jasqazaq.kz

Жоғары аудиторлық палата су бұру жүйесіндегі кемшіліктерді ашты

19 желтоқсан 2024, 15:53

Бүгін Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Жоғары аудиторлық палатаның отырысы өтті. Жиында су бұру саласында бюджет қаржысы мен мемлекет активтерінің тиімді пайдаланылуына жүргізілген аудит нәтижелері қаралды, деп хабарлайды jasqazaq.kz.

Мемлекеттік аудит су бұру саласында шешілмеген түйткілдер қордаланғанын анықтады. Мұндай келеңсіздікке тиісті органдардың іс-қимылындағы сәйкессіздік, нормативтік базадағы олқылықтар, сапалы мониторинг пен дұрыс жедел деректердің болмауы, автоматтандыру мен цифрландыру деңгейінің төмендігі, инвестициялық жобалардың жете пысықталмауы сияқты факторлар әсер еткен.
Ал коммуналдық қызметтерге ақы төлеу деңгейінің төмендігі, жергілікті жерлерде тарифтердің төмен болуы инфрақұрылымды жеткіліксіз қаржыландыру тәуекелін тудырды. Статистикалық ақпарат жинап, оны өңдеу және қорытудың бірыңғай тәсілінің болмауы желілердің ұзындығы, кәріз тазарту станцияларының саны, апатты жағдайдағы желілер және т.б. бойынша деректердің сәйкессіздігіне әкелді.
Аудит анықтағандай, 67 қалада кәріз тазарту станцияларын жаңадан салу, жаңғырту және реконструкциялау қажет. 27 қалада олар атымен жоқ.
Аймақтарға қаржы бөлуде олқылық бар. Мәселен, Қарағанды, Павлодар, Ұлытау облыстарында желілер әбден тозса да, Астана қаласы, Түркістан және Алматы облыстары көбірек қаржыландырылған.
Су бұру бойынша 27 күрделі жобаны құқығы жоқ ұйымдар сараптама жасаған, бұл заңды бұзудан басқа ештеңе емес. Түркістан, Қарағанды облыстарында, Шымкент пен Астанада 15 жоба мерзімінде іске аспаған. Жекелеген жобалар бойынша түзетілген жобалық құжаттамаға қайта сараптама жүргізілмеген. Жалпы су бұру бойынша 35 жобаны іске асыру құны түзету нәтижелері бойынша 109 млрд теңгеден 180 млрд теңгеге, яғни 70 млрд теңгеге дейін ұлғайған.
Бақылаудың төмендігі кейбір нысандардың іске қосылмай, тұралауына әкеледі. Айталық, Қарағанды облысының Приозерск қаласында құны 1,9 млрд теңге болатын тазарту құрылыстарын қайта жаңғырту жобасы 2017 жылдан бері 98 пайызға дайын күйінде тұр. Түркістан мен Шығыс Қазақстан облыстарында кәріз желілерінің болмауына байланысты 5,6 млрд теңге сомасына пайдалануға берілген тазарту станциялары бойынша 6 жоба тоқтап тұр.
Әлихан Смайылов тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында бірыңғай ақпараттық жүйесіз қаралған проблемалар өзекті болып қала беретінін өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілдеріне атап көрсетті: «Цифрландырусыз, анық ақпаратсыз шығындарды тиімді жоспарлай алмайсыздар. Жағдайды жалпы ел бойынша, өңірлер бөлінісінде және инфрақұрылым түрлері бойынша тұтастай көре алу қажет. Ең маңызды мәселелерді бірінші кезекте шешу керек. Сапалы мониторинг болмаса, болжамға ғана сүйеніп әрекет етесіздер, яғни қай өңір бірінші келсе, сонымен жұмыс істейсіздер. Бұл дұрыс емес және тиімсіз».
Сөйтіп аудит қорытындысы:
— барлығы 18,7 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды;
— бюджет қаржысын және активтерін тиімсіз жоспарлау – 23,4 млрд теңге;
— оларды тиімсіз пайдалану – 26,7 млрд теңге;
— ықтимал шығындар мен түспей қалған пайда — 17,3 млрд теңге;
— 59 жүйелі кемшілік және 277 рәсімдік бұзушылықтарды анықтады.
Аталған кемшіліктерді жою жөніндегі жұмыс толық аяқталғанға дейін Жоғары аудиторлық палатаның бақылауында болады.

JQ-Aqparat

Бүгін, 18:40
Дина Тәжібай: Заманауи трансформатор энергия үнемдейді
Бүгін, 11:59
Түркістан: Әлеуетті инвестор айналма жол салады
23 шiлде, 7:21
Түркістан: Шардарада ауыз сумен қамту мәселесі қаралды
23 шiлде, 7:18
Түркістан: Шардарадағы жүгері зауытында 500-ден астам жұмыс орны құрылады
21 шiлде, 21:57
Түркістан: Ауыл шаруашылығын дамытуда көш бастап тұр
21 шiлде, 21:56
Түркістан: Жарты жылда өзіндік кіріс көлемі артты
20 шiлде, 12:45
Бейбіт елдің бітімгерлік миссиясы немесе Калай-Хумбтан Голан жотасына дейін
20 шiлде, 10:45
Ғалам – «сауда соғысына» алаң
19 шiлде, 21:21
Түркістан: Қоғамдағы ынтымақтастықтың жарқын үлгісі