті ауыздықтауға болар ма еді? Әрине. Егер ауа райын болжаушылар мен жұлдызшы қауым (ондайлар қалса) сонау ерте көктемде ескерткенде. Атқамінер мен әкім-қара оған орай әрекет еткенде. Қамданған қапы қалмайды. Өткенде редакцияға келген әріптесіміз Төлеухан (Т.Бідірәлі) Арқада жұт болғанда Құнанбай қажының мыңдаған жылқыны шығыстағы
Марқакөлге апарып, аман алып қалғанын айтты. «Бұлай қол қусырып отыруға болмайды ғой» деп өкпе-ренішін білдіре кетті. Өзі Маңғыстауға барып, малшыны тым құрыса, сөзбен демеуді жөн көріпті.

Таяуда Біріккен Ұлттар Ұйымындағы Климат тобы Жер бетіндегі табиғи өзгерістерді жан-жақты қамтыған есепті жария етті. Құжатта климаттың бұрынсоңды болмаған қарқынмен өзгеріп, ғаламшарда ыстықтың бет қаратпас сипат алғаны айтылады. Қорқыныштысы сол, климатқа қатысты Париж келісімі шеңберінде қолға алынып жатқан іс-амал жеткіліксіз болып қалуы да ықтимал.

Бүгінгі ахуал қапы қалмауды, қыстың да, жаздың да қамын ерте сайлауды талап етеді. Бұл біраз жыл араға салып оралатын баяғы жұт емес. Ғаламшарда климаттың өзгеруіне байланысты күннің қызуы күшейіп келеді. Мамандар ыстық бұрынғы қалыпты температурадан 1,5 градус жоғары
дейді. Егер ол тағы 2-3 градусқа дейін көтерілсе, өсімдікті тамырымен күйдіріп жіберетін қуаңшылық, орманды жайпап жалмайтын өрт, тас қамалдың өзін жарып өтетін тасқын, мәңгі мұздықтардың еруі, теңіз суының күрт көтерілуі сияқты апаттан көз ашпайтын сияқтымыз. Күні кеше Еуропаны есеңгіреткен сел мен Саха (Якутия) өлкесінде 6 млн гектар (қайсыбір мемлекеттің аумағынан 3 есе үлкен) алқапты тып-типыл еткен жойқын жалынға қарап, әлгі пікірдің жаны бар ма дейсің.

Жұрт жем-шөпсіз қалмасын десек, суармалы шабындық жердің, арпа-бидаймен қатар мал азығы үшін пайдалануға болатын жүгері, күнбағысты көбірек өсіруді қолға алу қажет-ақ. Рас, Маңғыстау мен Қызылордада тұщы су тапшы. Теңіз суын тұшытатын қондырғыларды көптеп орнатуды қолға алып, бұл түйінді де шешуге болар еді. Тіпті Біріккен Араб әмірліктеріндегі тұзды су ішетін өсімдік түрлерін өсіру де озық тәжірибе.

Аптап ыстық тағы бір түйткілді көлденең тартып отыр. Кәрі құрлық болашақта мұнай мен газ отынын пайдаланудан бас тартып, жасыл энергетикаға көшуді көздейді. Сол мақсатпен екі жыл бұрын Green Deal (Еуропаға арналған Жасыл Пакт) бағдарламасын қабылдады. Бұған қоса, көмірсутегі салығын енгізді. Қазақтың «қара алтыны» терістік көршіміздің мұнайымен бірге Еуропаға көптеп баратынын ескерсек, бұл мәселе де ойлантпай қоймайды.

Жасыл энергетикадағы жаңа тренд – сутегі қуаты. Германияда қоршаған ортаға мүлде зиянсыз осы отынды пайдаланатын пойыздар жүре бастады. Ресей үкіметі осы аптаның басында арнайы бағдарламаны бекітіп, жыл сайын 100 млрд доллар табатынын жария етті. Жалпы сутегі энергиясы кеңірек тоқталуды, зерттеп-зерделеуді қажет ететін тақырып. Бұған газетіміздің алдағы сандарының бірінде тоқтала жатармыз.

Срайыл СМАЙЫЛ

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген