Астана басшысы Әсет Исекешев қалалықтарға қолайсыз ауа райында үйінен шықпауға кеңес берді деп хабарлайды NUR.KZ.
«Қала аймағында қатты желден ағаштар, жарнама стендтері, қақпалар, шам бағандары, ғимараттар мен шатырдағы құрылыс материалдары құлауы және электр желілері үзілуі әбден мүмкін. Астаналық ТЖД мамандары сақ болуға және төтенше жағдайға тап болған жағдайда 112 нөмірі арқылы шұғыл қызметке хабарласуға кеңес береді», – дейді Исекешев.
Қала полицейлері жүргізушілерге жолда абай болу керектігін ескертуде.
«Жүргізушілерден ауа райының қолайсыздығына ерекше назар аударып, жол жүру ережесін бұзбауды, жылдамдықты асырмай, көлік арасындағы қашықтықты сақтауды және қозғалыс кезінде мұқият болуды сұраймыз», — дейді тәртіп сақшылары.
Қазіргі уақытқа дейін қалада 60-тан астам жол апаты тіркеліп, бір адам жарақат алған. Қаза болғандар жоқ.