Айнабұлақ пен Самай тұрғындары тілдей қағазды 9 жыл күтуі тиіс

07 қазан 2022, 11:09

Парламент Сенатына биыл құрылған үш облыс: Абай, Жетісу, Ұлытаудан да депутаттар қосылды. Сайлау арқылы мандатқа ие болған халық қалаулыларына артылатын жүк те, сенім де зор. Жаһанның жүрек қағысы жиілеп, ыстығы көтеріліп тұрған дәл қазіргідей алмағайып заманда үш бірдей облыс құрып, өңірдің әлеуетін нығайтуға күш салу орынды екенін уақыт безбендейді. Абай облысынан Сенат депутаты атанған Бақытжан Байахметовтың Семей қаласының әкімі лауазымын атқара жүріп те, елге сіңірер еңбегі көп еді. Өйткені киелі қалаға бір жылдан аса мерзім ғана басшылық етті. Он төрт айдың ішінде қандай шаруаны еңсергенін су жаңа Сенатордың өзінен сұрап білдік.

Jas qazaq: Бақытжан Кәкенқажыұлы, алғашқы сұрағымызды Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалыңызға қатысты қойсақ. Өзіңіз көтерген Айнабұлақ ауылдық округі мен Самай елді мекенінің жағдайы қалай қазір?

Бақытжан Байахметов: Бұл екі ауыл бұрын Абыралы ауданына қарады. Кейін іргелендіру кезінде Семей қаласына қарады. Семей қаласына жалпы 12 ауылдық округ, бір кент қарайды.

Айнабұлақ ауылдық округіне Самай елді мекені де қарайды. Бұл екі ауылдың орналасқан жері Семей ядролық сынақ полигонының аумағында. Семей қаласының әкімі лауазымына тағайындалған 14 айда мен дәл осы екі ауыл тұрғындарымен төрт мәрте кездестім. Бұрындары әкімдер тұрғындармен бір мәрте ғана кездесу өткізсе, Президент тапсырмасына сәйкес, маусым сайын халықтың ортасында болу міндетті. Жоспардан тыс тағы екі кездесу өткіздік. Осы кездесулердің бәрінде де жергілікті тұрғындар амандық-есендіктен кейін бірден жер мәселесін айтады. Неге? Өйткені жер – шаруа баққан халықтың күнкөріс көзі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 1 қыркүйектегі халыққа Жолдауында «Біз «Азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы қатынасты түбегейлі өзгертеміз. Мемлекет, ең алдымен, бәріне бірдей мүмкіндік беріп, әділдік орнатады. Қоғам игілігіне арналған қызмет деңгейі жоғары болуына кепілдік беретінін» атап көрсетті.

Енді өзің сұраған Айнабұлақ пен Самай елді мекендерінің жағдайы турасында. Абай облысының 2 ауылдық округінде, атап айтқанда, аумақтық тұрғыдан Семей қаласына қарасты Айнабұлақ ауылдық округі мен Абай ауданының Саржал ауылдық округінде түйткілді мәселенің түйіні әлі шешілмей келеді. Айнабұлақ ауылы 1992 жылы құрылған, халық саны – 151 адам, 43 тұрғын үйі бар. Самай елді мекені 1960 жылы құрылған, бұл жерде 54 адам 31 үйде түтінін түтетіп отыр. Екі ауылдың аумағы – 303 гектар, одан сырт ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланатын 32,3 мың гектар жері тағы бар. Екі ауыл халқының мал басы өсіп 15 129-ге жетті. Бұған қоса, 20 шаруа қожалығы құрылып, қарқынды жұмыс істеп келеді. Ал енді Семей ядролық сынақ полигоны болған аумақта орналасқан Абай ауданының Саржал елді мекеніндегі 13 шаруа қожалығы өздеріне тиесілі. 4116 бас түлігін Семей ядролық сынақ полигонының аумағында өсіріп, мал шаруашылығын дамытуға өзіндік үлесін қосып отыр. Өкінішке қарай, тұрғындар өз шаруа өнімдерін өндіргенімен, жердің рәсімделмегеніне байланысты, тиісті мемлекеттік қолдауды (ауыл шаруашылығы субсидиялары, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жеңілдетілген несие) алу мүмкіндігінен қағылып отыр.

