Жолда келе жатырмыз…

19 сәуiр 2019, 15:03

«Алматы – арман қала» деген тіркесті кім айтқанын білмедік, бірақ қалаға аяқ басқан әр адамның көңілі көктем. Жан рахатын осыннан табатын секілді. Іздегенге жұмыс, демалатын кісіге қыдыратын жер жеткілікті. «Қол көтеріп, көлікке мінген кісіге «Қайда барасыз?» деген сұрақты қойсаңыз болғаны. Одан әрі қарай әңгімені қалай жалғастырып әкеткенін өзі де білмей қалады. Бұл жағынан қазаққа жететін ұлт жоқ. Аузын ашса, жүрегі көрінеді. Күні-түні жолаушы тасымасақ та, жұмысқа барарда және қайтарда көлікке мінген кісінің көңіл-күйін сұрап қоятынымыз жасырын емес. Осы орайда кездейсоқ кейіпкерлеріміздің қылықтары мен қызықтарын назарларыңызға ұсынып қойғанды жөн көрдік.

Қыздар да қатырады

Негізі көлігіммен адам тасымаймын. Кейде ғана жаңбыр астында немесе жаурап тұрған жұртқа тоқтайтыным бар. Бір күні таңертең Абай көшесімен келе жатсам, жап-жас қыз көлік тосып тұр екен. Ешкім тоқтамаған соң, тізгін тарттым. Содан жол-жөнекей алдыңғы орындықта отырған өзімнің қызымды академия жанынан тастап, артқы орындықтағы қонағымды ұмытып кетіппін. Жол бойы қаптаған қыз-келіншек… «Шіркін, жастық шағым қайта оралса, осы көлікпен жүрсем, өмірім басқаша болар ма еді» деп бір ойлап қоямын.
Қазіргі жалғызілікті тіршілігімді де ой елегінен өткізіп, «өмірден осылай өтермін» деген сары уайым да санамды мазалай берді. Құрысын, радионы қостым. Әдемі ән әлгі уайымды ұмыттырғандай болды. Ілесе кетпесім бар ма? Ащы дауысым аспандағы айды жерге түсіргендей болды.
– Ағай, біз қайда келдік? – деді біреу арт жағымнан.
Селк ете түстім. Артқы орындықтағы қыз көзін уқалап отыр.
– Мен жұмысқа келдім. Саған қай жер керек?
– Мен сізге Қабанбай батыр мен Байтұрсыновтан түсем деп едім ғой…
– Жарығым-ай, неге ертерек айтпайсың?
– Сіз неге оятпайсыз?
– Әттеген-ай, өзің жолға қарап отырмайсың ба?
– Мұндайыңыз бар, неге жолаушы тасисыз?
– Ренжімеші, апарып тастайын…
Қонағымды тиісті жеріне апарып тастадым. Керегі жоқ десем болмады, 500 теңгесін тастап кетті. Сол жолы өзімнің «қартайып» қалғанымды байқағандай болдым. Ұмытшақтық та ұрымтал жау. Көліктегі кісіні ұмытып кету – сұмдық қой. Қайта жаман сөз немесе өте жақсы сөз айтып, тағы бірдеңе бүлдірсем, не болар еді?
Содан бері қыз-келіншекке тоқтасам, тек алдыңғы орындыққа отырғызатын болдым. Арада бір ай өткенде сол қыз тағы жолаушым болды. «Ағай, сіз көлікті жақсы жүргізеді екенсіз. Есіңізде ме? Өткенде ұйықтап қалғаным…», – деді.
– Енді ұйықтама, ұйықтасаң, үйге апарып орамал сала саламын. Басым бос, – дөрекі әзілімнен денем дір етті.
– Маған бәрібір, – деді қыз. – Ажырасқан келіншекпін. Тұрмысқа шығу керек болып жүр!
Ауыздан апатқа ұшырадым.

