Жырақта жүрсем де, жүрегім – елде

09 қыркүйек 2022, 12:28

Тамыздың тамылжыған күнінде Талғат аға (белгілі журналист, газетіміздің тұрақты авторы Талғат Сүйінбай) редакцияға бір кісіні ертіп келді. «Танысып қойыңдар, бұл Алмахан деген ағаларың болады, сонау Аустралиядан келіп отыр, өзі айтишник» деп жатыр. «Ойпырмай, бұл қазақтың қаңғалақтап жүрмейтін жері жоқ, о жаққа қалай барды екен» деп таңырқасып қалдық. Қоңыр жейде киген қараторы адамды Марстан келді десе, бүйтіп таң қалмаспыз, сірә! Әйтпесе, Аустралия қайда, Қазақстан қайда? Кітаптан оқып, кинодан көргеніміз болмаса, біз үшін ол құдды басқа планета. Сондықтан редакциядағы үш журналист (Қуаныш Нұрданбекұлы, Мақпал Ноғайбаева, Гүлнар Ахметова) бесінші құрлықтан келген қонаққа «бас салып», жан-жақтан сұрақты жаудырдық. Талғат аға – модератор.

Айтпақшы, Аустралиядан келген қазақтың аты-жөні – Алмахан Батырқұлов. Өмір бойы ел ішінде еңбек еткен де, зейнетке шыққаннан кейін тәуекелге басып шетел кеткен. Басқасын ортақ сұхбатымыздан біле жатарсыз.

Jas qazaq: Алмахан мырза, зейнет жасында тәуекелдің желқайығына мініп, алыс құрлыққа тартып кетіпсіз. Ондай шешім қабылдауға не түрткі болды?

А.Батырқұлов: Мен елден 2016 жылы зейнетке шыққанда кеттім. Оған дейін Алматыдағы метро құрылысында жеті жыл жұмыс істеп, сосын зейнетке шықтым. Екі қызым осында жоғары оқу орнын тәмамдап, Аустралияға кеткен болатын. Екеуі де сол жақта тұрмысқа шығып, тұрақтап қалды. Жиі барып-келуге жер алыс. Олар «осылай қарай көшіңдер» дейді. Зайыбымыз екеуміздің жасымыз келді, жат елде қалай болар екен деп көп ойландық. Ақыр соңында балалардың қасына барғанымыз дұрыс шығар деп шештік. Алғашында ата-анаға арналған визамен бардық.

Jas qazaq: Қанша дегенмен, жат ел. Қиналған шығарсыздар?

А.Батырқұлов: Иә, бастапқыда біраз қиындықтар болды. Өйткені елден алатын зейнетақымыз бірден тоқтады. Ал ол жақтың зейнетақысын алу үшін мұнда он жыл тұрақты тұруымыз керек. Бірақ өз басым іштей дайындалып бардым. Жұмыс іздемес бұрын кәдімгідей өзімді шыңдадым, жан-жақты дайындалдым. Ағылшын тілін үйренуді қолға алдым. Әйтсе де, жат елге барғаннан кейін, әлгі ағылшыншам жарамай қалды. Өйткені акцент басқа. Оларда сөздердің айтылуы басқа, тіпті мен білмейтін көп сөздер кездесті. Жұмысқа алу тәртібі де өзгеше. Бірнеше кезеңнен сүрінбей өтуің керек. Сондықтан жұмысқа тұру үшін көп дайындалдым. Ең алдымен телефон арқылы сұхбаттасады. Өзің туралы түйіндемеде қолыңнан не келетінін тәптіштеп жазасың. Оның да өз ерекшелігі бар. Жұмыс туралы қысқа да нұсқа жауап беруің керек. Одан бөлек, жұмыс беруші де өз сауалдарын қояды. Оған нақты-нақты жауап берілуі тиіс. Осыдан 10-20 жыл бұрын барған программистер жұмыс беретін компанияларды таңдайтын. Ал қазір компания жұмысқа қабылданатын адамдарды өздері таңдайды. Өйткені қазір Аустралияда бәсеке күшейді. Үнді пен қытай көп. Олардың жастары алға қарай ұмтылып, бәрін біліп, үйренгісі келеді. Жұмысқа қабылдар алдында 3-4 адам отырып, сұрақ-жауап алады. Қойылған сұраққа жаңылмай жауап беруің керек. Мен өз мүмкіндіктерім мен бағдарламалау саласында қандай қызметтер атқара алатыным туралы толық айтып бердім. Өзімнің жұмыс тәжірибеммен бөлісіп, қолымнан қандай іс келетінін айттым. Бұған алдын ала дайындалдым. Бір қынжылтатыны, Аустралия жұрты Қазақстанды біле білмейді. Ауғанстан немесе Иран деп ойлайды. Аустралиядағы таныстар «сіздер араб тілінде сөйлейсіздер ме» деп жиі сұрайды.

