
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуге балаға» демекші, Баққыз Жұмашева — 35 жыл ғұмырын ұстаздыққа арнаған жан. Алғашқы жұмысын Алматы облысы Кеген ауданынан бастаған математика пәнінің мұғалімі соңғы жылдары Қарасай ауданына қарасты Абай ауылындағы орта мектепте бірнеше жыл талмай еңбек етіп, зейнетке шықты. Бүгінде білікті ұстаз зейнетке шықса да мамандығынан қол үзген емес. Жастармен иық тірестіріп жұмыс істеп жүрген тәжірибелі маман. Біз білікті ұстазды әңгімеге тартып, қоғамдағы патерналистік көңіл-күй мен масылдық сананы азайту туралы ой-пікірін сұрадық.
Jas qazaq: Баққыз Жұмашқызы, мыңдаған шәкірт тәрбиелеген тәжірибелі ұстаз ретінде сіздің ойыңызды білгіміз келіп отыр: қоғамдағы патерналистік көңіл-күй мен масылдық санадан арылудың жолы бар ма? Қоғамға, тіпті өз отбасына пайда келтіргісі келмей жандар қайдан шығады?
Б.Демеуова: Әрине, бұл орынды сұрақ. Дәл қазір өзекті мәселе екенін де айтқым келеді. Бірақ бұл өте ауқымды мәселе болғандықтан, әр маман өз көзқарасы тұрғысынан түсіндіріп беруі мүмкін. Менің салам – педагогика, оның ішінде математика пәнінің мұғалімі болғандықтан, біз оқушылармен жұмыс істейміз. Олардың білімге деген, пәнге деген қызығушылығы, іргетасы мектеп табалдырығын алғаш аттаған сәттен бастап қаланады. 40 жылға жуық тәжірибемде түрлі жағдайдың куәсі болдық. Соңғы жылдары мектеп оқушыларын ҰБТ-ға дайындадым. Дәл осы кезеңде мамандық таңдаудың қаншалықты маңызды екеніне көз жеткіздім, Ата-аналармен де оқушыларым үшін жақтасқан кездер болды. Өйткені көп ата-ана балаларынан зор үміт күтеді. Бірі баласынан заңгер, бірі дәрігер, бірі мұғалім, бірі экономист «жасағысы» келеді. Бұл — оқушының емес, ата-анасының қалауы. Көбі баласы қаламай тұрған мамандықты оқытқысы келеді. Ата-анасының айтқанына көніп, амалсыздан өзі қаламаған мамандықты оқитындар бар. Керісінше өзінің қалауын айтып, ешкімнің қарсылығына қарамастан, өнер академиясына қашып барып емтихан тапсырғандар бар. Мен бұл мысалдарды неге айтып отырмын? Қоғамдағы патерналистік көңіл-күй мен масылдық туралы сөз қозғалғанда, көз алдымнан осындай жәйттер тізбектеліп өтеді. Болашақта өз қалауымен, таңдауымен оқымаған студент, сол мамандықты бүкіл ынта-шынтасымен дөңгелетіп әкетеді дегенге сенбеймін. Бұл бір мысал дейік. Екіншіден, қазір техниканың заманы. Күн сайын жаңа мамандық пайда болып жатыр. Заман көшіне ерген жалынды жастарымыз да өсіп келеді. Бұрын оқушыларға тақтаның алдында есеп шығартатын болсақ, қазір лэд-экран, компьютер, басқа да құрылғылардың көмегімен сабақ түсіндіресің. Қажет ақпараттың барлығы бар. Бұрынғыдай кітапханада ұзақ отырып дайындалмайсың. Қазіргі жастар да басқаша. Өз ойын ашық айтады. Нені қалайтынын біледі.
Қоғамда әр түрлі адамдар болады. Бірі тер төгіп, отбасын асырайды. Жұмыстың ауырынан қашпай, күндіз-түні еңбектенетіндер бар. Сондай-ақ жұмыс істемей, ата-анасының тапқан табысына күн көретін дені сау, тепсе темір үзетін жандар да бар. Өкінішке қарай, ондай жандар айналамызда көп.
Jas qazaq: Сөзіңіз аузыңызда, бүгінде «мені мемлекет асырасын» деген түсінікпен өмір сүретіндер бар ғой. Ондай жандарға не айтар едіңіз? Өзіңіз бейнетіңіздің зейнетін көретін шақта жұмысты жалғастыруыңыздың себебі не?
Б.Демеуова: Мемлекет бөлетін әлеуметтік қаржы, зейнетақы, мүгедектікке байланысты берілетін жәрдемақыға күн көріп отырған отбасылар бар. Жасыратыны жоқ, кейде осы жәрдемақылар үшін таласып-тартысып жатқандарды көреміз. Бұл, әрине, дұрыс емес. Осы жерде Абайдың мына бір өлең жолдарын еске салғым келеді:
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз.
Тілеуің, өмірің алдыңда,
Оған қайғы жесеңіз.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпа
– Бес дұшпаның, білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой.
