Бейбастақ бала қайдан шығады?

18 қараша 2022, 11:32

Біз бәріміз оқушы болдық. Алғаш қолымызға әліппені ұстатып, әріп үйреткен ұстазымызды әлі күнге дейін құрметпен еске аламыз.

Мұғалім мақтаса, марқайып қалатынбыз. Қатты сөз айтса… тез арада түзелуге тырысатынбыз. Асырып айтқандық емес, мұғалім біз үшін асқар таудай ұлы тұлға еді. Сабаққа селқос қарап, бұзықтық жасайтын сыныптастарым ұстаздардан талай сөз еститін. Бірақ солардың біреуінің де ата-анасы келіп «балама неге ұрсасың» демепті…
Ал қазір ше?

Жақында Жамбыл облысы Байзақ ауданында тәртіпсіздік жасаған оқушыларды жазалағысы келген мұғалімнің бастан кешкені бүкіл қоғамды дүрліктірді. Мұғалім көлігіне анайы сурет салған оқушыларға оны жудырып, бейнежазбасын ата-аналарға өзі таратқан екен. Артынша ол бұл әрекетіне өкінген көрінеді. Өйткені «баламызға көлігін жуғызды» деп шу шығарған ата-аналар мұғалімді жұмыстан кетіруді талап еткен. Мектеп басшылығы білікті ұстазға қатаң сөгіс жариялауға мәжбүр болыпты.

Былтыр Талдықорғанда бір оқушының ескерту айтқан мұғаліміне жекіп, тіпті қол көтермекші болған бейнежазба әлемжеліде таралды. Онда да жұрт пікірі екіге қақ жарылып, бірі мұғалімді, бірі оқушыны жақтап әлек болды. Оқушының ата-анасын да жазалау керек дегендері болды арасында.

Ұстаз, оқушы және ата-ана арасындағы кикілжіңге қатысты мысал көп. Қоғамдық пікір де сан алуан. Біреу мұғалімді қорғаса, екінші біреулер қандай бұзықтық жасаса да, баланы жақтап шығады. Бұрын оқытушыға баласын «сүйегі менікі, еті сенікі» деп тапсыратын ата-ана да өзгерген. Қит етсе, мектепті, мұғалімді кінәлап, баласына шаң жуытпауға тырысады.
Біз мәселенің мәніне үңіліп, «бейбастақ бала қайдан шығады» деген сауалға жауап іздедік.

Толғанай Дәулетова, ата-ана:

«Менің үш балам мектепте оқиды. Олар күнұзақ мектепте, қосымша сабаққа қатысады. Соңғы кезде мемлекет мұғалімдерге барынша көңіл бөліп, жалақысын өсіріп, қоғам алдындағы мәртебесін көтеруге күш салып жатыр. Ата-ана ретіндегі өз ойым – ұстаз оқушының болмысын, мінезін түсінетін психолог, өзін сыйлатып қана қоймай, шәкіртімен әңгімелесе алатын адам болуы керек. Ол оқушысымен еркін қарым-қатынас орната білуі керек. Өйткені бүгінгі ұрпақ өзімен санасуды, тең сөйлесуді қалайды. Оны балаларымнан да байқаймын. Ненің ұнайтынын, нені ұнатпайтынын олар бірден айтады. Әрқайсысының ой-пікірімен санасамын. Бірақ ұстаздың айтқанын тыңдамай, оғаш әрекет жасап, мұғалімнен ескерту алса, әрине, ұстаздың әрекетін жөн көремін».

Қаламқас Саилова, ата-ана:

«Мен мұғалімнің балаға қол көтеріп немесе басқаша жаза қолдануына қарсымын. Біз баламызды ұстаздарға сеніп тапсырамыз. Олар білікті мамандар. Мұғалімнің жүйкесі тозбауы керек. Ұстаздардың басты міндеті – балаға білім беру. Қазір мұғалімдер жоғары жалақы алады. Жыл сайын олардың жүктемесі де азайтылып жатыр. Сондықтан әр мұғалім үлкен жауапкершілікпен жұмысын істеуі керек. Біз мектепке баламызды ұрсын деп емес, оқытсын деп жібереміз. Әрине, шектен шығып кететін оқушылар да болатын шығар, бірақ олармен жүйелі жұмыс істеу – мұғалімнің міндеті. Қазір баланы ұрып, таяқпен тәрбиелеудің дәуірі өтті. Қазіргі ұрпақ – жаңа заманның балалары».

Эльвира Егізекова, мұғалім:

«Әрине, ата-ананың мұғалімнен көп нәрсені талап етуі заңдылық. «Балам бала болсын десең, оқыт, мал аяма» дейді Абай. Сол сияқты баласынан ештеңесін аямайтын ата-аналар бар. Он бес жылдан астам уақыт мектепте жұмыс істеп келемін. Осы күнге дейін небір ата-ана, небір оқушыны көрдік. Кей ата-ана баласының тәрбиесімен мүлде айналыспайды. Таңның атысы мен кештің батысы жұмыста. Киімі бүтін, тамағы тоқ болса болды дейді. Баласымен ашық сөйлеспейді, тиісті көңіл бөлмейді. Ата-анасынан жылу көрмейтін балалар бірден байқалып тұрады. Әңгімеге тартсаң, тұйық. «Ішімдегіні өзің тап» деп отырады.

