
Әлбетте, бұл түсінікті де. Өйткені мектеп пен балабақша мәселесі Астана қаласында қазір өте өзекті болып отыр. Елорда тұрғындарының саны жыл сайын арта түсуде. Мысалы, 2019 жылдың басында қалада 1 млн 30 мың адам тұрса, биыл бұл көрсеткіш 1 млн 330 мыңнан асты. Айналасы үш-төр жылдың ішінде астаналықтардың саны 300 мың адамға өскен. Бұл дегеніміз — бір облыс орталығының халқы. Оның үстіне жаңа дәуір – терең білім мен жоғары біліктіліктің заманы. Осыған байланысты біз Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыевке жолығып, оқырмандардың көкейінде жүрген бірнеше сұрақтарды қойған едік.
— Қасымхан Сенғазыұлы, бүгінгі таңда қалада қанша орта мектеп бар және болашақта қанша оқу орны салынбақшы?
-Астана қаласының білім беру саласында қазір 326 078 баланы қамтитын 653 (оның 242-і мемлекеттік, 411-і жекеменшік) ұйым жұмыс жасайды. Соның ішінде 236 757 контингенті бар 162 жалпы білім беретін мектептер бар. Елордадағы білім беру жүйесінің инфрақұрылымын дамыту үшауысымды және бала саны шамадан тыс мектептердің санын азайтуға бағытталған.
Бүгінгі күні қалада бала саны шамадан тыс 18 мектеп, үшауысымды 8 мектеп жұмыс жасайды.
Халықтың жыл сайынғы өсуі салдарынан оқу орындарына деген сұраныс артып келеді. Жоспарлы түрде оқушыларды қажетті оқу орындарымен қамтамасыз ету және жұмыс істеп тұрған орындардың иығына түсен артық салмақты алып тастау үшін жыл сайын кемінде 10 мектеп салу керек екені мәлім. Соңғы үш жыл ішінде 34 мектеп салынып, пайдалануға берілді. Аталған оқу орындары 70 мың оқушы орнын құруға мүмкіндік берді.
Үшауысымды және бала саны шамадан тыс мектептердің санын азайту мақсатында ағымдағы жылы 22 750 орынға арналған 11 мектеп салу бойынша жобалар іске асырылып жатыр. Оның ішінде бесеуі – бюджеттік инвестиция бойынша, екеуі мемлекеттік-жекелік әріптесік болса, төртеуі жеке меншік мектептер. Аталған мектептің екеуі 1 қыркүйекте пайдалануға берілсе қалған тоғызы мектеп осы оқу жылының ішінде қолданысқа беріледі.
Сонымен қатар, 2022 жылғы 28 қыркүйектегі реформалар жөніндегі Қазақстан Республикасы
Президентінің жанындағы Жоғарғы Кеңестің отырысында «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы ұсынылды. Соны іске асыру аясында 2026 жылға дейін оқушылардың орын тапшылығы мәселесін шешу үшін нақты жұмыстар атқарылуда. Мысалы, бюджеттік инвестиция аясында екі аусымда 90 мың орындық оқушыны қамтитын 24 мектептің құрылысын салу көзделіп отыр. Аталған мектептердің құрылысы 2023 жылы басталып, 2025 жылға дейін пайдалануға беріледі.
Сондай-ақ, қаланың құрылыс, сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармаларымен бірлесіп, қадамдық қолжетімділік қағидасы бойынша жаңа мектеп салуға 102 жер телімінін бөлу қарастырылды. Мұның бәрі Астана қаласының бекітілген Бас жоспарында көрініс тапты.
Жаңа мектептердің құрылысын салып қана қоймай, қолданыстағы мектептердің материалдық-техникалық базасын жаңартуға да үлкен көңіл бөлінуде. Осы жылы 37 білім беру ұйымына, оның ішінде 15 мектеп, 21 балабақша, 1 колледжге күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Мектептерде оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылы қосымша бейнебақылаулар мен турникеттер сатып алынды. Бүгінгі күні барлық білім ұйымдары толықтай бейнебақылаулармен қамтамасыз етілді және Ішкі істер департаментінің жедел басқару орталығына қосылды.
— Мектептердің көп болғаны әрине, жақсы. Бірақ, мектеп санына ондағы білім беру сапасы қаншалықты сай келеді?