Jas qazaq: Семей ядролық сынақ полигоны болған жерде орналасқан елді мекендердегі шаруалар неге субсидия ала алмай келеді? Бұл мәселені өзіңіз қаланы басқарғанда көтердіңіз бе?

Бақытжан Байахметов: Жаңа сөз басында айттым ғой, Семей қаласының әкімі лауазымына тағайындалғаннан бастап, бұл ауылдардың тұрғындарымен өткен әрбір кездесуде осы мәселені оңтайлы шешіп беруді сұрайтын. Тіршілігін төрт түлік малмен өрістетіп отырған ауыл халқының өтініші өте орынды. Жер кодексінің 143-бабына сәйкес, ядролық қару сынақтары өткізілген жер учаскелері ядролық қару сынағының зардаптарын жою жөніндегі барлық іс-шаралар аяқталып, кешенді экологиялық тексеру жүргізгеннен кейін ғана, мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысы оң болғанда, сол жерді меншікке немесе пайдалануға берілуі мүмкін. Бұл мәселеге қатысты 2019 жылдың 18 маусымында Үкімет «Бұрынғы Семей полигонының аумағын қауіпсіз жағдайға келтіру және оның инфрақұрылымын дамытуды іс жүзінде жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын» бекітті. 2019-2021 жылдар аралығында Семей сынақ полигонының аумағын кешенді экологиялық тексеруді жүргізу үшін бюджеттен 806 млн теңге сомасында қаражат қарастырылғаны да айтылды. Бірақ зерттеудің нәтижелері ұсынылмаған және тиісті шаралар іске асырылмаған. Жергілікті тұрғындар төрт түлігін өсіріп, өнімін саудаға шығарып күнелтіп отыр. Су тартылған, әкімдігі бар, келешегі кемел ауыл. Сол ауылдың жерінде сынақ полигоны болған деп созбалаңға сала берген дұрыс емес, тұрғындарды титықтатып жібергенін білгендіктен де, осы депутаттық сауалды Премьер-Министрдің атына жолдадық. Айнабұлақ ауылдық округіне қарасты жердің сынақ полигоны болғанымен, «арада бірнеше жыл өткендіктен, ешқандай залалы жоқ» деген құжаттың ауыл халқына тимеуінің бір себебі жоғарыда сөз еткен Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 143-бабында жазылған талап болып тұр.