Jas qazaq: Сонымен не болды? Жұмысқа алды ма?

А.Батырқұлов: Әлгі сұхбаттасуға барған компанияға шұғыл түрде маман керек болған. Бұл менің оң жамбасыма дөп келді-ау деймін. Өйткені келесі шақырғанда тағы да сөйлесетін шығар деп тұрсам, жұмысқа алғандарын айтты. Оған дейін отыз шақты сұхбатқа қатыстым. Соның әрқайсысынан өзіме жаңа нәрсе үйрендім. Қай жерде қалай жауап беру керек, не туралы айту керек – мұның бәрі мен үшін үлкен тәжірибе болды. Ең алғаш кірген компанияның жұмыс келісімшарты онша тиімді болмады. Мәселен, еңбек демалысына шыққан кезде демалыс қаржысы төлене ме, төленбей ме, оны компания басшылығы өзі шешетін. Мерекелік күндері жұмысқа шықсаң да, ол күндерге айлық төленбеді. Жұмыста қосымша қалып істесеңіз, ол жағы да есепке алынбады. Мен бұл компанияда екі жылдан астам уақыт жұмыс істедім. Еңбек демалысына шығып, ақымды сұрағанда берді. Сөйтіп 2018 жылы елге келіп кеттім.

Jas qazaq: Жалақы мөлшері құпия ма? Мәселен, жылдық табысыңыз қанша екенін айта аласыз ба?

А.Батырқұлов: Жылына 60 мың доллардай табамын. Сонда бір айға 5 мың доллардан келеді.

Jas qazaq: Ол жақта біздің елмен салыстырғанда өмір сүру қымбат па?

А.Батырқұлов: Меніңше, Қазақстанмен салыстырғанда, өмір сүру деңгейі қымбат емес. Қалай десем екен, маңызды азық-түлік жиі қымбаттамайды. Баға өссе де, айырмашылығы онша білінбейді. Өйткені біздің бір айлық жалақымыз ішіп-жемнен көп артылады. Бірақ Сиднейде пәтер жалдау құны қымбат. Біз алғаш көшіп келгенде бір жылдай пәтер жалдап тұрдық. Сол кезде айлығымыздың тең жартысы пәтер ақысын төлеуге кететін. Дегенмен қомақты қаржымен барған соң ба, онша қиналған жоқпыз. Үш айдан кейін мен жұмысқа тұрдым. Осы үш айдың ішінде жергілікті тілді үйрендім. Қазір біз жер үйде, яғни өз үйімізде тұрамыз. Оған үлкен қызым себепші болып, үй алуға көмектесті. Бізден бұрын көшіп келгендіктен бәрін біліп алған. Жылжымайтын мүлік сату, сатып алуда тәжірибесі мол. Сидней әлем бойынша қымбат қалалардың ондығына кіреді. Содан да болар, үй бағасы қымбат. Тіпті сырттан келген біздер емес, жергілікті тұрғындардың өзі үй сатып алу үшін көп тер төгеді. Жалпы Аустралияда ақшасыз өмір сүру мүмкін емес. Сондықтан міндетті түрде жұмысың болуы керек. Алғаш рет жұмысқа орналасқаннан кейінгі алты ай басшылық тарапынан үнемі бақылауда боласыз. Олар әр қадамыңды қадағалап, жұмысқа деген құлшынысыңды байқап отырады. Қазіргі жұмыс істеп жатқан компанияның еңбек шарты мен үшін тиімді. Өйткені мұнда мерекелік күндер мен еңбек демалысы төленеді.

