jasqazaq.kz

Жусанның кермек дәмі және өлең

18 қараша 2024, 10:54

Қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасы бар Әбубәкір Смайыловтың өлеңдерін оқырман іздеп жүріп оқиды. Сонау студенттік шағында-ақ өзіндік үнімен даралана білген ақын 1992 жылы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының тұңғыш лауреаты атанды.
Талғамы биік Ақселеу Сейдімбектің өзі 1990 жылғы күнделігіне: «Жыр дариясы айдынынан Әбубәкір Смайылов керген ақ желкен мойын бұрғызады. Тәңірім желін оңынан тұғыза көргей! Тамырын тереңнен тартқан тегеурін ден қойғызады. Енді мына азапты өмірдің азабына кіжінуші ғана болып қалмай, ақ пен қараны айыра отырып, сол өмірге үкім айта алатын зерде биігіне көтерілсе ғой…», – деп түртіп қойғаны бекер болмаса керек.
Ал Фариза Оңғарсынова апамыз 1992 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған ақын інісінің топтама өлеңдеріне жазған алғысөзінде: «…Әбубәкірдің студент кезіндегі өлеңдерін де оқығанмын. Есті жасты ұстазсыз, академиялық оқу-тоқусыз-ақ, заманның өзі-ақ есейтеді. Соңғы 3-4 жылда Әбубәкір парасатты ақын деңгейіне көтерілді. Ойы кемелденді.
Мен Әбубәкірдің қыжылы мен қышқыл мұңы көп өлеңдері оқырманды елдік намыс пен жусанның иісіндей ұлттық болмыспен қоректендіреді деп ойлаймын және оның ақындық болашағына үмітпен қараймын», – деп баға беріпті.
Аузы дуалы аға-апаларының оң бағасын алған ақын жиырма жылға жуық уақытын бұйрықпен шідерлеп тастайтын әскери салаға арнады. Саяқ жүрді. Көп ортада көзге түсе берген жоқ. «Жыр жазғаным болмаса тиіп-қашып, Ұлылармен жүрмедім иықтасып» деп оны өзі мойындайды. Көзге түспесе де, қаламнан қол үзбепті. Әскерде жүріп, «Жүректегі ақынның жазбалары», «Соңғы солдат» атты екі өлең кітабы жарық көрді. Анау тәжік-ауған шекарасынан жазған цикл өлеңдерінің, тіпті, шоқтығы биік.
Бастысы Ақаң ақтарылып тілеген «үкім айта алатын зерде биігіне көтерілген» ақынның өз оқырманын Фариза апамыз айтқан «елдік намыс пен жусанның иісіндей ұлттық болмыспен қоректендіріп» келе жатқаны қуантады.
Жалпы, Әбекең туралы сөз болғанда оның үш қырын бөліп айтқан абзал. Алғашқысы, сөзсіз әлдеқашан мойындалып қойған ақындығы! Екінші қыры аудармашылығы дер едік. Кейінгі жылдары Джейн Остин, Эрих Ремарк, Джек Лондон сияқты әлем классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аударды. Биыл осы аударма саласындағы еңбегі үшін ақынға халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы берілді. Қазір испан жазушысы Хавьер Мороның «Үміт сапары» романын тәржімалап жатыр.
Үшінші қыры – ұстаздығы. Қазіргі уақытта ақын Еуразия ұлттық университетінің әскери кафедрасында болашақ әскери журналистерге дәріс беріп жүр. Жас ұрпақ тәрбиесіне арналған қоғамдық жұмыстары да жетіп артылады. «Жас қазақ» газетінің Астана қаласындағы меншікті тілшісі.
Бір қызығы Әбекең әлеуметтік желіден оқшау жүреді. Ақын өлеңдерін фейсбукте Арман Сқабылұлы мен Серік Аббас-Шахттың парақшасынан оқуға болады. Сосын ол өлеңдерді ФБ-достардың бір-бірінен көшіріп басып жататыны да көп нәрсені аңғартса керек.
…Айтып та айтпай жан сырын жүректегі,
Бұл өмірден құдай-ау, кім өтпеді?
Шындық біреу – сәбидің шыр еткені,
Сосын…
шыбын жаныңның «пыр-р-р» еткені! – деп ой толғайды оңашада…
Әбубәкір Смайыловтың «Құс жолында біреу жүр жоқ қараған» атты жаңа кітабының таныстырылымы Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада 20 қараша күні сағат 15:00-де өтеді. Бұл – Әбекеңнің мемлекеттік тапсырыс бойынша қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді басып шығару және тарату бағдарламасы аясында жарық көріп отырған тұңғыш кітабы. Азаматтық поэзия мен нәзік лириканы үйлестіре білген ақынның бұл жинағына соңғы жылдары жазылған өлеңдері енген. Олай болса, сәрсенбінің сәтінде Ұлттық кітапханада болып, «жоғымызды бірге түгендейік!».

Мұхарбек Жәкейұлы,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

10 тамыз, 21:15
Түркістан: Абайдың сөзі – рухани құндылықтың алтын қазынасы
09 тамыз, 15:04
Бахадыр Мәдәліұлы: Мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсету – мәслихат пен партияның ортақ міндеті
06 тамыз, 20:36
Алматыда көше және сәулеттік жарықтандырудың бірыңғай жүйесі жасалады
05 тамыз, 12:34
Бала жанын түсіну – рухани жауапкершілік
31 шiлде, 15:56
Тайланд-Камбоджа: Шиеленіс қалай шешілді?
31 шiлде, 15:21
2,7 млн жайылым жер мемлекетке қайтарылды: жұмыс жалғасады
31 шiлде, 15:00
Айгүл Жамалбекова: Мүмкіндігі шектеулі жандарға ешқандай шектеу жоқ
31 шiлде, 14:48
Қолжетімді баспана – мемлекеттік тұрғын үй саясатының басым бағыты
31 шiлде, 12:19
Жетісайда мүмкіндігі шектеулі жандардың өтініші басты назарда