Семей сынақ полигоны болған және оған іргелес аумақты оның жерлерінің бір бөлігін Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстарының жергілікті атқарушы билік органдарына шаруашылық айналымға беру ескерілген. Оған қоса, кешенді экологиялық тексеру нәтижелері бойынша Семей сынақ полигоны шекараларын жаңарту мәселесі де көтерілген болатын.
Осы шараларды жүзеге асыру мезгілі 2020-2029 жылдар аралығы деп көзделген. Бұл іс-шара 979 мың гектар жерді ауыл шаруашылығы айналымына тартуға мүмкіндік береді және күтілетін уақыт кезеңі тағы 7 жылды құрап, толық іске асырылуы 9 жылға созылады. Сонда біз айтқан Айнабұлақ пен Самай тұрғындары экологиялық сынақ болған жерінің зардабы жоқ, емін-еркін игіліктеріңе жарата беріңдер деген тілдей қағазға қол жеткізу үшін 9 жыл күтуі тиіс. Бұл нормаға да өзгеріс енгізіп, сараптама жұмысын жеделдете жүргізіп, жоспарды өзгертуге әбден болады. Айнабұлақ ауылдық округінің халқы Семей сынақ полигоны болған жердің 32,6 мың гектар жерін ғана пайдаланып отыр. Бұл дегеніңіз – бұрынғы сынақ болып, атам уыты жайылған жердің 0,03 пайызы ғана! Жарайды, сынақ алаңына айналған бүкіл жерді экологиялық сараптамадан өткізіп, қорытынды шығаруға көп уақыт керек шығар. Онда жеделдетіп, әзірге осы халық пайдаланып отырған жердің сараптамасын шығарып берсек те, орасан қолдау, демеу еді халыққа.
Екі бірдей елді мекеннің жер телімдері қысқа мерзімде шаруашылық айналымға кіргізілсе, шаруашылық жүргізуші субъектілерге агроөнеркәсіп кешенінде субсидиялар мен жеңілдетілген несие түрінде мемлекеттік қолдау алуға мүмкіндік туындар еді және осы елді мекендерде халықтың тұрақтап қалуына, өсіп-өніп көбеюіне де себі тиеді. Мал басын көбейтіп, шаруасын ірілендіргісі келетін азаматтар бар, қолбайлау – жер мәселесі. Бұл ауылдар, тағы да айтам, қаладан аса қашық емес. Сайлауалды бағдарламамен елді аралағанда Саржал ауылының тұрғындары да осы жер мәселесін айтты. Өйткені бұл ауылдың да жерінде сынақ полигоны жүргізілген. Семей қаласының әкімі қызметін атқарғанда экология, геология және табиғи ресурстар министріне де хат жазып, осы мәселені көтердім. Көзіммен көрген соң, жағдайды жете білетіндіктен де, бұл шаруа оңтайлы шешілсе деп депутаттық сауал жолдап, қозғау болса деп күш салып отырмыз. Жер мәселесін оңтайлы шешілмесе, ел көшіп, мектеп жабылады. Шаруа қожалықтары байланыс қызметін орнатып берсе, ғаламтор желісі тартылса деген де өтініштерін айтып жүр. Бұл шаруаны да оңтайлы шешу керек. Жалпы Семей сынақ полигоны алаңына айналған жерлердің әлі де қаупі басым, радиациялық залалы жоғары жерлер қоршалған, ондай аумаққа жан баласы аяқ басып кірмейді. Жергілікті халық қоршалмаған жерді пайдаланып отыр. Сынақ полигоны жабылып, ядролық қарудан бас тартқалы бері де бірнеше іс-шаралар атқарылып жатыр, оны жоққа шығаруға болмайды.

Jas qazaq: Семей қаласы Абай облысының орталығы мәртебесін алды. Тарихи қаланы жаңғырту жолында атқарылар істер аз емес. Сіз 14 ай қала әкім болдыңыз. Қала басшысы қызметін атқарғанда қандай істерді жүзеге асыруға мүмкіндік болмады? Нендей игілікті істер жүзеге асырылды?

Бақытжан Байахметов: Дұрыс айтасыз, Семей қаласының әкімі қызметін бір жыл, екі ай атқардым. Қызметке кіріскенде ең алдымен жол, жарықтандыру, жылу мәселесі, ауыз сумен қамтамасыз етуді қолға алдық. Жолдың жақсы деңгейдегі жағдайы 50 пайыз деп есептелген екен, нақтысы 32 пайыз болды. Қаланың ішіндегі кейбір көшелерге асфальт қайта төселмегеніне, жөндеу жүрмегеніне бірнеше жыл болған екен. Былтырғы жылы 30 көшеге асфальт төсеу, 18 көше қиыршық таспен тегістеліп, асфальтпен жабуға дайындау жұмыстары жоспарланды. Сонымен қатар көлік ағыны қарқынды жүретін, кептеліс болатын көшелерді, айналма жолдарды, жолайрықты кеңейтуді алдымен қолға алдық. Одан кейін қаладан тысқары қарай шығатын көшелерді жөндеу, асфальт төсеуді қолға алдық. Осы жұмыстардың барлығын былтыр атқарып, соңына жеткіздік. Қаланың сыртында, Семейге іргелес ауылдарда халық көп, тығыз тұрады. Жолдың сапасы сын көтермейтіндіктен, қоғамдық көліктердің қатынауы да жүйелі емес. Осы олқылықты оңтайлы шешу үшін жолды жөндеуді алдымен қолға алдық. Көшені жарықтандыру бағытында 196 көшенің жарық шамдары ауыстырылды. Осының ішінде 68 көшеге қала болғалы жарық шамдары орнатылмаған. Биылғы жылы 80 көшеге жарық тарту жоспарланған болатын. Осы жоспар бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Үшінші шаруа жылумен қамтамасыз ету бағытында атқарылды. Қазынадан қомақты қаражат бөлініп, жылу қазандықтарының қызу қуатын толыққанды беру үшін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Соның шарапатын қыстың қақаған суығында көрдік. Дегенмен де жылу мәселесі әлі де қордаланып тұрған аудандар бар. Әсіресе, қаланың оңтүстігін жылумен қамтитын кіші қазандықтарға жөндеу жүргізу керек. Жоспар бойынша үш жылдың ішінде қаланы жылытумен қамтудың мәселесі толыққанды шешілуі тиіс деген межеміз болды. Жаңағы айтқан қаланың оңтүстігіндегі кіші жылу қазандықтарының бірнешеуіне жөндеу жүргізудің қамымен жобалық-сметалық құжаттары әзірленді. Бұдан бөлек, Семейге жаңадан жылыту қазандығын салу керек. Қазандықтан бөлек, жылу жүйесі, құбырларды ауыстыру да кезек күттірмейтін жұмыс. Мамандар жылу құбырларының 60 пайызының тозығы жеткен дейді. Қаланың әр-әр тұсынан жылу құбырларын ауыстырғанда көрдік, расында тозған екен. Ауыз сумен қамтамасыз ету ісін ілгерілетіп, қаланың 14 шағын ауданына су құбырын тарту бойынша 7 жоба дайындалып, оның төртеуіне қаржы бөлінген болатын.

