jasqazaq.kz

Астана: дамуға бастайтын драйвер-жобалар

28 мамыр 2023, 20:01

2021 жылы іске қосылған «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері»
Ұлттық жобасының басым бағытының бірі — тұрындарға арналған заманауи әрі жайлы инфрақұрылымды қалыптастыру (ауыз сумен жабдықтау, жол салу, «көгілдір отын»және қамтамасыз ету), тұрғын үй мәселесін шешу, түрлі салаларға инвестиция тарту арқылы халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға қол жеткізу.
Бұл бағытта еліміздің бас қаласы Астанада ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Біз ел дамуына елеулі үлес қосып отырған Елордада қолға алынған игілікті істердің бір шоғырына сараптама жасауды жөн көрдік.
Астана — инвестиция үшін тартымды қала. Елорданың қарыштап өркендеуін паш еткен деректер мен мәліметтер де осы пікірді айғақтай түседі. Қала жыл санап қанатын кеңге жайып келеді. Тұрғын саны да күнен күнге көбейіп келеді. Қазір мұнда жалпы аумағы 11 млн шаршы метр болатын тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр. Былтыр 3 млн шаршы метр тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.
Мұны айтып отырған себебіміз, қалаға құйылған инвестицияның біраз бөлігі, атап айтқанда, 26 пайызы осы құрылыс индустриясына тиесілі.

