Ақтауда жол ережесін бұзған той кортежіне айыппұл салынды.
Той кортежіндегі көлік жүргізушілеріне әкімшілік хаттама толтырылған. Бұл жөнінде Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімет таратты. 27 тамыз күні Ақтау көшелерінде ары-бері ойқастаған кортежде барлығы 6 көлік болған. Олар кешкі уақытта 19 және 30-шағынаудан арасында «Мираж-8» патруль экипажының көзіне түскен.
Автокөлік жүргізушілері мемлекеттік нөмір тақпай, құжатсыз жүрген. Заңсыз маневр жасап, ал көлік ішіндегі жүргізушілер мен жолаушылар қауіпсіздік белбеуін тақпаған. Кейбіреулері көліктің терезесінен денесін шығарған. Барлық көлік тоқтатылып, оларға тиісті хаттама толтырылды. Машиналар айып тұрағына қойылды. Сонымен бірге, белбеу тақпаған жолаушылар да айыппұл төлейді. Жол ережесін өрескел бұзған 18-20 жас аралығындағы жастармен профилактикалық әңгіме жүргізілген.
ҚазАқпарат