«Анасы бар адамдар, ешқашан қартаймайды» (Видео)

19 тамыз 2023, 11:19

«Анасы бар адамдар, ешқашан қартаймайды». «Анашым» әні күллі қазақтың жүрегіне жеткен классикалық туынды. Осы шығарманың сөзін жазған көрнекті ақын Қайрат Жұмағалиевтің өмірден өткеніне биыл 10 жыл. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді». Қаламгердің қалдырған мұрасы мол.

Нұрлан Өнербаев:

— Шет жүрсем сағынарым, жабықсам шағынарым, анашым бір өзіңсің, табынарым…

Анаға деген махаббаттың мәңгілік гимнына айналған бұл әнді білмейтін қазақ әсте кем. Алғашқы нотасынан-ақ елітіп әкетеді. Жүректің алтын қорынан ойып орын алған шығарманың сөзін жазған көрнекті ақын Қайрат Жұмағалиев. Өмірден озғанына биыл 10 жыл. Өзі өлсе де, қалдырған мұрасы мол. Қазір Америкада жүрген әнші,сазгер Марат Омаров бұл әннің өмірге келу тарихын былайша еске алады.

Марат Омаров, әнші, сазгер:

«Анашым» әнінің тарихы ерекше. Менің жалпы өмірімдегі, өнерімнің өзегі десем болады. Бұл анаға деген сағыныш, анаға деген махаббат. 1987 жылы анам арнайы Алматыға іздеп келген кезде, мені таба алмай жүрген кездегі әсерден болған нәрсе. Бармаған ақындар жоқ. Бірнеше ақындарға бардым. Ақындарға барып неге екенін білмеймін жол түспеді, сонда Жүрсін Ерманов, Еңлікхан деген ағамыз болатын, Құсман деген ағамыз телевидениеде істейтін сол кісілер «әй ана Қайрат ағаңа барсайшы, Қайрат Жұмағалиев ағаң ол кісінің де анасы 94 те. Ол да әкесіз өсті. Өзің сияқты жетім өсті, саған сол Қайрат ыңғайлы болатын сияқты» деді.Қайрат ағама келіп ,осындай анаға деген сағынышымды ұсындым. Ертеңіне бірден телефон шалып бардым. Барғанымда осы «жүрегім жыр толғайды, көңілім ортаймайды. Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» деген сөзі жазылған Қайрат Жұмағалиев ағамыздың мәңгілікке із қалдырған ағамызға мың да бір рахмет!

Қайрат Жұмағалиев 1937 жылы Батыс Қазақстан облысы, Бөкей ордасы ауданы, Бисен ауылында өмір есігін ашты. Жастайынан қиындықты көп көрді. Туған жерінде Капустин Яр полигоны ашылғандықтан, анасымен жырақтағы Шымкент өңіріне қоныс аударады. Қанаты қатайған кезінде Алматыға оқуға түсіп, филология факультетін бітірді. Алғаш еңбек жолын «Жазушы» баспасында кіші редактор болып бастады. Бас редактордың орынбасары лауазымына дейін жоғарылады. Мұрағатта сақталған мына сұхбатта классик қаламгер Әбіш Кекілбаев замандас досы туралы ойын былайша өрбітеді.

Әбіш Кекілбаев, жазушы:

— Ол аударма редакциясында істеді. Аударма редакциясы дейтін шын мәнінде нағыз әдебиеттегі ең бір еңбекті көп қажет ететін, білікті қажет ететін, орнықтылықты қажет ететін сала болады. Соның ішінде жүріп бұл классикалық поэзияны көп аударды. Оның ішінде антикалық әдебиеттен аударатын аз аудармашылардың біреуі деп есептейміз. Атақты Медеяны қазақшаға аударды. Қысқасы, бұл жастайынан еңбек істеп, жастайынан ерте танылды.

