
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) медициналық мекемелерге жүргізген мониторинг қорытындысын жариялады.
2022 жылғы нәтиже бойынша, анықталған кемшілік саны 3 миллионнан асып кеткен. Оның ішінде медициналық мекемелер тарапынан жасалған 52 621 жалған жазба (403,3 млн теңге) да бар.
Жалған жазбаның дені – Астана (26 789 немесе 50,9%), Ақмола (5 774 немесе 11%) және Қызылорда (5 076 немесе 9,6%) облыстарында.
Медициналық көмек түрлері бойынша жалған жазбаның басым бөлігі жан басына шаққандағы кешенді нормативтен тыс консультациялық-диагностикалық қызметтерге тиесілі (52 621 немесе 99%). Қалған 508 жалған жазба амбулаториялық-емханалық көмек, стационарлық көмек түріндегі мамандандырылған медициналық көмек (тәулік бойғы стационар), стационарды алмастыратын көмек, қалпына келтіру емі және медициналық оңалту еншісінде.
Жан басына шаққандағы кешенді нормативтен тыс консультациялық-диагностикалық қызметтер бойынша жалған жазбалар 297 медициналық мекемеде анықталған. Оның 180-і (60,6%) – мемлекеттік, 117-і (39,4%) – жеке меншік.
ӘМСҚ құқық бұзған денсаулық сақтау мекемелеріне айыппұл салынды дейді.
Алмаған қызметі үшін жалған жазба жазылғанын анықтағандар медициналық сақтандыру қорына хабарлауы керек екенін ескертті. Шағым немесе өтінішті Қордың ресми сайты fms.kz арқылы беруге болады. Сондай-ақ Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы немесе 1406 телефонына хабарласуға мүмкіндік бар.
JQ-Aqparat