Бір сыныпта 25 оқушы болса, біз сол 25 оқушының ата-анасымен жұмыс істейміз. Қазір смартфон деген жақсы болды. Ортақ чатта бір-бірімізбен дауласып та, татуласып та жатамыз. Баласына көңіл бөлу керек екенін білмейтін ата-аналар бар. Көп бала әке-шешенің жылуына зәру. Онысы көздерінен көрініп тұрады. Әңгімеге тартсаң, ақтарыла салады. Көбісінің жауабы «анам менімен сөйлеспейді, әкем мені тыңдамайды» сарындас. Өз баласына назар аудармай, бар жауапкершілікті мұғалімнің мойнына арта салатын ата-аналар көп кездеседі. Олар ең алдымен балаға ата-ана мейірімі керек екенін түсінбейді. Бір сыныпта қайтсе де, бір-екі бұзық бала болады. Оларды қанша жазаласаң да нәтиже болмауы мүмкін. Бірақ біз ұстаз болғаннан кейін ол баланың қарым-қабілетін байқаймыз ғой. Менің сыныбымда да ондай балалар бар. Мен оларды мақтап, мәртебесін көтеріп, тапсырмалар беремін. Мәдени шараларға қызықтырып, сахналық қойылымдарда рөл беріп, «қолыңнан келеді» деп сенім арттым. Сыныптағы ең бұзық деген оқушыларым өздерін жақсы жағынан көрсете бастады. Меніңше, бәрі де мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынасқа тікелей байланысты. Сондықтан кінәні оқушыдан немесе ата-анадан іздеудің қажеті жоқ».

Балалар психологы Алмагүл Жексембайқызы бала тәрбиесінде ата-ананың ықпалы зор дейді. «Ата-ана баласына «оқыдым, тоқыдым, осымен болдым деп тоқтап қалма» дегенді үнемі құлағына құйып отыруы тиіс. Бүгінгі ата-аналардың көбі (әрине, бәріне топырақ шашудан аулақпыз) баласынан қаржы аямайтыны сонша, сабақтан бөлек неше түрлі үйірмелерге қатыстырады. Балаға барынша талап қойып, қадағалауды, не оқып, нені үйреніп, кімдермен араласып, қайда барып жүргенін бақылауды босаңсытып алады немесе мүлде қадағаламайды. Себебі уақыты жоқ, қолы бос емес…

Рас, қазір баланың аузынан не шықса, соны орындап, айтқанын алып беріп, еркіне бос қойдық. Қу тірліктен қол босамай, жұмыс-жұмыс деп жүргенде смартфон, планшет немесе компьютерге үңілген бала бақылаусыз қалды. Өзінде жоқ болса да, қатарынан қалмасын деп баласының көңілі үшін қарызға алып бергендер қаншама?! Осыдан келіп, смартфонның маркасымен, үстіндегі қымбат киімімен мақтанып, қатарластарына шекесінен қарайтын менмен, атыс-шабыс ойыннан басқаға қызықпайтын келешегі күңгірт балалардың өсіп келе жатқаны да өтірік емес.
Планшет пен смартфонның өмірімізге лезде еніп кеткені сонша, онсыз тірлік тоқтап, байланыс үзілетіндей деңгейге жеттік. Гаджеттер білім беру саласында да басты қажеттілік құралына айналды. Қашықтан оқудың желеуімен ата-ана барлық баласына арзан болса да смартфон алып берді. Талап сондай, қажеттілік болғанмен, алып берген дүниелерді қалай дұрыс қолдануды, әлеуметтік желілерді қалай пайдалану керек екенін үйрететін жан жоқ. Оларды қолданудың өз тәртібі, белгілі уақыты, білуге тиісті ережесі бар екеніне ешкім мән бермейді. Ал өз еркі өзіне тиген бала қандай сайтты қарап отыр, қандай ойын ойнап жатыр, кімдермен байланыс жасап отыр, қай әлеуметтік желіні қалай қолданып жүр деген мәселеге мән берілмей қалды. Жай ғана мысал келтірейін, үйге барғанда балаңызды бір сәтке бақылаңызшы. Құлаққап тағып алып, атыс-шабыс ойынымен таңнан кешке дейін отырған баланың мінезі әп-сәтте өзгеріп, ештеңеге қарауға мұршасы жоқ. Ойынға беріліп кететіні сонша, ақырын байқасаңыз, тыныс алуы жиіліп, атын атап шақырсаң да естімейтін, қасына барсаң да, байқамайтын күйде болады. Ал абайсызда көңілі бөлінсе, шу шығарады. Ондай кезде баланың бойындағы агрессияны көргенде өзің де шошисың. Бұл қазір бүкіл әлемнің бас ауруына айналған аса күрделі мәселе. Ата-анаға, мұғалімге өте таныс жағдай. Ал осындай баланы мектепке жіберіп, қандай бір жағдайда мұғалімге кінә артатындардың да аз емес екені шындық.Тәртіп бұзған баланы жөнге салғаны үшін мұғалімнің екі аяғын бір етікке тығып, балалардың алдында мұғалімнің құнын көк тиын қылатын ата-аналар бар. Қалай ойлайсыз, осы дұрыс па? Мектеп – қоғамдық орын. Ал қоғамдық орында тәртіп жалпыға ортақ. Енді осыған бағынбаған баланы мұғалім не істеуі керек сіздіңше? Тәртіпті талап етуге қақысы бар ғой. Баласының бетіне қарап «қой» деген мұғалімнің артына шам алып түсіп, айқайға қиқу қосатындарды да көріп жүрміз. Ең жаманы сол, осының бәрі баланың көзінше жасалады. Мұғалімді жерге мың рет кіргізіп, мың рет шығарып жамандайды, оның ісінің дұрыс емес екенін барынша айтуға тырысып бағады. Мұны көрген бала өз ісінің қате болғанын ұғынбақ түгілі, мұғалімнің мұғалім екенін мойындамайтын болады. Міне, бала болашағына шабылған балтаның бірі осы деп біліңіз. Баланың айтқанын алып беріп, қадағалаусыз қалдырып, бір үлкен қате жібереді, баланың көзінше біреуді жамандап екінші қатені, оның ісінің дұрыс емес екенін түсіндірмей үшінші қатені, қойшы, сөйтіп тек бір ғана бұзықтық жасағаны үшін мың қатені өзі жіберіп алғанын білмейді. Білмеген соң мойындамайды. Мұғалім мен баланың арасындағы қарым-қатынастағы басты дәнекер – ата-ана екені белгілі. Балаларды үнемі бақылауды естен шығармай, қадағалауға да міндетті және ол аса маңызды, өте қажет екенін әр ата-ана ұғуы керек».