Jas qazaq: Автокөлік ше, ол да қымбат па?

А.Батырқұлов: Автокөлік онша қымбат емес, бірақ оның төлейтін салығы мен сақтандыру полисі қымбат. Бір байқағаным, көшеде кілең жаңа машиналар жүреді. Өйткені ескі көліктерді жойып отырады.

Тағы бір мысал айтайын, үйге жөндеу жұмыстарын жасайтын болсаңыз, құрылыс материалдарына көп ақша кетпейді. Әлгі жөндеу жұмыстарын жүргізетіндердің еңбегі қымбатқа түседі. Аустралияда қол еңбегімен жұмыс істейтіндердің айлығы жақсы, көп ақша табуға мүмкіндік бар. Жұмыс істегенде күш-қуатың соған жарайтынын көрсетуің керек. Сол үшін де мен күн сайын жаттығамын. Өзімнің жұмыс істеуге деген қарым-қабілетімді көрсетіп отырамын. Қазір біраз нәрсе жеңілдеді. Алты жылдық тәжірибем бар. Компания зертханасында компьютермен бір орында отырып жұмыс істеймін. Алғаш келген жылдары жұмыс бабымен басқа да нысандарға баратынбыз. Біздің жұмыс компьютерлік технологиямен тікелей байланысты. Компания заманауи үлгідегі конференц-залдарды техникалық құрылғылармен жабдықтаумен айналысады. Ал біз зертханада сол құрылғыларды онлайн қадағалап, басқарып отырамыз. Технология күн сайын өзгеріп жатыр, жаңа протоколдар келеді. Соның бәрінен хабардар болып, үнемі оқып, үйренуіміз керек. Кейде жас келгендіктен бе, демалғың да келеді. Әйтсе де, амал жоқ, көштен қалмау керек. Сондықтан жұмыс технологиясындағы жаңа үрдістерді қалт жібермей, дер кезінде меңгеруге тырысамын. Компания директоры үйінде отырып-ақ кімнің қалай жұмыс істеп жатқанын тексере алады. Жұмыс уақыты – таңғы сағат 9-дан күндізгі үшке дейін. Менеджерлер бір күндік жұмыс жоспарын алдымызға іліп қояды, сол бойынша тапсырмаларды орындаймыз. Менен де тәжірибелі жүйе администраторлары бар. Бірақ олар электроника жағына көп бара бермейді. Ал мен Мәскеуде оқу бітіргем, Алматы метросындағы жұмыс тәжірибем бар. Сондықтан құрылғыларды жөндеу сияқты жұмыстарды атқара беремін. Бүгінде жасым 69-ға келді. Бұл елде ер адамдар зейнеткерлікке 65 жасында шығады. Ал мен зейнетақы алмаймын. Зейнетақы алуым үшін осында он жыл тұрақты тұруымыз керек. Осы он жыл ішінде 3 айдан астам уақытқа елден кетпеу керек. Қазір біздің тұрып жатқанымызға 6 жылдан асты. Аустралия азаматтығын алдық.

