
Бірнеше күннен бері әлеуметтік желіде Жанат Бақыт деген блогердің «Жаратушы», «Балық дәуірі», «Алладан бас тарту» туралы айтқандары жұртты әрі-сәрі күйге түсіргендей. Өзін регрессология ғылымының өкілі санайтын блогерге Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының өкілі, Бас имам Ершат Оңғар жауап берді. Діни басқарма блогердің айтқандарын теріске шығарып, пәтуа келтірді. Әлеуметтік желіге көбірек елеңдейтін заманда халықтың дұрыс ақпаратпен қамтылуы, қаңқу сөздерге ермеуі маңызды. Елімізде өздерін психолог санап, халықтың сана-сезімін улап жатқандардың әрекетіне қалай тосқауыл қоямыз? Жалған ақпарат пен бізге беймәлім ғылымды үйретушілермен қалай күресеміз? Бұған әлеуметтік желі қолданушылары не дейді?

Мақпал Атыханова, мұғалім:
Сананы арбауға жол бермейік!
Жанат Бақыт ұлттық киімімізді насихаттаушы ретінде жағымды пікір қалдырған. Әлеуметтік парақшасына жазылып, әр қадамын қарап отыратынмын. Оның сән үйіндегі ұлттық нақыштағы киімдеріне қызығатынмын. Біраз уақыттан бері ол өзінің әруақтармен сөйлесетінін айтып, түрлі стористер салатын болды. Желіге анда-санда кіретіндіктен, алғашында мән бермедім. Ара-тұра «әруақтар» туралы айтқанын естіп қалып жүрдім. Шыны керек, осы күнге дейін мән бермедім. Соңғы күндері әлеуметтік желі шулап жатқаннан кейін тікелей эфирінің видеосын тыңдап көрдім. Таң қалғаным, біраз адам қолдау көрсетіп, ұйып тыңдап отыр. Мен оған қолдау көрсетіп, қошеметтеп отырған қыз-келіншектердің әрекетінен шошыдым. Бізде ел алдында жүріп, танымалдыққа ие болып алғандарға сенетіндер бар. Олар қателеспейді деп ойлайды. Миллиондаған адамға отырып алып рұқсат етілмеген ғылымды насихаттағанын түсіне алмадым. Меніңше, бұл заңдық тұрғыдан тексерілуі керек. Қазір өздерін түрлі коуч санайтындар халықтың санасын улап жатыр. Жел қайда соқса, адамдар солай қарай жығылуда. Мұны тез арада тоқтатуға тиіспіз. Ақпараттық қауіпсіздікті нығайтып, осындай халықтың санасын улайтындарды анықтайтын мониторинг жүргізу керек.

Аида Қожмамбетова, журналист:
Желіде жалған ақпарат тарату – заңды бұзу
Елімізде байқамай немесе қасақана жалған ақпарат таратқандарға Қылмыстық кодекстің 274-бабына сәйкес, жаза қарастырылады: қоғамдық жұмысқа жегу, айыппұл салу, шартты түрде бас бостандығынан айыру немесе түрмеге қамау. Жалған ақпарат таратқандар міндетті түрде жазалануы керек. Өздеріңіз білесіздер, COVID-19 індеті пайда болған кезде көптеген жалған ақпарат тарады. Ал жалған ақпараттардың көбісі негізі әлеуметтік желілер арқылы (әсіресе, WhatsApp, Facebook, Instagram, YouTube) арқылы лезде тарайды.
Әріптесім Жанат Бақыттың айтқандарын тыңдамадым. Желідегі жазбаларын көзім шалып қалды. Біреулер оны «дертке шалдыққан» деп жатыр. Мен оны дертке шалдықты деп ойламайын. Қоғам назарынан тыс қалғысы келмейтін, өзін үнемі жұрттың назарында ұстағысы келетін адамдар болады. Қазіргі тілмен айтқанда оның әрекетін «хайп» дер едім. Ондайлардың артында қаржыны үйіп-төгетін ұйым немесе белгілі бір топ болуы мүмкін. Бұл – менің жеке болжамым. Дегенмен екі миллиондай аудиторияны пайдаланып, жалған ғылымды насихаттап. халықтың санасын улағанын жөн көрмеймін. Әрбір саналы адам өзінің әрекетіне жауап беруі керек.
Өкінішке қарай, жалған ақпарат тарату күннен-күнге күшейе түспесе, бәсеңдейтін түрі жоқ. Байқамай фейк-ньюс тарату — сауатсыздықтан, ізденбегендіктен. Қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінбеуден. Соңғы кездері әлеуметтік желілер арқылы «психосоматика», «психотерапия», «бейсана», «түпсана» сынды әлеуметтік желілердегі тікелей эфир арқылы «дәріс» өткізетіндердің көпшілігі жалған ақпарат таратып, манипуляция жасайды. Демек олар заңды бұзады. Алдына мыңдаған адамды жинап алып, фейк-ньюс тарататын миллиондаған жазылушысы бар жандар – қоғамға да, жеке адамның қауіпсіздігіне де қатер төндіреді. Құзырлы орган өкілдері осыған көңіл бөлуі тиіс.
Дайындаған Мақпал Ноғайбаева