Бүгінде тауарлардың сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты нақты теxникалық регламенттер бар. Алайда осы саладағы бақылау шаралары дұрыс жүргізілмейді. ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, талдау нәтижесі маңызды бір мәселені көрсетті.
Бүгінде 78 теxникалық регламенттің ішінде тек 54-і бойынша мемлекеттік бақылау шаралары жүргізіледі. Бұл дегеніміз, тауарлардың біраз бөлігі бақылаудан тыс қалып отыр. «Сонда бізде барлық теxникалық регламенттердің 69 проценті ғана тексеріледі. 7 регламент, яғни 8 проценті жартылай бақыланады. Ал 17 регламент бойынша тексерістер мүлдем атқарылмайды. Бұл барлық талаптардың — 21 проценті», — деді Ж.Қасымбек Үкіметтің бүгінгі отырысында. Министрдің сөзіне қарағанда, қазіргі кезде осы саланы реттеп, әрбір мемлекеттік органға нақты регламентті бақылау функциясын тапсыру мәселесі зерделеніп жатыр. Мәселен, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ауыз судан басқа тамақ өнімдерінің бәрін бақылауға алуға дайын. Балаларға арналған тамақ өнімдерін де аталған мекемеге беру көзделіп отыр. «ҚР Денсаулық сақтау министрлігі теxникалық регламенттерде көрсетілген санитарлық, эпидемиологиялық және гигиеналық талаптарды бақылауды жүргізе береді деген ұсыныс бар. Соның ішінде ойыншықтар, парфюмериялық тауарлар және тағы басқа өнімдер бар. ҚР Инвестициялар және даму министрлігі болса, өнеркәсіп тауарларын бақылау міндетін атқарады. Алайда бірқатар мәселелерді әлі де талқылау қажет. Себебі ауыл шаруашылығы министрлігі мен денсаулық сақтау министрлігі бір шешімге келе алмай отыр. Жақын арада біз Үкіметтің қарауына нақты құжатты енгізетін боламыз», — деп атап көрсетті Ж.Қасымбек. Айта кетейік, бүгінгі отырыста тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін бақылау саласында бірыңғай органды белгілеу мәселесі қаралды. Ауыл шаруашылығы министрлігі аталған міндетті толығымен өзіне жүктеуді сұрап отыр. Ал Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев тәркіленген тауарлардың жойылатынына күдіктенді. Сондай-ақ Үкімет басшысы «Бақылау шараларын бір органға тапсыруға бола ма?» деген сұраққа жауап берді.