Жігіттер де жылайды…

Жолда көлікке отырған жігіт ой құшағында еніп кетіпті. Енді бір қарасам, көзін қайта-қайта сүрткіштеп отыр. Кенет ауыр күрсінді.
– Бауырым, жылап отырған жоқсың ба?
– Жәй… әр нәрсе ойға оралып….
– Иә, бауырым, оралатын нәрсе көп…
– Сіздің әйеліңіз бар ма?
– Жоқ! Не болды?
– Қандай бақытты жансыз!
– Керісінше ол бақытсыздық емес пе? Отбасының түгел болмауы, бастың құралмауы – бақытсыздық!
– Бәрі де айтуға оңай, аға. Менің әйелім бар. Отау құрғанымызға 15 жылдай болды. Бірақ соңғы екі жылда шаңырағым шайқала бастады. Кінә менен емес, әйелім бұзылып жүр. Балаларды аяп кетемін. Ол құрсағынан шыққан соларды да ойламайды ғой…
– Бұл енді нағыз ақымақ әйелдің тірлігі болған екен…
– Бұл ақымақтықтан да асып түседі. Бір жігітпен жүретін көрінеді. Жұмысындағы бір әйелден естідім… Менімен жасты. Оның отбасы бар. Таксист көрінеді. Жұмысына апарып, қайта алып келіп жүргеніне әйелім мәз секілді. Бәрінен де осындай опасыз әйелмен қалай бірге тұрамын? Балаларыма жаным ашиды… Солар үшін ғана жүрмін!
– Қырыққа таяған әйелдің әлі күнге ақылы кірмегені өкінішті екен…
– Дұрыс айтасыз, біздің жаста мақсатымыз қалған ғұмырымызда балаларды ер жеткізу, оқыту, өз күнін өзі көре алатындай жағдайға жеткізу болуы тиіс. Амал қанша?..
– Әлі де ойлан, бауырым, әйелің ақылға келер. Жылы сөзіңді аяма, жақсылық жасаудан тартын ба, ол да түсінер. Бейтаныс еркектің де отбасы бар, өзгенің әйелі үшін өз отбасын сақтап қалуды ойланар.
– Қазір жігіттер бұзылды, аға. Қарындасым деп қатыратындар көп. Біреудің шаңырағын бұзатындар жеткілікті.
– Мүмкін бұған әйелдер кінәлі шығар…
– Білмеймін, бізді не қара басты? Үлкенді үлкен, кішіні кіші деп сыйлай алмайтын, қарындас пен кексе әйелдің арасын ажырата алмайтындай болдық.
– Өмір быт-шыт болып барады. Қайда барамыз, келешек қалай болады? Түсініксіз… Балаларыма не деймін? Әкелерің кінәлі деймін бе?
Ұзақ әңгімеге екеуміз де нүкте қоя алмадық. Шынында да, кейбір отбасында осындай ырың-жырың көбейіп кетті. Мұны тоқтатудың жолы бар ма? «Осы жерден түсемін» деді жігіт. Тоқтадым. Ол түсіп қалды. Көлікті тоқтатудың амалы бар, ал адамды тоқтатудың амалы жоқ.

Таңертеңгі тергеу

Таңертең аулада көлігімді оталдырып, қызымның үйден шыққанын күтіп отырғанмын. 16 қабат үйден таңертең сыртқа шығатындар кейде лифті түгілі сыртқы есік алдында да кезекке тұрып қалады. Бұл жолы да солай болды.
Сыртқа топырлап шыққан таныс та бейтаныс үш қыздың екеуі үлкен жолға қарай бет алды. Біреуі тура маған қарай келе жатты. Көлігімнің жанынан өте бере тоқтап, есік ашты да «Здрәсте» деп отыра кетті.
Үріп ауызға салғандай қыз. Әй-шәй жоқ «кеттік» деді орысшалап. Жүрегім дүрсілдеп кетті.
– Куда? – дедім.
– Как куда?
– Қонақүйге барамыз, – деді қыз.
– Мен бара алмаймын, – дедім алқынып.
– Сіз неге шошып тұрсыз? Түк көрмегендей…
Мә, мынадан соң не деуге болады. Басым айналып кетті.
– Алдымен қонақүй, содан соң әуежайға апарасыз…
– Бірден әуежайға барсақ ше?
– Болмайды…
– Қонақүйде мен не істеймін?
– Не істеу, қалай істеу керектігін өзім түсіндіремін…
– Жоқ бармаймын…
– Онда неге келдіңіз?
– Қалай? Мен сабаққа баратын қызымды күтіп отырмын…
– Сіз таксист емессіз бе?
– Жоқ!
– Бұл жерде неге тұрсыз?
– Мен өз үйімнің алдында тұрмын…
– Ал такси қайда тұр?
– Мен қайдан білейін?
Қыз мырс етті де көлігімнен түсіп қалды. Қайда барарын қарап тұрдым. Сөйтсем, он шақты метр жерде тура менің көлігімдей такси күтіп тұр екен.
Жіпсіген маңдайымды сүртіп, ұйықтап отырған миымды оятып алдым. Осыдан соң қалай күлмейсің…

Біртүрлі болып барамыз

Бірі бірінің иығынан қағып, әзілдесіп тұрған екі жігіт қол көтерген соң, тоқтай қалдым. Өзіміздің қазақтар… Артқы орындыққа жайғасқан олар әр әңгіменің басын бір шалып қояды. Бірақ екеуінің тым жақын отырып, сыбырласқаны ерсілеу көрінді. Оған да мән берген жоқпын. Байқаусызда айнадан артқы орындықтағы екеуге көзім түсіп кеткені. Сүйісіп отыр.
– Жігіттер, екеуің бір-біріңді сағынып қалғансыңдар ма? – дедім әзіл-шынын араластырып,
– Көптен кездеспеген достар едік, – деді.
Дос болса – дос шығар. Алайда көліктен түсерде бірінің қолынан бірі ұстап түсіп жатқаны әлгі достыққа сенімімді жоғалтты. Құдай-ау, қандай қазақтар пайда бола бастады?…

