
Құрбымның ауылына тойға барғанбыз. Ағасының үйлену тойына жақын құрбым қоярда-қоймай шақырған соң көңілі үшін туу қиырдағы ауылға таксилетіп жеттім. Өзі күтіп алды. Әдейі ауылды аралату үшін тойдан екі күн бұрын шақырған. Жаз мезгілі, күн ұзақ, кешқұрым жетіп алдым да, аяқ суытып асықпай тынығып ертеңіне күн арқан бойы көтерілгенде ояндым.
– Жүр, сыныптасым Дәурен келді, соның көлігімен ауылды аралап қайтайық, менің туған жерімнің тамашасын көзіңмен көр, – деді құрбым. Дәурен ашық мінезді, ауылдың нағыз аңғал қазағы екен. Сұрақ қойсаң, ынты-шынтысымен тереңнен толғай жауап қатады. Ауылды аралап көрген соң тауға қарай өрледік. Жолай үлкен қорымның маңынан өттік. Кеше ғана өмірдің қызығына тоймай жүрген жандар дамыл тауып мәңгілік мекенінде төбешік болып жатыр. «Қайтар жолда мазарға тоқташы, әкемнің, атамның, әжемнің басынан топырақ алайын» деді құрбым Жадыра сыныптасы Дәуренге. Қорымға тоқтадық. Жадыраның ізінен еріп келеміз, әкесі тым келбетті кісі болса керек, құлпытасындағы суреті соны әйгілей түскендей. Жадыра үш жасқа толғанда өмірден өтіпті. «Қырық жас мерейтойына аз күн қалғанда қайтыс болған екен, басындағы қатерлі ісікті емдейміз деген дәрігерлердің отасынан кейін оянбапты». Жоғары оқу орнына қабылданған күннен бастап екеуміз жұбымыз жазылмас құрбы болдық. Әлі де бірге келеміз. Кейде Жадыра сабақ үстінде өзге қыздар әке туралы айтса, болмаса әкесімен телефон арқылы тілдескен кезде көзінің алмасы суланып, мұайып қалатын. Қазір де қос жанарынан аққан жасын сүртті де, сол шүберекпен құлпытастағы әкесінің бейнесін шаңнан тазартты.
«Айгүл көршіміз еді, бізден үш жас үлкен болды, тым сұлу болатын. Ауылда тұрса да өңі ақ қағаздай үлбіреп, қаланың қыздары секілді нәзік еді. 11-сыныпты бітірген жылдың жазында дәрет сындыруға түнде жалғыз шығып, бір сырқатқа шалдықты. Талма деді, басқа да диагноз қойды дәрігерлер. Ешқайсысы емдеп жаза алмады, керісінше, уақыт өткен сайын ауруы асқынып төсек тартып жатып қалды. Бес жылдай ауырып қайтыс болды, иманы саламат болсын» деген құрбым қабірдегі құлпытасты аялай сипады.
Үйге қайтқанша Айгүлдің қазасы, өнбей жатып солған гүлдің тағдыры есімнен шықпай қойды. Тіпті кешке ұйқыға бас қойғанда да алағызып, көзімді жұмсам, қабір басындағы Айгүлдің бейнесі елестеп, әне-міне есіктен кіріп келердей болады. Таңға жуық көзім ілініп ұйықтадым. Осы оқиғаның әсері ме, тойдан шаршап қайттым қалаға. Бір-екі күннен кейін Жадыра да келді. Жатақхананың бөлмесінде өзге қыздармен шәй ішіп, тойдың қызықтарын айтысып, қонақтарымыз тарқаған соң марқұм Айгүлдің тағдырын тағы да тәптіштеп сұрадым.
– Мектепте өте үлгілі қыз болды, ауылдың мектебінде оқып жүріп-ақ орысшаға да, ағылшын тіліне де жүйрік еді. Үлкендер көз де өтіп кетті деп отыратын. Мектепті бітіру кешінен кейін үйіне келіп, дәретханаға түнде жалғыз шығыпты. Айгүл бірден төсек тартып ауырып қалған жоқ. Алғашында сандырақтап, өзімен-өзі сөйлеп жүрді. Отбасымен дастарқан үстінде отырғанда терезеге, есікке қарап елеңдеп, кейде тіпті шыңғырып айғайлайды екен. Ештеңе айтпайды, тек қолын шошайтып көрсететін көрінеді. Емшіге де, бақсы, молдаларға да оқытты, шипасы болмады. Әкесі қарызданып жүріп шетелге де апарып тексертті, дауасы табылған жоқ. Қызы қайтыс болған соң анасы да көп ұзамай дүние салды. Айгүл ауруға шалдығар түннен кейін анасына айтқан бір әңгімесінде, қараңғыда ту сыртынан ақ киімді сұлбаның өткенін көрген. Қараңғыға қарай ұзап барып сіңіп кетіпті. Шошынғаннан қалтырап үйге қарай жүгіргенде шалынып құлап одан бетер зәресі ұшқан екен. Міне, осы оқиғадан кейін жабысқан кесел ақыры алып тынды, – деді.
Марқұм Айгүлдің көзіне не елестеуі мүмкін? Қандай кесел жабысты? Ешкім жарытып ештеңе білмейді. Қызының қайғысын көтере алмай ана да өмірден өтті. Қазақ ырымшыл халық. Ұлттық тәрбиеміздегі ырым-тиымда түнде баланы далаға жалғыз жібермеу керектігі айтылады. Қамсыздық, еренсіздіктің ақыры осындай орны толмас қайғыға ұрындыратыны өкінішті. Бұл оқиға көпке сабақ болса, деп жазып отырмын. Баласын түнде көшеге жіберетін, болмаса басқаға жұмсайтындар да жоқ емес. Жазым деген аяқ асты екенін ұмытпасақ екен.
Жансезім Айбарқызы