Біртуар ақын қай тақырыпқа қалам тербемесін оқырманның көңіл құсын поэзияның сиқырлы әлеміне қалықтатын. Автордың толқынысын, жан тебіренесін бірге өткеркендей күй кешесің. Оның «Ақырғы матч», «Беймаза бақыт», «Шам шаһарында», «Самардың сарша тамызы», «Дос құшағы» поэмалары, «Құрақ көрпе», «Батыр туралы баллада», «Журналист балладалары» көзіқарақты оқырманға жақсы таныс. Алғашқы өлеңдер жинағы 1964 жылы жарық көрді. Шығармалары бірнеше тілге аударылды. Француз, моңғол ақын-жазушыларының шығармаларын қазақ тілінде сөйлеткен ақын. Туған жерден жырақтаған ақынның елге оралсам деген арманы 2009 жылы орындалды. Өмірінің соңына дейін Оралдағы «Жайық пресс» медиахолдингі директорының кеңесшісі болды. Бүгінде сол ғимаратта ескерткіш тақтасы бар. Ақиық ақынның атына өз өлкесінде көше де берілді.

Лавр Хайретдинов, қоғам қайраткері:

— Ағамыз 85 ке толғанда, міне бұрын ашылған көшесіне мемориалдық тақта қойылды. Пано қойылды. Енді биыл қайтқанына 10 жыл болды. Он жылда да жанұясымен, қыздарымен келісіп бір шараларды өткізуді жоспарлап отырмыз. Соның ішінде, мына туған Бисен ауылында жаңа мәдениет үйі салынып жатыр. Соған Қайрат ағамыздың атын беру жөнінде ұсыныстар түсіріп жатырмыз. Орал қаласында анамыз Жаңыл мен Қайрекеңе ескерткіш қою жөнінде эскизімен бәрін көрсетіп, өңір басшысына ұсыныс түсірдік.

Адам ұрпағымен мың жасайды. Қайрат атамыз бен София апамыздан тараған ұрпақ, бұл күні тамырын тереңге жіберген. «Балапандарым-бар байлығым. Жұрт дүниеге, малға бай, менің байлығым қазынам сендер» деген әкенің үні қыздарының әлі жадында.

Жадыра Жұмағалиева, Қ.Жұмағалиевтің қызы:

— Үйдің кітапханасы болды бізде. Папам бізге кітапқа деген қызығушылық, құштарлықты үйретті. Сол үшін біз оған рахмет айтамыз. Күндіз ресми жұмыс деп күнделікті айтамыз. Соған барып келгеннен кейін, кешке жақын ол өзінің кабинетінде шығармашылығына отыратын.Түн батқаннан таң атқанға дейін өзінің жұмысын, шығармашылығын, аудармаларын жасайтын. Анамыз қасында оған жағдай жасап, әрқашан күнтүн демей, оның ыстық шәйін тәтті етіп, термосқа құйып, ыстық бауырсағын жасап отыратын.

Жастық шағында тағдырдың қанша теперішін көрсе де, сынақтан сынбай өтті. Құрыштай шындалды. Қайрат атамыздың анасына деген құрметін жұрт аңыз қып айтады. Ел құлағында жатталған «Анашым» өлеңі ақиық ақынның жан анасына қойған мәңгілік ескерткіші.

Қайрат Жұмағалиев, ақын:

— Өмірдің бәйгесіне қосқан тұлпары ғой. Соны ойладым. Онан кейін, екінші ойлағаным «анашым сені жақсы көремін, сені сыйлаймын, анау мынау», ондай пікірлер көп болады. Орыстардың өзінде «милая мама, как тебя я люблю»оны айту үшін, ондай жолдар жазу үшін ақын болу шарт емес. Оны кез келген екінің бірі айтады. Менің сондағы ойыма келгені, соңғы жолдар «қорғаным өзің деймін, жан сая сөзің деймін. Анашым сені ойласам,. Көз ілмеймін». Міне, ананың балаға деген махаббатын осылай білдіргім келді.

Шет жүрсем сағынарым, жабықсам шағынарым. Анашым бір өзіңсің, табынарым.

Анашым шалқып күлсең, Алдымда ұзақ жүрсең. Жүрегім жыр толғайды, көңілім ортаймайды, анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды.

Ұшырған сұңқарынмын, қияға шырқарыңмын, бәйгеге өзің қосқан тұлпарыңмын.

Анашым шалқып күлсең, Алдымда ұзақ жүрсең. Жүрегім жыр толғайды, көңілім ортаймайды, анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды.

Ktk.kz

07 тамыз, 14:33
Түркістан: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу және пробация
07 тамыз, 14:01
Түркістан: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға арналған шаралар
05 тамыз, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады
29 шiлде, 13:40
Түркістан: Жарты жылдың ішінде қылмыс азайды
26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында үздіксіз жұмыс жүргіземіз