-Мемлекет басшысының «Оқуға құштар мектеп» жобасын іске асыру аясында білім беру ұйымдарының кітапхана қорлары көркем әдебиетпен толықтырылды. Кітапханалардың интерьерін қайта жобалау бойынша жұмыстар жалғасуда. 36 мектепте кітапханалар қайта жаңартылып, оқырмандарға арналған сoworking – аймақтары ашылды. Бүгінгі күні барлық мектептер жүз пайыз оқулықтармен қамтамасыз етілді.
Пәндік кабинеттердің заманауи талаптарға сәйкестігі білім сапасын арттыруға үлкен септігін тигізеді. Осы орайда, қала мектептеріне жаңа модификациядағы 51 пәндік кабинеттер (химия, физика, биология) сатып алынды.

Осы жасалып жатқан жұмыстар оқушылардың қабілет-қарымын қалыптастырып, одан әрі дамытуға үлкен септігін тигізуде. Жүйелі жұмыстың арқасында әртүрлі деңгейдегі олимпиадалар мен ғылыми жобаларда елорда оқушылары 15 жыл бойы өз жетістіктерін шыңдап келеді.
Биылғы жылы астаналық команда республикалық олимпиадада рекордтық жетістікке жетіп, 93 медаль иеленді, оның ішінде 24 алтын, 29 күміс және 40 қола медаль.
-Оқушылардың жеке дамуына әсер ететін қосымша білім беру жүйесінің жай-күйі, сапасы мен тиімділігі қандай?
-Қалада қазір 11 қосымша білім беру ұйымы жұмыс жасайды, олар тек білім алушылардың 76,8 пайызын ғана қамтып отыр.
Балаларды қосымша біліммен қамтуды ұлғайту мақсатында осы жылы ғана қадамдық қолжетімділік қағидаты бойынша 4500-ден астам баланы қамтитын 5 қосымша білім беру ұйымы өз жұмыстарын бастады.
Сонымен қатар, ағымдағы жылдың қыркүйек айында «Теміржолшылар» кентінде 1 мыңнан аса баланы қамтитын әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайының және «Көктал» тұрғын үй алабында 600 баланы қамтитын М.Өтемісов атындағы Оқушылар сарайының филиалдары ашылды.
Оқушыларды шығармашыл, дарынды жеке тұлға ретінде жетілдіру мақсатында шахмат федерациясымен бірлесіп, қаланың барлық мектептерінде шахмат үйірмелері ашылды.
Тағы да бір енгізілген жаңашылдық – ол әр мектепте домбыра сыныптарын ашу, оқушылар қатарынан домбыра оркестірлерін құру.
Бұл оқушылардың шығармашылық әлеуетін дамытуға, балалардың эстетикалық тәрбиесіне жағдай жасауға, қазақ халқының тарихына, әдет – ғұрыптары мен дәстүрлеріне деген сүйіспеншілікті оятуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, қалада жыл сайын инклюзивті білім беру жүйесі жетілдірілуде, ерекше білімді қажет ететін балаларға кедергісіз орта қалыптастыру үшін біршама жағдайлар жасалуда.
Бүгінгі күні 20 мектептің базасында ресурстық орталықтар мен инклюзияны қолдау кабинеттерінің жұмысы ұйымдастырылып, жүйелендірілді.
Жыл басынан бері инклюзивтік білім беру бағыты бойынша «Асыл Мирас» аутизмі бар балаларды қолдау орталығы мен № 6 ПМПК ұйымдары ашылды.
Жаңа оқу жылынан бастап № 88 мектеп-лицейінде көру қабілеті бұзылған балаларға арналған 4 арнайы сыныптың жұмысы ұйымдастырылды. Желтоқсан айының соңына дейін аутизм диагнозы бар балаларды қолдау бойынша тағы да бір орталықты іске қосу жоспарлануда.
Дегенмен де, балалар санының өсуі мен көші-қон ағымына байланысты ПМПК-лардан тексеруден өтуге тіркелген балалардың саны көбеюде. Осыған байланысты 2023 жылы тағы екі ПМПК ашатын боламыз.
-Кез келген мектептің білім сапасын анықтайтын білікті мамандар. Олай болса оқу орынжарын қажетті кадрлармен қамтамасыз ету қалай жүріп жатыр?
