
Бүгінгі заманда қандай ақпарат құралы болмасын, оқырманға шұғыл, әрі шынайы ақпарат жеткізуі тиіс. Бұл — Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі дайындаған «Қазақстан Республикасының Ақпарат докринасындағы» негізгі қағидаттардың бірі. Доктрина мемлекет кепілдік берген еліміздің Конституциясы мен заңдарында бекітілген әрбір азаматтың заңда тыйым салынбаған кез келген тәсілмен ақпаратты еркін алу және тарату құқығынан туындайды. Осы міндетті орындау үшін отандық медиа салада журналистердің ақпаратқа еркін қол жеткізуіне ерекше мән беріледі.
Халықаралық тәжірибеде ақпарат алудың екі үлгісі бар. Бірі мемлекеттік органдар ақпаратты сұраған адамның барлығына ұсынуы керек дегенге саяды. Мәселен, АҚШ-та мағлұмат сұратуда журналистердің айрықша құқығы жоқ. Бұл елде тілші қауым ғана емес, кез келген адам ақпаратқа қол жеткізу құқығына ие. Дегенмен мемлекеттік қауіпсіздікке қатысы бар құпия мәліметке шектеу бар.
Екінші үлгі бойынша, мемлекеттік органдар мағлұматты тек бұқаралық ақпарат құралдарына ұсынады. Олар өз кезегінде тұрғындарға таратады. Айталық, Испания Конституциясында «азаматтар ақпарат іздеу және алу үшін БАҚ арқылы ғана өз құқығын жүзеге асыра алады» делінген. Бұл елде журналистер дәрігер мен адвокаттың мәртебесіне ие, яғни «кәсіби құпияны» сақтауға құқылы. Сондай-ақ Германия Конституциясында да азаматтардың ақпаратқа тек БАҚ арқылы алу құқығы бекітілген.
Еліміздің медиа саласында дәл осы екінші үлгі негізге алынды. Бізде журналист ақпаратқа еркін қол жеткізе алады. Ата Заңымыздың 18-бабы 3-тармағында жазылғандай: «Мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер, лауазымды тұлғалар мен бұқаралық ақпарат құралдары әр азаматты оның құқығы мен мүддесіне қатысы бар құжаттар, шешімдер және ақпарат көздерімен қамтамасыз етуге міндетті».
«БАҚ туралы» заңның 2-бабының 2-тармағында да осылай делінген. Әлбетте, мұны кез келген азамат ақпарат құралынан, мәселен, зейнетақы қоры немесе банктен өзіне керек деректі әперуін талап ете алады деп түсінуге болмайды. Бұл мемлекеттік мекемелер мен БАҚ өз құзыреті шеңберінде жұртты ақпаратпен қамтамасыз етуі керек дегенді білдіреді. Айталық, мемлекеттік ақпарат құралдары сайлауға түсетін үміткерлердің тізімін, ҰБТ нәтижесі сияқты мәліметтерді жариялауға міндеттеледі. Биыл Мәжіліс пен мәслихатқа сайлау науқаны басталғанда отандық БАҚ-тарда үміткерлердің толық тізімі жарық көрді. Демек қызығушылық танытқандар сайлауға кімдердің түсіп жатқаны туралы толық ақпаратқа қанық бола алады.
Екі жыл бойы бүкіл әлемді тік тұрғызған коронавирус пандемиясын алайық. Осы кезеңде жұрт шынайы ақпаратқа мұқтаж еді. Халықаралық сарапшылар пандемия кезінде ақпарат алу және тарату еркіндігін қорғауға шақырды. Өйткені медициналық қызметпен қоса, ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселесі алдыңғы кезекке шықты. Адамзат басына күн туған қиын-қыстау кезеңде әр мемлекет коронавирус туралы сенімді ақпарат жариялауға міндетті еді.
Жер-жаһанда ковид тарала бастағанда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен біздің елімізде шынайы ақпарат тарату жолға қойылды. Әр азаматтың жағдайды біліп отыруы үшін coronavirus.kz сайты ашылып, онда күн сайын вирус жұқтырғандар туралы мәлімет жарияланды. Айта кету керек, бұл портал әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр. Әлеуметтік желіде ковидтен «айықтыратын», ойдан-қырдан құрастырылған ем-домның түр-түрін жоққа шығарып, сақтандыру жағы да денсаулық сақтау министрлігінің ақпары негізінде БАҚ арқылы таратылды.
Сондай-ақ былтыр жазда Қостанай өңіріндегі алапат өртке қатысты мәліметтерді төтенше жағдайлар министрлігі ақпарат құралдарына дер кезінде мағлұмат берудің арқасында талай қауесеттің алдын алды.
Қақаған қыста жылусыз қалған Екібастұздағы жағдайды күллі Қазақстан халқы БАҚ арқылы біліп отырды. Төтенше жағдай министрлігі журналистерді барлық мәліметпен қамтамасыз етті.
Шынайы ақпарат таратуда билік пен халықтың арасындағы көпір іспетті журналистер дайын мәліметті таратумен ғана айналыспайды. Сонымен бірге кез келген мемлекеттік мекемеге сауал жолдап, жауабын алу құқығына да ие. Бүгінгі күні тілшінің сауалына жауап беру мерзімі – 7 күн. Алдағы уақытта бұл мерзім әлі де қысқартылуы мүмкін. Қазір Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Қазақстан Республикасы кейбір заңнамалық актілерге ақпаратқа қол жеткізу және қоғамдық қатысу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлеу үстінде. Заң жобасын талқылауға азаматтық қоғаммен бірге сарапшылар да тартылды. Оның нәтижесіне алдағы уақытта тағы да тоқталамыз.
Наргүл Мырзахмет