Jas qazaq: Сіз зейнетке шыққан соң өміріңізді күрт өзгертуден қорыққан жоқсыз ба? Өзге мемлекет тұрмақ, ел ішіндегі басқа қалаға көшіп баруға жүрегіміз дауалай бермейді…

А.Батырқұлов: Мен қызыма сеніп бардым. Өйткені біз барғанға дейін ол он жылдан астам уақыт сонда тұрды. Тұрмысқа шықты. Күйеуі – украин. Негізгі мамандығы – заңгер. Қазір инженер болып жұмыс істейді. Заңгерлікті де қатар алып жүргісі келеді. Жатжұртта сенетін, сүйенетін адамымыз болғаннан кейін тәуекелге бел буған шығармыз.

Jas qazaq: Қазір бүкіл әлемде азық-түлік қымбаттап жатыр. Аустралияда қалай?

А.Батырқұлов: Негізі азық-түлікке жеңгелерің барады. Дегенмен бұл елде белгілі бір бақылау бар. Қазақстандағыдай негізсіз қымбаттап кетпейді. Менің ойымша, Қазақстанда бағаны әдейі қымбаттататын сияқты. Аустралияда жанармай қымбат. Литрі – 2,5 доллар шамасында. Қазір мен бір өзім жұмыс істеймін. Сондықтан қаржыны оңды-солды шашу деген жоқ. Барынша үнемдеуге тырысамыз. Ол жақта мынадай нәрсе бар. Оның қалай аталатынын білмеймін. Сіз ипотека алу үшін қаржының 20-30 пайызын құясыз. Ол несиеңізді өтеп біткенше қайтарымсыз қаржы болып тұра береді. Оның үстіне тағы да қаржы құя аласыз. Мұқтаж болған жағдайда сол қаржыдан алуға болады. Ол жақта заң бәріне ортақ. Министрлердің өзі заңды бұзбайды.

Jas qazaq: Біздің елдегідей жемқорлық бар ма?

А.Батырқұлов: Мысал келтірейін, ол жақта мэрия дейді, қала мэрі оқыс жағдай бола қалған жағдайда бірден отставкаға кетеді. Себебі заң қатал. Мэрияның жұмысын арнайы комиссия тексеріп отырады. Жоғары жақта, билікте жемқорлық бар деп айтылып жатады. Бірақ оның қандай жемқорлық екенін білмедім.

Jas qazaq: Сіз жергілікті газеттерді немесе басқа ақпарат құралдарын оқитын шығарсыз. Солар жемқорлық туралы жаза ма?

А.Батырқұлов: Әрине, ол туралы газетке жиі жазады. Егер осындай оқиға кездессе, соңына түсіп, әбден қазбалайды. Мәселен, біздің ауданның мэрі жемқорлыққа күдікті ретінде жауапқа алынды деген ақпарат тараған күні-ақ мэрия отставкаға кетті.

Jas qazaq: Қазір бізде қағаз газеттер құрып бара жатыр. Жұрттың назары ғаламторға ауды деген сылтаумен тасқа басылатын газет-журналға бұрынғыдай қамқорлық жоқ. Аустралияда қалай, тұрғындар газет оқи ма?

А.Батырқұлов: Әрине, газет оқиды. Жастар газет оқиды деп айта алмаймын. Біз сияқты егде адамдардың үнемі газет оқып отырғандарын байқаймын. Біздің компанияға аудандық, қалалық газеттер келеді. Мен үзбей оқып, жаңалықтарын көріп отырамын. Газет оқыған мен үшін пайдалы. Бір жағы тәжірибе, бір жағы тіл жаттықтыру. Маған көп оқу керек. Өйткені әлі де білгім келетін дүниелерім өте көп.

Jas qazaq: Денсаулық саласы жоғары деңгейде болар?

А.Батырқұлов: Дәрігерлердің жалақысы жоғары. Ауруханадағы емдеу деңгейі мүлде басқа. Медицинада пара алу, пара беру деген атымен жоқ. Бір жылға медициналық сақтандыру полисін алып қойсаңыз, тегін емдейді.

Jas qazaq: Көшедегі тәртіп?

