jasqazaq.kz

300 мың теңге жалақыға қойшы табылмайды

25 қантар 2019, 11:31

ДӨП пікірсайыс клубының бүгінгі тақырыбы – ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелер. Жыл сайын осы саланы дамытуға қыруар қаржы бөлінеді. Мал басын көбейтіп, ет өнімін экспортқа шығаруға да қомақты қаржы жұмсалады. Әйтсе де ауыл шаруашылығында қордаланған мәселе азаймаған. Осы төңіректе ауыл шаруашылығы министрлігінің бұрынғы вице-министрі Төлеутай Рақымбеков пен журналист Дәулетхан Қыдырбайұлы сұхбаттасты.

Дәулетхан Қыдырбайұлы: Төлеутай Сатайұлы, ауыл шаруашылығы саласының білікті маманысыз. Көп жылдар ауыл шаруашылығы министрлігінде қызмет істедіңіз. Сондықтан осы саладағы түйткілдер сізге жақсы таныс. «Ет дегенде бет бар ма?», «Қазақ қасқырдан да көп ет жейді» деп жатамыз. Жалпы, бүгінде етті тұтынуымыз қандай деңгейде? Расында да, әлемде етті көп жейтін ұлтпыз ба, әлде бұл жай әңгіме ме?
Төлеутай Рақымбеков: Елімізде осыдан 5 жыл бұрын бір жылда әр адам орта есеппен 45 келі ет жейтін. Бұл дегеніңіз – қойдың, сиырдың, жылқының, құстың еті. Ал ұлттық экономика министрлігіне қарасты статистика комитетінің ресми ақпаратына сүйенсек, қазір көрсеткіш 55 келіге жетіпті. Демек, соңғы 15 жылда 10 келі қостық. Бұл көп пе, аз ба? Бұл мәселеге екі жақтан қарауға болады. Біріншіден – 1983 жылы, Кеңес Одағы кезінде мемлекеттік азық-түлік бағдарламасы қабылданды. Бұл 1990 жылға және 2000 жылға арналған бағдарлама болатын. Осы бағдарлама бойынша 1983 жылы адам басына 62 келі ет тұтынған. 1990 жылы көрсеткіш – 72 келіге, ал 2000 жылы 82 келіге жетуі керек болатын. Енді өздеріңіз салыстыра беріңіз – 45,55 және жаңағы – 82 келі. Егер басқа мемлекеттермен салыстырсақ, мысалы, Аргентинада әр тұрғын жылына 87 келі ет жейді. Енді өзіңіз салыстыра беріңіз, Қазақстанда – 55 келі. Ол статистика бойынша өндірілген өнімнің есебі. Шын мәнінде, бірінші ондыққа кірсек те жаман емес.
Дәулетхан Қыдырбайұлы: Барлық тұтыну мүмкіндігіміз осы деп ойлайсыз ба, әлде қамтамасыз ету мүмкіндігіміз осы ма?
Төлеутай Рақымбеков: Бұның бәрінде екінші жағдай бар. Ол еттің бағасы.
Дәулетхан Қыдырбайұлы: Бұл ет қымбат деген сөз ғой…
Төлеутай Рақымбеков: Иә, ет қымбат. Халықтың бүгінгі жалақысы мен еттің бағасы сәйкес келмейді. Сондықтан біз ет пен сүтті 1991 жылға қарағанда әлдеқайда аз тұтынамыз.

