Алматыда әйелдерді тонап жүрген екі ер адам ұсталды, — деп хабарлайды Tengrinews.kz қалалық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Алмалы аудандық ІІБ басшысы Данияр Мендебаев ұсталған екі ер адамның бір-бірімен байланысы жоқ екенін, тек екеуінің ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабы бойынша («Тонау») ұсталып отырғанын түсіндірді.
«Ұсталғандардың бірі — ОҚО-ның 20 жастағы тұрғыны, бес тонау дерегіне қатысты бар деген күдікке ілінді. Ол түнгі уақытта Абай даңғылы бойымен серуендеп жүріп, жалғыз кетіп бара жатқан әйелдердің сөмкесін тартып, қашып кетіп жүрген», — деді Данияр Мендебаев. «Қылмыстық жолмен тапқан ақшаларды күдікті өз қажеттіліктеріне жұмсаған. Кінәсін толықтай мойындады», — деді Алмалы аудандық ІІБ басшысы. Ал екінші күдікті Алматы облысының тұрғыны болып шықты. Жасы 32-де, осыған дейін сотты болған. «Қылмыстық іс материалдарына қарағанда, ол ұрлықты түнгі уақытта жасаған», — деді Данияр Мендебаев «Екі күдікті ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 128-бабы бойынша қамауға алынды. Қазіргі уақытта олардың аты-жөні тексеріліп жатыр. Осы азаматтардың қылмыстық әрекеттерінен зардап шеккендерге мына нөмірлер бойынша хабарласуды сұраймыз: 254-46-08 немесе 254-46-12», — деді полициядағылар.