Мен осы шумақты шәкірттеріме үнемі айтып, жаттатып отырамын. Математика пәнінен сабақ берсем де, оларға рухани жағынан да тәрбие беруге тырысамын. Еңбек етудің не екенін жастайынан түсінген адам, қоғамға да, отбасына да масыл болады деп ойламаймын.
Әлбетте, зейнетақымды алып, немере қарап үйде отыра беруіме де болатын еді. Бірақ мен жұмыссыз бір күн де үйде отыра алмаймын. Маған адамдармен үнемі араласып, білгенімді үйретіп, білмегенімді жастардан үйреніп жүре берген ұнайды. Өз ойым — жастарды масылдық санадан қалайда арылту керек. Жастарға бағыт-бағдар көрсетсең болды, әрі қарай өзі алып кетеді. Дәл қазіргі қоғамда жұмыс жоқ деп қол қусырып отыруды қасірет деп айтар едім. Мемлекет тарапынан да түрлі бағдарламалар бар. Оған қоса, барлық елді мекендерде жұмыспен қамту орталықтары бар. Кез келген жұмыссыз адам тіркеліп, мамандығына сай жұмыс таба алады. Тіпті кәсіптік колледждер де бар. Өз басым еңбек еткісі келмейтін адамдарды түсінбеймін. Үйде қарайып отырғаннан гөрі қоғамға титтей де болса пайдамды тигізгім келеді. Қыздарым жұмыс істеуіме қарсы болды. «Зейнет жасыңызда қыдырып, ел аралап, демалып үйде отырыңыз» деді. Бірақ мен олардың қарсылығына қарамастан, жұмысқа шығып кеттім. Керісінше, зейнетке шыққаннан кейін жаңа тыныс ашылғандай болды. Денсаулығым барда жұмысымды істеп жүре бергім келеді. Масылдық, жалқаулық, еріншектік сынды ұғым-түсініктен арылу әр адамның таным-түйсігіне байланысты. Қазір жұмыс істеймін деген адамға, кәсіпте, барлық мүмкіндік те бар. Тіпті кәсібіңді ашуға ең алдымен оқытып, тоқытып барып, жан-жақты қолдау көрсететін бағдарламалар бар. Қоғамдағы масылдық сананы азайтудың ең басты критерийін – отбасылық тәрбие деп айтар едім. Мәселен, біз кішкентайымыздан үлкендерге көмектесіп өстік. Үй шаруасынан бастап, даладағы жұмыстың барлығын өзіміз тындыратын едік. Тіршілікке ерте араластық. Қыз баланың жұмысы, ұл баланың жұмысы деп бөлмейтінбіз. Бауырларымызбен бірге үйдің шаруасын істедік. Қазіргі балалар далаға шықпайды, тіпті ауылдың өзінде көшеде асыр салып ойнап, арбамен су тасып жүрген баланы көрмейміз. Өйткені ауылда да жағдай жақсы. Барлық үйге су кіргізілген. Қазіргі жастардың еңбек етуді түсінбей жатқаны осыдан ба деп ойлаймын.
Jas qazaq: Еңбектенемін деген жанға қазіргі таңда барлық мүмкіндік бар екенін айтып қалдыңыз. Жастар ең алдымен масылдық санадан арылу керек дедіңіз. Осыны тарқатып айтсаңыз.
Б.Демеуова: Сұхбатымыз қоғамдағы масылдық сананы азайту тақырыбына қатысты дегенде көп нәрсені ойладым. Осы тақырыпты жан-жақты ашып бергім келді. Әрине, өз салама қатысты жағынан. Расымен де, қазір жұмыс істеймін деген адамға мүмкіндік көп. Бұрын дипломың болмаса, жұмыс істей алмайсың деген түсінік болатын. Қазір оны қабілетің мен ниетің болса, кез келген жұмысты дөңгелете аласың деген үғым басты. Бұрын оқығысы келмейтін оқушыларыма «білім алмасаң, жұмыс істей алмайсың, отбасыңды асырай алмайсың» деп ұрсатынмын. Сонда бір оқушым «апай, мен оқуға түспеймін, шопыр боламын» деп жауап берген еді. Кейіннен сол оқушым көлік жүргізіп жүріп-ақ шағын бизнестің иесі болды. Қазір бірнеше көлікті жалға береді. Өзі де рульден түспейді. Бұл жерде айтқым келгені — ол жоғары білім алмаса да, талмай еңбек еткеннің арқасында белгілі бір жетістікке жетті. Осы сынды мысалдар өмірде өте көп. Сондықтан, ең бастысы, еңбектенуден қашпау. Қазір смартфонды ашып қалсаң, түрлі курстар, түрлі мотивациялық сабақтарды көресің. Солардың ішінен сапалысын таңдап, кәсібіңді жүргізіп кетуге болады. Қазір жастарға мүмкіндік көп, оны тағы да қайталап айтамын. Жұмыс жоқ деп жүре бергеннен гөрі, мүмкіндікті барынша пайдаланып, қоғамнан өз орнын тапқаны дұрыс.
Jas qazaq: Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Мақпал Ноғайбаева