Дәулетхан Қыдырбайұлы: Ептеп жылжып, еттің бағасына да жеттік қой… Бір жазбаңызда қазір ет өндірісіне бөлініп отырған мемлекеттің субсидиясы базардағы еттің бағасымен бірдей депсіз.
Төлеутай Рақымбеков: 20 пайыз жоғары.
Дәулетхан Қыдырбайұлы: Тіпті одан да жоғары. Бұл жерде етті фермер өндіреді. Сол үшін оған мемлекет ақша төлейді және ол өндірген етін апарып тұтынушыға тағы сатады. Сонда фермер екі жақтан да ақша алып отыр дейміз бе, бұны қалай түсінеміз?
Төлеутай Рақымбеков: Бұл сұрақты екіге бөліп қарастыру керек. Өйткені субсидияны кез келген фермер алмайды. Ол санаулы ғана ірі фермерлердің қолына тиетін ақша. Қыркүйек айында бекітілген ереже бойынша 1000 бастан көп мал бордақылау орталықтары ғана субсидия алатын болып қалды. Олардың саны еліміз бойынша санаулы ғана.
Дәулетхан Қыдырбайұлы: Субсидияның бағасы қанша?
Төлеутай Рақымбеков: Жалпы көлемі әр келіге 1500 теңгеге жуық. Ал базардағы кіріс бағасы – 1200-1250 теңге. 20 пайыз артық. Ал ауылда шаруа қожалығы етін сатса, ол жерден саудагерлер келіп келісін 800-1000 теңгеден алып кетеді. Одан 1,5, 2 есеге көп деуге болады. Субсидияның ғана көлемі. 1200-1300 теңгені бір қоя берейік. Мысалы, экспортқа шығатын халықаралық баға – 2 доллар, 700 теңге. 700 теңгені бір алады, 1500 теңгені бір алады. Сонымен 2200 теңге пайда көреді.
Дәулетхан Қыдырбайұлы: Экспортқа шығарғаны үшін тағы да ала ма?
Төлеутай Рақымбеков: Мысалы, Ресейден сатып алған адам 700 теңге төлейді. Оның ішінде Қазақстаннан субсидия ретінде алғаны үшін 1500 теңге тағы алады.
Дәулетхан Қыдырбайұлы: Бұл не қылған батпан құйрық, ай далада жатқан құйрық?…
Төлеутай Рақымбеков: Енді бір кездері Елбасының, қоғамның алдында уәде беріліп қалды да, соны қалай болса да орындау керек…
Екіншіден, осының арқасында көптеген шағын шаруа қожалықтары, ауыл тұрғындары мемлекеттік қолдаудан сырт қалып отыр. Мысалы, елімізде 1 миллион 647 мың отбасылық шаруашылық бар. Олар ауыл шаруашылық өнімдерінің 50 пайызын өндіреді: етті де, сүтті де, көкөністі де, жеміс-жидекті де. Тек майлы дақылдардың үлесі өте төмен. Жоқтың қасы. Еттің – 70, сүттің 70 пайызын өндіреді. Ал оған шағын шаруашылықтарды қоссаңыз, онда көрсеткіш 90-95 пайызға барады. Өткен жылдың 1 қаңтарына қарағанда, ресми статистиканың мәліметіне сүйенсек, елімізде 15 770 заңды тұлға, 195 мыңға жуық шаруа қожалығы бар. Екеуін қоссақ, 210 мың болады. Сол 210 мың тауар өндірушінің ішінде 5 мыңға жуығы ғана субсидия мен арзандатылған несие алуға мүмкіндігі бар.
Дәулетхан Қыдырбайұлы: Өзгелер де алу үшін не істеу керек?
Төлеутай Рақымбеков: Менің ойымша, ауыл шаруашылық саласын күрделі түрде қайта құру керек. Көбісі ауыл шаруашылығы ірі екі саладан – мал шаруашылығы мен егіншілік шаруашылығы құрылады деп ойлайды. Үшінші саласы бар. Оны көбісі ұмытып отыр. Ол – қызмет көрсету. Осы қызмет көрсету саласы дамыған елдерде 60 пайызды құрайды. Оны Елбасы да жиі айтады. Бізде қазір орта есеппен – 55 пайыз. Ол бұрыннан келе жатқан білім беру, денсаулық сақтау, көлік, сауданың бәрін қосқанда – 55 пайыз. Ал ауыл шаруашылығына келетін болсақ, қызмет көрсету саласы – 0,25 пайыз. Ауыл шаруашылығы саласының жалпы өнімі 4 трлн 100 млрд теңге. Соның ішінде 10 млрд теңге қызмет көрсету саласында. Одан кейін қайдағы экспорт туралы айтамыз? Біз ішкі жағдайда нарықтың ұстанымымен өнімді сата алмай отырмыз. Біз сұранысты ғана қамтамасыз етіп отырмыз. Бірақ дүкенге, базарға барсаңыз, өнім атаулы Қытайдан, Пәкістаннан, Польшадан, тағы басқа жақтан. Неге? Далада өсірілген өнім дүкенге неге жетпейді? Бұл инфрақұрылымның жетіспейтіндігінен.