Ми ашытқан мың теңге

Көлігімнің терезесін жөндетемін деп басыма бәле сатып алғандай болдым. Уақытқа қарамай, өзінен-өзі шырылдап қоя береді. Содан жексенбі күні, тіпті мазамды алды. Ұйқымды қашырған проблемадан құтылу үшін «түнгі әулиелерге» телефон шалдым. Құдай-ау, көрші үйде тұратын «автоэлектрик» шақырту 10 мың теңге» деп бәлсінді. Ақбұлақта тұратын аққұлақ 15 мың теңге сұрады. Бұлай отыра беруге болмас, бір амалын табу керек.
Содан түнгі сағат 3-те көшеге шықтым. Түнделетіп көлік жөндейтін орындарға бардым, автоэлектриктің бірі жоқ. Есесіне дөңгелек жөндейтін жерлерде жұмыс қызып тұр. Шаляпин көшесінде көлік күтіп тұрған жігітке тоқтап, жөн сұрадым. Ол да мандытып ештеңе айтпады. Есесіне ол бес-алты аялдамадай жерге апарып тастауын өтінді. Мінгізіп алдым. Жолда отырыстан шыққанын айтты. Қыздар төбелесіп қалыпты. Соңы дауға ұласқан соң тайып тұрған. Ол: «Аға, ешкімге сенім жоқ. Қыздар дегеніңіз бәлені өздері іздеп жүр. Айтқаныңды ұқпайды. Әмияндары толы ақша. Бір-екі он мың теңгеліктерді қымқырып қалдым. Осылай қыздардың есебінен күн көріп жүрмін. Бұған да шүкір!» деп ыржалақтады соқталдай жігіт.
Түсерде әлгі жігіт «Сізге 300 теңге берейін, ұят шығар» деп сызыла қалды. Қаракөлеңкеде оған 700 теңге қайтарып бердім. Үйге қайтып келген соң қарасам, әлгі 1000 теңге қолдан жасалған. Осылайша, біреуге жақсылық жасамақ түгілі, оған 700 теңге беріп кеткеніме күлкім келді.
Түн ортасында қара жолдың бойында қалқайып, көлік тосқан жігітке жасаған жақсылығымның қайтарымы осы болды. Күлмегенде қайтесің, жылаудың реті жоқ. Ал бұл мәселені полицияға айтып, шағымданар болсаң, қанша күн сандаларыңды өзің де білмейсің. Қыздарды қатырып жүрген бойдақтың өзі нағыз алаяқ.

Әдепсіз әзілдің әлегі

Таңертеңгісін жол бойында екі-үш жасар ұлы бар жас келіншек қол көтеріп тұр. Тоқтадым. «Екінші вокзал жаққа ала кетіңізші?» деді. Артқы орындыққа жайғасып, үнсіз отырған. «Мама, жыламашы?» деді баласының иегі кемсеңдеп. Айнадан қарасам, әлгі келіншек көз жасын төгіп отыр. Не болғанын сұрадым. «Күйеуім ұрды» деді ол. «Неге?» дедім сөзге тартып. Әңгімелесе келсем, ұрыс-керіске мына әзіл себепші болыпты.
Көрші үш келіншек әңгіме айтып отырады. «Менің күйеуімнің аяғы үнемі мұздай боп тұрады, – депті біреуі.
Екінші келіншек те қарап отырмай:
– Иә, менің күйеуімнің аяғы да сондай, – деген екен.
Үшінші келіншек үндемей отырса, екеуі:
– Сен неге үндемейсің? – деп сұрапты.
– Мен күйеуімнің аяғын ұстап көрмеппін, – депті.
– Сен аяғын ұстап көр, сосын бізге айтарсың», – деп, үшеуі тарқап кетіпті.
Арада екі-үш күн өткенде үш келіншек тағы кездесіп қалыпты. Сөйтсе, үшінші келіншектің бет-аузы көкала. «Әй, түріңе не болған?» – десе, анау: «Өткенде күйеуімнің аяғын ұстап көрсем, жылы екен. «Серіктікі мұздай, Беріктікі мұздай, сенікі неге жылы?» деп ем, бәлеге қалдым», – деген екен…
Әлгі келіншек осы әзілді күйеуінің жүрегіне жеткізе айтқан-ау. Әзілді түсінбейтін дүрей күйеуі бас салып сабапты.