А.Батырқұлов: Жұма күндері орталық дәмханаларда адам көп жиналады. Кешкісін кафеде жастарды жиі көруге болады. Бірақ олардың ешқайсысы бір-бірімен жаға жыртыспайды. Байқағаным, бұл елдің халқы заң бұзудан қатты қорқады.

Jas qazaq: Халықтың билікке деген сенімі қандай?

А.Батырқұлов: Халық билікке сенеді. Сайлауға қатыспасаңыз, 25 доллар айыппұл төлейсіз. Қарсыласқа берген дауысты иемдену деген атымен жоқ. Өйткені жауапты комиссия мүшелері өз жұмысын барынша ашық көрсетеді. Мысалы, премьер-министр ауысты, партия ауысты делік. Барлығы ашық түрде өтеді. Жолдың бойына дүңгіршек салу немесе парктің ішіне кафе салу деген мүлде болмайды. Салған күннің өзінде үлкен айыппұл төлейді.

Jas qazaq: Аустралияда қазақтар көп пе? Олармен араласып тұратын шығарсыздар?

А.Батырқұлов: Кіші қызым Аустралиядағы Қазақстан консулдығындағы жастармен жиі кездеседі. Мерекелік күндері осындағы қазақтар бірлесіп тойлайды. Біз көп бармасақ та, кіші қызым қатысып, араласып тұрады. Қазақтар көп деп айта алмаймын. Бірақ қызым 5-6 адаммен болса да кездесіп, мерекелік шарада ұлттық асымызды пісіріп, дастархан жайып, мәре-сәре болысады. Наурыз мерекесінде кездесеміз. Үндіге, норвегиялыққа шыққан қазақ қыздары бар.

Jas qazaq: Аустралияда тұрып жатқаныңызға алты жыл болыпты. Ол елдің менталитеті, әдет-ғұрпы мүлде басқаша болар?

А.Батырқұлов: Бір байқағаным, Аустралия жастары метрода үлкен кісілерге орын бермейді. Өлмелі қарт болмаса, отыра береді.

Ешкімнің ешкімде шаруасы жоқ, әркім өзі үшін өмір сүреді. Дегенмен адамдар арасында сыйластық байқалады. Бірде жұмыспен бір нысанға бару керек болды. Ол жерге арнайы киіммен кіруіміз керек. Менің каскам мен жилетім сөмкемде болған. Күзетші киімімді сұрады. Сөмкемде екенін айтып едім, киіп алу керектігін жәй ғана ескертіп айтты. Ал менен кейін киімсіз келген жас жігітке айыппұл салды. Мұны мен үлкен басымды сыйлағаны шығар деп түсіндім. Ол жақтың адамдары беделге (репутацияға) қатты мән береді. Сондықтан да көшеде айқайласу, жаға жыртысу деген жоқ.

Адамдар заңға бағынады. Үй салығы, көлік салығы міндетті түрде төленеді. Біздің елдегідей пәлен жыл салық төлемей жүріп алу деген жоқ.

Тағы бір айта кететіні, адамдар өзге біреудің мүлкіне ешқашан қол сұқпайды. Бірде қызым пойызда әмиянын ұмытып кеткен екен. Содан оны тауып алған адам ішінен почтаға салып жіберу үшін 6 долларын ғана алуға рұқсат сұрапты. Қалған ақшасы түгелімен өзіне қайтарылыпты. Сол сияқты мен де жұмыста бір сайманымды ұмытып кетіппін. Ертесінде барсам, сол зат орнында тұр. Оларда біреудің затына біреу тиіспейді.

Тағы бір айта кететіні, бірнеше шақырымға созылған саябақтардағы жабайы ағаштар қанша биік болып өссе де кеспейді.

Jas qazaq: Алматыда спорт алаңдары көп дедіңіз. Аустралияда спортпен шұғылдану жағы қалай?

А.Батырқұлов: Мұнда мұхит болғандықтан, көбісі жүзумен айналысады. Бірақ ол жақта Алматыдағыдай спорт алаңдары көп емес. Серфинг, велоспорт жақсы дамыған. Тамақ арзан болғандықтан ба, толық адамдар өте көп. Мектепте дене шынықтыру арнайы пән ретінде оқытылады. Немеремнің бірі каратэ үйірмесіне қатысады.