Дәулетхан Қыдырбайұлы: Мемлекет тарапынан үлкен бағдарламалар әзірленіп, ол етті мол беретін ірі қара өсіруге бағытталады. Осыдан қойға қатысты арнайы бағдарламаны көрмеппін, әлде мен білмеймін бе?
Төлеутай Рақымбеков: Жоқтың қасы. Ірі қара мал өсіруге қарағанда, қой өсіру тиімді. Әрине, жылқымен де айналысу керек. Бірақ жылқы шаруашылығының өнімі ет пен қымыз ғана. Мысалы, ет пен қымыз тек ішкі нарықты ғана қамтамасыз ететін өнім. Қосымша айта кететін болсам, 2017-2018 жылы жылқы мен түйенің саны 1991 жылға қарағанда едәуір артты. Сиыр 6,5 миллион бас, кеңес үкіметі кезінде 9,5 миллион бас болатын. Қой 35 миллион болатын, қазір – 18,5 миллион. 1997 жылы болу керек 9,5 миллион басқа түскенбіз. 35 миллионнан 9,5 миллион, яғни 4 есе азайған.
Дәулетхан Қыдырбайұлы: 18 миллионнан сәл ғана асады дедіңіз бе?
Төлеутай Рақымбеков: 18 миллионнан асты.
Дәулетхан Қыдырбайұлы: Жалпы, халық санымен пара-пар екен ғой. Адам басына бір-бір қойдан…
Төлеутай Рақымбеков: Мысалы, Аустралияда адам басына 6-7 қойдан келеді. Жаңа Зеландияда – 16-17. Біздің де осы көрсеткішке жетуге толық мүмкіндігіміз бар.
Дәулетхан Қыдырбайұлы: Сонда не кедергі?
Төлеутай Рақымбеков: Қой шаруашылығына толығымен көңіл бөлу керек.
Дәулетхан Қыдырбайұлы: Бүгінде жастардың бәрі оқыған, көзі ашық, қалаға кеткен. Ауылға, жайлауға, қыстауға барып, жылдың төрт мезгілінде көктеуге, күзеуге көшіп жүріп, кім мал бағады?
Төлеутай Рақымбеков: Кейбір ірі шаруа қожалықтарының басшылары бүгінде 300 мың теңге ұсынса да, қойшы табу қиын екенін айтады. Жолдастарым: «Бүгінгі күні қойшы тапқанша, әкім мен министр болатын адамды табу жеңіл» деп әзілдейтіні бар. Шынымен солай, 300 мың теңгеге ауылда қойшы табылмайды.
Дәулетхан Қыдырбайұлы: Азабы ауыр…
Төлеутай Рақымбеков: Әрине, азабы ауыр. Бұл жерде мемлекет пен кәсіпкерлер және үкіметтік емес ұйымдар біріге отырып, осы мәселеге ерекше көңіл бөлу керек.
Дәулетхан Қыдырбайұлы: Ірі қара шаруашылығына қандай мүмкіндіктер жасалғанын жаңа айттыңыз. Ат төбеліндей ғана мырзаларға емес, осы жағдайды ұсақ малға, қой шаруашылығына бөлетін болса, өркендеуі мүмкін бе?
Төлеутай Рақымбеков: Әрине. Ірі қараға қарағанда қой тез көбейеді. Мысалы, 4-5 жылдың ішінде қойдың санын көбейте аламыз. Ал ірі қараны біз жыл сайын 6 пайыздан көбейтіп, 10 жыл ішінде экспортта жоспарланған 70 мың тоннаға жеткізе аламыз дегенге мен сенбеймін. Ал қой шаруашылығынан 4-5 жылдың ішінде 200 мың тонна етті экспортқа шығаруға мүмкіншілік бар. Оның ішінде өзіміздің ішкі нарығымызды, өзіміздің азаматтарымызды толығымен қамтамасыз ете аламыз.

05 маусым, 13:24
Түркістан: Бу-газ қондырғысының құрылысы талқыланды
05 маусым, 13:12
Түркістан: Созақта абаттандыру жұмыстары қарқынды
05 маусым, 12:35
Самат Талғатұлы: Түркістандағы ауыл тұрғындарына оңалту қызметтері қолжетімді бола түсті
05 маусым, 12:26
Түркістанда мүгедектіктің алдын алу мен оңалту қызметтері қандай деңгейде?
04 маусым, 12:21
Түркістанда тікұшақ пен дрон шығаратын зауыт салынуы мүмкін
03 маусым, 15:16
Сауран ауданында 280 мың басқа арналған құс фермасы іске қосылады
03 маусым, 14:48
Түркістан: Қазығұрт ауданындағы индустриалдық аймақта 8 жоба жүзеге асып жатыр
03 маусым, 12:49
Түркістан: Мақтаралда қоғамдық көліктер жаңартылды
03 маусым, 12:47
Түркістан: Мың шақырымнан астам жол жөнделіп жатыр