jasqazaq.kz

Алматыда жылу желісін жасанды интеллект бақылайды

Бүгін, 15:12

Алматыда коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Биылғы негізгі бағыттардың бірі – жылумен жабдықтау жүйесін жаңарту және цифрлық технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні енгізу. Мегаполис басшылығы жылу желілерінің сенімділігін арттырып, инженерлік коммуникациялардың тозу деңгейін төмендетуді және жылу маусымындағы апат қаупін азайтуды көздеп отыр.

Қалалық энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы Нұрбақыт Серікбайдың мәліметінше, бүгінде Алматыдағы жылу желілерінің жартысынан астамы 25 жыл бұрын қосылған. Жалпы ұзындығы шамамен 1410 шақырымды құрайтын жылу жүйесінің едәуір бөлігі кезең-кезеңімен жаңартуды және жаңғыртуды қажет етеді. Жылу желісінің тозу деңгейі 53,9 пайыз болса, биыл 52,1 пайызға дейін төмендету жоспарланды.
Нұрбақыт Серікбайдың айтуынша, бұл мақсатқа тек күрделі жөндеу арқылы ғана емес, заманауи цифрлық шешімдерді енгізу есебінен де қол жеткізуге болады. Алматыда «ақылды» коммуналдық инфрақұрылым тұжырымдамасы белсенді дамып келеді. Мұнда процестерді автоматтандыру мен деректерді нақты уақыт режимінде талдау маңызды рөл атқарады.

Өткен жылы қалада 39 шақырым жылу желісі жөнделген. Ал биыл жұмыс бірнеше бағытта жалғасады. Атап айтқанда, жалпы ұзындығы 7,4 шақырымды құрайтын 20 нысанда күрделі жөндеу жүргізіледі. Сонымен қатар 10,5 шақырым жылу трассасында ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылады. Бұдан бөлек, 2 шақырым магистральдық жылу желісі қайта жаңғыртылады. Осылайша 2026 жылы қала бойынша шамамен 20 шақырым инфрақұрылым жаңартылады.
Басқарма басшысының сөзінше, негізгі міндет – желілердің тозу деңгейін біртіндеп азайтып, жылумен жабдықтау жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету. Миллиондаған халқы бар мегаполис үшін, әсіресе, қыс мезгілінде, жылудың тұрақты берілуі қала тұрғындарының жайлы өмір сүруінің маңызды факторларының бірі саналады.

Сондықтан қаладағы коммуналдық шаруашылықты цифрландыруға ерекше көңіл бөлінуде. Айталық, инженерлік желілерді басқаруды жаңа деңгейге шығаратын SCADA және ЛЭРС жүйелері енгізіліп жатыр.
SCADA жүйесі сорғы және электр станцияларын қашықтан бақылауға әрі басқаруға арналған. Оның көмегімен мамандар жабдықтардың жұмысын онлайн режимде қадағалап, ақауларды жедел анықтап, апаттардың алдын ала алады. Бұл Алматы сияқты ірі мегаполис үшін өте маңызды. Себебі шағын ғана ақаудың өзі мыңдаған тұтынушыға әсер етуі мүмкін.

Ал ЛЭРС жүйесі есептеу құралдарынан деректерді автоматты түрде жинайды. Қазіргі таңда бұл жүйеге 13 768 құрылғы қосылған. Оның 98,7 пайызы тұрғын үй секторына, ал шамамен 95 пайызы бюджеттік ұйымдарға тиесілі. Есеп жүйесін автоматтандыру жылу тұтынуды бақылаудың дәлдігін арттырып, ресурс шығынын азайтуға және техникалық ақауларға әрекет ету уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.

Алматыдағы ең инновациялық бағыттардың бірі – жасанды интеллект негізіндегі «ақылды» жылумен жабдықтау жүйесін енгізу. Жаңа технология нақты уақыт режимінде деректерді талдап, жылу желілеріндегі проблемалы учаскелерді автоматты түрде анықтайды.
Нұрбақыт Серікбайдың айтуынша, жасанды интеллект жылу мен су шығынын едәуір азайтуға көмектеседі. Жүйе су ағатын жерлерді жылдам анықтап, үлкен апатты учаскелерді оқшаулауға мүмкіндік береді. Бұл тұрғындарға келетін қолайсыздықтарды азайтып, апатты жоюға кететін шығындарды қысқартуға сеп болады.

Мамандар мұндай технологияларды енгізу Алматы үшін аса өзекті екенін айтады. Себебі қаланың коммуналдық инфрақұрылымының едәуір бөлігі бірнеше ондаған жыл бұрын салынған. Интеллектуалды басқару жүйелеріне кезең-кезеңімен көшу желілерді пайдалану тиімділігін арттырып, коммуналдық қызметтердің жүктемесін азайтады.

Сонымен қатар қалада газ инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары да жалғасуда. Қазіргі таңда өндірістік бөлімше 4855 шақырымнан астам газ құбыры желісіне қызмет көрсетеді. Алайда кейбір жабдықтар жаңартуды қажет етеді. 13,5 шақырым газ желісі тозған, 10 газ реттеу пункті мен 16 электрохимиялық қорғаныс құрылғысы жөндеуді қажет етеді.

Алматыдағы газбен қамту қауіпсіздігін тәулік бойы «104» авариялық-диспетчерлік қызметі бақылайды. Қызмет мамандары тұрғындардың өтініштерін тәулік бойы қабылдап, ақау орын алған жерлерге жедел түрде бригадалар жібереді. Мұндай тәсіл газдың шығу қаупін дер кезінде жойып, төтенше жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, мегаполисте жеке секторды газдандыру жұмыстары белсенді жалғасуда. Қалалық энергетика және сумен жабдықтау басқармасының мәліметінше, өткен жылы 13,5 мың техникалық шарт беріліп, 11,8 мың жаңа абонент қосылған. Ал биыл жыл басынан бері 3738 техникалық шарт беріліп, 2613 абонент газ жүйесіне қосылды.

Қала билігі газ инфрақұрылымын дамытудың әлеуметтік қана емес, экологиялық маңызы да зор екенін атап өтеді. Жеке секторды газдандыру көмір мен басқа да қатты отын түрлерін пайдалануды азайтып, Алматыдағы ауа сапасын жақсартуға ықпал етеді.

Осылайша Алматы біртіндеп еліміздегі технологиялық тұрғыдан дамыған қалалардың біріне айналып келеді. Мұнда цифрлық шешімдер коммуналдық шаруашылықты басқаруда және қалалық ортаның сапасын арттыруда маңызды рөл атқара бастады.

Талап Тілеген

 Фото: Depositphotos.com

Бүгін, 15:12
Алматыда жылу желісін жасанды интеллект бақылайды
Бүгін, 14:05
Туркестанская область усиливает инвестиционную привлекательность
Бүгін, 13:59
Туркестан: Теплицы обеспечивают 45% потребности страны в межсезонный период
Бүгін, 12:54
Түріктің ақылды һәм қуатты қалқаны
19 мамыр, 19:10
Елімізде алғаш рет Алтын Ордаға қатысты халықаралық архив құжаттары ұсынылды
19 мамыр, 14:58
Мемлекет басшысы: Алтын Орданың мемлекеттік басқару жүйесін мұқият зерделеу қажет
19 мамыр, 14:29
Әуе рейстеріне ҚҚС алып тасталса, ұшақ билеті арзандай ма?
19 мамыр, 12:50
В Сарыагашском районе три населённых пункта обеспечат природным газом
19 мамыр, 12:38
Туркестан: Началось строительство современного аквапарка