
Жалған, яғни фейк ақпараттар көпшіліктің санасын улап қана қоймай, бұқараның бағытын да өзгертіп жібереді. Жалған ақпаратқа, халықтың ой-санасын арбауға қарсы қалай күрес жүргіземіз?
Біз республикалық «Заң» газетінің бас редакторы, белгілі журналист Айнұр Сембаеваның осы мәселеге қатысты пікірін сұрап-білдік.
Jas qazaq: Ақпараттық қауіпсіздікті күшейтуде қайтпек керек?
Айнұр Сембаева: Ақпараттық қауіпсіздікке қазақтай кіді, мұқият қараған халық жоқ, сірә. «Үй артында кісі бар» деп отбасылық кикілжіңді сыртқа білдірмей, айқай-шусыз шешу тек қазақтың қолынан келетін. Ал қазір үлкен отбасылық мәселе тұрмақ, екеудің арасындағы құпия, нәзік қарым-қатынастың өзі ток-шоулардың талқысына айналды. Қай арнаны қарасаң, ерлі-зайыптылардың ішкі мәселесіне араласып, ақыл айтып отырған психолог, заңгер, блогерлерді көресің.
Ғаламтордағы шектеусіз ақпаратты былай қойғанда, әлі күнге дейін шекара маңындағы ауылдар көрші елдердің радиосын тыңдап, телеарнасын көруге мәжбүр. Содан келіп тілге, елге деген құрмет азаяды. Өзге елдің саясатына құлақ түріп, әдебиеті мен мәдениетін қалт жібермей бақылап отырған адам қазақылықтан алыстай береді. Бұдан бөлек, ғаламтордағы шектеусіз, бақылаусыз ақпараттың қазақы болмысымыздан айырып, дүбара ұрпақты көбейткенін мойындауымыз керек.
Jas qazaq: Жұрт неге фейкке көбірек сенеді, шынайы ақпарат көзіне емес?
Айнұр Сембаева: Қоғамдағы фейк-ақпарат таратушылардың бірі атын шығаруды, ұпай түгендеуді мақсат етсе, тағы бірі сауатының кемдігінен, білімінің таяздығынан тексерілмеген дүниені ортаға тастап, көпшілікті дүрліктіріп жатады. Өкінішке қарай, осындай фейктерге жұрт көп сенеді, сенген соң оның таралуына белсенді үлес қосады. Бұл — мида сүзгі болмауының, ақпараттың ақ-қарасын анықтауға өренің жетпеуінің салдары. Ақпаратты дер кезінде таратпау, фейкке қатысты жедел пікір білдірмеу жалған ақпараттың жұртты дүрліктіруіне әкеп соқтырады. «Жау кеткен соң қылышыңды тасқа шап» демекші, құзырлы органдар «ұйқысынан» оянып, ақпараттың жалған екенін айтқанша, фейктер жететін жеріне жетіп үлгереді. Ал қарапайым азаматтар ақпаратты күнделікті бақылап отырмаған соң, тараған фейктің жалған екенін сол бойы білмеуі де мүмкін. Сондықтан жауапты мекемелер жедел ақпарат беріп, өзіне қатысты сауалдарға дер кезінде жауап қайтаруға үйренбейінше, жалған ақпарат таратушылардың жаһанды жалпағынан басарына талас жоқ.
Jas qazaq: Жұртты дүрліктіріп жалған ақпарат таратушыларға қылмыстық жауапкершілікті күшейту керек пе?
Айнұр Сембаева: Бізде қазір заңды қатайту арқылы кез келген мәселені шешуге болады деген түсінік қалыптасқан. Рас, құқықтық мемлекетте барлық қарым-қатынастың заң арқылы реттелгені орынды. Бірақ көшеге қоқыс тастама, кешкі 11-ден кейін көршілердің мазасын алма, біреуді боқтама, ар-намысына тиме дегенді ұқтыру үшін жаза белгілеу қаншалықты дұрыс? Құқықтық қоғамда мұның бәрі заңсыз-ақ шешімін табуы керек емес пе?
Ал жалған ақпаратқа қатысты жазаға келсек, фейк таратушыларға Әкімшілік құқық бұзушылық кодексте де, Қылмыстық кодексте де арнайы жауаптылық қарастырылған. Жазаның жеңіл, ауырлығы тараған ақпараттың қамтыған аудиториясына, тигізетін залалына тікелей байланысты. Сәйкесінше, жеке адамды жемқор деп жалған айыптаған адам айыппұл төлесе, «Жарылғыш зат бар, қаланы түгел жермен-жексен етеді» деп барша тұрғынды дүрбелеңге салғандар бас бостандығынан айырылады. Меніңше, заңнамаларда жалған ақпарат таратушылардың жауаптылығы жан-жақты қарастырылған. Жазадан гөрі енді азаматтарды көрінеу жалған ақпарат таратпауға үйрететін қоғамдық сана қалыптастыру маңызды.
Jas qazaq: Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету әркімнің міндеті болуы тиіс деген пікірді құптайсыз ба?
Айнұр Сембаева: Жалған ақпарат таратудың, біреуге жала жабудың, көзің жетпеген хабармен бөлісудің салдарын балалардың санасына құйып өсіру керек. Отбасында «тек» дегенді біліп өскен бала өскенде де өзгелердің құқығын бұзбайтынына сенімдімін.
Сұхбаттасқан Қуаныш Рахмет