Jas qazaq: Облыс орталығы болғаннан кейін де қалаға қарай көштің құйылатыны анық. Тұрғын үй мәселесін қалай оңтайлы шешуге болады? Бауырына бар сырын бүккен қаланы дамыту үшін қайтпек керек? Қандай бағыттарды ұсынар едіңіз?

Бақытжан Байахметов: Семей қаласының даму жоспары әзірленіп, атқарылып жатыр. Сол жоспарды қайта қарап, жол салуға басымдық беру керектігін аңғардық. 724 шақырымдық қашықтық болатын Семей қаласындағы 1100-ден астам көшенің 50 пайызының ғана сапасы сын көтереді. Қалғаны әлі де жөндеуді қажет етеді. Жол саласын қысқа, орта, ұзақ мерзімді жоспармен жүзеге асыру қажет деп санаймын. Жылумен қамтамасыз етуді, қоғамдық көліктің жетіспеушілігін азайтуды алдымен ойлаған абзал. Тұрғын үй саласында да қордаланған мәселе көп. Жалдамалы және ипотекалық көпқабатты үйлер салу үшін де инвестиция тарту маңызды. Семей қаласына кемінде бес мектеп қажет, қала облыс орталығы болған соң тұрғыны да көбейеді. Ертең әлеуметтік нысандарға деген халықтың сұранысы да артады. Жаңадан салынатын бес мектеп 7 мың баланы қамтитын болады. Қаланың маңайындағы саяжайлардың инфрақұрылымын да жаңартып, жаңғыртуды қағазға түсіріп, құжатын әзірлеген едік. Бұрындары саяжайға тек жазғы маусымда ғана келіп тұратын тұрғындар бүгінде қысы-жазы мекендейтін ұясына айналдырды. Қаладан баспанаға қолы жетпей, қаржысына қысылғандар да осы саяжайдан тұрақ тапты. Олардың да ауыз сумен, электр жарығымен, жолмен, жылумен қамтылуына толыққанды құқығы бар.

Қаланың экономикалық әлеуетін көтеретін саланың негізгісі – шағын және орта бизнес. Семейдің маңындағы ауылдарда туристік базалар көп, туризмнің тамырына қан жүгіртіп те, экономиканың еңсесін тіктеп, қуатын күшейтуге болады. Қаланың маңындағы елді мекендердің тұрғындары ауыл шаруашылығы өнімдерін: құртын, майын, сүтін, етін, көкөнісін қалаға әкеліп сатады. Жолдың сапасы сын көтермеуі ең алдымен жергілікті тұрғындарды тоздырады. Осы бағытта қалаға жақын ауылдардың да жолын жөндеу, көшелерге жарық тарту жоспары түзіліп, құжаттары әзірленді.

Jas qazaq: Сіз Семей қаласының әкімі қызметіне келгенге дейін Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, одан бұрын екі бірдей ауданның әкімі қызметін атқардыңыз. Жаңадан құрылған Абай облысының экономикалық әлеуетін көтеретін қай бағыт деп санайсыз?