Бұл туралы Астана әкімі Жеңіс Қасымбек жуырда БАҚ-қа берген сұхбатында мәлім етті. Қала басшысының айтуынша, 2021 жылғы инвестиция көлемі 1,2 трлн теңге болса, өткен жылы 1,5 трлн теңгеге жеткен. Жеңіс Қасымбек аталған саланың маңызына тоқтала келе, «Биылғы жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 20 пайызға өсіп отыр. Инвесторлар еліміздің заңдары мен қаладағы инвестициялық климатқа сенеді. Бір қуанарлығы, денсаулық сақтау мен білім беру саласындағы инвестиция көлемі бұрынғы жылдарымен салыстырғанда он есеге көбейген», — деді.
Білім саласы демекші, жыл сайын Астана қаласында 7-8 мың түлек мектеп бітірсе, 20-25 мың мектеп табалдырығын аттайды. Бұл — мектеп оқушыларының саны жыл сайын шамамен он жеті мың балаға көбейіп отырады деген сөз. Сондықтан еңселі Елордада білім ордаларының жеткілікті болуы әкімдік алдында көкейкесті міндет. Қала басшысының айтуынша, қазір Астанада 14 мектептің құрылысы салынып жатыр. 11 білім ұясы биыл пайдалануға беріледі. Қосымша жекеменшік мектептер де салынуда. Сондай-ақ, биыл жаңа 24 мектептің құрылыс басталады. Бұл ретте Президенттің тапсырмасы бойынша іске асырылып жатқан «Жайлы мектеп» бағдарламасы бар екенін айрықша атап өткен жөн. Жалпы, алдағы уақытта Астанада 40 мектеп салу көзделіп отыр. «Соның нәтижесінде орын саны 100 мыңға артады. Сол мектептерді мұғалімдермен қамтамасыз ету де қолға алынды. Біздің жоспарымыз бойынша, 2024-2025 жылдарға дейін қаламыздағы мұғалім саны жеті мыңға артады», — дейді қала басшысы.
Қалаға тартылған инвестицияның сипатын саралағанда жеке тұлғалар мен кісіпкерлердің де қаржы құйып жатқанын байқауға болады. Бұл туралы Астана әкімі өзінің әлеуметтік парақшасында жазғандай, биылғы жылы 30-ға жуық жобаны іске қосу жоспарланған. Жеке инвестициялардың жалпы сомасы 118 млрд теңгеден асқан. Осының нәтижесінде түрлі салаларда 2 мыңнан астам жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Олар – өнеркәсіп, медицина, агроөнеркәсіптік кешен сияқты салалардағы кәсіпорындар, білім беру саласындағы 5 нысан (мектеп, балабақша), логистика саласындағы 4 жоба, спорт кешендері және т.б.
Қала әкімі жақында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевпен бірге №1 Индустриялық парк аумағындағы бірқатар кәсіпорынның қызметімен танысты. Бұлардың арасында ModeX модульдік үй құрылысы және мамандандырылған техника құрастыру зауыттары, витраж, терезе, медицина жабдықтары, жиһаз, респиратор, сондай-ақ, тіршілікке қажетті өзге өнімдерді шығаратын өндіріс ошақтары бар. Кездесу барысында кәсіпорын өкілдерімен бірге №1 Индустриялық парк бойынша өзекті мәселелер талқыланды. Қала әкімі, сонымен қатар, алдағы уақытта да Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, инвестицияны жұмылдыру және инвесторларды қолдау бағытында мақсатты жұмыстың жалғаса беретінін мәлімдеді.
Бүгінгі таңда Астанада ірі бизнеспен қатар, шағын және орта кәсіпкерлікке негізделген әрі өзін-өзі қамтамасыз ететін экономика қалыптасты деуге толық негіз бар. Өйткені Елордада кәсіп ашып, білек сыбана жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасалған. Сөзімізге дәлел ретінде қала әкімдігі келтірген мәліметке жүгінейік. Бүгінде шағын және орта бизнестің Елорда экономикасындағы үлесі 70 пайызды құрайды. Қазір мұнда 215 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектілері (2022 жылмен салыстырғанда 28 пайызға өскен) жұмыс істейді. Олар 11,4 трлн теңгенің өнімін өндіріп отыр. Аталған салада 489 мың адам жұмыспен қамтылған (өткен жылмен салыстырғанда 18 пайызға көп), яғни бұл экономикалық белсенді қала тұрғындарының 70 пайызын құрайды. Бір сөзбен айтқанда, Астана әкімдігі бизнесті жүргізу мен кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау көрсетудің рәсімдерін жеңілдетуге барынша жағдай жасауда.
Жоғарыда жеке инвестицияны тарту туралы айттық. Енді сол тақырыпты кеңейте кетсек. Бұл ретте мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің пайдалы жақтарын уақыт дәлелдеп отыр. Нарықтың осы тетігі нақты жобаларды жүзеге асырып, жергілікті бюджетке түсетін салмақты азайтуға мүмкіндік береді. Астана әкімдігі 2017-2022 жылдар аралығында мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобасы бойынша 16 келісімшарт жасаған екен. Олар білім беру, денсалық сақтау, көлік инфрақұрылымы, ақпараттық жүйелер, спорт, экология және басқа да салаларды қамтиды.
Мәселен, көлік және инфрақұрылым саласында үш келісімшарт жасалған. Оның ішінде «Сергек» фото-бейнефиксация және бейне талдау кешенін құру, көлік қызметі және автотұрақ кеңістігін пайдалану мәселелері бар. Аталған жобаның нәтижесі жаман емес. Атап айтсақ, жол-көлік оқиғалары 36 пайызға және олардан зардап шеккендердің саны 24 пайызға, өлім-жітім 50 пайызға төмендеген. Қоғамдық орындардағы заң бұзушылық 71 пайызға азайған. Ал қылмыстық істердің ізін суытпай ашу, сондай-ақ әкімшілік заңбұзушылықтарды дер кезінде анықтау екі есеге артқан көрінеді. Осы жобаны іске асыру нәтижесінде айыппұл арқылы бюджетке түскен қаржы 1 миллиард теңгеге жетіпті.


Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған Паралимпиада оқу орталығының және «Тарлан» мұз айдынының қызметін ұйымдастыру бойынша жоба да сәтті жүзеге асырылуда. Орталықта спорттың 17 түрі бойынша тегін жаттығулар жүргізіледі. Айына мұнда келушілердің орташа саны 3400 адамнан асады.
Кез келген қаланың даму деңгейін үлкенді-кішілі жолдары паш етіп тұратыны белгілі. Астанада жол мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Атап айтсақ, биыл жалпы ұзындығы 54,3 шақырым болатын 72 көшеге орташа жөндеу жүргізу жоспарланып отыр, оның 44-і — орталық көшелер (40 шақырым). Сонымен қатар, биыл елордада ұзындығы 13 шақырым болатын 31 көше салынады. Төрт көше бойынша жұмыс толық көлемде аяқталады. 19 көше бойынша жалғасады, сегіз көшеде жөндеу жұмыстары басталуға жақын. Жоспар бойынша шұңқырлы орындарды жөндеу, жаяу жүргіншілер жолын салу, аялдауға арналған орындарды, пандустарды жайластыру бар.
Биыл Есіл өзені арқылы өтетін Тәуелсіздік даңғылындағы көлік қозғалысына арналған көпірдің құрылысы аяқталады. Бұл жолдардағы көлік ағымын азайтуы тиіс. Тәуелсіздік даңғылы, жаңа теміржол вокзалы маңы, Қошқарбаев даңғылы, Нәжімеденов көшесі, Әзірет Сұлтан мешіті ауданы, Байтұрсынов, Қордай, Айнакөл көшелері, Момышұлы даңғылы мен сол жағалау арасындағы қосымша байланыс жолы ашылады.
Сондай-ақ Н.Тілендиев даңғылы мен Ш.Бейсеков көшесінің қиылысында екі деңгейде көлік айрығын салу жобасы жүргізілуде. Перспективалы көлік айрығы ауданында инженерлік желілерді салу, сондай-ақ көпір өткелінің темірбетон тіректерін орнату жұмысы басталды. Жоба 2 жылға есептелген. 2024 жылдың соңында жол жүруді қамтамасыз ету жоспарланып отыр.


Астанада тұрғын саны күн санап көбейіп келеді. Қала әкімі келтірген дерек бойынша, ресми түрде 1 млн 350 мың адам тұрады. Тұрғын саны көбейгені жақсы, дегенмен біраз мәселені шұғыл түрде шешуді қажет етеді. Күн тәртібіндегі ең өткір мәселе — коммуналдық мекемелердің жұмысы, ең алдымен жылу және сумен қамту. Жеңіс Қасымбек өзекті мәселеге орай былай дейді: «Былтыр Астанада 3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Тиісінше, бұл жылумен қамту мәселесін шешуді талап етеді. Осы мақсатта қажетті жұмыс атқарылып жатыр. Биыл екі газ жылу станциясы іске қосылады. Ол екі станция 600 гигакалория жылу береді. Бұл жұмысты тамыз айында аяқтауды жоспарлап отырмыз. №3 Жылу электр орталығы құрылысының бірінші кезеңі биыл аяқталады. Ондағы бес қазандық қосымша 400 гигакалория жылу береді. Осылайша, жалпы қуат мөлшері 1000 гигакалорияға жетеді. Бұл алдағы үш-төрт жылға жеткілікті».
Ал ауыз сумен жабдықтауда биыл сорғы-cүзгі станциясын құрылысы аяқталады. Сол кезде тәулігіне қосымша 100 мың текше метр су беріле бастайды. Дегенмен мұнымен іс бітпейді. Қала әкімі алдағы уақытта қосымша осындай үлкен нысандардың құрылысы басталатынын жеткізді.
Міне, Елордада жүзеге асырылып жатқан осындай ауқымды жұмыстар, дамуға бастайтын драйвер-жобалар қаланың әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне серпін беріп қана қоймай, астаналықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға қызмет етеді.

Абзал Ибрагим,
Астана

13 мамыр, 15:04
Астаналық зейнеткерлерге интернет-алаяқтардан қорғану жолдары түсіндірілді
13 мамыр, 12:58
Туркестан: Борьба с саранчой продолжается
12 мамыр, 15:00
Аким Туркестанской области встретился с президентом компании "Magister Art" Ренато Сапорито
12 мамыр, 14:38
Туркестан: Ведется масштабная работа по улучшению дорожной инфраструктуры
12 мамыр, 14:30
Туркестан: Социальные объекты - на благо населения
12 мамыр, 14:16
Туркестан: В Жетысайском районе завершаются работы по восстановлению вертикального дренажа
12 мамыр, 14:14
Туркестан: В Тюлькубасе прошел республиканский конкурс молодежного творчества
08 мамыр, 14:51
4 завода по переработке водосберегающих технологий расположены в Туркестанской области
07 мамыр, 19:59
Алматы облысында Отан қорғаушылар күні айрықша аталып өтті