-Қазіргі күні қаланың білім беру ұйымдарында 20 000-нан астам педагог жұмыс істейді. Болжамды деректер бойынша 2026 жылға дейін педагог мамандарға деген қажеттілік 7 120 адамды құрайды, оның ішінде қазақ тілінде оқытатын мектептерде – 4 565, орыс тілінде оқытатын мектептерде – 2 555 маман.
Білім беру саласына жас мамандарды тарту мақсатында 2018 жылдан бастап елорда әкімдігі жоғары оқу орындарына педагогикалық мамандықтарға 400-ден аса мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастырып келсе, биылғы жылдан бастап гранттардың саны 1050-ға ұлғайып отыр.
-Енді техникалық және кәсіптік білім беру саласын туралы қысқаша айтып берсеңіз.
-Қалада 32 332 студент білім алатын 33 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы жұмыс жасайды. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша 16 825 студент білім алуда. 2022 жылы қала колледждерін 7 671 студент аяқтап, 6 679 түлек, яғни 87 пайызы тұрақты жұмыспен қамтылды.
Жергілікті еңбек нарығын білікті кадрлармен қамтамасыз ету үшін 162 кәсіпорынның қатысуымен 22 колледжде 40 мамандық бойынша дуалды оқыту ұйымдастырылды. Қоғамдық тамақтану және қызмет көрсету колледжі жүз пайыз дуалды оқытуды енгізді. Сонымен қоса жаңа мамандықтар атласының негізінде кадрларға қажеттіліктің өңірлік картасын әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Қазіргі уақытта орта кәсіптік білім беру жүйесінде еңбек нарығының қажеттіліктеріне жауап беретін оқыту бағдарламасын жетілдіру және қайта бағдарлау жұмысы жүргізіліп жатыр.
Жұмыс берушілердің қатысуымен 477-ден астам білім беру бағдарламалары қайта әзірленіп, оның 254-і Оқу-ағарту министрлігінің реестріне енгізілді.
-Мектепке дейінгі білім беру, балабақшамен қамтамасыз ету де өзекті мәселеге айналып отыр. Осыған қатысты не айтар едіңіз?
-Астана қаласында 58 мыңнан астам баланы қамтитын 432 мектепке дейінгі ұйым бар. Оның 99-ы мемлекеттік, 330-ы жекеменшік, мемлекеттік тапсырыспен орналастырылғаны – 313 және 3-уі ведомстволық.
Бір балаға мемлекеттік білім беру қызметін көрсету мөлшерінің құны 41 718 теңгені құрайды. Ата-ананың тамақтандыру төлемінің белгіленген құны мемлекеттік балабақшаларда 16 800 теңге, жекеменшік балабақшаларда 20 800 теңгені құрайды.
2022-2023 жылдары мектепке дейінгі білім беру жүйесі бойынша жоспарларға тоқталып өткім келеді. Біріншіден, 200 орындық білім беру қызметін алушыларды дербес қаржыландыруды ескере отырып, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бойынша пилоттық жоба енгізіледі. Екіншіден, тұрғын үй кешендерінің 1 қабатында мектепке дейінгі ұйымдар үшін 300 орындық қосымша ғимараттар ашу көзделуде. Үшіншіден, Күлтегін 17/1 (Жағалау ауданы) мекен-жайында орналасқан 240 орындық мемлекеттік балабақшаны пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз.
Мемлекеттік балабақшалардағы орын тапшылығын азайту мәселесін шешуге жекеменшік балабақшалар желісі белсенді түрде қатысуда. Бүгінгі таңда жекеменшік балабақшалар желісі 330 ұйымнан тұрады, 313 жекеменшік мектепке дейінгі ұйым 27 504 орынға мемлекеттік тапсырыс бойынша балаларды орынмен қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, 2017 жылдан бері мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында балабақша құрылысы жүргізілуде. Қазіргі таңда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында балабақша салу қажеттігі жөнінде жеке инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Жеке инвестор тарапынан қызығушылық болған жағдайда құрылыс мемлекеттік жекеменшік әріптестіктермен білім беру нысандарын 2024 жылға дейін пайдалануға беру жоспарына енгізіледі.
-Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Абзал Ибрагим,
Астана