Jas qazaq: «Ет дегенде бет бар ма» дейтін қазақсыз ғой, қазақтың ұлттық тағамдарын сағынатын шығарсыз? Ет бағасы қымбат емес болар, Аустралия мал шаруашылығын дөңгелетіп отырған ел ғой.

А.Батырқұлов: Әрине, сағынамын. Сыраның бөшкесінен пеш жасап алдым. Енді соған қазан іздеп жүрмін. Өз ауламда ас пісіру үшін Аустралияға қазан әкетпек ойым бар. Еттің бағасы соншалықты қымбат деп айта алмаймын. Ет сататын арнайы базарлар бар. Сондықтан қой мен сиыр етін таңдап алуға болады.

Jas qazaq: Қазір бізде жұмысқа зауқы жоқ жастар қалыптасып келеді. Баланы жастайынан еңбекке баулу керек екенін ата-ана да, жоғарыдағылар енді түсіне бастағандай. Ал сіз зейнетке шыға салып, жаңа өмір бастаудан қорықпадыңыз. Жастарды еңбекке тартудың жолы қандай?

А.Батырқұлов: Менің інім «балаларым үй жұмысын жасамасын, одан да оқып, білім алсын» дейтін қағиданы ұстанады. Меніңше, ол дұрыс емес, баланы кішкентайынан еңбекке баулу керек. Көп жастар ауыр жұмыс істегісі келмейді. Бірақ көп ақша тапқысы келеді. Білуімше, Қазақстанда жақсы жұмыс табу қиын. Аустралия жастарының барлығы деп айта алмаймын, бірақ басым бөлігі университетте білім алғысы келмейді. Ол қазір кәдімгідей проблема. Өйткені ауыр жұмыс істейтіндер жақсы жалақы алады. Қандай жұмыс істесең де тиісті ақыңды аласың. Қазақстанда ауыр жұмысты істетіп алып төлемейтін кездер болып жатады. Еңбек қай кезде де бағалануы керек. Базарда арба сүйреп жүрген жігіттерді көргенде жүрегім ауырады. Неге өндіріс орындарын көптеп ашып, жұмыссыз адамдарды еңбекпен қамтамасыз етпейді екен деп!

Мен елімді ешқашан ұмытпаймын. Жырақта жүрсем де, жүрегім – елде. Күндіз-түні туған елімде не болып жатыр екен деп алаңдап отырамын. Біздің елде білімді де білікті жастар көп. Қазір қазақ жастары Гонконгта, Америкада жұмыс істейді. Оларды елге алдырып жағдайын жасаса, қаншама пайдасын тигізер еді. Сондықтан жоғары жақтағылар білікті мамандарды елде алып қалу жағын да қарастыруы керек.

«Сырт көз – сыншы» дейді ғой. Мен еліме келгелі ағайын-туыспен, жастармен сөйлестім. Білімге ұмтылған жастардың беталысын көріп марқайып қалдым. Тағы бір байқағаным, жастардың дені ішімдік ішпейді екен. Спортпен айналысады. Сондай жігерлі жастардың ел-жұрты үшін қызмет етуіне жағдай жасалса, Қазақстан озық елдердің ортасынан көрінеді әлі!

Jas qazaq: Редакциямызға келіп, сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!

18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді
12 сәуiр, 12:11
Түркістан: Сайрам ауданында «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы өтуде
12 сәуiр, 12:10
Түркістан: Жетісай полицейлері «Заң және тәртіп» жобасын іске асыруда
11 сәуiр, 16:06
«Нөлдік төзімділік»: Түркістан полициясы 700-ден астам құқық бұзушыны анықтады
11 сәуiр, 15:50
Түркістан: Алаяқтар қашып құтылмайды