Бақытжан Байахметов: Қасиетті топырақ, киелі өлкенің қай бағытын алсаңыз да, даму перспективасы өте зор. Бұл өңірде жылдан-жылға өндіріс көлемі артып келеді. Шығыстың жері қазба байлықтарға бай. Ақтоғайдағы «KAZ Minerals» компаниясы еліміздегі мыс өндіру мен тау-кен өндірісін дамыту ісіндегі іргелі ұжымның бірегейі. Осы компания да енді Абай облысының экономикалық әлеуетін арттыруға орасан үлесін қосады. Абай ауданында, Абыралы, Бақыршықтың да жерасты кенге бай, Көкпектіде алтын өндіреді.

Қазақстанның геологиялық картасын анық түсіріп, соқырға таяқ ұстатқандай сызатын болсақ, біздің еліміздің әр аймағына инвесторлар келер еді. Оның ішінде Абай облысында да жерасты қазба байлықтарының кені мол. Ауыл шаруашылығы саласын өрістетіп те өнім көлемін артып, халықтың әл-ауқатын көтерудің маңызы зор. Мысалы, егін егіп, бидайды ұнға айналдырып, нанды өзімізде пісірсек, бағасы соншалықты қымбат болмайды. Ал сол нан атасының ұнын сырттан тасымалдап сатып алсақ, оның жеткізу құны, яғни жол шығыны да қымбатқа түседі, жығылғанға жұдырық болып, нанның бағасы да шарықтап шыға келеді. Абай облысында ауыл шаруашылығы фирмалары да жұмыс істеп жатыр. Өзінің өнімдерін сатылымға шығарып, халықты қамтамасыз етіп отыр. Семей қаласында ауыл шаруашылығы техникасын құрастырып шығаратын зауытты, жеңіл өнеркәсіп өндірісін, жүн, тері өңдеу ісін жолға қойып, жандандырсақ, өңірдің әлеуеті артады. Мал басының азаюына байланысты кезінде дүркіреген ет комбинаты жабылып қалған еді. Қазір ет өңдеу цехы ашылып, жұмыс істеп жатыр. Ет өңдеу ісі өрістейтін болса, халық та өсірген түлігін әкеліп өткізіп, әлеуетін көтереді, базар аралап, делдалға екі желініп жатпайды. Семей қаласының маңайына, Ертіс өзенінің етегіне технологиясын қондырып, өндіріс орнын ашуға ықыласты инвесторлар да көбейіп келеді.

Үй салуға қажетті құрылыс материалдарын да өндіруге, өңдеп шығаруға да әлеуеті жетеді бұл өңірдің. Дамудың деңгейіне жету, көшке ілесу өзіміздің қолымызда, «жоқ-жоқпен» жонып отыра берсек, сынап-мінеуден аспасақ, еш қайран болмайды. Абай облысы Семей өңірін қай саласынан алып өрістетемін десеңіз де мархабат. Тек сенім мен ерік-жігер қажет.

Сұхбаттасқан
Қуаныш Әлмерек

Бүгін, 11:30
Әлішер Сатыбалдиев: Индустриалды аймақ Алматы экономикасына серпін береді
27 наурыз, 16:38
Ұсақ-түйек емес: шұлық өндірісіне де қолдау қажет!
27 наурыз, 12:30
Берік Солтанбаев: Алматыда кәсіпкерлікті дамытуға жан-жақты қолдау жасалып отыр
26 ақпан, 15:10
Дархан Мыңбай: Кәсіпкерден дәметіп күнелтетін масылдар, әкімдік есігінен сығалауға машықтанған тоғышарлар бар
26 ақпан, 12:34
Қазақ баспасөзі: Сантараулы салалық журналистика
25 ақпан, 14:23
Фатима Жүнісова: Диванда жатып, «мемлекет асырасын» дейтіндер жетістікке жете алмайды
22 ақпан, 15:50
Кәдірбек Құныпияұлы: Газет санасы сарабдал, ойлы да сауатты оқырманмен бірге мәңгі жасай бермек!
21 ақпан, 16:51
Масылдық психологиядан қалай арыламыз?
21 ақпан, 14:48
Мақсұтбек Пірметов: Бізге артылған жауапкершіліктің жүгі ауыр