Ал оқушылардың пікірі қандай? Олардың өтініші бойынша есімдерін өзгертіп беріп отырмыз.

Ғалымжан Әділ, 9-сынып оқушысы:

«Мектепте мүлдем ұрыспайтын мұғалім жоқ деп айта алмаймын. Көбінесе ер мұғалімдер оқушыларға зекіп сөйлейді, қол көтермесе де соған ұқсас мінез көрсетіп жатады. Жоғары сыныптың оқушысы болғандықтан, оған аса мән бермеймін. Өзімді жақсы оқушымын деп айта алмаймын. Бала болған соң түрлі бұзықтық жасадық. Тиісті жазамызды да алдық. Содан қорытынды шығардық. Қазір мұғалімдермен жақсы қарым-қатынастамын».

Рамазан Ерболұлы, 6-сынып оқушысы:

«Мен кейбір мұғалімдерді түсінбеймін. Үйінен көңіл-күйі дұрыс болмай келсе, болмаса директордан ұрыс естіп келсе, өштерін бізден алады. Сабақ біткенше біздің есімізді шығарады. Ұстаздардың көңіл-күйіне қарап отырамыз. Оқушылармен санасып, бізбен дос болғысы келетін апайлар да бар. Бәріңнің мінезіңді жаттап алдық деп ұрсатын мұғалімдер бар. Біз де ұстаздарымыздың мінезін біліп алдық. Мінезі қатал, жұмсақ деп бөліп отырамыз».

Жасмин Бақытқызы, 11-сынып оқушысы:

«Оқушыға ұрсып, тіпті нұқып жіберетін мұғалімдер бар. Өз ойым, олай жасау мұғалім үшін дөрекілік. Біз білім алуға келдік. Ұстаздардың міндеті – бізге білім беру. Егер оқу үлгерімі төмен оқушы болса, оны ата-анасына айтсын».

Әйгерім Құсайынқызы, заңгер:

«Біз кейінгі кезде ұстаз беделін түсіріп алдық. Әр нәрсенің байыбына бармай, байбалам салатын ата-аналар бар. Заң барлығына бірдей. Егер оқушыны ұрып-соғып, жарақаттаса, әрине, шағым түсіруге болады. Бірақ бір-екі қатаң ескерту жасағанға бола мұғалімнің жұмыстан кетуін талап ету орынсыз. Кез келген мектеп ішінде болған оқиға, ең алдымен, сол мектептің ішінде зерттеліп, шешіледі. Мектеп әкімшілігі тек қана оқушымен емес, ата-анамен де үздіксіз қарым-қатынаста болуы керек».

Мақпал Ноғайбаева

Бүгін, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді
12 сәуiр, 12:11
Түркістан: Сайрам ауданында «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы өтуде
12 сәуiр, 12:10
Түркістан: Жетісай полицейлері «Заң және тәртіп» жобасын іске асыруда
11 сәуiр, 16:06
«Нөлдік төзімділік»: Түркістан полициясы 700-ден астам құқық бұзушыны анықтады
11 сәуiр, 15:50
Түркістан: Алаяқтар қашып құтылмайды