Қара баланың қайғысы

Орта бойлы қара баламен тез тіл табыстым. Ол негізі Қытайдан келіпті. Бір университеттің шығыстану бөлімінде оқып жатыр екен. Қазақ, қытай және ұйғыр тілін өте жақсы біледі. Енді түрік тілін үйрене бастапты. Оның зеректігі шын мәнінде риза боларлықтай. Бірақ…
– Атажұртыма әлі үйренісе алмай жатырмын, – деді ол сөз арасында. – Мұнда орыс тілінде өмір сүре алмайды екенсің. Енді оны да меңгеріп жатырмын. Қытайда да қытай тілінсіз өмір жоқ. Сондықтан үйрендік. Ал мұнда мемлекеттік тіл қазақ тілі бола тұра, барлық жерде орысша сөйлейтіні түсініксіз. Менімен бірге оқитын жастар да үнемі орысша сөйлеседі. Соған жаным ауырады.
– Ә, бауырым, туған тілін дәріптейтін ұрпақ енді көбейіп келе жатыр. Саспа, уақыты келгенде тіліміз де орнына келер.
Бұдан басқа не айтуға болады? Сырттан келген қара баланың қайғысына қайғы жамағым келмеді. «Бауырым, бәрі жақсы болады. Бақытты күндер алда», – дедім көңілін аулап.
Бәрі жақсы боларына сенейік. Әркімнің жүрегінде сенім болмаса, онда сенімді ешкім әкеп бермейді. Бәрі өзімізге байланысты.

Қырық бес минуттың қызығы

Алматының кептелісінде тұрып не байқауға болады. Жұрт түгел ұялы телефонды шұқылаумен әлек болып жатады. Әсіресе ерлер рульде отырғанын да ұмытып кетеді. Ал қыздар алдыңғы айнаға жабысып алып, боянудан қолы босамайды. Өзім таңертеңгісін 45 минут боянған қызды көрдім. Алматының кептелісінде артқы орындықта отырып, көлік ішін неше түрлі иіспен ыстап кетті. Түсіп бара жатып: «Жұмысқа тез келіп қойдық қой. Боянып үлгере алмадым», – деді.
Өкінішке қарай, қара қыздың боянбағаны мен боянған кезінен айырмашылық көре алмадым. Бұл көзімнің құрығаны ма, әлде өзімнің құрығаным ба?

Ұят болды!

Жасыратыны жоқ, кейде адамдар көлік ішінде заттарын ұмыт қалдырып жатады. Өз басым екі кісінің қымбат ұялы телефонын қайтарып бердім. Ал бір жолы бір қыздың…
Жолда үш жас балаға тоқтай қалдым. Бір жерге асығып барады екен. Артқы орындыққа отырған олардың бір шетке қарай ығысып, қысылып-қымтырылып отырғанын байқап қалдым. «Кеңірек, еркін отырмайсыңдар ма?», – дедім.
«Рахмет» деп орындарынан тапжылмады. Сол жаққа қайта-қайта қарағыштап, жиі-жиі күледі. «Не болды?», – дедім.
– Аға, біреу ішкиімін тастап кетіпті, – деді ересектеу бала.
– Еркектікі ме?
– Әйелдікі!
– Жаңа ма?
– Ескі!
Балалардан ұялғаным-ай. Біреу ұмытып кеткен болар десем де, олардың сене қоюы қиын ғой. Ақыры балаларды діттеген жеріне түсіріп, артқы орындыққа дұрыстап қарадым. Жасыратыны жоқ, киілген ішкиім екені көрініп тұр. Қып-қызыл. Көздің жауын алады. Кеше түнделетіп жұмыстан шыққанда жолда мінген үш қыз көз алдыма келді. Солардың ұмыт қалдырған «дүние» екені анық. Әдейі емес, байқаусызда түсіп қалған шығар. Бірақ «жүрек толқып» киімді ақ қағазбен әрең ұстадым. Қоқыс жәшігіне салып жатып, қағынған қыздар көз арбайтын киімді өлсе де іздемейтіндігіне кәміл сендім.

Жолаушылармен жүздескен
Жолдасбек Дуанабай

Бүгін, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
Бүгін, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді
12 сәуiр, 12:11
Түркістан: Сайрам ауданында «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы өтуде
12 сәуiр, 12:10
Түркістан: Жетісай полицейлері «Заң және тәртіп» жобасын іске асыруда
11 сәуiр, 16:06
«Нөлдік төзімділік»: Түркістан полициясы 700-ден астам құқық бұзушыны анықтады
11 сәуiр, 15:50
Түркістан: Алаяқтар қашып құтылмайды
11 сәуiр, 15:25
Түркістан полициясы жастар арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді
11 сәуiр, 15:02
Түркістан: Полиция ұрлық жасағандарды жылдам табады